Зарлық ағамыздың айтуынша, ескерткіште есімі аталатын Байғозы Қосарұлы – Сейіл Түркебайұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысына қатысқан тұлға болса керек (Сейіл Түркебайұлы – батыр, қолбасшы. Он екі ата Байұлына жататын алаша руының қарабура атасынан шыққан. Патшалық Ресей үкіметінің қазақ даласын отарлау жөніндегі 1868 жылы жаңа әкімшілік ережесін енгізуге қарсы шығып, Орал, Торғай облыстары тұрғындарының көтерілісін басқарған).
Шүрек қауымы – Саралжын ауылдық округіндегі бұрынғы Бесотар бөлімшесіне қарасты Сарғали қыстағынан 2 шақырым жерде, қырдың басында орналасқан. Саралжын ауылынан 25 шақырым жерде. Қорымда 20-ның үстінде көне құлпытас бар.
Бұл құлпытастың үш жағында араб әріптерімен жазылған мәтін бар. Мағынасына қарағанда, құлпытас үш адамға – еріне, әйеліне және баласына қойылған. Ескерткіште бес қарудың суреті салынуы – қабір иесінің (бұл жерде Байғозы Қосарұлы) қару ұстаған батыр болғандығын білдіретіндей.
Құлпытастың құбыла бетінде:
Бисмиллаһи р-рахман ир-рахим
Алача руғы
Қарабура тайфасы
Сарқұл бөлімі
Байқозы Қосарұғлы
офат 78 йашында
Құлпытастың оң қырында:
Лә илаһа ил-Алла
Мухаммад расул
Тоғайбай Байқозыұғлы
офат 33 йашынде
Құлпытастың терістік бетінде:
Бұлаш
Байқозы халалы...
офат 58 йашынде
(қанжар, балта, қылыш,
мылтық, садақ –
бес қарудың суреті)