Әрине әдет-ғұрып, салт-дәстүр, өзіміздің ауыз әдебиетіміздің әсері болғаны сөзсіз. Бүгінде біз ұрпағымызды отансүйгіштік қасиетте тәрбиелейміз десек, бабаларымыз сусындаған, заманның сынынан өткен, жақсы жақтарын ала білуіміз тиіс. Солардың бірі патриоттық сезімді қалыптастыратын, халықтың ақыл-ойын бір жерге тоғыстыратын, өзінің тарихын тереңнен түсінуге ықпал ететін ауыз әдебиетіміздегі батырлар жырының орны ерекше. Бұнда ерлік, дәстүр, өнер, тәрбие, тарих, адал достық пен махаббат, туған жерге деген сүйіспеншілік бәрі де бар.
Алдағы уақытта ыжда-ғаттылықпен жыршылық өнерді қайта жаңғыртуды қолға алған жөн. Ол үшін елімізге танылған мықты жыршыларды өңірімізге шақыртып, жыр кештерін ұйымдастырып, жыр жаттауға ниеті мен қабілеті бар жастарды мықты жыршыларға тәрбилетсек. Жақсы жыршылардың жырлағанын сапалы бейнетаспаға жазып, оны жергілікті телеарналардан бөліп-бөліп жиі берген абзал. Мағынасыз сериалдарды қарағаннан он есе пайдалы екендігі анық. Арнайы сайт жасақтап, жырлардың бейне таспадағы нұсқасын орналастырып, білім ошақтарында тарих, әдебиет пәндерімен байланыстыра оқушыларға тыңдатып және мән-маңызын айтып түсіндіруді қолға алса оң болары сөзсіз.
Тәуелсіздігімізді мәңгі ұстау аса жауапты, қиында, маңызды іс. Бұған халқымызға терең білім, қажырлы еңбек, басшыларымызға парасат керек. Бұл жолда тер де, жас та, қан да есепсіз төгілді. Міне, біздің ұрпақ нағыз бақытты буын. Енді осы бақты ұрпақтан ұрпаққа көздің қарашығындай қастерлеп жеткізейік.
Ақбай БАРЖЫҰЛЫ