* * *
Сіз жайлы ойланғам,
Бірақ мен,
Біз жайлы болмай тұр сұрақ тең.
Адым да қысқарып күн сайын,
Жадымда елесің жүр, әттең!
Білмедім неліктен бұлай бұл,
Күнбе-күн егіліп жылайды ұл?!
Оу, мұның себебін сезе біл,
Саулығын сезімнің сұрай жүр?!
А, мұнда тағдырдың үкімі,
Сағым ба, жаңбыр-мұң үкілі.
Жыр тұнған жанарың іспеттес,
Бұлқынған жүректің лүпілі.
Көңілім өзіңе о құштар,
Айтыңыз біздер де не күш бар?
Біздерге сәрі күн туар ма,
Махаббат үйінде қоныстар?!
Ауылдан келген қазақ
/әкеме/
Қош келдің әке қиуы қашқан шаһарға,
Ажары асқан ауылдан!
Мен мұндалап айқайлап тұрған жаһанға,
Базары бастан ауырған.
Осының бәрі алыпсатардың амалы,
Қаланың бүгін басы-мұң.
Жәутеңдеп біткен жезөкшелердің жанары,
Ештеңе де жоқ жасырын.
Ұлыңмын дейтін ұяты қашқан ұлдардың,
Түнгі клуб қой мекені.
Осының бәрін көзіммен көріп жындандым,
Жындану маған жетеді.
Қош келдің, әке, несіне аң-таң боп тұрсыз,
Зәулім үйлерге құмартып?!...
Қалада мынау адамдар, сірә, жоқ мұңсыз,
Ауылым бұдан мың артық.
Ауылым, қайран бабамның кіндік қаны бар,
Ауасы қандай тамаша!!!
Қаланы білем жат санаулықтың табы бар,
Жадырай қоймас жан аса.
Осынау қала болмайды пана текті ұлға,
Ит-қаланың көп ырылы!!!
Ауылға кері қайыра кеткің кеп тұр ма,
Қалаға келген қыр ұлы?!...
Әбілмансұр
Келіп қалар деп, көктен қарадым,
Келдің бе көптен күткен қарағым?!
Әбілмансұр деп, атыңды қойдым,
Ізін бассын деп өткен бабаның.
Хан болмасаң да қарап қалмассың,
Қуат бермесе Жаратқанға сын.
Тәңірім сені тұлпарым десе,
Тулап шабарсың қанаттанғасын.
Тұлпар-домбырам, дүбірле, балам,
Таңдайын қақсын үніңе ғалам.
Абылай ханын жоғалтқан заман,
Зәру боп жатыр бүгінде саған.
Тәкәпәрлықпен қарамау үшін,
Кең пейіл боп өс, қалағанымсың.
Жалмауыздардан жалығып біткем,
Сағынып күткен Сабалағымсың !!!
* * *
Кереметтің кереметі ең сен бұрын,
Көзімізді талдыратын кеңдігің!
Жайық, арнаң қалыпты ғой ортайып,
Сені көріп жылап тұрмын мен бүгін.
Оу, Ақ Жайық, досым бұған сенер ме,
Талай ақын арқау еткен өлеңге?!...
«Жайығыңды қызғыш құстай қорға» деп,
Марқұм атам айтқан еді өлерде.
Аманат боп Жайық қалды, шал өлді,
Қалды маған аманат боп бәрі енді!
Орал таудан бастау алған Ақ Жайық,
Балығымен мойындатқан әлемді!..
Оу, Ақ Жайық мақтанышы ең текті ұлдың,
Арнаң кеуіп, болмай ма су жоқ бір күн?...
Ұрпағыма ұрттап ішер су қалмай,
Қала ма деп,
Көз жасыммен толтырайын деп тұрмын?!..
* * *
Түсімде керемет үйді алып жүрмін,
Өңімде ақшам жоқ қиналып жүрмін.
Бәрінің сен «керім» дегендеріне,
Мен байғұс иланып жүрмін.
Жанына жолама иманы құрдың,
Деді ғой: Түсімде ибалы құрбым.
Е, мен де ит жылы туғасын ба екен,
Ит болып қиналып үрдім?!...
Түсімде шығыппын талпынып тауға,
Өңімде өзімді халқым ұқпауда.
Ей, Асан, сен шаршап шалдығып жүрсең,
Бар тынық, бауға!!!
Түсімде жүргенін толып халықтың,
Көріппін.
Қуаныш.
Соны ұққан мықтың.
Өңімде «ой, тіфә» тірі жүрмін ғой,
Түсімде өліп қалыппын.
Құдай сақтасын!!!
Ақанның соңғы сөзі
Арманым алыстаған сірә менің,
Құлап өлгесін бе екен Құлагерім?.
Құлагердің қайғысы жетіп жатыр,
Мұңымды кім түсінсін мына менің?!.
Сиреді гүлдері де құба белдің,
Сиремеуін Тәңірден сұрап едім.
Аспаннан жаңбыр жауса жауратардай,
Ақанның көз жасы деп ұғар елім!..
Құлагерім құлады, солды гүлім,
Батыраш-сұм кескесін жолды бүгін.
Сақау ұлға тіл бітті: Бірақ, бірақ,
Ұясына тез батар болды күнім!!!
Қу басын құшақтатып құла атымның,
Таңға ауыспауын-ай мына түннің.
Құлагердің даусын бір естіртші Алла,
Кеудемнен шыбын жаным шығатын күн.
* * *
О, Құдай, құдіретіңді сезіндір Сен,
Кілең ақын көремін көзімді ілсем.
Жырға сусап қалыпты мына халық,
Деп Маралтай жыр оқыр тұра қалып.
Күләш тұрды Ұлы елге бағыштап жыр,
Түсімде Табылды мен Ақұштап жүр.
Маған да жыр оқыр кез келер деймін,
Деймін де алға ұмтылып елеңдеймін.
Кеудесі шерге толған шемен ұлмын,
Мұқағали түсіме неге кірдің?
Маңдайымнан бір сипап ұлым десіп,
Отырдың Ұлықбекпен күбірлесіп,
Мен жайлы не дедіңдер?...
* * *
Қарағым, шайың қайда, демдеп жібер,
Күрең шаймен басымды емдеп жібер.
Қазақтың шайға құмар алыптары,
Шалдарша сімірейін салып тары.
Есіме түсіп кетті елеусізде,
Әжемнің шай құям деп жаныққаны,
Атамның самаурынды сарыққаны.
Гүлсары шай ұсынса кім жек көрсін,
Бір сары шай ішумен күзді өткерсін.
Шынашағын шошайтып шайды құю,
Менің сүйген жарыма міндеттелсін!
Шай ішуге құмартқан адам болса,
Менің ақ отауымды іздеп келсін!
Гүлсары кім сары деп құмартқандар,
Ақ отаудың алдында тізбектелсін!
Ұзын сөздің қысқасы тек алаңсыз,
Әр қазақ шай ішумен күнді өткерсін!
* * *
Несіне өкпелейсің, өкпелейін,,
Мені енді көрмейсіңдер көпке дейін.
Нұратамның арқасы! Нұр ауылда,
Демалып жатқан ақын боп келейін.
Екі-үш күнге барып бел суытайын,
Қаладағы қайғымды ұмытайын.
Құстың қанатынан тоңған қызды,
Құшағыма қыстырып жылытайын.
Шер-мұңын айтқан байтақ даласына,
Адасқан тайлақпын ғой, аға, сірә.
Қоғам-Ием жетектеп бара жатыр,
Мені байлап қоймақшы қарада тұр.
* * *
Арманым, алдадың жылт етті тағы үміт,
Қарағым, барамын ызадан жарылып.
Сен мені, ең кемі, жартылай танып ұқ,
Біл еркем, күні ертең қалмауды қамығып.
Ойлап ал, ойланар сәт енді тумайды,
Білемін, жүрегің асауша тулайды.
Шын қысса, тым қысқа бұл өмір зулайды,
Расында, басыңда мәңгі боп тұрмайды.
Еркегүл, келте өмір кімдерден өтпеген,
Мен осы, келесі күндерге кектенем.
Себебі, жеп еді жанымды кілең мұң,
Қысылдым, құсымды ұшырып жібердім.
Қап әттең! Дәметкем бір күннен бір бақыт,
Бес күнде ешкімде келмеді тіл қатып.
Жалғызбын! Салғыздым Естайдың бір әнін,
Бұл әннен, ұғам мен жанымның жыларын.
Есті әннің, ескі әннің әсері керемет,
Жаңа күн, қанатын қаққанша көбелек.
Гүл еркем, шын ертең болады бәрі ұмыт,
Ойлардан, тойлардан кетерміз жалығып.
Со кезде сен өзге сыр ашпа жандарға,
Уақытын бақытым жоғалтып алғанда.
Сезімім өзінің өлтірсе егесін,
Қайғы алып, айналып кетермін арманға...
* * *
Сенбісің енді шын ұққаным,
Өзгеріп өзгелік болмаймын.
Тым тәттім, қымбаттым құптарым,
Құсымдай ұшырмай қорғаймын.
Мен енді, көлемді көп өлең,
Жазармын базарлым қаласаң.
Аптықпа, шаттыққа бөлер ем,
Бағым деп, таңым деп қарасаң.
Ай-күннің, әй, кімнің бағысың,
Жаралдың, маралдым, кім үшін?
Бұрынғы бүгінгі танысым,
«Қош» десең, өштесем құрысын!
Себебі, керегі жаныма -
Өзіңсің көзім шын алдамас.
Құлатпа, жылатпа тағы да,
Сезімді өзімді ал да қаш.
Жақұтты, бақытты болайық,
Құштар ем, ішкі әлем арайлы.
Және біз, жан егіз солай ұқ,
Білерім жүрегім қалайды...
Қыз сөзі
Қызықпыз, қызық қыз демессің,
Өткенді көктемді еске алдым.
Жыр еткен жүрекпен кеңестім,
Мен сенен, Сен менен кеш қалдың.
Бақытың жақұтың бола алман,
Қинама, сыйлы ағам Сіз менің.
Бағыңды сағымды жоғалған.
Сен келіп, сенделіп іздедің.
Маған Сіз, ағамсыз біліп жүр,
Сезімді өзіңді қинама?
Әлі де, бәрі де бұлыңғыр,
Жолыққан болып қал, сыйлы аға!
Бұл өмір жыр өмір жүйесі,
Өзгеден сөзге Мен дір еттім.
Бар аға, жан аға иесі,
Шөлдеген мен деген жүректің.
* * *
Басқасы басқа, қасқасы қасқа қоғамның,
Жортатығұн да қорқатығұн да боп алдым.
Жемқорларға да ел қорларға да көп келген,
Ғажапстаным, Қазақстаным, тоналдың.
Жанымды қысты, қанымды ішті кілең қырт,
Кешегім – Абай. Есені қалай жібердік.
Сатылды далам, атылды балаң, шулады,
Жаңаөзендегі, нәр өзендегі кілең жұрт.
Басынуына, қасынуына ешкімнің,
Қол бергім келмей, жол бергім
келмей тепсіндім.
Қазаққа арман. Жаратқан Аллам жұртыма,
Тай-құлын еншім. Байлығын берсін
бес күннің.
* * *
Қала шамы жарасады түнменен,
Кейіпкерім биіктерін білмеген.
Сезім жайлы өзің жайлы түнде мен,
Оқып беріп отырамын гүлге өлең.
Ай күледі, әй, күледі неге бұл?,
Ырғалады сыр бағады терек ұл.
Тымық түнді қылықтымды еске алсам,
Жүрегімнен атылады жебе-жыр.
Шашырады шашылады жұлдыз боп,
Әсерлі емес, бәсеңдемес күндізгі от.
Сол үшінде бөліскім де келгесін,
Аштым сосын қара түннің пердесін.
Гүл жылады, қынжылады шағып мұң,
Түннің ары – түндігі әні. Ағыттым.
Бағытынан, уақытынан жаңылмай,
Көтеріліп келе жатты жарық күн.