«Әбубәкір молданың сөздері»

Ел ішінде ата-бабасынан қалған кітап, көне жазба, тарихи жәдігерлерді көзінің қарашығындай сақтап отырғандар көп. «Қазына» айдарының мақсаты – ұрпақтан ұрпаққа аманат етіліп отыратын осындай құндылықтарды көпшілікке таныс-тыру. Бүгін белгілі өлкетанушы Қайыржан Хасанов ағамыздың кітапханасындағы көне кітап туралы сөз етеміз. 

«Қазақ кітабының тарихы: (ежелгі дәуірден 1917 жылға дейін)» (Алматы, 1999) атты кітабында ғалым Шерияздан Елеукенов 1900-1917 жылдар аралығын «Қазақ баспа кітабының үшінші кезеңі» деп атаған. Ұлы Абайдың алғашқы жинағы (1909) да осы кезеңде жарық көрген екен. Ал бүгін сөз еткелі отырған кітап 1905 жылы Қазан қаласында «Ағайынды Кәрімовтер» баспаханасынан шыққан Әбубәкір Кердерінің өлеңдер жинағы.

– Бұл кітап Қаратөбе өңірінде молда болған Құрбанғали Қуанышқалиев деген қарттың меншігі екен. Ол діни білімі жоғары жан болса керек, бір жылы Жымпитының Қуанай хазіретімен бірге Уфаға діни жиынға барған көрінеді. Кейін Совет үкіметі орнағанда мешітін бұзып, өзін тергеп-тексере бастаған. Оралға шақырып жауаптап, тіпті Переметныйда шошқа баққызыпты. Әйтеуір әупірімдеп аман шығып, башқұрт жеріне қоныс аударған. Сол жақтан майданға алынып, соғыс біткен соң да туған жеріне бара алмаған. Бөрлі ауданында тұрып, 1971 жылы 81 жасында дүниеден өтіпті. Құлпытасында «Ысық руы, жәдікбай бөлімі, андабай тайпасы, 1890-1971» деп жазылған, – деп әңгімелейді Қайыржан аға.
Құрбанғали атамыздың басы қуғын-сүргінде жүріп бұл кітапты қалай сақтап қалғаны бізге жұмбақ. Қайыржан ағамызға атаның ұлы Хамидолла Арсыланбаев 1980 жылы сыйлапты. 1924 жылы туған Хамидолла атамыз да бұл күнде бақилық болған. «Араб әрпімен жарияланған кітапты Қаратөбеде тұрған шежіре қарт Мәрбан Бекмағамбетовке аудартып едім» - деп еске алады Қайыржан аға.
«Әдабиат қазақия йаки Әбубәкір молланың сөздері» деп аталған кітап «Әбубәкір молданың Орскіге келген сапарында елде көргендерін айтқаны» деген өлеңмен басталған:
«Ауылдан шыққан күндерім –
Сентябрьдің сегізі.
Бір Аллаға мағлұм
Адамның көңіл лебізі.
Шама қылып қарасақ,
Қатар жүрген азамат
Ерлердің туған егізі...» - деп түйдек-түйдек төгілген өлең жолдары бірінің артынан бірі тізіле берген. Сірә, өлеңнің әр тармағын бір жолға жазбағаны – қағаз бетін үнемдеу ниетінен туса керек. Бас-аяғы 36 беттен тұратын шағын жинақтың сақталуы өте жақсы. Қайыржан ағамыздай қамқор қолға тиген бұл туынды өлмейтін сөзімен де, құнды жәдігерлі болмысымен де өте бағалы.

Қаралым саны 1574

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463