Жан азығы

Мемлекетіміздің тұғыры берік болу үшін халық санымен де, сапасымен де жоғары болуы тиіс. Бүгінге дейін бізді сан жағынан да, сапа жағынан да құртып жіберуге күші жеткендер барын салды.

Әрісін айтпай-ақ, ХХ ғасырды алсақ, қазақтың өз алдына ел болуын қаламағандар не істемеді?! 1910-1913, 1920-1922 жылдардағы ашаршылық, 1925 жылғы Голощекин жасаған «Кіші ақпан төңкерісі», 1932-1933 жылдардағы ашаршылық, 1937-1938 жылдардағы жаппай қуғын-сүргін. Бұның бәрі қолдан жасалған нәубет екені бәріне аян. ХХ ғасырдың басында қазақтың саны алты миллион болса, жоғарыда айтылған қасіреттен 1920-1940 жылдар аралығында үш миллионнан аса адам өлтірілген екен. Яғни, халықтың үштен екіге жуығы жойылған. Соғыста да адам бұлай қырылмас! Ал ашаршылықтан аман қалған зиялы қауымды болашақта дербес ел болу мақсатында бас көтереді деген қауіппен құртуды нағыз геноцид деп бағалауға болады. Сөвет үкіметі өз басына күн туып, 1941 жылы жау жағадан алғанда, өзі қырған халықтың аман қалғандарынан көмек сұрап, әскерге алған. Туған жерін қастерлейтін, Отанына адал ержүрек халықтың ұрпағы жер үшін, болашақ ел үшін жанын аямай, жауды жеңуге көп үлес қосты. Қазақ даласынан 1,2 миллион адам соғысқа аттанса, соның 600 мыңы ұрыс даласында қалды. Міне, айналдырған 50 жылдың ішінде халқымыз қалай қырылды. Бұған қазақ даласын сынақ алаңына айналдырғандығын қосыңыз. Оның зардабын бүгінде көрудеміз.

«Аққа құдай жақ» деген, басқа түскен қиындықтан өттік. Өз алдымызға ел болған бейбіт заманға жеттік. ХХ ғасырдың алғашқы жартысында қырылған Қазақ елі сан жағынан әлі де аз. Сан көбейсе, сапа да көбейері анық. Сондықтан мемлекетіміз адам санын көбейтуге мүмкіндігінше жағдай жасаса, құп болады. Бүгінде жасалып жатыр, бірақ бұл өте аздық етуде. Көп балалы отбасыларға әлеуметтік жағдайын жақсартуды бүгіннен қолға алмасақ, ертең санымызды соғып «ай-қап» деуіміз әбден мүмкін. Көптеген отбасы, әсіресе жастар баспанаға зар болып жүр. Тұрақты үйі болмағандықтан, бала жоспарлауда да өздерін тежеп бағуда. Елдің негізгі капиталы әрі байлығы адам екенін ескерсек, бұл мәселеге аса мұқият болғанымыз жөн.

Мемлекеттік саясаттың пәрменімен елімізде татулық, бірлік, ынтымақ бар. Әр отбасының көп балалы болуы - мемлекеттің қуатты болуының басты шартының бірі. Біз қуатты болсақ қана мақсатымызға жетеріміз анық.

Ақбай БАРЖЫҰЛЫ

Қаралым саны 1028

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463