Мәңгі елдің бір белгісі – зиратқа құрметі

Кіші Отаны жоқ адамның Ұлы Отанының да жоқ болуы – қағидалы жәйт. Неге десек, әрбір үлкен дүние кіші бөлшектерден тұрады. Сондықтан Ұлы Отанды – Қазақ елін сүю мен үшін Қазақ елінің бір бөлшегі – Маңғыстауды, кіші Отанымды сүюден басталады десем, қате болмас. 

Маңғыстауды сүюдің озық та өзекті үлгісі оның өткенін түгендеу деп білсек, осы іске қосылған үлестің үлкені – Маңғыстау туралы кітаптар дер едім. Сол кітаптар қатары Әбіш Кекілбаев ағамыздың «Ұйқыдағы арудың оянуынан» бастау алып, қадіріне біз әлі күнге дейін жетік мән беріп үлгермеген сұңғыла ғалым марқұм Серікбол Қондыбаевтың «Маңғыстаунамасымен» жалғасады. Осы қатарға мен нық сеніммен және үлкен ризашылықпен Мұрат Ақмұрзаев ініміздің «Адай уезінің жазба мұралары» атты кітабын қояр едім.
Мұраттың бұл кітабы өзін нағыз отансүйгішпін деп есептейтін адамды ұйқысының екінші қабатынан тағы бір оятады деп есептеймін. Мұрат ініміздің «жазба мұралары...» қазіргі тарихқа, өткенімізге бет бұрған заманда көпшілікті тікелей өзіне тиісті деректер арқылы тарихқа жетелейтін, оятатын дүние. Арамыздағы азды-көп ұлт намысын шамшырақ қылған азаматтар болмаса, көбіміз әлі қалың ұйқының әсерінен айыға алмай, сол баяғы кеңес мектебі берген сауатты місе тұтып, түп-тамырдың үлгі-өнегесін батыстық әшекей өмірдің қызығының көлеңкесіне тастап келеміз. Түп-тамырды білу – аталар өмірін ардақтап, қазіргі іс-әрекетімізді солар салған ұлы жобамен салыстырып отырсақ қана өз жемісін берері белгілі. Ал ол жеміс дегеніміз не? Ол жеміс – шиыршық атып, мың құбылған дүниеде баяғы «ұрпағым» деп өткендердің үмітін ақтай білу. «Қара жерден жік шықты, екі құлағы тік шықты» болып, құрама-құрақ өмір сүріп, аталар арманы мен мұрат-мүддесін аттап өтіп, жаһанданудың төрінен орын алғанымыз – опасыз-дық болмай ма? Ал опасыз адам мен опасыз ұрпақтың кімге керегі бар?
Бізге Ұлы Жаратушы өмір өзегін сол ата-бабалар арқылы жалғады. Сондықтан олардың ойы мен сезімін, айтар сөзін бізге қалдырып кеткен азғантай жәдігерлерінен мейлінше мол ала білсек, жемісіміз тіл үйірер тәтті, жеңісіміз алға бастар сәтті болары белгілі. Сол жәдігерлерге біздің ұйқыдағы көңілімізді бұрып, далада бара жатқанда қасынан өте бере алақанымызбен бетімізді сипай салып кете бермеуге шақыратын кітап – Мұрат Ақмырзаев ініміздің кітабы. Өзінің қазақ екенінен торықпаған жан, соның ішінде Маңғыстауды тек мұнай мен газына бола сүймей, «Көкала Орда, Көк Орда, Қалы да кілем көп Орда – Адыра қалғыр жетпейді ау, Маңғыстаудың тасына!» - деген ұлы ұғыммен сүйетін адам үшін бұл кітап-тың берері мол, ішіндегі деректер қолдана білгенге – қазына бастауы. Отанға, оның ішінде кіші Отанға көңілі бөлінбеген, бүйрегі бұрмаған адамның неге деп сұрауы да мүмкін. Оның негелігінің жауабын Светқали Нұржанның «Ер Доспамбет ағаға» өлеңінен іздеңіз. Ол сол өлеңінің аяқ жағында «Айнала қырат, төсі кең. Маңғыстаудың Ыстамбұлдан несі кем? – Несі кемдігінің Себебі: Ер Доспамбет ағаның Артында қалған баланың Шықпайтын болсын Есінен!...» Осы сөздерді жазғандағы біздің де ұстанған мақсатымыз – Аталар мұрасының құндылығы Болашақ иесі Ұрпақтың – шықпайтын болсын Есінен!.
Біз, яғни ХХ ғасырдың орта тұ-сында дүниеге келгендер және қазір-гі кезде жасы үлкендер қатарына енгендер, екі өркениеттік көріністің шекарасында өмір сүріп жүргенімізді білеміз бе? Біздің ата-бабамыз көшпенді өмір сүрді. Отырықшылық-ты жағдайы көтермеді, жүрегі қала-мады. Кең даланың салқын самалы-на төсін керіп, ұшы-қиырсыз жол жүргенді аңсады. Біздің әкелеріміз отырықшылыққа көндікті, үй салуды үйренді. Тұрақты мекенжай деген ұғымды санамызға сіңірді. Ендігі жерде кереуетсіз, газ ошақсыз, дәрет-ханасыз өмір бізге жат болмағаны-мен, анайы көрінері анық. Көбіміз қалада тұрып, малдың иісінен тыжы-рынамыз, атқа міну дегенді арман-дағанмен, қолайы келе қалса аттың қай жағынан жақындау керектігін білмейміз. Киіз үй туралы түсінігіміз әжелер әңгімесінен аспай қалды. Ал әке-шешемізден мұраға қалған киіз үйдің қаңқасы қораның бір бұры-шында қараусыз жатыр.Туырлық пен үзікті әлдеқашан күйе жеп, шилері шіріп, қалы басқұрлар мен шашақты баулардың қайда қалғаны белгісіз жағдайда. Талай аязда шытынап, талай аптапта күнге күйген, көнмен көмкеріліп, тарамыспен тартылып, соңғы кезде сыммен құрсалған ша-ңырақтың қалай аман қалғанына таң қаласың. Қасиетті шаңырақ, кең кереге, берік уықтарымыз әуелден мықты ағаштан – жөнеуіттен жасал-ғандықтан, өзіндік сәні мен мәнінен айырылған жоқ. Кейде оларға көзіміз түскенде, мықтылығына, өзіміздің қазақ екендігімізге, тарихымыздың тереңдігіне тағы бір рет қуанып алып, қайтадан ХХІ ғасырдың күйбеңі мол, күнкөрісі алуан тіршілігіне басымыз-бен батып кете барамыз. Біз шекара-дамыз! Келесі ұрпақ үшін көшпен-ділік – таңғажайып ертегі өмір болып қалатыны айдан анық. Сол көшпенді өмірдің бізге ең жақын белгісі – ұшы қиырсыз даладағы ескерткіштер, ата-лар басына салынған молалардағы жазулар.
Өз басым бұл кітаптан іздегенім-ді көп таптым. Алдымен, бұлар – құл-пытас, молалар бетіндегі Ескелді ұр-пақтарына байланысты жазулар. Со-лардың тек біреуіне ғана тоқталайын. Ол – Оғландыдағы Бекет ата жер асты мешітінің жоғарғы жағында орналас-қан қойымшылықтағы бір құлпытас жазуы. Кітапта ол былай берілген – «Адай руы. Мұңал тайфасы. Ескелді бөлімі. Бөрлібек би Ерлібай баласы Офат 66 жасында 1845 жыл жеддінің 15 күні. Ұлы Тасым қылдырды.» (89- бет) Ал бірінші шыққан «Адай ата» кітабының 391-бетінде М.Ақмырзаев пен Ә.Мырзағалиев бірігіп жазған «Маңғыстау эпитафия үлгілері» деген мақалада: – «Адай руы Мұңал тайфасы. Ескелді бөлімі. Нұрлыбек би Ерлібай баласы. Офат 66 жасында 1846 жылы жеддінің 16-сында. тамын қылдырды... - деп келтірілген. Бұл екі нұсқада да баспа бетіне түсіргенде кеткен жауапкерсіздік бар екені байқалады. Бірақ осының өзін көпшілік қолдануына ұсынып, біз сияқты іздегеннің қажетіне жаратуға жол ашудың өзі үлкен адамгершілік және қайраткершілік. Бұл жазулар Ескелдінің Игілік бөліміндегі Доғал аймағына жататын Жанұзақ батыр-дың немересі Нұрлыбек Ералыұлы туралы болып отыр. Ал Нұрлыбектен – Тілепі, Қайпы, Тасымдар тарайды. Тасым, Тасымның Қаражаны туралы дерек ел ішінде көп таралғандықтан, бұл жазуды аударғандағы азды-көп ауытқуларға қарамай, көзге бірден оттай басылды. Ескелдідегі аты әйгілі үш Қаражанның бірі – Би Тасымның баласы Қаражан кезінде Маңғыстау өңірінде бәлшебектік негізде құрыла-тын мемлекеттік, әлеуметтік, рухани жүйенің елге, қара халыққа неғұрлым зиянсыз орналасуы үшін атсалысқан адам. Жаратушының әмірімен келе жатқан, қарсыласса елді ойран қыла-тын (отаршы патша күшіне қарсы шыққан Иса Досан кезіндегідей) күш-тен елдің басын аман алып қалып, ұрпақ жалғастығын қамтамасыз қылу үшін, сол кездегі бұлыңғыр да бұла-ғай заманда ел бастаған Тобанияз бен Мәтжандардың серігі. Қызыл комиссар Әліби Жангелдинмен бірге Адай даласында төңкеріс комитетін құрып, қарулы отрядты Торғайға жет-кізуші. Осы би Қаражанның әкесі Тасым болса Бозашыда, Бекет ата-мыздың төртінші мешіті аталып жүр-ген Тобықты мешітінен қашық емес, өз қонысы, өз жұртында, биік төбе басында күмбезді там ішінде жатыр. Ал олардың аталары Жанұзақ әрі батыр, әрі би Жем бойынан Маңғыстау ойына ескелді ауылын көшіріп алып келіп, орналастырған адам ретінде айтылады. Және сол кездегі жер иесі түрікпен бектерімен, олардың ар жағында тұрған Хиуа ханымен тіл табысып, елдің бейбіт өмір сүруін қамтамасыз еткен. Міне бір ғана жазу қаншама тарих бетін аударыстырып, қаншама аталары-мыздың аруағын еске алғызды. Міне сондықтан бұл кітап өз тарихына бет бұрып, ата-баба салған ізді саралай-тын адамдардың, мен сияқты талай-лардың талабына оң бағыт берері анық
Осы кітапта берілген Жем бойын-дағы қоныс, қойымшылықтардағы азды-көп жазулар ерекше ойларға жетелейді. Неге десек, біз Жемнің қа-дірін, Жемнің тарихын өз дәрежесін-де әлі зерделеп болған жоқпыз. Оның негізгі себебі, қазіргі қонысы-мыздан шалғайлау жерде қалғаны болар. Бірақ Жемнің кезінде Маңғыстауға бет алған ел үшін үлкен тұрақ болуымен қатар, қазақтың дар-хандығының, ұлылығының көрінісіне айналған Сарыарқамен батыстағы бізді байланыстырып тұратын табиғи кешен екенін ұмытпауымыз керек. Сонау буалдыр көкжиектен ирелең-деп, Жемнің жасыл жолағы көрінген-де, осы көріністің қанша қазақ бала-сын қуантып, қанша қазақ баласына үміт пен арман болғанын бағамдай беруге болады. Шынында да, көші-қон шырғалаңын айтпағанның өзін-де, мезі қылар ұзақтығы мен біркелкі көріністің өзінен жалығатын дала жо-лынан шаршаған көшпенді үшін, Жем деген атауға ие болған осы бір өмір өзегінің алдыңнан шығуы – үміт оты-ның қайта жанып, дүниеге қайта ке-лумен бірдей болары рас қой! Әрине, «Әт-шу, әт-шу, қара нар! Мамам үйіне бұрын бар!» жүріспен күндеп, апта-лап жол кешкен адамды, самалының ызғар иісі бар, салқын лепті, көлең-кесінің өзі молдалар айтатын ұжмақ-ты еске түсірер көгал көрініс қуантпай қояр ма? Біз ғой, Ақмешіттегі атаның мешітінің алдында көлеңкеде оты-рып, алысқа көз тастаймыз. Өткенді саралаймыз. Тарихтан білетін азды-көпті деректерімізді еске түсіреміз. Мысалы, Ақкиіз тоғай, Бақашы қо-йымшылығы, осы маңнан табылған алтын адам, тағы сондайлар. Ал баяғы көшпенді қазақ Жем бойына қалай келді және оның осы су ма-ңындағы алғашқы әсері қандай бол-ды? Кең жылы ой елінің аузынан шыққан бір қағытпа еске түседі... Қа-шанда ақкөз адайды қағытқысы келіп тұратын Кең Жылы ой тұрғындары сұ-райтын көрінеді: – “Әй, адайлар! Осы сендер суға шомыласыңдар ма?” - деп. Сонда аңқау адай: “Әй, біз жы-лына екі рет шомыламыз. Бірде – көк-темде Жемнен Арқаға өтерде, бірде – күзде, елге ораларда!” - десе, әлгі әзіл-қой: “Ой-пой, сендер балық болып кетуге аз-ақ қалыпсындар ғой!” - дей-тін көрінеді. Сол айтқандай, шаршап-шалдығып келген ел, алдымен өзен суының бір шетіне түсіп, шомылып, кір-қоңын жуатыны белгілі. Ал содан соң... Содан шұбырған малды тасы-ған судан арғы бетке өткізіп, белгі-ленген жерге ерте жетіп, көш қонды-ру... Өзеннің өткел берер жерлері де санаулы болулы. Қарайған малды сол санаулы өткелдерден шығынсыз өткізудің өзі үлкен жұмыс болған сы-ңайлы. Талай тартыс, талай төбелес ел есінде болулы. Жем тек қана көші-қон шекарасы емес, тек қана Маңғыстау жерін Арқадан бөліп тұр-ған өзен емес, Жем бұл тарих көрсет-кіші, көшпенділер өркениетінің соңғы бір күндерінің белгі-бедері. Жем – Алшын балдарының тоғысар орны, қазақылықтың арнасы, қазақтың батыс өңірінің тілге-тиек, көңілге медет тұтар атауы! Жем десек – еске тарих қойнауының тұңғиығы түседі. Бекет атамыздың әкесі мен анасы Жем бойын неге қоныстанды? Алыс-тан ағараңдап көзге түсер төбеге пір атамыз алғашқы мешітін қашап сал-ды. Көз ұшындағы көлбеген жазық даланың арғы шеті мен бергі шетін көңіл түкпіріндегі түйсік көзі қалай біріктіріп, осы бір жердің қасиетін сезіп, Ақмешіт аталатын киелі орынға айналдырды.
Мұрат ініміздің кітабының бас жағында былай делінген: «Жер бетінде адам қолымен жасалған игіліктің бәрінің өлшеулі ғұмыры бар. Мола да солай. Ол да өмір сүреді. Моланың мәңгі ғұмыры, заманалар көшіне сәнімен ілесу, сол моланы салған елдің бағының асуы, өркениеттің жетістігі. Моланың өлуі керісінше елдің, ұлттың, ұлыстың тарих сахнасынан жойылып кете бастауының басы, әлеуметтік катаклизм». (3 бет) Бұл, әрине, ешқандай күмәнсіз ақиқат. Бірақ осы жерде ежелгі Мысыр елінің зәулім молала-рын – аспанмен таласқан пирамидаларын еске алайықшы. Арттағыларға не деген дерек, не деген тыңғылықты еңбек. Олардағы жазулар арасында – «Барлық зат уақыт алдында бас исе, уақыттың өзі пирамидаларға бас иеді» деген астамшыл ой да бар. Ал сол пирамидаларды дүниеге әкелген халық, салт-дәстүр, арман-мүдде, тіл мен дін қайда кетті? Батыстық ғы-лымның, оның ішінде еуроорталық-шыл ой-тұжырымның құрбандығы болған кітаби тарих пен мәліметтер ғана қағаз бетінде жүр. Ал сол жерді мекендеген ел-жұрт ежелгі египет халқына үш қайнаса сорпасы қосыл-майтын халықтарға айналған. Осы орайда дәл сондай тағдыр кешкен оңтүстік америкалық майя, ацтек, инктер, азиядағы санскрит, шумер, т.б. мәдениеттері ойға оралады. Олардың да іздері тек кітаптарда көрінеді. Олардың жоғын жоқтап, ісін жалғастыратын ұрпақ жоқ. Алтын шынжыр үзілген. Шашырап қалған сол шынжырдың буындары басқа бір мықтылардың керегіне жараған, солардың өңірінің сәніне, өмірінің мәніне айналған. Орыс халқының ішіндегі түркі тектес (негізінде, Дәшті-Қыпшақтан, Алтын Орда жерінен шыққан қазақ, біздің ата-бабалары-мыз тектес дворяндар сияқты) мүлде мүддесі басқа елдерге айналған. Қоғамдық дамудағы табандылықты, ізқуарлықты, бастапқы мүддеге сайлықты немен қамтамасыз етуге болады? Кітаптың 8 бетінде былай делінеді – «Атаның балаға, қоғамның ұрпаққа табыстар өсиет негізі – өзгенің тауларын аласартпай, өзінің жазығын асқақтату. Сол себепті қай кезде де ұлттық мәдени тәлім-тәрбие ана сүтімен бойға, ана тілінде ойға даритын, төл жазуымен дамитын иелік, егелік, эгоистік тетік арқылы іске асады.» Осы иелік, егелік, эгоистік тетіктің тұғыры мықты құралының бірі – ескімізді жинақтап, тарихи жадтан айырылған ұрпақтың санасына сіңіру. Ол үшін Мұрат ініміздің осы кітабының маңызын, қазіргі сауат ашу жүйесіндегі әліпби мен ата тарих оқулықтарының маңыздылығымен қатар қою керек деп ойлаймын. Ұлт үшін, біздің тарих сахнасынан біржолата шығып қал-мауымыз үшін, атышулы экономика-лық дамумен қатар, рухани даму иық тіресіп, бой түзеп жүрмесе, ертеңгі күні біз «май жағылған ақ бөлке нанға» семірген ессіз-түссіз, тұғырсыз-тұлғасыз, «көптің бірі, бөтеннің қолының кірі» елге айналарымыз сөзсіз.

Сұлтан ЖҰМАБЕКҰЛЫ,
Бейнеу кенті,
Маңғыстау облысы

Қаралым саны 1567

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463