Өзінің 50 жылдық мерейтойы қарсаңында шыққан бұл еңбек ғалымның 2008 жылы осы «Арыс» баспасынан жарық көрген «Тарих тұңғиығындағы тұлғалар» атты кітабының заңды жалғасы десек те болады. Бұған дейін «Азаттық таңы жолында» (Алматы: «Ғылым» баспасы, 2001), «Сырым батыр және Нұралы хан» (Қостанай, 2001), «Қазақ мұнайы тарихы» (Алматы, Өлке баспасы, 2006) монографиялары мен 200-ге тарта мақала жариялаған зерттеуші ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ тарихын тың мұрағат құжаттары арқылы зерттеп, сол кезеңдегі ел тұтқалары Әбілқайыр, Нұралы, Ералы, Есім, Айшуақ, Бөкей, Қаратай, Жантөре, Шерғазы, Арынғазы хандардың, Сырым батырдың қоғамдық-саяси қызметін, Ресей империясы отарлаушылық саясатының шынайы бағыт-бағдарын алғаш рет толық зерделеді.
Біз сөз етіп отырған кітаптың алғашқы тарауы – тұлғалар тарихын зерттеу мәселелеріне арналған. Ғалым қазақ тарихында өзіндік орны бар тұлғаларды терең зерттеп, оларды оқулықтарға енгізу мәселесін қозғайды. Сондай-ақ қазақ батырлары тарихын зерттеу, осы бағыттағы ірі ғалым Көшім Есмағамбет ағамыздың еңбегі туралы әріптестік әділ баға айтылады.
Жинақтың екінші тарауында ғалымның өз зерттеулері – атап айтсақ, Әйтеке би ұрпақтары, ХVІІІ ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ-түркімен, қазақ-иран қарым-қатынастары, сондай-ақ жалпы көпшілікке беймәлім Жарас мерген, Алыбай Қосакөзұлы, Мыңбай батыр сынды тұлғалардың өмір жолы мен қызметі тың деректермен берілген.
Кітаптың «ХІХ ғасырдағы қоғамдық-саяси жағдай және тұлғалар», «Тарихта қалған тұлғалар» атты бөлімдерінде де қазақ тарихында ойып алар орны бар қайраткерлердің қалтарыс жақтары, айтылмай келген ақтаңдақтар жарық көрген.
Бұл кітаптың жалпы ұлт тарихы үшін де, Батыс Қазақстан өлкетану саласында да алар орны ерекше. «DANAkaz» журналы алдағы сандарымыздың бірінде кітаптың кейбір үзінділерін жариялайтын болады.
Айтпақшы, ердің жасы 50-ге келіп отырған Әбілсейіт Қапизұлы жақында тағы бір іргелі еңбек – «ХVII-XVIII ғасырлардағы Қазақ хандығы» атты ғылыми-зерттеу кітабын аяқтады. Баспа бетін әлі көрмеген бұл шығарма Қазақ мемлекеттігінің тарихи хроникасын түсінуге, ондағы хандар мен сұлтандардың рөлін, сол кезеңдегі қоғамдық-саяси ахуалдың тынысын сезінуге баға жеткісіз көмекші болары сөзсіз.
50 жасыңыз құтты болсын, жазарыңыз көбейсін, Әбілсейіт Қапизұлы!