Исатай батыр Тайманұлының зираты Шейітсайда емес - Шолақмолда қорымында

Осы күні өлке тарихына көз салып жүрген зиялылардың өзі Исатай батырдың сүйегінің жатқан жерін анықтау талас-талқыға айналып бара жатқан жоқ па деп өкінішін білдіреді. 

Өкініш орынды, әрине. Алдымен, жалпы Ішкі орда тарихын зерттеу-шілер, соның ішінде исатайтанушы мамандардың осы тұрғыда ғылыми негізді сөзге бара алмай жүр. Өткен жылы Исатай батырдың Ақбұлақ шайқасында қаза болғанына 175 жыл болды. Еске алуға тұрарлық оқиға еді. Бірақ өз деңгейінде болмады.
Біз бірнеше жылдан бері Исатай батырдың зираты қазіргі айтылып жүргендей – Шейітсайда емес, Шолақмолда қорымында дегенді айтып келеміз. Құжаттар, ескерерлік пікірлер жеткілікті. Алғашқы дерек – 1924-1925 жылдары Халел Досмұхамедұлының анықтамасы: «Исатайдың сүйегі Темір уезі, Қиыл бойындағы Шолақмолда деген молада». (Халел Досмұхамедұлы, «Таңдамалы» 1998 жыл, 29-62 б.б.)
Исатай мен Халел Досмұхамедұлы – екеуі де бір өңірдің – Атырау облысы Тайсойғанның жайық-беріш тумасы. 1929 жылы халық жауы аталып ұсталып кеткенге дейін ғалым елдегі ескі әңгімелерге қанық болды. Аңыз бен тарихи болмысты ажырата біле-тін тұлға. Осы кезеңді (ХХ ғасырдың 30-70-ші жылдарына) жан-жақты қараңқырасақ, бүгінге дейін Исатай туралы Халелдің біліп айтқан сөзінің ескерусіз қалуы – сол 30-жылдары Халелдің «халық жауы» қатарында кетуі себеп болғанын байқаймыз. Өйткені «халық жауының» барлық шығармасы тәркіленді. Оқуға тыйым салынды.
«Қазақ әдебиеті» газеті 1962 жылы 14 желтоқсанда Хаттар Дүйсемәлиевтің «Исатайдың моласы Шейітсайдан табылды» хабарлама-сын жариялады. Қарсы уәж айтып, мақаланың ғылыми негізсіздігіне қатты сын айтқан жалғыз Қажым Жұмалиев болды: «Мақаладағы деректер де, пікірлер де нанымсыз, атүсті айтылған. Тарихи шындықтан алыс» («Қ.Ә.» 18.10.1963 ж). Акаде-мик-жазушының осындай сын сөзі-нен кейін Хаттар Дүйсемәлиев көр-сеткен Шейітсайының «ұзақ жасауы» – бүгінгі тарихи санамызға сын. Исатай батырдың зиратын іздестіру-дің ұзаққа созылып кетуінің тағы бір себебі – Қажым Жұмалиев жоғары-дағы мақаласында Халел Досмұхамедовтың аты-жөнін айта алмады: «Исатайдың сүйегі... Шолақмолда деген жерге қойылып-ты-мыс» деп қана өтеді. Осылай көр-некті әдебиетші-ғалымды заманның «мысы» басып, «Шолақмолда» сол 1962 жылдан бері көлеңкеленіп қалды.
Айтып жүрмін, Шолақмолданы ой-лап шығарған мен емеспін. Осыдан 90 жыл бұрын Халел Досмұхамедұлы айтты. Сол бір күннің (1838 жылғы 12 шілде) жанталас-қарбаласта өткен оқиғалар тізбегін қайта-қайта көз алдымызға әкеле алсақ, ақиқатқа ең жақын сөз айтып кеткен Халел ғұлама деуге болатындай. Өкініштісі – Исатайдың моласының басына ол кісі де белгі қоя алмай кеткені. Исатайды жерлеген көтерілісшілер Нарынға қайтып бара алмағаны түсінікті. Махамбет, Үбі, Досмағамбет, т.б. жайық-беріш, ысық ағайындар Тайсойған, Қарабау, Қаракөлге жасырын болса да жетті. Ел аузында бұлардың әңгімесі қалды. Исатайдың сүйегі қай жерге берілгені айтылды. Халел Досмұхамедұлы Оралда, Петерборда оқыған жылдары елден қол үзген жоқ. Оның бер жағында ол 1913-1918 жылдары Ақтөбе өңірі Темір уезінде дәрігерлік жұмыс ат-қарған. Жан-жақты білімді, іздемпаз жас Қиыл бойында болып, Исатай батырдың зиратын, әрине, іздестіруге уақыт тапты деп әбден ойлауға бола-ды. Сондықтан да болар, бес-алты жылдан кейін Темір уезіндегі «Шолақмолданы» анық жазып отырғаны.
1991 жылы ақтөбеліктер Қиыл бойында Шейітсай деген сайдың бойында «Исатай батырдың моласы осы жерде» деп ескерткіш-обелиск тұрғызып, құйма темірден қоршау көтерді. Батырдың 200 жылдығына орай біршама жұмыс атқарылғанмен (қонақ шақыру, бәйге, т.б.), оның өліміне байланысты құжаттарға, ең болмаса, осы жерде 30 жыл бұрын ғана жүргізілген ізденіс-зерттеу жұмыстарына көңіл бөліне қоймады. Асығыстықпен, советтік науқаншыл-дық пәрменімен кезекті «бір той» өткізілді. Осындай ат-үсті өткізілген той-дүрмектен кейін 22 жыл өткенде (2013 жылғы қараша) Ақтөбе облысы Қобда ауданы атынан Еркін Құрманбеков, Жауғашты Жұмағалиевтар Атырау облысына (Атырау университеті, Исатай ауданы) сапарлап, Исатайдың моласы Шейітсайда екенін «дәлелдеп» дәріс оқыпты. Оларға атыраулықтар қол шапалақтап, шапан жауыпты. Қазақ шапанының да қадірінің кеткені осы-ау. Бір-екі жыл бұрын кездескенде Еркін ағайынға айтқанмын – Исатай-дың сүйегі жатқан қорымды әлі де іздестірейік, аруаққа қиянат болма-сын. Амал не, Ерекеңнің қарекет-амалы мынандай болды.
Тарихқа қараңқырасақ, Ақбұлақ шайқасы өтетін 1838 жылғы 12 шілде күні қырғыннан тірі қалғандар Баймағамбет әскерінің қаһарлы қуғы-нына ұшырап, майдан даласындағы жаралылар мен қаза болғандарды түгендей алмаса да, үлгергенінше жинап (ат үстіне артып), қуғыннан қа-шып барып, біршама жерге жетіп, то-пырақпен бетін жапқан болды. Ойыл-ды бетке алып, ажалды Ақбұлақтан әрі қашты. Осы бір күннің негізгі құ-жаты (хаттамасы) – полковник Гекке-нің 1838 жылғы 13 шілдеде Орынбор губернаторы Перовскийге рапорты: «Рапорт губернатору Перовскому о сражении с повстанцами при речке Акбулак» («Махамбет әлемі», 9-шы кітап, 290-292 б.б.) Бұл құжаттың құндылығы – соңғы шайқас Ақбұлақ өзені жағасында (маңында емес) болды деп анық жазылған. Исатай-лықтар Баймағамбет тобын арғы бетке қуып тықсырған. Осы жерде, өзен жағасында қоршауға түсіп, қырғынға ұшыраған. Кейін шегінген-дерді қорғаштап келе жатқан Исатай өзін қоршап алған жаумен атысып-шабысып (3 қазақ, 16 казак-орыс) қаза болды. Жаралы батырдың сұра-пыл қарсылығына ыза болған казак-тар «весь изрубили» – қылыштап турап тастаған.
«Шейітсай әңгімесінің» қисынсыз-дығына бірінші қарсы сөз: Ақбұлақ-тың жағасында шәһит болған 30-40 (Геке 70-80 депті) сарбаздың денесін жігіттер сол күні екінді мен ақшам аралығында жинап үлгерді дегеннің өзінде – алды түн, сай-сала, жыра-жықпылды даламен Суықбұлақ ар-қылы өтіп, ат аяңымен Қиылдың суы мол (қазірдің өзінде айдын-шалқар) тұсынан оң жақ қырлы жағасына – Шейітсай сайына жеткізу мүмкін емес. Осындай қашықтыққа әкелудің де ешқандай қажеттілігі жоқ еді. Баймағамбет әскерінің қуып келуі мүмкіндігін өліктерді жинаған қарулы топ әркез есінен шығарған жоқ. Олардың ойында Қиыл асып Шейітсайға жету болмады.
Шейітсайға «жоқ» айтудың келесі, екінші бір дереккөз: 1968 жылы Шейітсайда антрополог Ноэль Шаяхметов экспедициясының ұйым-дастыру және қазба жұмыстарының басы-қасында болған ақтөбелік тарихшы, профессор Зәкіратдин Байдосовтың әңгімесі: осы жерде Исатайдың моласы деп белгіленген төрт қабірдің біреуінде де қылыш кескен, оқ атылған бірде-бір мүрде кездеспеді. Ноэль Шаяхметов қина-лып тұрып, Исатай батырдың сүйегін таба алмағанын айтты деген.
Үшінші. 1978 жылы Ноэль Шаяхметовтің өзі осы тақырыпқа арналған сұхбатында («Социалистік Қазақстан») журналист Жанболат Аупбаевқа: «Кейде ойлаған істерің орындала бермейді екен. Оған Исатай бейнесін тірілту жолында тер төккен үш жылымның нәтижесіз аяқ-талғанын айтуға болады. Өкінетінім – сол жазда (1968 ж.) Шейітсайда ба-тыр мүрдесінің қай жерде жерленге-нін таба алмай қайтқаным». («Қобыланды батыр», Аңыздар мен шындықтар, Ақтөбе, 2007 ж.)
Төртінші. Бүгінде ақтөбеліктер «ту көтеріп» отырған Шейітсайдың негіз-сіздігіне келесі дәлеліміз – Ақбұлақ өзені жағасындағы Исатай қаза бол-ған жер мен Шейітсайдың арақашық-тығы. Осы мәселеге алғашқы көңіл бөлген Қажым Жұмалиев еді. Біздің есебімізше, шайқас болған Ақбұлақ аңғары мен Шейітсайдың арасы – 27-30 шақырым. Ал Шолақмолда қоры-мы Ақбұлақтан күнбатысқа қарай 12-13 шақырымда жатыр. Мен бұл «ша-қырымдарды» тізіп отырғаным – соң-ғы 6-7 жылда бес рет Қиыл-Шолақ-молда-Суықбұлақ-Ақбұлақ атырабын араладым. Қобда ауданының ескі-жаңа географиялық (археологиялық) карталарына көз салдым. Google Earth арқылы Ақбұлақ нүктесі мен Қиыл (Шеитсай) арасының өлшемін анықтадым.

Соңғы, қосымша деректеме. 2013 жылы Оралдағы Махамбет атындағы БҚМУ медицина ғылым-дарының докторы Қайыржан Әбисатовтың «Махамбеттанудың мәлім және беймәлім парақтары» деген еңбегін баспадан шығарыпты. Осы басылымның 19-шы бетінде ав-тор Ноэль Шаяхметовтің Қиылда жүр-гізген қазба жұмыстарынан хабар бе-реді: «Жергілікті ақсақалдардың «мынау Исатайдың мүрдесі жатқан жер» деген сілтеуімен Шейітсайда бірнеше қабірді қазып, Исатай дене-сіне ұқсас мүрдені таба алмапты». Ға-лымның бірауыз сөзі қымбат. Алматы-ға телефон шалдым. «Мен дәрігер адаммын. Қараойда Махамбет қабі-рін ашқанда (1966 ж.), ақын сүйегін қайта жерлеуде (1983 ж.) Ноэль Шаяхметовтың қасында болдым. Шейітсайда болғаным жоқ. Ноэльден естігенімді жаздым,» - деді Қайыржан аға.

Сонымен, айтайын деген қорытынды сөзіміз.
1. 1962 жылдан бері тарихи әде-биетте қош алынып келе жатса да, жоғарыдағы келтірілген анықтама-ларға сүйеніп, 1838 жылғы 12 шілде-де Исатайдың, басқа да шәһит болған көтерілісшілердің мүрдесі Шейітсайға жеткізілмегендігі.
2. Ақтөбе облысы Қобда ауданы Жарсай ауылынан оңтүстікке қарай 15 шақырым жердегі Шейітсайда 1991 жылы көтерілген темір қоршау-дың ішіндегі Исатайдың моласы де-ген жерде батырдың сүйегі жоқ.
3. Исатай батырдың, майдан дала-сында жинап үлгерген басқа да сар-баздардың мүрделері Ақбұлақтан ба-тысқа 13-15 шақырым жердегі (Қажым Жұмалиев жазып кеткендей) Шолақмолда жайлауындағы Шолақмолда қорымында жерленген. Осы жорамалымызға Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталықтары көңіл аударар деген үміттемін.
Ақбұлақ шайқасы болған жердің географиялық координаттары анық-талса, соңғы шайқастың орны мен Шолақмолдаға дейінгі қашықтықты дәлірек көрсетуге болады. Қазіргі Исатай ауылдық округі Шолақмолда жайлауындағы барлық ескі қорым-дарды, құлпытастарды (Үйтас, Шолақмолда, Суықбұлақ, Ақбұлақ аралығындағы) есепке алып, Қобда ауданының археологиялық картасын (2007 ж.) жасаса, ізденіс аймағы нақ-тылана түсер еді. Осы және т.б. жұмыстарды ақтөбелік исатайтанушы тарихшылар, аймақтың географиясы мен топографиясының мамандары бас қосып, үстіміздегі жылы орталық-тың жұмыс жоспарына енгізу мүмкін-шілігі қандай? Осындай түсіністік бо-лып жатса, Шолақмолда қорымында Исатай Тайманұлының қасиетті сүйе-гін іздестіру бір ізге түсіп, игілікті жұмыстардың қолға алынатынына сеніммен қарауға болады.

Ғаділше ӨТЕБӘЛІ,
Батыс Қазақстан облысы,
тел: 8-711-31-21-863
+7-702-98-10-200

Қаралым саны 1685

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463