* * *
Жанымды кереметтей мұң,
Жаншиды, елең етпеймін.
Аңсаған сені жүрекке,
Ешбір ем керек етпеймін.
Тұрлаусыз мына жалғанда,
Не жетер ғашық болғанға?!.
Cүюдің азап-рахаты –
Қол созып өту арманға...
Лаулаған сен бір өрттейсің,
Көбелек құсап көп күйдім.
Күндіз ой, түнде түсіме
Айым-ай, енбей кетпейсің...
* * *
Көздеріңе көзім түсіп кеткенде,
Жансарайым айналды гүл көктемге.
Күз дүние кетті демде құлпырып,
Жаймашуақ жаз айналып жеткендей.
Көздеріңе көзім түсіп кеткенде,
Өттім білем күннен бетер өрттен де.
Жан жүрегім қайтіп аман қалды екен,
Өн-бойымды қорғасындай еріткенде...
Көздеріңе көзім түсіп кеткенде,
Күйді кештім сезіп көрмес еш пенде.
Мен осылай ғашық болып өтермін,
Бар-жоғымды ескер, мейлің, ескерме...
Көздеріңе көзім түсіп кеткенде,
Жүрек шіркін сезім күйін шерткенде.
Құбылам да Қағыбам да – СЕН дедім,
Айым-күнім, Мәдина мен Меккем де...
* * *
Сен келгенде күз дүние құлпырды,
Ағаш біткен түске енді мың түрлі.
Бәрінен де жүрегімді айтсаңшы,
Есіміңнен ән тудырған лүпілі.
Аспанымнан алтын шашып, күн күлді,
Жанарыма жаһанда жоқ нұр тұнды.
Бірер сәтке жүздескенім өзіңмен,
Өмірімнен артық білем мың күнгі.
Қайғы-мұңым, қасіретім ұмытылды,
Жүрегімнен сарқылмайтын жыр туды.
Сен келгенде бақытты едім баладай,
Кетеріңде жас Жайықтай іркілді...
* * *
Жүрегімді оп-оңай жаулаған жан,
Періштеден бейкүнә аумаған жан.
Айырдың ғой еркімнен ғайыптан кеп,
Балбыратып жанымды баураған ән.
Әнім сенсің әдемі әлемдегі,
Жаным сенсің жауһар жыр, өлеңдегі.
Өмір сүргім келеді өзіңменен,
Махаббаттың нұрына бөленгелі.
Құстай ұшып келемін қанат бітіп,
Жүр ме екенсің әр күнді санап, күтіп?!.
Өмір бізге шуағын шаша бергей,
Қарамағай ешқашан қабақ шытып.
Таң нұрына ризамын, тағдырыма,
Айналдырған күнімді ән ғұмырға.
Аяғымның астында тікен жатсын,
Сен тұрғанда ризамын барлығына.
Cүйегім тұтам қалғанша...
Тәуелсіз елім, бөгде кеп сенің
іргеңе кірпіш қаламас,
Тауып бір амал, өзің соқ қамал,
жатқаның қарап жарамас.
Қанымды сарқып, барымды «тартып»,
ұлыңды құлдай пайдалан,
Сүйегім тұтам қалғанша өмірім сендік
Ұлы Алаш!
Шаңырағың биік, уығың иық,
керегең қиық құламас.
Табылмай теңің, өскенің елім,
сырт көздерге ұнамас.
«Жат жанынан түңілсін»,
кім екеніңді ұғынсын,
Сүйегім тұтам қалғанша мен сендікпін
Ұлы Алаш!
Шер тарқату
Көк асты,
Жер үсті,
Жарқырап, жадырап, жаралдық.
Бір Ата, Бір Ана,
Кіндіктен таралдық.
Аңыз ба, нағыз ба,
Зауалды кезде бір,
Көкбөрі асырап,
Қайтадан түледік,
Қайтадан жаңардық.
Жаһанға Ер Түрік саналдық.
Бастыны идірдік
Тізеліні бүктірдік.
Артынан алдандық,
Тоналдық.
Бөліндік.
Тарыдай шашылдық.
Тентіреп,
Тау-тасқа бас ұрдық.
Бөрінің аштығы білінбес,
Жараны,
Наланы жасырдық.
Өкіндік.
Өкірдік.
Өсірдік.
Өткенге салауат.
Кешірдік.
Қағанат Хандыққа айналды,
Жиды, есін жұрт.
Аждаһа, аюға тап келдік,
Алқымнан ойрат кеп шап берді.
Орысты одақтас көрдімде,
Опынып, тағы да қап дедім.
Көрдік.
Көндік.
Өткердік.
Досым көрсетті өктемдік.
Жақпады еркіндік сүйгенім,
Апыр-ай, бұл өзі неткен жұрт?
Жерімді,
Елімді аздырды,
Көрімді өзіме қаздырды.
Түлігім тұт болды,
Зор нәубет жұт болды,
Хандығым қирады,
Қапасқа жинады,
Сыртымнан сылқиып,
Мәз күлді
Қолқамнан тілімді суырды,
Шыбын жанымды қуырды.
Халқымның қанына суарып,
Төбеме қып-қызыл ту ілді.
Қорлады. Зорлады. Улады.
Тірілей кескілеп, турады.
Бөрі боп ұлыдым,
Қыран боп саңқылдап,
Тұлпар боп кісінеп, туладым!
Айқастық.
Шайқастық.
Сорладық.
Тасыдық.
Жасыдық.
Толмадық.
Атылдық.
Асылдық.
Ашықтық.
Қырылдық.
Жұмылдық.
Болмадық.
Басымды имедім.
Тіземді бүкпедім.
Тозақта жатсамда,
Азапты тартсамда,
Алдымен Ұлт дедім,
Қолыңнан келсе,
Аяма, құрт дедім!
Бөріге Тәңір жар,
Құрымас құтты елім!
Қаладық ерлікті, елдікті,
Ер болдық, Ел болдық ең мықты.
Ұнатқан, сын артқан, Жаратқан,
Ұлтымды қалайша кем қыпты?
Жерім бай, ал өзім
Аз ақпын...
Қайыры Азатпын!
Осындай ғажаппын!
Үш мың жыл, бәлки одан көп,
Алтын құрсақтан ұзаппын.
Мұз қабақ дүние,
Сен қала, қалама
Мың өліп, мың жасап келемін,
Таптасаң, тас жарам, өнемін,
Өйткені Қазақпын!
Қазақпын!
Қазақпын!
Ақ тұлпар
Бойымда буырқанған күшім ерен,
Мен асаумын арқырап кісінеген.
Көзім тұны көрікті ой, рухым дала,
Ішім өлең!
Атылғанда тұяғым ай жаныған,
Мен тұлпармын алмаңыз қай жағынан.
Құйын-перен зауласам жұлдыз дерсің,
Түсі берен!
Сауырымды қамшы емес, қылыш тілген,
Батырлармен қанқасап ұрыс кірген.
Мен қазанат қамалды қопаратын,
Құрыш денем!
Қас дүл-дүлмін жарысқан дыбыспенен,
Жүйткісем желді қанат, туыс көрем!
Мен сияқты даланы сүйген ерге,
Рух берем!
Мен пырақпын жеті қат көктен өткен,
Жаһанды жақсылықпен көктем еткен.
Адамзатты жерім жоқ әлі күнге,
Өкпелеткен.
Құйрық-жалым байрақтай желбіреген,
Үстімде ерлер туып, ел түнеген.
Жер апшысын қуырып, қара аспанды,
Серпіген ем!
Мен жылқымын, кіретін түсіне жер,
Ақынға от беретін күйшіге шер.
Мен Қазақтың қаны мен мінезімін,
Арғы жағын айтпай-ақ,
Түсіне бер!
Оралдың тарихы бар
Оралдың тарихы бар қат-қабатты,
Алайда уақыт бәрін сақтамапты...
Осыған дейін ас қып малданыппын,
Сыны мен сыры бөлек жат табақты.
Оралдың тарихы бар сан-салалы,
Көңілім оны аңсаудан шаршамады.
Жер астынан табылған көне шаһар,
Жайықпын деп жаһанға жар салады.
Айналайын іргеңнен мүжілмеген,
Мыңжылдықтар сал болып, көз ілмеген.
Күмбезіңнің қалдығы сынық тастар,
Үмітімді жалғады үзілмеген.
Сынық қышта қаріпі –Құранымның,
Кірпіштерде іргесі – Тұранымның.
Көне қалам, мен сенің жоқтаушыңмын,
Үніңмін, үзігіңмін – Ұраныңның!..
Жайықсың ба, әлде сол Текемісің,
Тасып тұрған ел едің кеше күшің.
Танымастай өзгерген бұл Оралдың,
Сен негізі, табаны, төсегісің!
Оралдың тарихы бар айтылмаған,
Қалдырған біздер үшін айқын бабам.
Тұрғындарың шайқассыз көшкен деседі,
Сырыңды ашсаң етті жойқын қалам.
Көз алдымда көсіліп дала жатыр,
Қақ төрінде мұнартып қала да тұр.
Төрт бұрышты үйлермен тайталасып,
Жайық өсіп, жайқалып бара жатыр!..
Жайық
Сүйсініп бір қарашы,
Бұл қазақтың даласы.
Көз тартады ежелгі,
Жайық жағасы.
Сен бәрінен дарасың,
Гүлдей жайнап барасың.
Жүрегімнің төрінен,
Орын аласың,
Орал қаласы.
Елдің батыр бабасы,
Күйші, жырау данасы.
Сенде туған намысты,
Қазақ баласы.
Қыз боп күлім қағасың,
Ұл боп үміт жағасың.
Шаңырақтың шаттығы,
Сенде жарасым.
Орал қаласы