Ағайын, армысыз!

Соңғы кезде елімізде тарихи тамырымызды іздеуге талпыныс күшейіп келеді. Республика Президентінің өзі келесі жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы мемлекеттік деңгейде аталып өтілетінін мәлімдеді. 2012 жылдан бері «DANAkaz» тарихи-танымдық журналын шығарып, түрлі қиындықтарға қарамастан еңбек етіп келе жатқан журнал редакциясы бұл өзгерістерге ерекше қуанышты. Өйткені, өткенін ұмытпаған ұрпақтың болашаққа бағдары дұрыс болмақ.

Журналымыздың әр санында оқырман көңілінен шығатын тың дүниелер ұсыну – алғашқы санымыздан бері мақсатымыз еді. Осы жолы біз тарих ғылымдарының кандидаты, журналымыздың тұрақты авторы әрі қолдаушысы Жәнібек Исмурзиннің әйгілі Есенгелді Жанмырзаұлы туралы мақаласын жариялап отырмыз. Архив құжаттарына, ел аузындағы әңгімелерге, шежіре деректеріне және эпиграфикалық ескерткіш – құлпытас мәтіндеріне сүйене отырып жазылған бұл көлемді еңбектің жалғасы журналымыздың алдағы сандарында, 2015 жылғы нөмірлерде жарық көрмек.

Жаңа жылда «DANAkaz» журналы биылғы қаржы қиындығынан сәл де болса құтылып, Сіз бен біз жиі жүздесерміз деген үміттеміз. Әсіресе, Батыс Қазақстан облысының мәдениет саласына басшылық қызметке келген ағамыз, өнер қайраткері, журналымыздың тұрақты авторы Дәулеткерей Құсайыновтың ізгі ниеті мен қолдауын қазірдің өзінде сезінудеміз.

Журналдың осы саны жарық көруіне қаржылай қолдау көрсеткен «Құрылыс өнеркәсібін ұйымдастыру жөніндегі инжинирингтік компания» ЖШС-ның бас директоры Әлібек Сытдықов ағамызға, «Батыс Қазақстан автобус паркі» ЖШС директоры Нұрлыбек Бірманов ағамызға ерекше алғыс айтамыз. Сондай-ақ, әр санының арасына амалсыз үзіліс түскен біздің журналды жоқтап, хабарласқан барша оқырманымызға ерекше алғыс айтып, әрқайсыңыздың отбасыңызға ырыс-ынтымақ, бақ-береке тілейміз! Жаратқан жиі жолығысып тұруға жазғай!

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
журналдың бас редакторы

Қаралым саны 1154

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463