Рухани тәрбие, ойлы дүние әр адамға да керек. Бірақ оны бәрі бірдей түсіне бермейді. «Қажет дүниені өзің түсінбесең де, ұрпағыңа керек қой, ең болмаса бала-шағаң дұрыс тәрбие алсын» деп ұсынсаң, байыбына бармай бас тартады. Бас тарпаса да, уәде еткен уақытында алмайды. Бірақ өзін-өзі «болашағым үшін кәсіптің қамымен қолым тимей жатыр» деп алдайды. Тіпті біреулері қаражат ауыспай жатыр деп сылтауратады.
Бүгінгі ішіп-жегенің бүгіннен, әрі кетсе ертеңнен аспайды. Әр адамның уақыты өлшеулі. Тіпті ұрпағыңа қажет дүниені ертең, арғы күні аламын деп жүргенде, өзің сол күнге жете алмасаң қайтесің?! Бала тәрбиесіне мән бермеген талай бай дүниеден өтісімен, соңында қалған ұрпағы әкеден қалған дүние-мүлікті игере алмай, қаңғырып кеткендерді өмірде кездестіріп жүрміз. Осыдан-ақ өмірде ұрпағыңа бастысы материалдық емес, рухани байлық қалдыру қажеттігі көрінеді.
Бала тәрбиелеуге қажет құралды кешіктірген әр күн – ұрпағыңның болашағына балта шабылғанмен тең. Дүние-мүліктің түбіне кім жеткен?! Өлген күні бәрі қалады. Сен де ұмытыласың. Ал ұрпағың білімді, тәрбиелі, рухани бай болса, ол сені еш уақытта өлтірмейді. Себебі жан байлығын бойына сіңірген адам ұстазының есімін ұрпағынан ұрпағына айтып, ісін үлгі етіп жалғастырады.
Тән шектеулі, жан мәңгі. Сондықтан өзіңнің, әрі ұрпағыңның жанына қажеттен қаржы аяма! Қаржың тәнің өлген күні сені тастап кетеді. Ал сен жаныңмен о дүниеге барып, өмір жалғастырасың. Жаның кедей болса, бар жинағаның тек тозақтан орын алуға жетуі мүмкін.
Ақбай БАРЖЫҰЛЫ