Біздің біліміміз ешкімнен кем емес!

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған қарадомалақ қазақ балаларынан бөлек, Ауғанстан, Қытай, Корея, Ресей т.б сынды өзге ұлт өкілдері де білім алып жүр. Сонымен қатар, ҚазҰУ-дың талантты шәкірттері «академиялық ұтқырлық» бағдарламасы бойынша шетелдік ЖОО-ларда тегін оқи алады. Осы бағытта Түркияның Стамбул университетінде білім алған журналистика факультетінің 4 курс студенті Беркенова Гүлнұр Ерланқызы – бүгінгі қонағымыз.

– Әңгімемізді өзіңнің туған-жерің, жанұяңнан бастасақ?

– Өзім Оралдың қызымын. Әкем – Беркенов Ерлан Қонақбайұлы, БҚО психикалық денсаулық сақтау ауруха-насында дәрігер-психиатр, ал анам – Самихова Айгүл Маратқызы, №4 қалалық емханада дәрігер-профпатолог қызметін атқарады. Үйде екі қызбыз. Әпкем Айнұр «Қазақтелеком» АҚ-да инженер-программист. Өзім Оралдағы А.Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясын 2011 жылы «Алтын белгімен» тәмамдадым.

– Түркия сапары қалай болды? Түбі бір түркі елі болсақ та, қиындық туындамады ма?

– Шыны керек, алғаш барған кезде түрікше өте аз білетінмін, бірақ кейіннен ағылшын тілін жақсы меңгергендіктен бе, әлде кейбір сөздерінің қазақ тіліне ұқсағандығынан ба, әйтеуір, 2 апта болмай тілді үйреніп алдым. Бізде оқу жылы 1-қыркүйекте басталса, ол жақтың әр жоғары оқу орны өз академиялық жоспарына сай уақытта бастайды екен. Біз барлық құжатымызды реттеп Түркияға келген кезде қыркүйектің соңы болатын, сөйтсек Стамбул университетінде оқу айдың ортасында басталып кетіпті. Өте қысқа мерзім ішінде аралық бақылау емтихандарын тапсыру керек болғандықтан, біршама әбігерге түскеніміз рас. Бірақ бәрі реттелді.

– Сөзіңнің орайына қарай, ол жақтағы емтиханның өту тәртібіне тоқталып өтсең?

– Емтихан бізге қарағанда өзгеше өтеді екен. ҚазҰУ-да 1 билет ішінде 3 сұрақ болып, оны жазуға 2 сағат уақыт берілсе, Стамбул университетінде сұрақ тест түрінде болса 20-30 минут, ал билет түрінде келсе (1 билетте 3 немесе 4 сұрақ болуы мүмкін) 40-50 минут беріледі. Бірақ студентке берілетін уақытты оқытушының өзі белгілейді. Ал білім сапасына келетін болсақ, өзіміздің университетіміздің білімі олардан еш кем емес. Тек Стамбул университетінің бір керемет жері, ол – 24 сағат бойы жұмыс істейтін, күзет жүйесі бар кітапхана. Оның ішінде керек материалыңызды тегін сканер жасай аласыз.

– Студенттер үшін қандай жеңілдіктер жасалған?

– Студенттердің жағдайы өте жоғары деңгейде ойластырылған. Мәселен, автобуста ересектер жол ақысына 2 немесе 3 лира төлесе (көлік түріне байланысты), студенттер 1 лира төлейді, музей билеттерін де арзан бағаға ала аламыз.

– Жатақхана туралы айтып өтсең?

– Мен Сайлан атындағы қыздарға арналған жатақханада өмір сүрдім. Оның ішінде студенттерге барлық жағдай жасалған: түскі ас пен кешкі ас тегін беріледі, интернет тегін, компьютер бөлмесі бар, кір жуатын және кептіретін жер де тегін, қауіпсіздік үшін ғимарат 24 сағат бойы күзетіледі және әр қабатта бейне-бақылау камералары орнатылған.

– Гүлнұр, сені тек Түркияда ғана емес, өз қаражатыңа Ұлыбритания-ның Оксфорд университетінде де оқып келді деп естігенмін. Енді әңгіме арнасын соған бұрсақ...

– Елдің бәрі жазғы демалысқа шығып, ауылында демалып жатса, мен оқып жүремін (күлді). 2013 жылдың жазында шетелге оқуға баруға мүмкіндік туып, Оксфордта оқып қайттым. Бұл сапар маған естен кетпес естеліктер мен керемет тәжірибе берді. Шетелден келген студенттерді өз еркімен қабылдайтын Карен және Майкл деген адамдардың отбасында тұрдым. Олар осы кезге дейін әр түрлі мемлекеттен келген 54 адамды қабылдапты. Алайда Қазақстаннан келген алғашқы қонақ мен болдым. Германия, Жапония, Мексика және Қазақстаннан келген 4 студент қыз бір-бірімізге туған бауырдай қарайласып, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүрдік.

– Ағылшын халқы жайлы айтып өтсең?

– Ағылшындар – өте бауырмал, мейірімді халық. Көшеде адасып кетсек немесе көмекке шақырсақ, барлығы қолынан келгенше көмектесуге тырысады.
Көше мәдениеті керемет қалыптасқан: ешкім далаға қоқыс тастамайды, барлық жерді мұнтаздай қылып ұстауға халықтың өзі, әсіресе, жастар қауымы дағдыланған. Жол жүру ережелерін бұзбауға тырысады. Сондықтан олардан үйренетініміз көп.

– Лондонда жүргенде қандастарымызды кезіктірдің бе?

– Әрине, кездестіруге болады. Олардың көпшілігі – Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық «Болашақ» стипендиясы бойынша білім алып жүрген жастар.

– Туған елді сағындың ба?

– (Күлді). Шетелде оқып, білім алған жақсы. Дегенмен, өз Қазақстанымызға жететін жер жоқ! Сөздің шыны керек, елге келгенше асықтым, анамды қалай сағынсам, Отанымды да соншалықты сағындым. Туған жерді аңсағанда, қазақша өлең айтамыз, жанымызда жүрген достарымызға салт-дәстүріміз бен күн санап өсіп, өркендеп келе жатқан мемлекетімізді айтып, ғаламтордан суретін көрсетіп, бір мақтанып алатынбыз.

– Әңгімеңе көп рақмет. Саған шын жүректен табыс пен сәттілік тілейміз.

Аягөз АЙТҚАЛИЕВА,
Алматы қаласы

Қаралым саны 1219

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463