Жазушының бай кітапханасында орыс, батыс әдебиеті классиктерінің, шығыс шайырлары мен қазақ ақын-жазушыларының шығармалары бар. Кітаптар арасында татар тілінде төте жазумен жазылған көне кітап кездесті. Сырттай қарағанда кітап болғанымен, бұл – «Шура» журналының 1908 жылғы тігіндісі екен. Мұнда журналдың 15 саны жинақталған.
«Шура» (араб тілінен аударғанда «Кеңес») - 1908-1918 жылдары аралығында Орынбор қаласында айына екі рет «Уақыт» газетіне қосымша ретінде шығып тұрған татар тіліндегі қоғамдық-әдеби журнал. Жалпы саны 240 нөмірі жарық көрген журналдың бас редакторы – сол заманда мұсылман әлеміне белгілі оқымысты Ризаэтдин Фахретдинов (бүркеніш аты -Дәрдмонд) болатын. Р.Фахретдинов журнал шығармас бұрын-ақ тарихи, әдеби, діни, ғылыми-педагогикалық бағыттағы еңбектер жазған. Оның кейбір кітабы мектеп-медреселерде оқулық ретінде қолданылған. 1883-1918 жылдары Бахчисарайда И.Гаспринскидің басшылығымен шығып тұрған «Тарджиман» (Аудармашы) газетіне де мақала жазып отырған. 1906 жылы Р.Фахретдинов журналды шығаруға қаржылай қолдау көрсеткен ағайынды Шакир, Закир Рамиевтің, «Уақыт» газетінің редакторы Ф.Каримовтың шақыртуымен Орынборға келеді. Сөйтіп, әдеби, ғылыми-саяси бағыттағы «Шура» журналы айына 2 рет 1, 15 күндері жарық көріп отырған.
Журнал мақалалары әдебиет, тарих, тіл білімі, философия, әлеуметтік мәселелер, баспа ісі, өнер, экономика және мұсылман әлемі, түркі халқының тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетіне қатысты болды. Әрине, журнал татар тілінде жарық көргендіктен, татар халқының тарихы, өмірі, мәдениеті бірінші орында тұрды. Журналда Алтын орда, Қазан хандығы, Еділ Бұлғарларын басқарған хандар мен дін өкілдері, тарихшылар, ғалымдар туралы мақалалар жарық көрді. Мысалы: Тоқтамыс хан, Өзбек хан, Мамай, Жәңгір хан және сол кездегі Орынбордағы «Хусаиния»медресесі туралы т.б.
«Шураға» бас редактор Р.Фахретдиновтың өзімен бірге оқушы, студент, молда, мүфти, саудагер, оқытушы, тіпті балалардың мақала, хаттары, өлеңдері басылып отырған.
Журнал негізінен осман түріктерінің сөз қоспасымен қазан татарларының әдеби тілінде шықты, бірақ башқұрт, қазақ т.б. тілде де мақалалар жарияланды. Журнал бетінде қазақ тақырыбы тұрақты орын алып, дала жұртының тыныс-тіршілігі, өзекті мәселелері туралы мақалалар жиі жарияланды. Сондай-ақ А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Жанұзақ Жәнібеков сияқты қазақ авторларының мақала, өлеңдері жарық көрді. Жайық өңірінен шыққан қазақ қаламгерлері Ш.Бөкеев аударған Лермонтовтың «Қашқын» поэмасы басылды. Сонымен бірге мұнда Ғ.Қараш пен Ғ.Мұсағалиев көп жазған. Журналдың бас редакторы Кіші жүз тарихына қатысты «Жиһангер хан», «Бөкей ордасы хақында» т.б мақалалар жазған.
«Шура» - ХХ ғасыр басындағы түркі тектес халықтардың мәдени өмірінде үлкен орын алып, ағарту ісін дамытуға зор үлес қосқан. Міне, Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі қорында осындай құнды жәдігер өз зерттеушісін күтіп жатыр.
Іңкәр ОРАЗОВА,
экспозиция және көрме жабдықтау
бөлімінің кіші ғылыми қызметкері