Ахмет Мәметов және большевизмге қарсы күрескен газет

Қылышбай СҮНДЕТҰЛЫ,
тарих ғылымдарының кандидаты,
Атырау қаласы

Бүгінгі тәуелсіздігіміздің бастауы өткен ғасырлардан басталады. 1918-1919 жылдар аралығында қазақ халқының тұңғыш Ұлттық үкіметі аталған Алашорда өмір сүрді.

1918 жылдың 18-21 мамыры ара-лығында Жымпиты қаласында Орал өңірі қазақтарының кезекті IV съезінде Қазақстанның бүкіл батысына ықпал етерлік ұлттық-территорялық құрылым – «Ойыл уәләятының Уақытша үкіметін» (Батыс Алашорда) жарияланды. Осы шешімді мақұлдаған кеңес үкіметіне қарсы күштердің қолдауына ие болған олар тездетіп әскер құрып, оны қару-ландыруды қолға алады, Ұлттық банкі ашады, баспахана ұйымдастырады, газетін шығаруға шешім қабылданады. Алайда ешқандай полиграфиялық қоры, сауатты қаламгерсіз басылымды шығаруға асыл азамат Ахмет Мәметов өзі араласады.
Батыс Алашорда қайраткері, Алаш қозғалысына қатысушы, ағартушы, ақын, журналист, дәрігер Мәметов Ахметғали (Ахмет) Орал губерниесі, Бөкей уезі, Орда ауданындағы Қойтоғыт қонысында дүниге келген. Тегі – Байұлына жататын шеркеш руы-ның сүйініш бөлімінен.
Ағайындары оны Ақас деп атаған. Жастайынан батырақ болған әкесіне көмектесіп мал баққан, өз бетінше, кейін ауыл мектебінен сауатын ашады. Бала жасынан зерек болған Ақас 14 жасында жеңге, құрбыларына арнап өлеңдер жаза бастайды. 15 жасында Нарыннан Уфа қаласына бара жатқан адамдармен ілесіп барып, сол қалада біреуге жалданып қалып қояды.
Орал облыстық мемлекеттік мұрағатында сақталған А.Мәметовтың өз қолымен толтырған 2 жеке ісі бар. Жеке іс Жымпиты уездік РКП(б) ұйы-мының атына толтырылған. Онда: өзі-нің 1894 туғандығы, 2 сыныпты білімі, 1920 жылы Забиров пен Алжановтың қолдауымен Жымпитыда партияға өт-кендігі, Орал көркемсурет одағы кәсіп-одағының мүшесі екендігі жазылған. 17 баптағы: «Революциялық қызметі туралы қысқаша мәлімет» атты сұрақ-қа: «1920 жылдың ақпанынан Орал губкомының үні «Ерік» газетінің редак-торы және 15 қыркүйектен РКСМ ұйым жетекшісімін» деп көрсеткен [Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мұ-рағаты. Маметов Ахмед Маметович.10 парақ. 1921 жылы аяқталды. 1- қ., 2-т., 2752 -іс, 1-п. ].
Білім алу жолындағы оның қадамы туралы мынадай деректер 2-ші істе бар. А.Мәметов 1932 жылы аспирантураға баруға толтырған жеке ісінде өз өмір-баяны туралы былай деп жазады: «Маметов Ахмед Маметович 1895 жылдың желтоқсанында тудым. 1916 жылға дейін Уфадағы «Ғалия» медре-сесінде және Астрахандағы жеміс-жү-зім мектебінде оқыдым. 1916 жылы Ақтөбе уезіне қарасты «Сәуле» мекте-бінде мұғалім, 1917 жылы Орынбор қа-ласындағы «Қазақ» газетінде экспеди-тор және конторщик, 1922 жылы түрлі кеңестік қоғамдық ұйымдарда, 1919 жылдың аяқ шенінде Орал РКП(б) губ-комитетінің «ЕРК» (Свобода) газетінің Жымпитыдағы және аудандық уезком-ның органына редактор болдым» [БҚОММ. Маметов Ахмед 37-қ., 1- т., 282 -іс, 109 п.]. Осы екі мұрағат дерек-терінде әр жылдары толтырғандықтан өзінің туған жылын екі рет түрліше көр-сеткен.
Кейбір мұрағаттық деректерде 1910 жылы, ал кейбіреуінде 1913 жылы деп көрсеткен «Ғалия» медресесінде А.Мәметовтың оқығаны белгілі. «Қазақ» газетінің 1915 жылғы 2 ақпан №101 санында «Тәңірі жарылқасын!» атты мақала жарияланған: «Өткен жаз елге қайтпай Сібір жағында мұғалім бо-лып, осы қыс тағы да Уфадағы медресе «Ғалияға» келіп оқып жатқанымда, 12 қаңтарда атамның атамның опат хаба-ры келіп, үйге қайтып едім. Елге қайту-ға қаражатым кем болып тұрғанда се-ріктерім - қазақ шәкірттері өз аралары-нан жолдық ақша жинап берді. Енді медресеге қайта барудан үміт үзіп тұр-ғанымда «Қазақ» басқармасынан 25 сом барғанын көріп, баруға жігер етке-німде, Лұқпан Көжеков, Әжікей Жакенов секілді құрбылар Уфаға жетерлік жол-дық расход жинап беріп, тағы қайта ба-ра жатырмын. Бұлардың әр қайсысына тәңірі жарылқасын айтамын! Ахмет Мәметов» [«Қазақ» газеті (Бас редак-тор Ә.Нысанбаев). – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998. – 131б. (560).
Осы медреседе оқып жүргеннен-ақ Ахметтің өлеңдері жарыққа шыға бас-тайды. 1912 жылы Қазан қаласындағы Кәрімовтер баспаханасынанн «Аберт» (орысша «Назидание») жинағы жарық көреді. Қазақ халқының тәуелсіздігін армандаған балғын жастың «Тілегім» атты өлеңі сол жинақта басылып шық-ты. 1913 жылы осы баспадан «Кеңес» деген орыс ақын-жазушыларының жи-нақтарының шығармаларын қазақшаға аударып, жинақ етіп шығарылады. Ал-ғы бетінде: «Автор Ахмет-Али Маметов. Букеевец. 47 страниц. Казань» делін-ген. Ахмет Мәметов медреседегі оқу жылдарында шәкірттерімен бірге төте оқулық «Әліппе» оқу құралын, Ғұмар Қараштың «Бала тұлпар» өлеңдер жи-нағын шығарысады. «Айқап» журналы-ның 1914 жылғы № 22 санының 300-301 беттерінде «Бір қазақ қызының әкесіне зары», 1915 жылғы №1 саны-ның 12-14 беттерінде «Тарих ислам-нан» атты өлеңінде кедейге көмекте-суші халифа туралы аңызды мысалға келтіріп, елге пайда тигізуге шақырған.
«Ал енді бүгінгіні ойлап тұрсақ,
Бір жерге таласамыз кеңес құрсақ.
Халифа, патша түгіл, ауылнайлар,
Ақырып қорқытады мойын бұрсақ», - деген жолдарды оқимыз [Субханбердина Ү. Қазақ халқының атамұралары: Маз-мұндалған библиографиялық көрсет-кіш. Алматы: Қазақстан Республикасы, Орталық ғылыми кітапхана, 1999. 242 б. (843)].
«Қазақстан» газетінің 1912 жылғы 24 сәуірдегі №11 санында «Жаз» атты өлеңінде табиғаттың әсем жаз бейнесі, сол жылғы 21 ақпан №7 санында «Ұмтыл» өлеңінде жастарды оқуға, өнер-білімге шақырды. «Алаш» газеті-нің 1917 жылғы 25 мамырдағы №22 санында «Балаларға», «Қазақ» газеті-нің 1915 жылы 5 наурызда №109 са-нында «Көңіліме», 27 қаңтардағы №99 санында «Тілегім», 1916 жылғы №186 санындағы «Су жағасында» атты өлең-інде табиғатты суреттейді, 1917 жылғы №222 санында «Алашқа сәлем», №232 санында «Г…жұбату» өлеңдері жарық көрді.
Сөйтіп, 1912-1917 жылдары Ахмет Мамытұлы азамат болып қалыптасып, өз еңбегін, оқуын, халқына қызмет ету-ге арнады. «...Ақыры қаржы қиынды-ғына байланысты Орынбордағы «Хусаиние» медресесіне ауысып, осы оқу орнын тәмамдады. Бұл жылдары Шәңгерейдің мәдени ықпалы аясында болды, ақынға еріп Тайпақ, Жымпиты өңірін аралады, Алаш қозғалысына үн қосты. 1916 жылы дүрбелеңі тұсында босқыншылыққа ұшыраған қырғыз еліне көмек беру жөнінде Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Ж.Жәнібековтермен бірге 1917 жылы маусымда «Қазақ» газетінде қазақ елі-не үндеу тастады. I-Бүкілрессей Мұсыл-мандар сиезіне қатысқан бір топ зия-лының Жалпықазақ сиезін Ташкент қа-ласында өткізу, Алаш автономиясына Түркістан өңірін қосу туралы ойын қо-стады», - деп жазады ғалым Тәж-Мұрат Мақсат [Тәж-Мұрат Мақсат. Батыс Алаш Орда (биобиблиографиялық сөздік тә-жірибесі). – Ақтөбе: «А-Полиграфия» ЖШС, 2003. –129 б. (232)].
А.Мәметов 1917-1918 жылдары С.Қожанов редактор, М.Шоқай шыға-рушы болған «Бірлік туы» газеті бас-қармасында жұмыс істейді. Кейін өзі-нің туған жері Бөкей уезіне қайтып ке-леді. Міне, осы тұста 1919 жылы Алаш партиясының ісіне біршама араласып, қазіргі Ақтөбенің Ойыл ауданына қа-расты Ойылда «Еркін қазақ» атты га-зетті шығарады. 1920 жылы Жымпиты-дағы шығатын «Ерік» газетінде редак-тор болып жұмыс істейді. Міне, жоға-рыдағы мұрағат қорында сақталған жеке істе бұл қызметтері анық та, ай-қын көрсетілді.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, 1918 жылдың 18-21 мамыры аралығында Жымпиты қаласында Орал өңірі қазақ-тарының кезекті IV съезінде Қазақстан-ның бүкіл батысына ықпал етерлік ұлт-тық-территорялық құрылым – «Ойыл уәләятының Уақытша үкіметін» (Батыс Алашорда) құрылып, баспахана ұйым-дастырады, «Еркін қазақ» газетін шыға-рады. Бірақ төрттен бір нұсқасы жоқ, тек әдемі қиял бесігінде «құндақтау-лы» сәби үкіметтің газет шығаруға де-ген мұршасы болмады. Сондықтан бұл іске нар жүгін көтерер асыл азамат Ахмет Мәметов беле шеше кірісті. Тарих сахнасына шыққан Қазақстанның батыс өлкесіндегі осы мерзімді баспа-сөз туралы мәлімет алғаш рет қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, ақын, қо-ғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің шығармасынан орын тапты. Револю-ционер ақынның «Тар жол, тайғақ ке-шу» романында өз көзімен көріп, өзі бел ортасында жүрген оқиғаларды су-реттей отырып былай дейді: «Күнбатыс Алашорда» (Батыс бөлімі) сүйтіп, өзін-ше істей берді. Айтқандайын, Ойыл қа-ласында газет шығарды. Газетінің аты жаңылмасам, «Жаңа қазақ» («Еркін қа-зақ») болса керек. Шығарушысы – Ахмет Мәметұлы деген дәрігер» [Сейфуллин С. Тар жол, тайғақ кешу. Тарихи-мемуралық роман. Алматы: «Жазушы». – Алматы, 1977. – 129 б. (392)].
1919 жылығы 10 қаңтарда Қаратөбе-де өткен облыстық земство жиналысы-ның қаулысына сай газет шығаруды қолға алады. Кейін 1919 жылдың 26 қыр-күйегінен Ойылда Батыс Алашорда кө-семдерінің табанды қаракетінің арқа-сында тұңғыш тәуелсіз қазақ газеті жа-рық көрді. Газет «Еркін қазақ» деп атал-ды. 1997 жылы белгілі зертеуші-ғалым Б.Байғалиев газеттің 1 нөмірін ҚРОМА қорынан тауып алып, жариялайды. Бі-рінші нөмірінде астына «Бөкейлік баласы» деп қол қойған А.Мәметовтың жүрек кернеген қуанышы бар. Төменде Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік мұрағатында сақталған газеттен көшірме беріліп отыр (ескер-ту: арабшадан аударған республикалық орталық кітапхананың жауапты қыз-меткері Толқын Замзаева):

 ЕРКІН ҚАЗАҚ

Адресъ: г. Уилъ
редакция газеты
«Еркн-Казак».

1919-ншы жыл
26-ншы мизан.
Жұма
Бірінші нөмір

Жазылу бағасы

Үш айға 20 сом. Екі айға 15 сом.
Бір айға 10 сом. Бір нөмір 2 сом

* * *
Еркелеп «Еркін қазақ» алашына.
Жайылған Сары арқаның даласына.
Жер-жерге сәлем беріп таралуға тұр –
Жалықпай, жалпы қазақ арасына.
Тарамай ел ішіне жеті сайын.
Қолға алып заманның түрлі жайын.
Алаштың ар-намысын тұтқан жолы –
Алалап айырмастан жарлы, байын.
Ағарту, алғасу біреу алаш аян
Көрсетіп келіспеген кейбір жерін.
Көз, құлақ алашыма боламын деп.
Белсеніп шықты бикен буып Баян.
Орынды жалтақтамай айтар сөзін.
Көтермес еш адамның көріп көзін.
Жағыну, жалбақтауға үйір болмай
Танытар ашық сөзбен халыққа өзін.
Бөкейлік баласы.

* * *
26-ншы мизан. Ойыл

1917-нші жыл, 27-нші хұт өзгерісі болғаннан бері қарай қазақ тілінде бір газета шығармақ Орал зиялы азамат-тары ауызында болған. Өткен 18-нші жылда бір қатар халық жұмыстарын басқарып земстволарды құрып болған-нан кейін областной земствоға арнап Текеден 20 мыңға бір баспахана алын-ды. Бұл баспахананы алып Жемпиті қа-ласына әкеліп құрды. Бір қатар керек-жарақтары да төгелденді. Іс басталды. Осылай айтып енді газета да шығара-мыз тұрған кезде Текені большевиктер келіп алып, Жемпитіға да қорқыныш кі-ре бастады. Қыс ішінде земство һәм басқа мекемелер кеңселерін ......трек болған Қызылқоға жағына қарап кө-шірді. Осы көшудің артынан жазға са-лым баспахананы да Ойылға көшірді. Баспахананы көшірген уақытта жолда бір қатар нәрселері жоғалып Ойылға келген соңыда бір ай шамасында әзер құрылып болды. Жұмыскерлерінің бар-лығы бірдей Ойылға келмей, қайтадан Текеге кетіп қалды. Бұрын баспаханада тұрып, қызмет еткен жұмыстарының жөн-жосықтарын білетұғын үш-ақ адам бірге Ойылға келді. Міне, осы уақытқа дейін сол үш адаммен баспахана түрлі мекемелердің заказдарын атқарып келді. Бұл баспахананың үлкен жұмы-сының біреуі қазақ тілінде бір газета басып таратпақ еді. Бұл газета шығару туралы былтыр баспахананы алғаннан бері қарай сөз болып келді. Жемпитіда баспахана құрылып енді іс басталады деп тұрған кезде жоғары айтылған кө-шу оқиғасы болып қалды. Ойылға кел-ген соң шығара бастауға мұсылманша наборщик болмады. Наборщик секілді бұрын баспаханада қызмет еткен адам-дарды тауып алатын жерлер мен осы күнгі болып жатқан оқиғалар себепті қатынасу мүмкін болмады. Соныменен газета шығару жұмысы бұл уақытқа де-йін тоқталып келді. Қазірде де набор-щик табылған жоқ, сонда да набор-щиктікке үйреніп жатқан қазақ бала-ларыменен шығармақ болып тұрмыз. Жоғарыда жазылған көшу оқиғалары болмағанда, бұрын баспаханада қыз-мет етіп жұмыстарының ретін білетін асылған адамдар табылып тұрғанда бұл газета былтыр күзден басталып шықпақ еді. Бұл газета туралы өткен 10-ншы қаңтарда болған земский соб-ранияда сөз болып тұрған. Зорлығы қандай болу керек. Айына неше рет шығару керек боларының барлығында белгіленген еді. Бұл уақытқа дейін шыға алмай тұрғанына не нәрсе есебеп болғандығы жоғарыда жазылды. Енді осы бірінші нөмірін үйреніп жатқан бала наборщиктерменен шығарып қараймыз. Бұл балалардың қолдары-нан үлгіре алатын шамалары болса жиды жұлдызынан бастап жұма сайын қалдырмай айына төрт рет шығарып тұрмақпыз. Оның бір жағында Теке, Орынбор секілді үлкен қалаларға жол ашылып қатынасу мүмкін бола қалса ол уақытта тағы да керекті баспахана жұмыскерлерін тауып алуға областной управа тырыса-шақ. Бұл шығарған нө-мір бірінші тәжірибе һәм алдағы істер-дің басы болашақ. Заман тынышталып, тағы да олай, бұлай істерден халық аман, ел тыныш, жер босаңшылық бо-лып тұрса бұл газетада түрлі осы күнгі Россияда болып жатқан оқиғалардың хабарлары земство істері һәм земство-ның не нәрсе екендігі, Алаш орда һәм оның бастан аяқ тарихтары жазылып тұрмақ. Бұл уақытта газета шығару жұ-мысы өте қиын жұмыстардың бірі. Се-бебі: бұрынғыдай сарлап жүріп тұрған пошта жоқ, бір сағатта дүниенің ұшы-тындегі хабарларды пошта да жеткізе-тін телеграмма жоқ. Пошта сайын түрлі жерлерден құшақ, құшақ келіп тұрған газеталар және жоқ. Өзіңмен іргелес елдердің ішінде болып жатқан оқиға-ларды айдың бас аяғында дерлік азар, азар талып естіледі шет елдер, алыс жерлер хабарлары болса жылдың басы аяғында ғана алу серіп зорға естіледі. Онда да тең жартысы я көбірек өтірік болып шығады. Бұл хабарларда газета-да жазылған, я телеграмдағы емес. Кө-бі ауыздан уызға көшіріліп жүрген алып қашты хабарлар. Бұл газетада мұндай алып қашты хабарларға көп орын берілмей халден келгенше хабар-лардың тазалары ғана жазылып тұруға тырысыла-шақ. Қысқасы алаш елін пайдалы деген іске қарап басуға, пай-дасыз істен қашуға демдеп қолдан кел-генше ел үшін көз, құлақ болып тұрмақ. Міне бұл секілді істермен алаш бала-сымын деген зиялы азаматтардың бар-лығына тегі міндет. Соның үшін газета шыға бастаған соң әр азамат қолдары-нан келгенше қалам жәрдемдерін бе-ріп тұрулары керек. Сонда ғана газета бола-шақ, сонда ғана басталған іс тас-талмай іс болып шыға-шақ. Бегіренде қазіргі заманда.
Областной управа бастығы
Халел ДОСМҰХАМЕДҰЛЫ»
.
Осылайша беташар мақаласын жаз-ған облыстық земство басқармасының бастығы Халел Досмұхамедұлының га-зеттің алғашқы нөмірін шығарудың жа-йын толық ашып көрсетіп береді.
1919 жылы күзінде «Ойыл уәлаяты» үкіметі шабуылын үдеткен Қызыл Армия-мен астыртын байланыс жасайды да, қаруын тастап беріледі. Сөйтіп Кирвоен-комның 1920 жылғы 5 наурыздағы қау-лысымен Күнбатыс Алашордасын тара-тады, осыған орай бұл газет жабылады. «Жаңа арқа» газетінің 1929 жылғы 17 санындағы «газет- журналдарымыз» деген мақалаға сүйене отырып, «Еркін қазақ» газеті, 1919 жылы 26 қыркүйек-тен бастап Ойылда шыққан, біраз саны шығып тоқтаған. Ұлтшыл-алашорда-шыл газеті» деп баға берілді». «Еркін қазақ» газетін алашордашыл-контре-волюшыл делініп тоталитарлық тәртіп-тің уағызшысына айналған «коммунис-тік идеология» қанша рет жерлесе де, большевизмге қарсы тұрған Батыс Қазақстандағы, оның ішінде Ақтөбе жеріндегі тұңғыш басылым екенін мақтаныш тұрғысынан айтуға болады.
А.Мәметов 1920 жылдың аяғы мен 1921 жылдың көктемінде облыстық «Қызыл ту» газетіне редакторлыққа ауысады. Осы газетте еңбек етіп жүр-гендегі мынадай әсем көрініс жүректе сақталған: «Оралда шыққан «Қызыл ту» газетінің редакторы болып жүрген-де осы газетті құру үстінде бетке алты жол жетпей қалған білем. Бет құраушы соны айтса: «Ой, осы да сөз бе екен? Кәне, мен айтайын сіз теріңіз. Әмина-шым-айнашым, сағындым, қалқам, қайдасың?» деп өлеңдете жөнеліпті» [Мәметова А., Әліпқали Т. Мәңгілікке маздаған қыршын ғұмыр. – Орал, 2002. – 92 б. (132)]. Бұл да болса Ахмет Мәметовтың жан жары Әминаға арна-ған жүрек сезімі, адал махаббатының айқын айғағы.
1921 жылы 25 наурыз күні Орынбор қаласындағы Киробкомның үгіт-наси-хат бөлімінің хатшысы Зеленовский А.Мәметовті партиялық жұмысқа тарту туралы Оралға шұғыл телеграмма бер-ген. Сөйтіп, 1922 жылдың аяғына дейін Бөкей губерниясы атқару комитеті алқа мәжілісінің мүшесі және үгіт-насихат бөліміне меңгерушісі болып сайлана-ды. Алайда 1921 жылы қыркүйектегі компартия қатарын солшыл партиялар мен алашордашылардан тазарту нау-қанына ілігіп «М.Шомбалов тобына қа-тысушы» деген айыппен партия қата-рынан шығарылады. Дегенмен де Бөкей губаткомының құрамында «Қосшы» ұйымының жетекші жұмы-сына араласа береді.
А.Мәметов батыс өлкесіндегі шар-уалар көтерілісін ұйымдастырған И.Тайманов пен М.Өтемісов туралы да еңбек жазған. Ол 1927 жылы «Жаңа мек-теп» журналында «Исатай-Махамбет» деген көлемді мақала жариялайды. А.Мәметов кейін дәрігерлік маман-дықты игеріп, республикамыздың ден-саулық саласында жауапты жұмыстар атқарады. Қай жұмыста болмасын уа-қытпен есептеспей адалдық танытады.
Уақыт зымырап өте түсті. Тағдыр-дың жазмышымен 1938 жылы 11 қара-ша күні А.Мәметов атылып кетеді. Ке-йін 1958 жылы 27 ақпанда СССР Жоғар-ғы сотының әскери алқасы ақтау шеші-мін шығарды. Алашым деп алаш бала-сының бақытты өмір сүруін арыстай азамат армандап, соған бүкіл ғұмырын осылайша сарп етті.
Әкесінің атына кір келтірмеген қы-зы Мәншүк Мәметова фашистерге қар-сы ерлікпен қаза тауып, Кеңес Одағы-ның Батыры атағына ие болады.

Қаралым саны 2251

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463