«Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» сүмбіл шаш, ұзын әрі жуан, мойылдай қара шаш деп түсінік береді.
«Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» осы мағына сәл ғана өзге-ріске ұшырап, неге екені белгісіз, жуан шашы түсіп қалған. Бі-рақ, мағынасы сол қалпы. Мұның алдында екеуінде де сүмбі деген сөзге түсінік берілген: сүмбі тәрізді жіп-жіңішке, түп-түзу. Соңғы сөздікте «Батырлар жырынан» «сұлулығың сүмбідей» деген мысал келтіріліпті. «Алпамыс батыр» жырынан «Астындағы шұбар ат сүмбідей боп жарады» деген жол жүр.
Сүмбі деген не екен десек, «мылтықтың ұңғысын тазалай-тын әрі майлайтын ұзын, жіңішке, жұмыр темір немесе тобыл-ғы таяқша». Оқырманды жаңылыс ізге түсірмес үшін сүмбі туралы сөзді осымен тоқтатамыз. Аз-кем аял қылып жатсақ, сұлу деген сөзге балама болғанын айту ғана, басқаша бұл әңгімемізге еш қатысы жоқ.
Сүмбілге қайтып оралалық. Н.Оңдасынов құрастырған «Арабша-қазақша түсіндірме сөздігі» оны бөтен тілдің қанжы-ғасына оңай олжадай өңгеріп беріп, ауыспалы мағынасы сұлу, әдемі дегенді білдіреді дейді. Мұнымен келісу қиын. Бірақ, сұлу деген мағына үстеп тұрғанына назар аудармауға болмайды.
«Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігіне» жүгінсек, сүмбіл – фразеологизм, «қара» дегенді білдіреді. Бұл компонентте өз ара дағдылы, тіркес тиянақтылығы анық көрініп тұр, айырмасы: мағына жағынан сәйкес «қараны» өңге қыруар сөздердің көге-ніне байлай беруге болса да, сүмбіл кез келген сөзге жанаса бермейді.
Мұнымен де келісу қиын. Өйткені Сәкен Сейфуллин «Ақ балтыр сұлу қайың, сүмбіл шырша» деп жырласа, Қасым Аманжоловта «Тік иық, сүмбіл білек, кербез кеуде» деген жолдар бар.
Сүмбіл тал, терек Шерхан Мұртазаның шығармаларында жиі ұшырасады. Сөз хақында айта кетейік, талға ғана қатысты қолданылатын сәмбі деген де бар.
Сәкеннің «Тау ішіндегі»: «Сүмбіл шаш, тәтті сөзің, қара көзің, білгейсің келгенімді жалғыз өзім» дегендегі «сүмбіл шаш» шаштың түсіне, түріне қарап қолданылып тұрған жоқ, Абайдың «Айттым сәлем, қалам қасындағы» сияқты қыздың өзіне қаратылып айтылған. Абайға дейін қызда Қаламқас дейтін есім болмаған, еркелетіп айтылған осы түрі кейін атқа айналды. Сәкендегі сүмбіл шаш та солай.
Сондықтан сырттай жәй тіркес болып көрінген сүмбіл шаш дегенді «ұзын қара шаш» екен деп, екеуін теңдей түсер құбылыс екен деуге болмайды. «Қара шаш» сүмбілге, немесе керісінше сүмбіл мойылдай қара шашқа толық балама болып тұрған жоқ.
Бұл жерде сүмбілдің тек «сұлу, әдемі, көркем, керемет» мағынасында қолданылып тұрғанын ғана байқауға болады.
«Орхон» Баспа үйінен жарық көрген «Салт-дәстүр сөйлей-ді» отбасы хрестоматиясының 64-бетінде «Хауа ананың көз жасынан қалампыр, оспа, қына, сүмбіл сияқты мыңдаған әтірлік шөптер мен хош иісті гүлдер өсіпті» деген сөйлем бар. Сөйтсек, Сүмбіл (Hyacinthus) — лалагүлдер тұқымдасына жататын әдемі өсімдіктерінің бір туысы екен. Ол жайында ғаламтордағы Уикипедия — ашық энциклопедиясынан нақты мәлімет кездестірдік:
Сүмбіл (Hyacinthus) — лалагүлдер тұқымдасына жататын әдемі өсімдіктерінің бір туысы. Мұның жабайы түрлері Үндістанда, Сирияда, Кіші Азияда, Месопотамияда өседі. Сүмбілдің хош иісті гүлінен кейде эфир майы алынады. Сүмбіл желтоқсан-қаңтар айларында гүлдейді. Қазақстанда Жетісу (Жоңғар) және Іле Алатауларындағы, Батыс Тянь-Шаньдағы тасты жерлерде, өзен, бұлақтар жағалауларында, сарқырама астында өседі.
Шолпаншаш сүмбілді әсемдік өсімдік ретінде гүлзарларда өсіреді және дәрілік қасиеті бар, сондықтан медицинада тыныс жолдарын емдеуге пайдаланылады. Сүмбіл Ақсу – Жабағылы қорығында қорғауға алынған. Сирек кездесетін өсімдік ретінде Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген.
Міне осы дерек, әсіресе, мұндағы «Жапырақ сағағы жіңішке, қара қоңыр, жылтырап тұрады» деген сөйлем немесе «Шолпаншаш сүмбіл» деген тіркес аса бай қазақ тіліндегі «Сүмбіл шаш» ұғымының мағынасын ашып тұрса керек.