Айтілес Жігерленде жерленген

Кіші жүз Байұлы ішіндегі Сұлтансиық Алаша руының Қарабура тайпа-сында Айтілес деп аталатын бөлім бар. Жақында Серік Малабаев ақсақал-дан осы Айтілес «Жігерленде, Дәуқара батырдың қасында жерленген» дегенді естідік.

1927 жылы дүниеге келген Серік ақсақал бүгінде Орал қаласында тұ-рады. Белгілі қазақ жазушысы, драма-тург Рахметжан Малабаевтың асырап алған баласы. Көргенін ұмытпайтын, жады мықты, түйгені көп ақсақал ХХ ғасырдың басындағы аласапыран за-манның тірі куәсі. Ақсақалдың мына бір әңгімесін жақында жазып алдық:
«Біз қазіргі Батыс Қазақстан об-лысы, Қаратөбе ауданы, Саралжын ауылдық округі аумағында тұрғанбыз. Әкем Мұхамбетжан – темірге жан бі-тірген зергер, көрікші болыпты. Шежі-реден тарқатсақ, былай болады: Алаша Қарабура Айтілестен Тауболат, Тауболаттан – Малабай туады. Малабайдан Сәрсенбай, Құдайберген атты екі ұл туған. Сәрсенбайдан үш ұл тарайды: Ахметжан, Мұхамбетжан, Рахметжан. Мұхамбетжан – менің әкем. Байлар қыздарын ұзатарда әкемді шақыртып алып, бірнеше ай бойы жасауын – сақина-жүзік, алқа-білезік, ер-тоқым т.б. бұйымдарын жасатады екен. Осы еңбегіне айдап мал алса да әкем бай болмаған. 1930 жылдары ашаршылықта босқан елмен бірге Орынбор жағына кеттік. Сәби болсам да есімде, анамыздың асыл бұйымдарын сатып, тамаққа айыр-бастап, көпке дейін аштықты сезіне қойған жоқпыз. Осы ашаршылық жыл-дары жайлы естелігім «Орал өңірі» газетінің 2014 жылғы 24 шілде күнгі №82 санында «Аштықтан анам алып қалды» деген сұқбатта жарық көрді. Кейін әкем қайтып, Тұзтөбенің жанын-да «Петленка» деген жерде қалды. Біз елге оралдық. Мені әкемнің інісі Рахметжан Малабаев өз бауырына салып, асырап алды. Жазушы, драма-тург атағы ерте шыққан, 1910 жылы Орынбор мұғалімдер мектебін бітір-ген сауатты адам ғой. Қателеспесем, 1933 жыл болса керек. Сол кездегі астана – Қызылорда қаласындамыз. Әкем Рахметжан Малабаев сол жерде-гі Совпартшколда оқытушы еді. Елде қалған анам Нағима: «Баламды са-ғындым, алып келіп бір көрсетіп кет-сін» деп қайта-қайта сәлем айтыпты. Содан бір күні елден келген Сапан Байниязов деген кісіге мені ілестіріп жіберді.
Ол кезде Тұзтөбе мен Оралдың арасында қазіргідей теміржол жоқ. Отарбамен Тұзтөбеге дейін келдік. Содан кейін Қаратөбеге дейін жаяу-лап бардық. 6-7 жасар баламын. Есімде қалғаны, бір күні Жігерленге жеттік. Қасымдағы Сапан ағай – жасы сол кездері 60-тарда секілді, бізбен рулас, аталас еді. «Серік, есіңде бол-сын. Біздің Айтілес атамыз Дәуқара-мен жолдас болған, жауға қарсы бір-ге аттанған, батыр болған. Тірі кезін-дегі өзара уәде бойынша, қабірлері де қатар жатыр. Міне, мынау Дәуқара батырдың құлпытасы, ал оның оңтүс-тік-құбыла бетіндегі құлпытас – Айтілес атамыздікі. Осыны ұмытпа!» - деді маған. Менің бала көзіме екі құлпы-тас та үлкен, еңселі көрінді.
Кейін сұрастырып білгенім, Айтілес атамыз қазіргі Саралжын ауылдық округінің аумағында, Тайпақтың Жаманқұдық ауылына қа-рай жатқан Өзек деген өңірді мекен-деген екен. Өзі қартайып, дүниеден өтерінде балаларына: «Дәуқарамен уәдеміз бар еді. Мені сол батырдың қасына жерлеңдер» деп өсиет етіпті. Қазір есептеп отырсам, Өзек пен Жігер-леннің арасы 100-150 шақырымдай жер екен. Екі арада құм да бар, жолы ауыр. Бірақ ұрпақтары ата аманатын орындаған.
Атақонысымыздың Өзек деп аталуы – Жақсыбай өзені тасыған кез-де жайылып шығатын аңғарында орна-ласқандықтан. Мысалы, Жақсыбай тасығанда әуелі Аққозыға, одан кейін Ақбақай, Сүлеймен көлдеріне, одан шығып Қарақамысқа, одан асып Өзек-ке құйылатын. Одан әрі толса Байғұтты-Шолаққамысқа асатын.
Айтілес атамыз туралы айтыла-тын тағы бір әңгіме – ол кісінің бір әйелі қалмақ қызы екен. Жауға қарсы болған сәтті жорықтың бірінде қолға түскен қалмақ қызын атамыз алып, одан біз тараппыз. Айтілестің ішінде біздің бөлімді «Кішіенем» деп атай-тыны сондықтан. Бір қызығы, бұл қал-мақ қызы қазаққа әбден сіңіп, бедел-ді болған, бір ауыл болып отырған кө-рінеді...»

Қаралым саны 1435

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463