Ерсайын аға Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданының орталығы Сайқын селосында тұрады. Ескілікті әңгіме, көне шежіре десе, елеңдеп жүретін, араб һәрпімен жазылған қолжазбалар мен баспа мәтіндерді шебер оқитын азамат. Бұл кісінің қолында осындай құнды дүниелер жетерлік. Солардың бірі – 1910 жылы Астрахан қаласындағы «Жаңа орыс бу баспаханасынан» (Паровая новая русская типогра-фия) жарық көрген «Чума сырқауындан өзін һәм ғайриларны аман сақламақ хақында насихатнама» (қырғыз тілінде) атты кітапша.
Бұл кітапшаны «Ішкі қырғыз ордасының дәрігерлік-санитарлық мекемесі» дайындаған. ХХ ғасырдың басында қазақ жерінде оба ауруынан талай жапа шеккені белгілі. 8 беттен, 16 кеңестен тұратын бұл нұсқаулықта обаның алдын алу, таратпау жөнінде нақты шаралар рет-ретімен баянда-лыпты. Өз кезеңі үшін маңызы зор бұл құжаттың сақталуы – қазақ жеріндегі денсаулық сақтау қызметінің қалыптасу тарихына қосылған ерекше үлес, құнды жәдігер деп білеміз.
Ерсайын ағамыздың қолындағы тағы бір кітап – «Дұға, Әнғам сүрелерінің қасиеті» деп аталады. Мұқабада «Бұ кітап басма олунмашдур Қазанда, Домбраускийнің табағханасінде, Мухаммадғали Минхажаддиннің харажаты айла, 1899-нчі йылда. Бұ кітаб басмасына рухсат берілді Санкт-Питрбургте 18-нчі синтабрде 1898-нчі йылда» деген жазулар бар. Яғни бұл кітап татар тілінде, Қазан қаласында Домбровский баспаханасында басылғаны, діни кітап екендігі көрініп тұр. Қазаннан шыққан, татар тіліндегі мұндай кітап-тар қазақ арасында өте көп кездеседі.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ