«Ұран» кітабы Астана мен Алматыда

1917-1918 жылдары Бөкей ордасындағы Орда қаласында жарық көрген, Алаш қайрат-керлерінің асыл идеясын қолдаған «Ұран» газеті туралы «Ұран» газеті. 1917-1918» атты жинақтың тұсауы жуырда Алматы мен Астанада кесілді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің баспасөз клубында және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Отырар кітапханасында өткен таныстыру кешінде ғалымдар мен мамандар «Жайық Пресс» ЖШС-ның мұрындық болуымен жарық көрген бұл еңбектің құндылығын бірауыздан мойындап, үлкен баға берді.

Алматыдағы шараға журналистика факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты Сағатбек Медеубекұлы, профессор Жетпісбай Бекболатұлы, саяси ғылымдар докто-ры, профессор Гүлмира Сұлтанбаева, филология ғылымдарының докторы Назгүл Шыңғысова қатысып, қазақ баспасөзінің тарихы зерттеліп, құнды-лығы артқаны туралы пікір білдірді.
– Ұмыт болып қала жаздаған та-рихымыздың тереңіне үңіліп, кейінгі ұрпаққа жеткізу үшін еңбек сіңіріп жүрген азаматтардың барына, біз қуанамыз. Әр өңір өзінің тарихын тү-гендесе, қазақтың жоғалтқаны табы-лар еді. «Ұран» газетінің кириллицаға аударылып кітап болып жинақталуы – біз үшін үлкен олжа. Аса қажетті жәдігерлерді топтастырып алдымызға ұсы-нып отырған «Жайық Пресс» ұжы-мына алғыс білдіреміз. Сонымен қатар бүгінгі таңда жүргі-зіліп жатқан пәндердің арасына енгізетін боламыз, - деді ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы.
– Қазір алдарыңызға кітап болып жинақталып тұрғанымен, бұған қатысты материалдарды табу оңайға соқпады. Араб әріптерінен кириллицаға аударып қазақ және орыс тілдерінде өздеріңіздей оқырман қауымға ұсынып отырмыз. Біз бұған дейін 1911-1913 жылдары Орал қаласында жарық көрген «Қазақстан» газеті туралы, Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 95 жылдық мерейтойына орай «Қос газеттің тарихы» атты кітаптарды шығарған едік. Ғасырға жуық тарихы бар қос мерзімді басылымның түпкі тарихы сонау «Ұран» газетінен бастау алады. Бұл газеттерде еліміздің тарихына байланысты тың көптеген мәліметтер сақталғаны анық. Тарихымыздағы ақтаңдақтарды ашуға сеп болатынына сенемін. Бұл газетті ғалым Мақсат Тәж-Мұрат ағамыздың көмегімен Алматы қаласындағы «Кітап мұражайынан» таптық. 1917 жылы 28 шілдеден бастап жарық көрген «Ұран» газетінің бас редакторы Ғабдулғазиз Мұсағалиев. Газет мәтінін араб әліпбиінен «Жайық Пресс» ЖШС қызметкері, осы журналистика факультетінің түлегі Қазбек Құттымұратұлы. Еліміздегі болашақ журналистерді дайындайтын бас оқу орнының ұстаздарының біздің жұмысымызды жоғары бағалағаны қуантады. Алдағы уақытта бірлесіп, тығыз қарым-қатынаста еңбектенетініміз анық, - деді «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин.
Кездесу соңында «Жайық Пресс» ЖШС қызметкерлерін бакалаврлық жұмысына, магистрлік және докторлық диссертацияларға жетекшілік етуге, теориялық және практикалық білімді тереңдете түсу немесе шеберлік сыныптарын жүргізуге шақыру мақсатында «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Ж. Сафуллин мен журналистика факультетінің деканы С.Медеубекұлы екіжақты келісімге қол қойды.

Ал Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Отырар» кітапханасының мәжіліс залында өткен шараға «Жайық Пресс» ЖШС бас директо-ры Жантас Сафуллинмен бірге филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан жоғары мектебі Ұлттық Ғылым Академиясының, Қазақстан журналистикасы акаде-миясының толық мүшесі (академик), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Президенті-нің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығы-ның лауреаты Намазалы Омашев, әдебиет тарихшысы, филология ғылымдарының докторы, профессор, алаш-танушы, Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің про-ректоры Дихан Қамзабекұлы, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің шолушысы Сүлеймен Мәмет, ғалым-дар, зиялы қауым өкілдері, журналистер, университет оқытушылары мен студенттер қатысты.
Жантас Сафуллин «Ұран» газеті туралы кеңінен әңгімеледі. Басылым тарихына арналған, «Жайық Пресс» ЖШС ақпарат орталығында дайындалған деректі фильм көрсетілді. Тағылымды шарада сөз алған ғалымдар «Ұран» кітабына «қазақ баспасөзі тарихына қосылған сүбелі үлес» деген баға берді. Олар аталған кітаптың, келтірілген деректер мен дәйектердің тарихи маңыздылығын, айрықша атап өтіп, бұл тақырыпты әрі қарай дамыта зерттеуге ынталылық білдірді. Сондай-ақ бұл басылымның ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының еңбегін тануға, сол заманның тынысын білуге ниет білдірер тарихшылар, алаштанушылар үшін үлкен көмек болары сөзсіз екендігін айтты.
Шара барысында Жантас Сафуллин Еуразия ұлттық университетінің «Отырар» ғылыми кітапханасының қорына тарихи кітапты салтанатты түрде табыс етті.
Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры: - 1917-1918 жылдары «Ұран» газеті - Алаш қозғалысы кезіндегі Алаштың Батыс өңіріндегі ақпаратты, оқиғаларды жеткізіп отырған қайраткерлердің үні болған басылым. 38 саны шыққандығы белгілі. Оралдың азаматтары бүгін 9 данасын кітапқа басып шығарып отыр. Зерттеушілердің пайымдауынша, бұл нақты сан емес. Басылымның ерекшелігі - оның түпнұсқасымен қатар шыққандығында. Сондықтан да ғалымдар оның фотокөшірмесіне қарай отырып, зерттеу жүргізе алады. Бұған дейін «Ұран» газеті жоғалған, яғни жоққа саналып келген болатын. Бұны ғалымдар жекелеген архивтерден, жеке адамдардың тектік қорынан тауып отыр. Сонымен қатар Алматыдағы кітап музейінен де бірнеше саны табылған. Бұл басылым жинақ түрінде журналистика тарихы, тарих, әдебиет тарихын оқытатын сала мамандарына көп пайдасы тиеді деп есептеймін.
Намазалы ОМАШЕВ, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің баспасөз және баспа ісі кафедрасының меңгерушісі, профессор:
– Студент кезімізде Зейнолла Тұрарбеков деген ағамыз сабақ берді. Ол кісі Батыс Қазақстан өңірінің, әсіресе, Орданың, тарихы түгілі ұшқан құсына дейін біліп отыратын. Бірақ «Ұран» газеті туралы әңгімелегенде, күмілжіп, жан-жағына жалтақтап, ашылып айта алмай, сөз арасында қысқа қайыратын. Ғабдолғазиз Мұсағалиев туралы да айтқысы келіп, өз-өзін тежеп қалатын. Біз қанша сұрағанымызбен, әңгімені басқа жаққа бұрып жібереді. Қайыржан Бекхожин де «Ұран» газетін білетін, бірақ ол да айта алмады. Оның себебі түсінікті еді. Кеңестік жүйенің кесірінен қаншама тарихымыз тұншықтырылды. Ал осынша уақыт өткеннен кейін оралдық азаматтардың игі іске ұйытқы болуы бізді қуантып әрі үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Қазақ баспасөзінің тарихын зерттеушілер үшін тың тақырыпты ашып, жол көрсетуде. Алдағы уақытта «Ұран» газетінің тарихын магистранттарға, тісі батса, бакалаврда білім алып жатқан студенттерге ізденуге береміз. Зерттеуге тұрарлық құнды тақырып.

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ,
Айгүл АХМЕТОВА,
Алматы және Астана қалаларынан

Қаралым саны 1325

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463