Ассалаумағалайкум, ағайын!

Журналымыз үшін қаржылық жағынан қиын болған, Сіз бен бізді сирек жүздесуге мәжбүрлеген 2014 жыл да артта қалды. Басылымды жыл бойына жаздырып алып, бірақ толық ала алмаған, сонда да болса бізге деген сенімі мен көңілі өзгермеген тұрақты оқырмандарымызға мың сан алғыс айтамыз.

2015 жыл – «DANAkaz» журналы редакциясы үшін үлкен үмітке, жасампаз жоспарға толы кезең болғалы тұр. Бұл жылы біз журналдың барынша жүйелі жарық көруіне күш саламыз. Шығармашылық жағынан да тақырып аясын кеңейтіп, алуан түрлі мәселеге бойламақпыз. Тарихтың терең қатпарларында қалған тұлғалар ғана емес, болашақ тарихты жасайтын бүгінгі күннің қаһармандарын да көбірек қамтуды қолға аламыз.

Күн артынан күн өтіп, әр санымыз оқырманға жол тартқан сайын журналдың танымалдығы артып, авторлар қауымы да көбейіп келеді. Олардың арасында танымал тарихшы, кәсіби ғалым, білікті өлкетанушы мамандардың молдығы қуантады. Жаңа жылға арналған тың жобаларымыз оқырман көңілінен шығар деген үміттеміз.

Бүгінгі ақпараттық-техникалық мүмкіндікті пайдаланып, журнал авторлары ауқымын, таралу кеңістігін Қазақстанның түкпір-түкпірі ғана емес, әлемнің әр тарапына жаюға армандаймыз. Құдайға шүкір, ол да орындалып келеді. Тұрақты оқырман біздің авторлардың Оңтүстік Кореядан, Венгриядан, Түркиядан, Ұлыбританиядан жолдаған мақалаларын қызыға оқып жүргені анық.

Журналымыздың алғашқы саны шыққанына екі жылдан асты. Өздеріңізге жол тартқан әрбір нөмірімізбен бірге Сіз бен біздің арадағы қарым-қатынас нығайып, жүйелі арнаға түсіп келе жатқандай. Ендеше, болашақта да бірге болайық, іргеміз ажырамасын!

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
журналдың бас редакторы

Қаралым саны 1536

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463