ҚОЙ СОЯ БІЛЕМІЗ БЕ?

Қонақжайлық – қазақ халқының бір сипатына айналған ерекше қасиеттің бірі. Сонау XVII ғасырдан бастап қазақ даласын аралаған батыс-шығыс саяхатшыларының жазбаларына қарасаңыз, айлық жолға шықса да азық алып шықпайтын қазақ сахарасының осы қасиетіне таңдай қағып жатады. Қазақ үшін қонақты төбесімен күту – жазылмаған заң. Құдайы қонақты ренжітіп жіберген адам бүкіл қазақ даласына масқарасы шығып, дәстүрді бұзған қасиетсіз жан ретінде елге күлкі болған. Тіпті әулеттің атағына, рудың сүйегіне таңба салған мұндай жан елден аластатылып жіберген. Немесе ат-шапан айыбын тартып, бұл қылығын енді қайталамастай болатын. Бұл жөнінде ұлтымыздың аса бай ауыз әдебиетінен неше түрлі үлгілерді кездестіруге болады. 

Қонақ күтудегі басты құрмет – арнайы мал (көбіне қой) сою. Содан соң әр қонақтың өз атақ-дәрежесіне лайық сыбағасын салу. Міне, «DANA-kaz» тарихи-танымдық журналында жаңадан ашып отырған этнография-лық айдарымыздың мақсаты – қыз-жігітке қатар керек осы бір дәстүрді кеңінен насихаттау болып отыр.
Шыны керек, бұрын әрбір қазақ қой союды білетін. Үйіне қонақ келіп қалғанда «қойымды сойып берші» деп көршісіне жүгіретін қазақты кө-зіңізге елестете аласыз ба? Бір бо-йына жеті өнерді де азсынатын қазақ жігіті үшін мал соя білу күнделікті қа-жеттілік қана-тұғын. Сондай-ақ дас-тарқанның әрбір деталімен-ақ үнсіз сөйлесіп, тілсіз түсінісе беретін дала-лық дипломатияның ғажайып үлгісі біздің халқымызда болған ғой! Енде-ше, осындай асыл қазынамызды тағы бір есімізге түсіріп, мүмкіндігінше күнделікті өмірде қолданып жүрсек, қандай жақсы!
Бізге қой союдың қыры мен сы-рын Орал қаласындағы «Ел ырысы» базарының қасапшысы Сәдібек Талыпұлы таныстырмақ. Ал қонақ күту, сыбаға ұсыну, осыған қатысты түрлі қызықты оқиғалар мен ғибрат-ты әңгімелерді ауыз әдебиетінің ал-тын қорынан да, кешелі-бүгінгі, күн-делікті өмірден де ретімен алып, ке-регінше ұсындық. Бұған қоса, оқыр-мандарымыздан да осы тақырыпта ойлы ұсыныс-пікір, толықтыру келіп жатса, бек ризамыз.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

№1 кеңес

(мал таңдау, бата беру)

1998 жылы «Сөздік-Словарь» баспа-сынан жарық көрген «Қазақ дәстүрлі мәдениетінің анықтамалығы» атты кітапта (жинақтаушы Аюбай ҚҰРАЛҰЛЫ) қазақтың қой сою дәстүріне қатысты негізгі талаптарды келтіріп өтеді. Мысалы:
– Сойылатын қой пышаққа жарамды, мүмкіндігінше семіз болуы керек. Буаз қой сойылмайды, өсімге қалдырылады. Көбіне қоңы жарамды қартаң қой таң-далады.
– Сояр қой таңдалып, іріктелініп алынғаннан кейін үй иесі ақ адал ма-лын қонағына көрсетіп, бата сұрайды. Өкінішке қарай, қазақтың осы бір тама-ша салты бүгінде Батыс Қазақстан өңі-рінде қолданылмайды.
– Үй иесі малын қонағына көрсетіп, оның ризашылығын алып жатқанда, қасапшы пышағын сайлап, құманға жылы су құйып, ыңғайлап қояды. Қазақ ырымы бойынша сойылатын малдың көзінше пышақ қайрауға үзілді-кесілді тыйым салынады. Яғни мал әкелінбес бұрын пышақ қайралып, дайын тұруы тиіс.
Тағы бір ескеретін нәрсе, мал күйіс-ке кіріп кетсе, яғни күн кешкіріп, қой жатып қалған кезде келген қонаққа түнде мал сойылмайды, ертеңгі күн күтіледі.
Сонымен, сойылатын қой таңдал-ды, пышақ қайралды. Енді қойдың ая-ғын байлайтын ұзындығы 1 метрдей мықты жіп, қойдың астына төсейтін тақтай сәкі (ол қой терісі мен еті бүлін-беуі үшін қажет) және бауыздау қан құ-йылатын ыдыс қажет. Бауыздалған кез-де қойдың денесі сәл биікте, басы тө-меніректе болса, қан түгел ағып кетуіне жақсы. Бұған қоса, жылы су құйылған құман, ішек-қарын мен ет түсірілетін табақтар да әзір тұрса, құба-құп.

Исан ақынның батасы

Сойылар малды қонаққа көрсетіп, бата алу дәстүрі Батыс Қазақстан өлке-сінде қазір сақталмаған. Бірақ осы салт бір кездері Кіші жүзде де кеңінен қол-данылған секілді. Бұған Орал қаласын-да тұрған, марқұм, белгілі жидашы Айсұлу Бейсенғалиева әжеміздің «Сөз тапқанға қолқа жоқ» («Полиграфсер-вис», Орал, 2006) атты тамаша жина-ғында бірнеше дәлел бар. Соның бірі төмендегідей:
Қазіргі Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданындағы Жиделі құмы деген өңірде әйгілі күйші Құрманғазы Сағырбайұлы, қызылқұрт Исан, соқыр Білек деген ақындар туып-өскен екен. Осы Исан ел аралап жүріп, құм ішіндегі бір байдың үйіне түсе қалады. Шайға дейін де, шайдан кейін де домбырасы-мен бірде баяулатып, бірде жаяулатып әндетіп отырады. Бір мезетте есік ашы-лып, біреу «қонақ!» деп дауыстайды. Жалт қараса, кішкене лақты қылғын-дыра ұстап, бата тілеп тұрғанға ұқсай-ды. Сонда Исан ақын:
– Құмбергенді жайлаған лақ,
Сәскеге дейін байланған лақ,
Көгенде тұрып қақсаған лақ,
Балалар мініп ақсаған лақ,
Арық лақта ет жоқ,
Мұны соям деген кісіде бет жоқ.
Ішерге қаны болмаған соң
Бата беруге қонақта ниет те жоқ, -
деп қол жайып бата беруге ыңғайлан-ғанда, бай:
– Әй, не істеп тұрсыңдар, әкет, қой сойыңдар, - деп дым білмегенсіпті.

«Атасы берген бар ма?»

Атырау өңіріндегі Тайсойған құмын-да өткен тарихи тұлғаның бірі Тілеубай ақсақал Уса деген баласын үйлендіріп, 10 саулық енші беріп бөлек шығарады.
Уса ауылдың шетінде тұрады екен. Сол жылы көктемде, ел жайлауға кө-шерде Бұхардан оқудан келе жатқан он шақты жолаушы кештете ауылға келіп, әркімнің үйіне кіріп, қона алмапты. «Өзіміз қыстан шығып отырмыз, қонақ қабылдайтын жағдайымыз жоқ» десе керек. Амалы таусылған жолаушылар-дың үлкені ауыл сыртындағы төбенің басына шығып:
– Ау, атасы Берген бар ма екен? Ба-ласы Көрген бар ма екен?! - деп айқай-лапты. Мұны құлағы шалған Уса жүгіріп келіп:
– Бар, бар. Үйге жүріңіздер, - деп қоздағалы тұрған он саулығының біре-уін сойып, қонақ етіп жіберіпті. Кетерін-де құдайы қонақтар риза болып:
– Малың жұтамасын! - деп бата бе-реді.
Жолаушының батасы дарып, Уса Тілеубайұлының көзі жұмылғанша қо-йының саны мыңнан түсіп көрмепті. Соңғы саулығы 1929 жылы аласапыран уақытта өзінің қарасына сойылған екен.
«Ар жақтан Тілеубай мен Шолым өткен» кітабынан, Орал, 2012, «Ағартушы» баспасы

Ешкі неге бақырады?
(ертегі)

Бұл ертегіні жарықтық анамыз Ұлдай Ермашқызы айтушы еді.
...Ерте, ерте, ертеде Адамзат та бар-лық жан-жануар секілді өсімдік-шөп-пен ғана қоректенетін болыпты. Адам-ның аты – Адам, кей жерде ақылымен, кей жерде күшімен билеп-төстеп, шөп-тің ең шүйгінін, жайлаудың ең жарам-дысын жеке жайлапты. Бұған бүкіл жан-жануар наразы болып, Алла тағалаға арзу айтады. Сонда Алла тағала:
– Ендеше, сендер қалаған шөпте-ріңді жеңдер, ал адам баласы сендерді жесін, - деп шешім айтады.
Осыған барлық жан-жануар келісе-ді. Тек ешкі ғана бұған қарсылық білді-реді. Бірақ көпшілік дауыспен Алла та-ғаланың ұсынысы қабыл болады. Алай-да содан бері ешкі сояр кезде қатты қарсыласып, бақыратын болыпты...

№2 кеңес

(құбыла таңдау, бауыздау)

– Қан-жын төгіліп, үйдің маңын шыбын-шіркей басып кетпеуі үшін малды үйден ау-лақтау апарып, сол жағымен жығып, төрт ая-ғын айқастыра байлайды (суреттерде). Мал-дың басын құбылаға (оңтүстік батысқа) қара-тып, «бісмілдә» деп бауыздауға кіріседі. Ба-уыздағанда жұтқыншақ баста қалуы тиіс. Кө-бінесе қазақ «сенде жазық жоқ, менде азық жоқ» деп бауыздап жатқан малынан амал-сыздан болып жатқан іс екенін айтып кешірім сұрағандай, аяушылық білдіреді.
– Бауыздалып, жаны әбден шыққаннан ке-йін қойдың аяғын байлаған жіп шешіліп алы-нады. Содан кейін қасапшы құмандағы жылы сумен қойдың алқымын жуып, бауыздау қа-нынан тазартады, қолын, пышағын жуады.
Қасапшы Сәдібек Талыпұлының кеңесі:

– Бауыздалған кезде қойдың құла-ғы қанға малшынып қалмас үшін мен сол қолымның бас бармағы мен сұқ саусағыммен қос құлақты қойдың көзін жаба қысып ұстап тұрамын. Бастың жү-ні құрғақ болса, кейін үйтуге оңай бола-ды. Тағы бір қатаң ескеретін нәрсе – малдың жаны әбден шыққанша жұлы-нын кесуге болмайды! Ислам шарты бойынша қан – харам саналады. Сон-дықтан малдың бүкіл денесіндегі қан ағып кетуі тиіс. Жаны шығар алдында мал аяғын серпіп, қатты қимылдап, бү-кіл тамырындағы қанды айдап шыға-ды. Ал жұлыны қиылған мал денесін қимылдата алмай, арам қан бұлшық еттердің арасында қалып қояды.

Шариғат шарттары

Мұсылман баласына Алла Тағала-ның есімін айтып бауыздалған малдан басқа етті жеуге тыйым салынған. Мал етінің «халал», яғни мұсылманға жеуге жарамды болуы үшін ақ адал (яғни ұр-лық, т.б. күмәннан таза) малды ғұсылы, дәреті бар мұсылман ер адам «бисмил-лаһи Аллаһу акбар!» деген сөздерді ай-тып, құбылаға қарата бауыздауы шарт.
Мал бауыздалып жатқанда көбірек айтылатын дұғаның бірі «Аллаһумма минкә уә ләке» – (Уа, Алла Тағалам, бұл мал Сенен келді, Саған барады) бола-тынын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайтында ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің қызметкері А.Ноғаев айтып өткен. Яғни қазақ мал сойып жатқанда, ең алдымен, Алла Тағаланың ризық беруші сипатын мо-йындап, оны ұлықтаса, екіншіден со-йылып жатқан жануардың жаны (рухы) Жаратушының құзырына лайықты ора-луын да қадағалаған.

Ырым

Қазақтың мал сою кезінде орында-латын ырым-тыйымы көп. Соның бірі – мал бауыздалып жатқан кезде әйел адам мен жас баланың болмауы неме-се бауыздалған малдың қарсы алдын-да, яғни құбыла тұсына тұрмауы қатты қадағаланады. Өйткені сойылып жат-қан малды көрген әйел перзент сүйе алмай, яғни бедеу болып қалуы мүмкін деседі. Ал малдың қанын көрген бала қаныпезер болып өсетін көрінеді.

Қазақтың арманы

...Ойпаң жерге он отау,
Қыраң жерге қырық шатыр тігіп,
Қонағымды жайғасам!
Пышақтан малым кетпесе,
Қазаным оттан түспесе,
Ауылдан топыр үзілмей
Ошақтың оты өшпесе.
Май жемесе қонағым,
Қан жемесе барағым,
Он кісіге жараса,
Бір кісіге арнап тартқан табағым!...
(Ақтамберді жырау,
«Алдаспан», «Жазушы», 1971)

Тоқтының батасы

Енесі жануардың имеген бе,
Көп қойдан шөп қақтығып тимеген бе,
Антұрған қатын сауып қақтаған ба,
Болмаса, қойшы оңдап бақпаған ба,
Алты ай жаздай бір теңі келмей жүріп,
Молтыр би бізге арнап сақтаған ба,
Алла Акбар!
(Шал Құлекеұлы,
«Алдаспан», «Жазушы», 1971)

Малтақанның
паңдығы

Тайыр Жароковтың атасы Малтақан шешендігімен бүкіл Бөкей атырабына аты шыққан жан екен. Малтақанды сөзден жеңе алмаған болыс-билер оның кедейлігін бетіне басып, ел алдында мұқатқысы келеді. Сөйтеді де:
– Осы Малтақан жұрттың төрінде отырып сөйлегенде ешкімге дес бер-мейді. Қойдың басы қолынан түспейді. Біз үйіліп-төгіліп өз үйіне баралық. Сіңі-рі шыққан кедей бізді несімен сыйлар екен, – деп кеңеседі.
Сонымен, бір күні болыс бастаған топ Малтақанның қараша үйіне сау ете қалады. Олардың ішінде қонақты қат-қан нанмен «сыйлайтын» сараң Түсеке де, Малтақан баласының алажақ тоқ-тысын екі жылдан бері бермей жүрген Жүнісәлі бай да болады. Малтақан оларды көңілді қарсы алып, жалғыз биесінің құлынын сойып қонақ етеді. Жас құлынның балбырап піскен уыз еті алдына келгенде, Жүніс бай:
– Малтақанның байлығы болмаған-мен, паңдығы бар-ау, қонағын құлын етімен сыйлауын қарашы! – деп мыс-қылдай күледі.
Сонда Малтақан тұрып:
– Сәлем бере келген соң
Елдің ылғи еркесі мен серкесі,
Ақ ниетімді көрсетіп,
Алдарыңа тартқаным –
Жалғыз құлынның шекесі.
Бұл құлынды соярда
Бір жағынан кемпір күңкілдеді:
«Қақпыштан құр емес, – деп,
– сандығым»,
Бір жерден бала діңкілдеді:
«Байдан әкеліп соям», – деп,
Жалға алатын жандығын.
Екеуін де дегеніме көндіріп,
Құрмет үшін құлынның
Құрбан еттім малдығын.
Сыйламауым тұзға кепкен
қақпышпен –
Болса болар, бәлкім,
менің паңдығым, – депті.

(«Ел аузынан»,
«Жазушы», 1989)

Қаралым саны 2721

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463