«Хан моласы» — XVIII ғасырдан бар көне қорым. Мұндағы Әбілқайыр бейітін қазақтар екі ғасырға жуық уақыт зиярат еткен. Тек ХХ ғасыр басындағы дүрбелеңдерден кейін ғана хан зираты ұмыт болған. Ел аузында да, қағаз бетінде де деректері сақталып қалғанымен, жермен-жексен болған Әбілқайыр бейітін анықтау бүгінгі зерттеушілерге оңайға түскен жоқ. Бұл жерде Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты этнология бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Серік Әжіғали бастаған ғалымдар кешенді зерттеу жүргізді. Сөйтіп, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс, «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деп, әрдайым өткеніне қарайлаған қазақтың бүгінгі ұрпағы ата-бабалары даңқты ханын, дана басшысын арулап көміп, аза тұтқан, қасиетті санап, тәу еткен жерде үлкен жиында бас қосты.
Мемориалдық кешеннің ашылу салтанатына ҚР Парламенті депутаттары, көршілес облыстардан келген делегациялар өкілдері, еліміздің түкпір-түкпірінен келген тарихшылар, зиялы қауым өкілдері, Әбілқайыр ханның тікелей ұрпақтары, қалың көпшілік қатысты. Салтанатты жиынды Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ашты.
— Өткенсіз болашақ болмайды. Әр елдің өз тарихы болады. Қазақтың да тамыры сонау тереңде жатқан өз тарихы бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» Жолдауында: «2015 жыл — ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы. Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз» — деген болатын. Елбасы тапсырмасына сәйкес, елімізде, соның ішінде Ақтөбе жерінде де көптеген іс-шара өтіп жатыр. Біз осынау байтақ даламызды сақтап қалған, Ұлы Даланың азаттығы жолында қаны мен терін төккен ата-бабамызды ұмытпауымыз керек, тарихты көбірек зерттеп, өсіп келе жатқан ұрпаққа олардың үлгі-өнегесін жеткізуіміз керек. Халқымыздың тарихында даңқты хандарымыз аз емес. Солардың бірі және бірегейі — Әбілқайыр хан. Әбілқайыр ханның рухына тағзым етіп, басымызды ие тұрып, осы жерде жүргізілген жұмыстардың бәрі ұрпақтар жадына ұлттық рухты, Отанға деген сүйіспеншілікті сіңіру үшін істелгенін атап өтеміз, — дей келіп, облыс басшысы осы істердің басы-қасында болған азаматтарға алғысын жеткізді.
— Халқымыз үшін аса ауыр кезеңде саясат сахнасына шыққан Әбілқайыр ханның тарихымыздағы орны ерекше. Атақты Аңырақай шайқасында қол жеткізген жеңіс күллі қазақтың рухын көтеріп, айбарын асырды. Ол тек даңқты қолбасшы ғана емес, сұңғыла саясаткер ретінде де халқының қамын ойлап, ұлы істерге ұйытқы болды, — деді Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Елеусін Сағындықов:
— Он жылдан астам уақыт бұрын Әбілқайыр бейітін анықтау мақсатындағы зерттеу жұмыстарын жандандыруды қолға алған едік. Бұл іске Ақтөбе өңірінің қарапайым адамдарынан бастап, қазақтың үлкен ғалымдары, алыс-жақын шетел зерттеушілері атсалысты. Бір кісідей жұмылып атқар-ған сол жұмыстың нәтижесінде мына-дай ғажап кешеннің бой көтеруі — үлкен қуаныш. Бұл іс халықтың сүйіспеншілігі арқасында жүзеге асты. Әбілқайыр феномені қазаққа мәңгі қызмет ететін болады, – деп атап өтті.
Ақтөбе облысын 2004-2011 жылдары басқарған Елеусін Сағындықов, 2011 жылдан кешеге дейін басқарған Архимед Мұхамбетовтер Әбілқайыр бабамызды ұлықтау мақсатындағы істерге үлкен үлес қосқан азаматтар екенін ерекше айту керек. Негізгі зерт-теу жұмыстары Елеусін Сағындықовтың ұйытқы болуымен жүргізілсе, ме-мориалдық кешен тұрғызу ісі Архимед Мұхамбетовтің тұсында қолға алынды. Өз сөзінде мұны Бердібек Сапарбаев та атап өтті.
Жиында сондай-ақ ҚР Мәдениет министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев, белгілі жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Қажығали Мұханбетқалиұлы, ҚР Ұлттық музейінің директоры Дархан Мыңбай, Әбілқайыр хан мемориалдық кешенінің авторы, сәулетші Бек Ыбыраев сөз сөйлеп, жұртшылықты Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Әбілқайыр ханға арналған мемориалдық кешен тұрғызу мақсатында республикалық деңгейде конкурс жарияланған. Қазақстан Республикасында орнатылатын ескерткіштер мен монументтер жөніндегі мемлекеттік комиссия келіп түскен жобалар арасынан белгілі сәулетші Бек Ыбыраевтың ұсынған нұсқасын мақұлдады. Кешен Әбілқайыр хан кесенесі мен үш бөлікті алып ескерткіштен тұрады. Ескерткіштің биіктігі — 23 метр. Әр бөліктің астыңғы жағында «Әбілқайыр хан» деген жазу бар және Ұлы Даланы жайлаған барлық қазақ руларының таңбалары салынған. Кесененің биіктігі 15 метрге жуық. Диаметрі — 8,5 метр. «Құрылыс Консалтинг ұлттық орталығы» АҚ мамандарының айтуынша, кесене құрылысын бастар алдындағы сараптамалық жұмыстар кезінде тереңдіктен көне кесененің қалдығы табылған. Оны сақтап қалу үшін кесене диаметрі ұлғайтылып, сегіз қырлы етіп салыныпты. Құрылыс жұмыстарына Маңғыстаудан әкелінген ағылай тасы пайдаланылған.
Әбілқайыр ханның Нұралыдан тараған тікелей ұрпақтарының бірі — Есенғали Ерғалиев бізге өз лебізін:
— Әбілқайыр ұрпақтары кезінде қуғын-сүргінге ұшырап, Қазақстанның түкпір-түкпіріне, көршілес Ресей мен Өзбекстанға бытырап кетті. Мен өзім Батыс Қазақстан облысында туып-өстім, біраз уақыттан Ақтөбеде тұрамын. Мәдениет саласында еңбек еттім, қазір зейнет демалысындамын. Кеңес заманында Әбілқайыр бабамыз туралы ештеңе айта алмадық, үлкендер де бұл тақырыпта сөз қозғамауға тырысып, білгенін өз ішінде сақтады. Тек сол кісінің ұрпағы екенімізді ғана ұмытпауға тырыстық. Бүгінде жан-жақтағы Әбілқайыр ұрпақтары мүмкіндігінше бас қосуға тырысамыз, естіген-білгенімізді бір-бірімізбен бөлісеміз. Әбілқайыр тұлғасын, еліне сіңірген еңбегін зерделеу мақсатында жүргізіліп жатқан зерттеулердің нәтижесіне елеңдеп отырамыз. Үлкейген шағымда осындай қуанышқа куә болғанымды зор бақыт санаймын. Заманында ата-бабасы Әбілқайырдың соңынан ермеген қазақ жоқ. Сол ата-бабалардың баршасының әруағы риза болсын! — деп жеткізді.
Әбілқайыр ханға арналған мемо-риалдық кешеннің ашылуынан кейін осы оқиғаға орайластырылған шаралар Толыбай ауылында жалғасты. Осында Әбілқайыр хан музейі ашылды. Музейге XVIII-ХІХ ғасырлардан қалған құнды жәдігерлер, Әбілқайыр хан ұрпақтары тұтынған бұйымдар, олардың арасында белгілі заңгер Бақытжан Қаратаевтың ұстаған бұйымдары т.б. қойылған. Ең көрнекті экспонаттардың бірі — Әбілқайыр ханның жеке мөрі. Суреті арқылы жасап шығарылған көшірме түрінде болса да, бұл бүгінгі ұрпақ үшін қымбат дүние екені сөзсіз. Әбілқайыр ханның үлкен портретін Жеңіс Жұбанқосов салыпты. Жәдігерлер жинақталған бөлменің бір қабырғасына Аңырақай шайқасынан көрініс берілген.
Толыбайдағы этноауылда отыз киіз үй тігіліп, жан-жақтан жиналған қонақтарға ас берілді. Қонақтардың бір бөлігі — «Ұлы Дала» жауһарлары» халықаралық фестиваліне қатысушылар. Фестивальға 100-ден астам музыкант, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарынан төрт фольклорлық ансамбль қатысқан. Белгілі жыршы Алмас Алматов, қазанғаптанушы Абдулхамит Райымбергенов, Ресейдің Хакасия, Таулы Алтай өңірлерінен Карыш Кергилов, Елес Тадыкин сынды өнер шеберлері фестиваль қонағы болды.
Индира ӨТЕМІС,
Ақтөбе қаласы)