Бізге үш жыл!

Қадірлі ағайын, Қазақстан Тәуелсіздігінің 24 жылдық мерекесі құтты болсын! Бұл күні біздің «DANAkaz» журналының да шыға бастағанына үш жыл толып отыр. Барша оқырманымызды осынау үлкен мерекемен және шағын мерейтойымызбен шын жүректен құттықтаймын!

Кез келген басылым ең әуелі оқырманымен құнды. Біздің әр санымызды асыға тосып, хабарласып, ой бөлісіп, ақыл-кеңес беріп отыратын Сіздер болмасаңыздар, журналдың да ғұмыры қысқа болар еді. Баспасөз нарығындағы мың-сан басылым ішінен бізді таңдап, қол үзбей отырғаныңыз үшін де біз Сіздерге қарыздармыз. Бүгінгі санда еліміздің, тіпті әлемнің әр түкпірінен жүрекжарды құттықтау жолдап, қуанышымызды еселеп жібергеніңіз үшін зор алғыс айтамыз.

Алдағы 2016 жыл – кім-кімге де оңай соқпасы қазірден белгілі болып тұр. Алайда әлемдік дағдарыс, экономикалық қиындықтарға қарамастан журнал жұмысын жалғастырады. Оқырманымыздың ойынан шығатын қызықты да пайдалы тақырыптарға тұрақты орын беруді жоспарлап отырмыз. 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілістердің 100 жылдығына орай материалдар легі, денсаулық тақырыбына орай берілетін тың мақалалар көңіліңізден шығады деген ойдамыз. Біздің мақсатымыз – әрқашан тың да тосын тақырып ұсынып, ұйықтаған ойды түрту, қазақ қоғамының сәл де болса алға жылжуына үлес қосу. Осынау үлкен мұрат жолында бірге болайық, ағайын! Жаңа жыл құтты болсын!

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
журналдың бас редакторы

Қаралым саны 1089

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463