Сақ, сарматтың дәуірі,
Өркениеттің сағымы.
Скифтің сара саңлағы,
Анахарсистей дана өткен,
Талайларды тәнті еткен.
Еуропаның төсіне,
Венгрияға көсіле,
Ғұнның тұқымы барған-ды,
Мүддесі ерен Мүде хан,
Орнатты биік ордамды.
Қара теңіздің толқынын
Аттила дүбірі жарған-ды.
Римнің өзі дірілдеп,
Сауға сұрап қалған-ды.
Одан да бермен келейін,
Бүлкілдесін көмейім,
Таңбасы тасқа қашалған,
Тәңірден сұрап күш алған,
Қасарысқан дұшпаннан
Қас-қағымда өш алған.
Тоныкөктей бабамыз,
Тарихты жазды еңіретіп,
Толғады терең күңірентіп,
Қара терін ағызып,
Қызыл қанын төккен-ді.
Қағанатты тұрғызған,
Қанатын өріп жұлдыздан,
Білге қаған, Тоныкөк,
Бөрінің айбар жолы боп,
Белдескеннің соры боп,
Мерейімізді асырған,
Тасқын судай ашылған,
Көңілі ерен ерлерім,
Байтақты алған шерілерім.
Құпиясын Орхон жасырған,
Тасқа даңқы басылған.
Түркеш, Қаңлы, Оғыздар,
Алып мемлекет құрған-ды,
Дәуірлеп даңқы тұрған-ды.
Қорқыттай асыл абыздар,
Асылы талай аңыз бар,
Әл-Фараби данамыз,
Оқшау тұрған дарамыз.
Талас бойында туылған
Жүсіп Баласағұндай сарамыз.
Ерен Махмұд Қашқари,
Есіл Ахмет Иүгінеки,
Ізгілік сырын аламыз.
Түркістанға түнейсің.
Қожа Ахмет Йассауи
Хикметін біліп жүргейсің,
Иман бұлағы ағылған,
Түркістан сырын білгейсің.
Қаһарман небір өтіпті,
Дастанға мәңгі бекіпті.
Қылыштары зұлфыхар,
Таудан берік тұрқы бар,
Мыңдаған жауы келгенде
Қанын ағызар құлқы бар,
Алпамыс батыр, ер Тарғын,
Қарақыпшақ Қобыланды,
Ер Қосай мен Ер Көкше,
Дара боп жауға барған-ды,
Елдің кегін алған-ды,
Ерлігі жыр боп қалған-ды.
Кетбұға, Сыпыра жыраулар
Талай ханды түзеткен,
Тілінен бал тамызып,
Тізелерінен сыз өткен.
Сөз суырған өзектен,
Барлық сөздің атасы
Майқы биден таралған.
Түйінін бірден шешетін
Қайқы биден таралған.
Дуалы ауыз, дарабоз,
Жалқы биден таралған.
Қыпшақтың бір құлыны,
Желкілдеп барып тұлымы,
Мысырдың бұзып құрығын,
Әлемді жарған дүбірі
Бейбарыс сұлтан білеміз,
Падишахтың ұлығы.
Түркістан ұлы қағанат,
Аумағын алсаң шамалап,
Еуразия құрлығын,
Еңсеріп еді ғаламат.
Бертінірек Шыңғыс хан,
Екпініне сел қосқан,
Кетті әлемді аралап.
Бір бұтағы Жошы хан,
Ұлысы Түркі жері еді,
Ұлан-байтақ кең еді.
Содан кейін даңқты
Алтын Орда кеп еді.
Бату хандай ер еді,
Мәскеудің сан кінәзі
Қадірледі төрені.
Ақ Орда кейін бөлінді,
Тарихтың жолы ары қарай,
Өз саласын өреді.
Бір мың төрт жүз алпыс бес,
Қозыбасқа бұрды жарқын көш.
Жәнібек пен Керей хан,
Қазақтың қасқа маңдайын,
Жарқын қылып жағдайын,
Жекелей хандық құрады.
Қалықтап көкке қыраны,
Қазақтың жанды шырағы.
Қасқайып Қазақ хандығы,
Айы оңынан туады,
Алты айшылық ат шабар,
Мекені болды тұрағы.
Әз Жәнібекке ақылшы,
Асан қайғы бабамыз –
Кемел ойдың шуағы.
Бұрындық хан одан соң
Мемлекет ізін жалғады.
Қасым салған қасқа жол,
Мәскеуге тең боп пәрмені,
Қуатты боп дәрмені,
Әмірі асып жүргені.
Хақназар кейін келеді,
Сібір менен Астрахан,
Башқұрт, Хиуа, Бұқара,
Қаратып елге береді.
Оның ұлы Тәуекел
Ташкент пенен Түркістан
Шаһар үшін жұлқысқан,
Сабазың да өр еді.
Есім хан салған ескі жол
Даналық боп жаңғырды.
Есімнің өзін түзеткен
Жиембет батыр даңғыл-ды,
Әрі би, әрі жырау боп
Бөлекше жолды салдырды.
Есім ханның ерекше,
Ұрпағы Салқам өр Жәңгір,
Ата жолын жандырды.
Жалаңтөстей баһадүр
Жиембетте дара-дүр,
Қасына бірге алдырды.
Орбұлақтай шайқаста
Жоңғардың жолын қан қылды.
Дұшпанның басын даң қылды.
Ерліктерімен таң қылды.
Жәңгірдің ұлы Тәуке хан
“Жеті Жарғыны” ұсынды.
Мың жеті жүз он бірінші жыл,
Қарақұм құрылтайында,
Жиналды бәрі пайымға,
Табын Бөкенбай батырың,
Жасындайын жарқылдап,
Көшелі сөзді бастаған,
Тұлпар мініп, ту алып,
Алаштан қалың қол алып,
Қалмақты әрі жасқаған.
Қазақтай байтақ жеріне,
Көз алартқан дұшпан көп.
Ол жайында дастан көп.
Жоңғардың өтті қорлығы,
Тосқауыл оған боп еді
Ерлердің асқақ өрлігі.
«Ақтабан боп ағылған»,
Халықтың қиын тағдыры.
Ордабасы жиында
Ортақ күші бірікті.
Кіші жүзден Әбілқайыр,
Ер бастады білікті.
Жауды алғаш түріпті.
Кіші жүзге бас батыр
Қайратына қас батыр
Ержүрек Табын Бөкенбай,
Әбілқайырмен бірге жүріпті.
Патша үкіметі кезінде,
Қайнаған алау жүзінде,
Бекіністі талай қиратқан
Есет батыр нағыз ер еді.
Байұлының ұрпағы,
Дәуқара батыр дулығалы,
Аты ұран болған дер еді.
Байұлының сырттаны,
Шолан да шіркін өр еді.
Дұшпанды тәубеге түсірген
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Шапырашты Наурызбай,
Қасиет қонған Райымбек,
Көкжал батыр Қарасай,
Арлан еді Ағынтай,
Сардар еді Сыпатай.
Өтеген, Сауран, Сұраншы
Қаһарланбай қалай тұра алсын.
Жауды кетті аңыратып,
Жоңғарды кетті қаңғыртып.
Семсерлерін сермеді,
Басын бөлді қан қылып.
Түгел қайтты атажұрт,
Аңыз болды жаңғырып.
Әбілмәмбет өткен соң,
Қазақтың ханы Абылай,
Елімнің жақты шамын-ай.
Бұқардайын кеңесші
Асырып еді бағын-ай.
Қытайға да бермеді,
Ақ патшаға көнбеді,
Қақты жеке дабыл-ай.
Қатты болды одан соң
Кенесары арыны-ай.
Бекітіп ап белдікті,
Көрсетіп биік елдікті,
Ұлы жүзде Төле би,
Орта жүзде Қазыбек,
Кіші жүзде Әйтеке,
Көрсетті әділ теңдікті,
Болды содан ел құтты.
Одан кейін отар боп
Ресейден көрдік теперіш.
Кіші жүзге тоқталып,
Біздер сырды шертеміз.
Әбілқайыр аңдап бәрін де,
Бейбітпен қылды үлкен іс.
Дара да дана Бөкей хан,
Көкірегінде нұр ұйыған.
Тәңірім солай бұйырған.
Жайықтың бойын ен жайлап,
Еппен ғана бел байлап,
Шекарамды бір күнде,
Тағдырын шешті кең ойлап.
Оның ұлы Жәңгір хан,
Басына бітті шыр айғақ.
Зиялылығына оның да,
Келтіреміз мың айғақ.
Алғаш мектеп салдыртты,
Қазанға барып арнайы,
Қазына кітап қалдыртты,
Сүйегі асыл тектілік,
Біраз игі істі жаңғыртты.
Бөкей ханның тұсында
Есенкелді бай өткен.
Жердің жүзін жабатын,
Шұрқырап құлын-тайы өткен,
Мыңдаған жылқы бел асқан,
Патшаның өзі санасқан,
Тектілікпен сай өткен.
Жайықтың бойы ен жайлау,
Еділ еді егізім.
Екеуін де құшып ап,
Тосып жатыр теңізім.
Қара жырын аңыратып,
Қазтуған сәлем айтқан жер,
Халықтың талай қайғысы
Қабағына қатқан жер.
Ноғай-қазақты сіңіріп,
Найзасын үкілеп жатқан жер.
Қыз Жібек пен Төлеген
Жағада үкі таққан жер.
Байбақтыдан Сырымды
Бүркіт аңсаған тұғырды
Бусандырып тапқан жер.
Сырыммен тізе біріктіріп
Бөкенбайдың өр ұлы
Тіленші тархан жортқан жер.
Патша үкіметінің әскерін,
Зәресін алып, арытқан жер.
Тарханның ұлы Жоламан
Жоламанның ұлы Жәші ер
Жәші талда қалды таңбасы,
Жоламанның бауыры
Есенаман тауында
Ерліктің қалды арнасы.
Кіші жүз жері осындай
Батырлар қабағы қатқан жер,
Іздері сайрап жатқан жер.
Қарсы шауып орыс-орманға,
Сыймай кеткен жалғанға.
Исатайдай арланға,
Махамбеттей тарланға
Найзағай намыс дарытқан жер.
Дәуқара, Шолан батырлар,
Казак-орыстан қаққан жер.
Мөңке, Жантөре тақылдап,
Малайсарылар жалтылдап,
Әділдік сырын айтқан жер.
Ғұмар, Шәңгерей ақындар
Балқытып ойды қайтқан жер,
Газетпен білім балқытып,
Ғұлама сырды қорытқан жер.
Айтып, айтпай не керек,
Алашорда ошағы жатқан жер.
Сарайшық, Жайық қаласы
Тамыры терең тартқан жер.
Әз Жәнібектей нұсқалы,
Ауданға есімін таққан жер.
Соғыс шарпып бауырын
Ажал оты қапқан жер,
Ерденбек, Ахмедияр батырды,
Хиуаз, Мәншүк батылды,
Қаһармандарын тапқан жер,
Қасым, Абдолла ақынды,
Арқасынан қаққан жер.
Еуразия кіндігі,
Бар әлемнің түндігі,
Күннің алтын кірпігі
Шұғыла нұрын жаққан жер.