Қазақ шәй ішуді қашан үйренді?

Мира КУТУШЕВА, 

Бөкей ордасы тарихи-музей кешенінің экскурсия жүргізушісі

Қазіргі қазақ тұрмысын шәйсіз елестету қиын. Бірақ қазақтың шәй ішу дәстүрі қай уақыттан басталған? Бұл  жөнінде  тарих  не  дейді?

ХVІІІ ғасырда Еділ мен Жайық арасында пайда Ішкі қазақ ордасында, яғни Бөкейлікте 1832 жылдан бастап «Хан жәр-меңкесі» ұйымдастырыла бастады. Жәрмеңке алғаш Ордада (қазіргі Хан ордасы ауылы) ұйымдастырылып, мемлекет қа-зынасынан 56161 сом қаржы бөлінді. Оған 316 сауда нүктесін біріктірген 12 үлкен корпус салынып, ол жылына екі рет – көк-тем және күз айларында жұмыс жасаған. Жәрмеңкенің арқа-сында Хан ордасы тоғыз жолдың түйіскен торабына айналып, Ресейдің орталық қалаларынан, Хиуа, Бұхар хандықтары мен Қырымнан ірі саудагер-көпестер ағылды. Қазақтардың төрт түлік малы айырбас саудаға салынып, түйе, қой жүні, мал терісі, ешкінің түбіті, әсіресе, мал өнімдері, қымыз шұбат, құрт, ірімшік, қазы-қарта т.б тағамдары үлкен сұранысқа ие болса, орыс, татар саудагерлері өнеркәсіп өнімдерінің алуан түрлерін әкеліп, сауданы қыздырды.
Ал осы хан жәрмеңкесінде сауда-саттықпен айналысқан татар саудагерлері мен орыс көпестерінің қазақ өміріне әкел-ген жаңалығының бірі шәй еді. Олар шәй сатумен бірге оны дайындайтын ыдыс-аяқты, шәй ішетін дәмді-тәттілерін де әкелген. Бірақ бұл тауарлардың қымбаттығына байланысты кез келгеннің қолы жетпеген. Тек ауқаттылардың дастарқа-нында болған. Оған мысал – Бөкей ордасында 1844 жылы болған барон Бюлер старшын Ақболат Саңғырықовтың үйі-нен шай ішкен кезде алғашқы кесе шәйін қантпен ішкені, кейінгілеріне қант жетпей қалғаны туралы баяндайды.
Ғалым-этнограф, орыс географиялық қоғамының мүшесі Мұхамед-Салық Бабажановтың 1861 жылы «Северная пчела» басылымында шыққан «Қазақтың қазақтар жөніндегі жаз-балары» деген мақаласында: «Жәңгір хан саудамен және қандай да болмасын бір кәсіп түрімен айналысқан адамдарға айрықша рақымды болып, ілтипат жасап отырды. Негізінен, саудамен орыстар, татарлар айналысты. Олардың үлгісімен бірен-саран қазақтар да ептеп саудамен шұғылданатын бол-ды. Татарлардың қазақтарға таратқан тағы бір әдеті бар – ол шәйді едәуір көп пайдалану. Қазір Орда халқының жар-тысынан көбі шәй ішеді. Оның өзі көптеген адамның қолына түсе бермейді. Қарттар іздеп таппай, амал қанша, «үйреніп қалдық, бас ауырады» деп қатты қапаланады. Көңіл аударуға тұратын бір жағдай – Астрахан губерниясы Қызылжар уезін-дегі Екінші Каспий жағалауы өлкесінің қазақтары тақта шәй ішеді. Бұл әдетті олар сол маңдағы көшіп-қонып жүретін Күн-дария және Астрахан татарларынан үйренген, олар үшін шәй өте қажет сусын және тағам болып есептеледі» - деп жазады. Ал жаратылыстану ғылымдарының докторы, профессор Модест Яковлевич Киттары «Ішкі Қазақ Ордасындағы Хан Ставкасы» деп аталатын еңбегінде Хан жәрмеңкесінде сатылған шәй мен қанттың басты тауарлар қатарына кіргенін айтады.
Шәй қазақ халқының өміріне ХІХ ғасырда енген. Әдетте шығыс халқының көне қолжазбаларында шәй туралы: «Шәй – ғажап сусын, ішсең рухың көтеріледі, шаршасаң тынығасың, бойың жеңілдейді, басыңа жаңа ой келеді, өмірде кездесетін қиыншылықты жеңетін қуат береді» деп жазылған. Шынын-да да, оған әбден үйреніп қалған қазақтар қонақ келсе, ең ал-дымен, самаурын қойып, шәй даярлайды. «Шәй, ішсең көңі-лім жай, шәй болмаса, неғылар едім, апырай» деп, күні бүгін-ге дейін шәйді қып-қызыл етіп құйдыратын халқымыз, «са-маурынды жыққанша, орамалды сыққанша» ішеді.
Ал Бөкей ордасы тарихи-музей кешені қорында шәйға қатысты қолданатын тұрмыстық бұйымдардың түр-түрі сақ-талған. Көненің көзіндей болған бұл жәдігерлердің тарихын оқырман қауымға таныстыруды жөн көрдік.
Шәй дайындауда ең маңызды қолданыста болған самау-рын – көшпелі ғұмыр кешкен ата-бабаларымызға мүлтіксіз қызмет еткен тұрмыстық бұйым. Жалпы оның шығу тарихына көз жүгіртер болсақ, самаурын Ресейде ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында пайда болыпты. Алғашқы самаурындар Тула қаласында жасалған. Бөкей ордасы тарихи-музейі қорында Ұлы Отан соғысының ардагері Темірғали Қарашевтың 1983 жылы тапсырған, штамп соғылған цилиндр тәрізді самаурын сақтаулы. Оның алдыңғы жағында «Самоварная фабрика Василия Сергеевич Котырева, он же Баташев в Туле» деп жа-зылған, уақыты мен қала аты бар он екі медальдің суреті таң-баланған. Ал Басқұншақтан әкелінген самаурынның қақпа-ғында «Фабрика Б.Г. Тейле Сми в Туле» деп жазылған. Сон-дай-ақ 2014 жылы қорымызға түскен никельмен қапталған 1896 жылғы жез самаурын да әйгілі В. С. Баташевтардың фабрикасынан шығыпты. Яғни бұл самаурындардың барлы-ғы атақты самаурындардың отаны – Тула қаласында жасал-ған екен.
Шәй құралдарының бірі – құмандар да ертеректе кең қолданыста болған. Кей жерлерде құманды шәугім деп атай-ды. Кешен қорында ХІХ ғасырлық ақ металдан жасалған, сондай-ақ Храпунов фарфор зауытынан шыққан құмандар бар. Шәй ішу кезінде шәйді кәрлен, фарфор, фаянс кеселерге құйып берген. Мұндай кеселер қымбат тұрғандықтан, олар-ды көбіне қонақтарға ұсынған. Хан сарайының шығыс бө-лігіндегі экспозицияда ХІХ-ХХ ғасырда М. С. Кузнецов фар-фор-фаянс фабрикасынан шыққан бокалдар да сақталған. Сондай-ақ еуропалықтардың шәй ішетін стакандары мен стакан салғыштары да бар.
Қазақ халқы көшіп-қонып тұрмыс кешкендіктен, ыдыс-аяғының бүтіндігіне айрықша мән берген. Сол себепті көшу кезінде қай нәрсені болмасын, сынудан сақтау үшін әр ыдысқа лайықты басқұрдан, былғарыдан кесеқап тіккен.
Қазақтар шәйға сүт, қаймақ, кілегей қатып ішкен. Әсіресе түйе сүті қою, нәрлі болады деп дәмін қош көрген. Қазіргі кез-дегідей ол уақытта да сүтті арнайы ыдыстарға құйып, үстелге шәймен бірге әкелген. Әр адамның өзі ұнататын мөлшерде сүт салып ішуге арналған мұндай ыдыстар сүтқұйғыштар деп аталған. Музейдегі фаянстан, фарфордан жасалған сүтқұй-ғыштар да келуші қонақтардың айрықша қызығушылығына ие дүниелер.
Шәйді дәмін келтіріп, баптап, қантпен, кептірілген өрік-пен, мейізбен, ал оған қолы жетпегендер малта құртпен, кей жерлерде май салып та ішкен. Шәй ішкенде тататын тәтті-лерінің бірі қантты қантсалғышқа салып, кесек-кесек шекер-лерді ұсақтау үшін қантшаққышты қолданған. Сондай-ақ қазақтар сол кездердің өзінде шәйді салатын арнайы шәй сандықшалар қолданған. Қордағы көне екі шәй сандықшаны жерлесіміз марқұм Софья апай Тажетдинова 1982 жылы тапсырса, 2013 жылы Бөкей ордасы тарихи-музей кешенінің қызметкерлері Хамитова Бәдигүл, Құтманбаева Ғалия апайлар әжелерінен қалған көне шәй қорапшаларын әкеліп, музей қорын толықтыра түсті.
Бөкей ордасы тарихи-музей кешені экспозициясында 1980 жылдары ауылымыздағы ескі үйлердің бірінің төбесі-нен табылған, қаңылтырдан жасалып, түрлі-түсті бояумен әрленген саудагер Никита Понизовкин және ұлдарының Хан ордасында ашқан шәй сауда үйінің жарнамалық тақтасы бар. Онда шәйдың түрлері мен құны жазылған. Бұл Ордада арнайы шәй саудасымен айналысатын дүкен жұмыс жасағанын, оның сыртында қазіргі кездегідей сәнделген тақталар болғандығын айғақтайды.
Тарих сырын ішіне бүккен бұл құнды жәдігерлердің әрбі-рі – Бөкей ордасы халқының өмірінен сыр шертетін алтын қа-зынамыз. Яғни ол – ғасырдан-ғасырға мұқият сақталып, ұр-пақтан-ұрпаққа беріліп отыратын еліміздің мұрасы. Бұл бұйымдарды көзіңізбен көргіңіз келсе, Бөкей ордасы тарихи-музей кешеніне қош келдіңіз!

Қаралым саны 2576

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463