Керуендер ізімен

Айбек ТҰРАРҰЛЫ,
Атырау облысы тарихи-өлкетану мұражайы археология ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі

Қазақстандық археология тарапы-нан Атырау облысы аумағы жеткіліксіз зерттеліп келеді. Кәрі Каспийдің сол-түстік жағалауын барлау жұмыстары 1970 жылдан басталыпты. 1975-1983 жылдар аралығында КСРО ҒА Археоло-гия институтының Орал-Еділ бойы экс-педициясы Л. Галкиннің басшылығы-мен облыс аумағында барлау, қазба жұмыстарын жүргізсе, 1989 жылдан бері Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының Батыс Қазақстан архео-логиялық экспедициясы З. Самашевтің жетекшілігімен археологиялық зерттеу-лер жүргізді. Осы аталған экспедиция-лар нәтижесінде неолиттік, қола, ерте темір дәуірінің және ортағасырлық ке-зеңнің ірі ескерткіштері анықталды. Ар-хеологтар отырықшы мәдениет орта-лығы болған үлкенді-кішілі бірнеше қа-ла, қоныстар мен мекендерді тапқан соң бұрын «көшпенділер елі» деп кел-ген жерімізде отырықшы мәдениеттің болғандығына көз жеткіздік.

Әрине, біздің аймақта отырықшы мәдениет Оңтүстік Қазақстандағыдай өркен жаймаса да, белгілі бір уақытта гүлденіп, жоғары деңгейге жеткені рас. Оған соңғы жылдары тұрақты жүргізі-ліп келе жатқан Сарайшық (N 47° 30, 456'; Е 51° 43, 114') қаласының қазба жұмыстары дәлел бола алады. Зерттеу жұмыстары көрсеткендей, Сарайшық Ұлы Жібек жолы бойындағы мәдениет пен өнердің ордасы болды. Сол арқы-лы Батыс Қазақстанның көшпелі тұр-ғындарына Ұлы жол бойындағы елдер-дің жоғары өркениеті белгілі бір дәре-жеде өз ықпалын тигізді. Л. Н. Гумилев-тің пайымдауынша, керуен жолдары-мен тек тауар емес, сонымен бірге «үз-дік ақыл-ой жетістіктері, озық идеялар, жүйелер, тұжырымдамалар» ағылған. Оны ислам дінінің, архитектуралық және қолөнер дәстүрлерінің таралуы-нан көруге болады. Бұл туралы өте көп айтылып та, жазылып та келеді.
Б.з.д. I мыңжылдықтың орта шенін-де болған көне сүрлеу, Геродоттың жаз-баларында айтылатын «далалық скиф жолы» кейіннен Батыс өркениеті мен Шығыс мәдениеті арасындағы күрета-мырға айналады. Бұл жолға 1877 жылы жарық көрген «Қытай» атты еңбегінде неміс географ-ғалымы Фердинанд фон Рихтгофен «Ұлы Жібек жолы» деген географиялық атау бергені мәлім. XVII ғасырдың басында дүниежүзілік теңіз жолдарының ашылуынан теңіз саудасы тез өріс алып кетеді де, құрлықтық кер-уен жолдарының мәні азая бастайды. XIX ғасырда екі мың жылдан аса тарихы бар Ұлы Жібек жолының дәурені өтіп, тарих қойнауына кетті.
Осы әйгілі керуен жолының «Ноғай жолы» атанған бір тармағы Атырау өңі-рі арқылы өткен. Жолдың бұл атауы Алтын Орда империясы ыдырап, бірне-ше мемлекетке бөлініп, соның бірі XV ғасырда Ноғай Ордасының құрылуы-нан кейін шыққан болса керек. Ол кез-де Еділдің төменгі ағысынан Арал теңі-зіне дейінгі аймақта көптеген ноғай ру-лары еркін көшіп-қонып жүрген. Бұлар кейіннен Орда ыдырағанда Кіші Жүз-дегі қазақ руларының негізін қалағаны белгілі.
Орыс география қоғамының негізін салушылардың бірі – А. И. Левшин кер-уен жолы туралы «Сарайшық бекінісі-нен Хиуаға дейін Арал мен Каспий теңіз-дерін бөліп тұрған мойнақ арқылы өте-тін бірнеше жол бар. Соның ішінде ең жақсысы – ескі Ноғай жолы. Ол Тентексор соры мен Білеулі жазығы арқылы Сағыз өзенінен Ұзынтам деп аталатын көне бекініс құландысы маңындағы өт-келден өтеді. Сағыздан әрі Қайнар тау-лары арқылы асып, Жем өзенінен Бақашы әулие қорымы маңындағы өткелден өтеді. Жем өзенінен әрі Үшаққан деп аталатын тұщы судың қайнар көзіне барады, бұл маңда да құланды орындары жатыр.
Үшаққаннан немесе Ұшқаннан Жезді тауы жанымен жүріп, тауды сол жағына тастай отырып, Үстірт қыраты-на көтеріледі...
Үстірт үстімен бұл жол Шам неме-се Сам құмдарынан Айдабол, Ақтөбе және Құрқұрық құдықтары арқылы Үстірттен түскенге дейін немесе Айбөгір жазығына дейін еш қатерге соқпай өтіп кетеді...
...Үстірттен түсісімен барлық кер-уен Үргеніш құландысына, одан әрі Хиуаға келеді, осындай жолды 25 не-месе 26 күнде еңсереді» деп жазған өзінің 1832 жылы Санкт-Петербургте шыққан «Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей» атты кітабында. Левшин бұл жолдың Қайнар тауы тұсынан шығысқа кететін екінші тармағын, Жем өзенінен өткен-нен кейін бөлінетін үшінші тармағы бар екенін де таратып жазған. Ол 1335 жы-лы флоренциялық көпес Франческо Балдуччи Пеголоттидің сапары осы бі-рінші жол арқылы өткен деп санайды.
2009 жылы қараша-желтоқсан ай-ларында бұрынғы «Атырау облыстық тарих және археология орталығы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны қызметкерлері құрамында Ұлы Жібек жолының Атырау облысы аумағынан өткен жерлеріне ұйымдас-тырылған экспедицияға қатысқан бола-тынмын. Бізге Сарайшықтан Үргенішке бағыт алатын жолды зерттеп шығу мін-деті жүктелді.
Экспедиция өз жұмысын оңтүстік-тен, Жылыой ауданындағы Ұшқан қо-нысынан бастап, көне керуен жолымен Мақат, Махамбет аудандары аумағы-мен өтіп, Сарайшықтың қазбасына де-йінгі жерді жүріп өтті. Осының нәтиже-сінде керуен жолы бойындағы қоныс-тар, құдықтар, қорымдар т.б. ескерт-кіштер зерттелді. Сонда анықталғаны – керуен жолдары негізгі тұщы су көзде-ріне, өзен өткелдеріне қарай бағытта-лып отырған. Осындай жерлерге кер-уен-сарайлар мен қоныстар салынып, үздіксіз ағылып, жол азабын тартып келе жатқан керуендерге қызмет көр-сеткен.
Жоғарыда А. И. Левшин жазғандай, бүгінгі күні Атырау облысы аумағында екі керуен-сарайдың құландысы бел-гілі. Оның бірі – Ұшқан қорымы (N 46º35,095'; E 54º30,604') орнындағы қоныс. Қоныстың солтүстік-батысында жер астынан шыққан бұлақ суы ағып жатыр. Бұл қоныстың үстінде ірі қорым орналасуына байланысты ескерткіштің негізі бұзылған. Мұны кейбір бертінгі бейіттердің ортағасырлық қыш кірпіш-тен тұрғызылуынан байқауға болады. Яғни ортағасырлық ғимараттардың құ-ланды кірпіштерін қайта пайдаланған. Қыш кірпіштердің көлемі – 23×22×7 см. Қоныс орнында ортағасырлық ескерт-кіштерге тән қыш ыдыс сынықтары, ірі және ұсақ мал сүйектері кездеседі. 1367 жылғы ағайынды Пициганилердің картасында осы аудан шамасында ірі қала Трестаго белгіленген. Одан басқа, XIV ғасырдағы итальяндық карталарда Каспий теңізінің солтүстік, солтүстік-шығысында Лайете (Ақтөбе-Лаэти), Конниликари (?) қалалары көрсетілген.
Екінші керуен-сарай – Сағыз өзені-нің сол жағалауындағы Таскешу. Мұн-да 2008-2010, 2012-2014 жылдары қаз-ба жұмыстары жүргізіліп, біраз мате-риал жинақталды. Қазба жұмысы жө-нінде түрлі семинар-конференциялар-да баяндама жасалып, БАҚ-та мақала-лар жарияланып жүр.
Таскешу керуен сарайы (N 47º34,466'; E 54º03, 545') көлемі 30×30×5 см және 30×15×5 см-лік қыш кірпіштен тұрғызыл-ған. Бұл ескерткіштен әзірге табылған ең ерте тиындар – 1311-1341 жылдар аралығында Алтын Ордада билiк құр-ған Мұхаммед Өзбек ханның соғылым-дары. Сондай-ақ Жәнібек ханның (1342-1357) Сарай-әл-Жәдидте, Тоқтамыс хан-ның (1380-1406 ж.) Қажы-Тарханда со-ғылған тиындары кездесті. Археология-лық қазба жәдігерлерінің ішінде тиын-дар барынша дәл мәлімет беретінін ескерсек, ескерткіштің тұрғызылу уа-қытын XIV ғасырдың басы деп белгі-леуге болады. Тарихи-археологиялық деректер Өзбек ханның кезінде Алтын Орда мемлекеті тұрақтылық пен гүл-денудің ең жоғары деңгейіне жеткенін көрсетеді. Археологиялық зерттеулер-де осы заманда жаңа көптеген қала-лар, сауда жолдарын қосатын керуен-сарайлар бой көтергенін көрсетіп отыр. Ал, 922 жылғы Ахмад ибн Фадланның Бағдадтан Бұлғарияға саяхаты кезінде бұл жолдың керуен-сарайлармен қам-тылмағаны белгілі. Сондықтан керуен-сарайдың хронологиялық уақытын ал-тынордалық және ноғайлы-қазақ за-манына жатқызуға болады. Ескерткіш-тің басты ерекшелігі – түгелдей қыш кірпіштен тұрғызылған, ал мұндай ор-тағасырлық ғимарат Батыс Қазақстанда өте аз.
Осы екі керуен-сарай орналасқан Ұшқан мен Таскешу ортасында, Жем өзенінің солтүстік жағындағы Сарықұмақ жазығында Қызылқорған қаласының (N 47º11,217'; E 54º14,924') құландысы бар. Қаланы айнала шикі саз кірпіштен қамал соғылған, төрткүл пішіндес. Қамал құ-ландысының көлемі шамамен 400×400 м, биіктігі – 2 м. Өңіріміздегі алтын-ордалық қалаларда қамал салынбаға-нын ескерсек, бұл ескерткіш кейін, Алтын Орда мемлекеті ыдыраған, жау-гершілік кезеңде тұрғызылған болуы мүмкін. Қала қақпасының орны бай-қалмады. Қала ішіндегі құландылар ма-ңынан ортағасырлық қыш ыдыс сынық-тары кездеседі. Олар күлгін, сұр және қызыл түсті, ангобталғаны да бар. Қала ортасындағы құландының үстінен терең-дігі 2 м шурф қазылды. Жер бетінен 0,50 м тереңдікте ғимарат қабырғасы ашылды. Қабырға сұр түсті шикі саз кірпіштен қаланған. Кірпіштің көлемі – 36×21×10 см. Қабырғаның төменгі қа-тарлары 0,67 м-ден 1,80 м тереңдікке дейін қызғылт-сары шикі кірпішпен қаланыпты. Бұл кірпіштердің көлемі – 38×38×12 см. Одан төмен қаланың мәдени қабаты, яғни адам іс-әрекеті-нің іздері кездеспейді.
Бұл ескерткіштен оңтүстік-батысқа 5 км-дей жерде, Жем өзенімен екі ара-да биіктігі 4-5 м шамасында төбе бар (N 47º08,834'; E 54º12,927'). Осы төбе үстінде де ортағасырлық қыш кірпіш сынықтары жатыр. Аздаған қыш ыдыс сынықтары да бар. Осыған байланыс-ты бұл жерде ғимарат орны, мүмкін қа-рауыл мұнарасы орналасқан болар деп ойлаймын.
Керуендер негізгі су көздерінің ара-ларында, терең қазылған құдықтарға аялдап, қонып отырған. Бұл құдықтар жерасты суларымен толығып отыра-ды. Құдықтар шөлейт далада керуен-дер үшін нағыз құтқарушы қызметін ат-қарады. Ұшқан мен Жем өзені арасы-нан экспедиция мүшелері мұндай құ-дықтарды кездестіре алмаса, Қойқара құдығы Жем мен Сағыз өзендері ара-сында, Қойқара тауының оңтүстік-батыс етегінде қазылған. Қазіргі кезде құдық-ты жаңалап, қабырғаларын темірбетон сақиналармен бекіткен. Құдықтың суы тұщы, оны жақын жердегі мал шаруа-шылығымен айналысатын шаруа қожа-лықтары әлі де пайдаланып отыр.
Сағыз өзенінен Жайық бойындағы Сарайшық қаласына дейінгі аралық бір-неше құдықпен қамтылған. Солардың бірі – Білеулі құдығы (N 47º43,498'; E 53º12,772') тұщы су көзі ретінде сауда-керуен жолы бойында ежелден белгілі. Мақат кентінің солтүстік-батысында, 13 км қашықтықта орналасқан. Айналасы-ның бәрі сортаң болғанына қарамастан, тұщы су өндіріп тұр. Тереңдігі 5 м-дей, өнімділігі сағатына 150 л болатын бұл құдықты қазіргі кезде де жергілікті адамдар пайдасына жаратып отыр. Бұл құдықтың оңтүстік-батыс жағындағы төбеде Білеулі қорымы орналасқан. Осы Білеулі қорымының шығыс жағында ор-тағасырлық қызыл және сұр түсті қыш ыдыстардың сынығы көп ұшырасады.
Доссор кентінен солтүстікке 10 км жердегі Байбақты ата қорымы (N 47º37,562'; E 52º57,361') маңында да тұщы сулы құдық орналасқан. Бұл жер-де аруақты батыр, шеркеш Байбақты Қармысұлының мазары орналасқан. Жергілікті адамдар бұл жерді қасиетті санап, зиярат етуге жиі келеді. Құдық-тың суын шипалы санайды әрі оны ем ретінде пайдаланады.
Одан әрі керуендер Жамансор со-рының оңтүстігімен жүріп отырған. Жыңғылды қыстауына (N 47º30,333'; E 52º23,023') дейінгі 40-45 шақырымдай аралықта оларға тұщы су көзі кездес-пейді. Тарихи деректерге қарағанда, сор шетіндегі Жыңғылды аумағында құдық болған. Бұл жерден құдықты не-месе оның орнын іздегенімізбен, ол нәтижесіз аяқталды.
Жыңғылдыдан Күліш құдығына де-йінгі аралықта қыстақтар тығыз орна-ласқан, бұл жердің шөбі қалың, топы-рағы құнарлы, сор кездеспейді. Күліш құдығы (N 47º33,524'; E 51º53,333') Сарайшық қаласы тұсында, Жайық өзе-нінің арғы бетінде, 14 км қашықтықта орналасқан. Бұл жерде бірнеше ескі құдықтың орны байқалады. Олардың бәрі көп жыл бойына пайдаланылма-ғандықтан, көміліп қалған. Бұл жердегі малшылар қазіргі кезде суды Жайық өзенінен тасып пайдаланып отыр.
Экспедиция өз жұмысын ортаға-сырлық Сарайшық қаласының қазба орнында, сол жердегі «Хан ордалы Сарайшық» мемориалды кешенінде аяқтады. Жүріп өткен жолымыздың бойында көптеген қорым кездесті. Со-ған қарағанда, кезінде көптеген ауыл-дар керуен жолы бойына шоғырлана орналасқан болса керек.
Сондай-ақ осы бағытпен жүрген керуендер Тентексор, Жамансор сияқ-ты ойыс, су жиналатын сор жерлердің жиектерімен жүріп отырғандықтан, жа-уын-шашынды маусымдық кезеңдер-де, өзендер тасығанда және Каспий теңізі деңгейінің регрессиясына байла-нысты маршрутты өзгертіп тұруы да мүмкін екенін есте ұстаған жөн.
Сарайшықтан батысқа қарай бара-тын керуен жолдары осы күнге дейін жөнді зерттелмей келеді. Нарын құмы-ның алып шағылдарын кешіп өтіп, Еділ бойына жеткен керуендерге қызмет көр-сеткен керуен-сарай орындарының әзірге бірде-біреуінің нақты координа-ты жоқ. Сарайшық қаласынан Батысқа 4 жол шыққаны белгілі. Оның біріншісі солтүстікке бағытталып, Жайық өзенін жоғары жағалап жүрсе, екіншісі Жайық-тың ағысымен оңтүстікке, Ақтөбе-Лаэти қаласы арқылы Каспий айдынына бағыт алатын теңіз жолы болған. Үшінші жол Нарын құмының оңтүстігін жағалай оты-рып, Қажы-Тарханға баратын құрлық жо-лы болса, төртіншісі – Сарай-әл-Жәдид пен Сарай-әл-Махрұсса қалаларымен арадағы жол, ол Нарынның жал-жал құмдарын кешіп өтеді. Соңғы айтылған жол Алтын Орда кезіндегі ең маңызды-сы болғанымен, құмның қатал әрі құр-ғақ табиғаты бұл ауданда қала, қоныс-тардың дамуына кері әсерін тигізсе ке-рек. Соған қарамастан, кезінде бұл жолдағы құдықтар мен керуен-сарай-лар саудагерлердің еш кедергісіз жү-руін қамтамасыз етіп отырған. Өйткені ортағасырлық жазбалардың бәрінде керуендердің бұл аралықты өте қысқа уа-қыт ішінде, шамамен 8-12 күнде өтіп шығатынын жазған. Бұл аралық-тағы мекендер көптеген зерттеуші еңбектерінде аталып өткенімен, қазіргі кезде дәл орны анықталмай отырғаны едәуір қиындық келтіріп отыр.
Жайықты жағалай солтүстікке ке-тетін жол бойында бірнеше ескерткіш орналасқанын айта кеткен жөн. Индер ауданының Құрылыс ауылы маңында Тасоба деп аталатын ортағасырлық қо-ныс орны бар болса, Есбол ауылы ма-ңында археолог Л. Галкин Старый Андрей деп атаған алтынордалық қо-ныстың орны жатыр. Одан әрі, Батыс Қазақстан облысындағы ортағасырлық Жайық қалашығымен аралыққа дейін әлі де талай қоныс-тұрақтардың топы-раққа көміліп жатқанына шүбә келтіру-ге, сірә, болмас.

 

Қаралым саны 1944

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463