1916 жыл оқиғасы

Сүйінші, ағайын! Қолымызға 1916 жылғы Июнь жарлығы, қазақ жігіттерін майданға алу кезіндегі оқиғалар жөнінде тамаша естелік түсті. Авторы – қазіргі Батыс Қазақстан облысы Қазталов өңірінің тумасы Тамимдар Сафиев. 1919 жылдары «Дұрыстық жолы», «Ұшқын» газеттерінің алқа мүшесі болған, Қарақалпақ АССР-ынде әдебиет саласында көп жыл еңбек етіп, өмірінің соңғы жылдарында Мәскеуде тұрған Тамимдар Сафиевке өмірбаяндық естелік жазуды қолқалаған белгілі ға-лым, қазақ тарихын жинақтауға бүкіл өмірін арнаған Мұстафа Ысмағұлов екен. Біз бұл екі тұлғаның өмірі мен қызметі туралы журналдың алдағы сандарында толық тоқталамыз.

Ал, төмендегі естелік Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өл-кетану музейінде сақтаулы тұрған М. Ысмағұлов қорынан алын-ды. Араб әрпімен жазылған, бірнеше дәптерден тұратын ес-телікті оқып, қазіргі әліпбиге түсірген – Бөкей ордасы тарихи-му-зей кешенінің ғылыми қызметкері Гүлмару Мырзағалиева.

1916 жыл
1914 жылы басталған жер жүзілік соғыс империяшылар соғысы көпке со-зылды. Соғыс лаңы 1916 жылға дейін ел арасында оншама сезілген жоқ сияқ-ты еді. Ел әдеттегі тұрмыс күнделікті қалпында еді. Бірақ осы 1916 жылы соғыстың зардабы сезілді. “Қазақтан солдат алады екен” деген хабар тарал-ды. «Ақ патша қазақтан жүз жылға де-йін солдат алмаймын деп ханға уәде еткен екен, сол жүз жылы толып, 4-5 жыл өтіпті, енді солдат алатын болып-ты» деген алыпқашпа сөздер жайды. Бұл лаңменен қатар 1916 жылы елге керек қайбір нәрсе-қара қымбаттады. 14 тиын тұрған талон 15-16 тиын бол-ды, тағы сондай қымбаттаған нәрсе-қаралар болды. Тағы бір заттардың ке-міс болып, жетпеуі басталды. Елден ба-сын кесіп, өлшеп мал алу болды. Бұ-рынғы күміс ақша орнына 15-20 тиын-дық марка шықты. Тағы-тағы сондай-лар болды. Бұл жағдай белгілі ел ара-сына түрлі өсек үшін хабарлардың та-ралуына, халықтың әр комиссияға құ-рақ тұруына (ұшуына – ауд.) алып кел-ді.
1916 жылғы Июнь жарлығы елге тым қатты тиген жарлық болды. Июнь жарлығы елдің зәресін ұшырды. 19 бен 30 жастардың арасы жігіттер соғыс майданының шебіндегі жұмысқа алы-нады деген хабар, әсіресе, жастарды қорқытты. Әкім-қара Қызыл үйге (ол уақытта болыс кеңсесі қызыл үй деп аталатын) жиналып, тізім алу бастал-ды. Істеп жатқан жұмыстарын тастап, бағып отырған малын қойып, 19-30 жас арасындағы жастар атқа мінді, лек-лек болып, топ-тобыменен ауыл, елді аралады. Елмен қоштасамыз деп қыдыру басталды, бірқатарлар бұл жұ-мысқа барудан қалай қаламыз, қайт-кенде құтыламыз деп, қалай бас қор-ғаудың шарасын іздеуге кірісті. Тізімге жазылмаудың шарасын іздеді.
Менің Орынборда оқып жүрген кезім, жаз ауылға келіп, үйде болған уақытым еді. Бір күні атқа мінген 20-30 атты Июнь жарлығы бойынша тізімге ілінгендер маған келді. Қатар-құрбы жігіттер маған «Неғып отырсың? Сол-дат болдық, соғысқа кететін болдық. Жүр, атқа мін. Елмен қоштасамыз, та-ғы басқа не шаралар бар, көреміз» десті. Тізімге іліккендер қатарында мен де бар едім. «Жақсы, мен де сізге қосыламын» деп, жігіттерге уәде бер-сем де, ауылымыздан 10-15 шақырым-дай жердегі Талөпкеге (қазіргі Қазталов селосы, Батыс Қазақстан облысы - DK) бардым. Болыстың әкімдері қызыл үйде емес, Талөпкеге жиналған екен. Тізім сонда жазылып жатыр екен. Азын-шоғын орысша жазу білетін едім. Мені де тізім жазуға отырғызды. Өзім-нің тізімге кіргенімді көрдім. Қалу ша-расы парасыз, тамыр-таныссыз бол-майтын түрі көрінді. Сөйтіп, ауылға қайттым. Енді бас қорғаудың шарасын көрмекші болдым. Орынборға барып, мектеп арқылы отсрочка ала аламын ба, қалай болады деп соны ойладым. Бұл Орынборда татар медресесінде оқып жүрген кезім еді. Ағайын-туыс-қандармен кеңесіп, август айының ішінде Орынборға жүріп кеттім. Бұл бір жағынан қашқын болғаным еді.

Орынборда
Ол кезде Орынборда «Қазақ» газеті шығады, редакторы – Ахмет Байтұрсынов, қызметкері Міржақып Дулатов, бұлармен таныстығым бар еді. Орынборда оқудағы шәкірттер бо-лып жұма күндері редакцияға барып, «Қазақ» газетасын поштаға тапсыру, адресін жазу жұмыстарын істеп, жәр-демдесетін едік. Орынборда оларға барып, сөйлесіп көрдім. Майдан жұ-мысынан қалу жөнінде олардан мені тыныштандырғандай жәрдем болмады. Сөйтіп жүргенде бір күні қыста медре-седе бірге оқыған сабақтасым Кітабов деген бір татар жігітін ұшыраттым. Хал-жағдайды сөйлесіп, түсініскеннен ке-йін ол маған былай деді: «Менің жез-дем осы Орынборда қазынаға (әскер-ге) ет тапсыратын болып договор жаса-ды. Қаланың шетіндегі бір бойняны (мал соятын) арендаға алды. Соған ра-бочийлар, қызметкерлер керек, оған жұмысқа кіргендер соғысқа майданға бармайды. Отсрочка беріледі. Мен со-ған жұмысқа жазылып, солдаттан уа-қытша қалатын болдым. Жүр, барып сөйлесейік, маған көмекші болып жұ-мысқа кір, отсрочка аласың» - деді. Айтқанындай, мені апарып, жездесі Уахидов деген байға таныстырды, жұ-мысқа орналастырды. 15-20 күн өткен-де Астрахан губернаторынан маған ал-ты айға отсрочка да келді. Енді көңілді бірлеп, жұмысқа кірістім. Енді бір ты-нышымды алған нәрсе мынау болды: тізімге кірген жігіттерден қашып кет-кендер болса, оның әкесін, ағайында-рын солдатқа айдайды екен деген ха-бар болды. Соның үшін жұмысқа орна-ласқанымды, отсрочка алғанымды, қай жерде екенімді айтып Талөпкеге, үйге хат жазып, хабар еттім. Кеңселер-ге білдірдім, сентябрьдің ішінде Талөп-кеде тұратын Мифтахиддин Уәли де-ген бір жолдастан хат алдым. Ол Тал-өпке елінің жағдайын былай суреттей-ді: «Ел жылау-сықтауда, әсіресе, еңбек-шілерге қиыншылық түсті. Астрахан, Ордадан адамдар (чиновниктер) кел-ді. Жергілікті правитель Мерәлі Қарабаев, оның төңірегіндегілер ойла-рына келгендерін істеп, елді зарлан-дыруда. Күні-түні арақ ішу, карта ой-нау, адам саудасы, пара алу болып жа-тыр. Карта ойынына ақша орнына адам (жігіт), банкіге адам қоятын бол-ды. Біреуі банкке бір жігіт қойдым де-се, енді біреуі мен бір жігіт жүрдім дейді. Жігіттің құны 200-ден 500 сомға дейін барды. Байлар балаларының ор-нына кісі жалдап жіберіп жатыр. Көбісі пара беріп, алып қалып жатыр. Елдің көз жасы төгілуде. Жігіттердің бірқа-тары жөнелтілді» деген.
Ал енді Орынбордағы жағдайға кел-сек, бұнда да Уахидов деген байдың саудасын көрдім. Айлық төлеп, рабо-чий алудың орнына, байға ақша төлеп, жұмысқа орналасушылар аз болған жоқ. Байлардың балалары Уахидов байға 100-200 сом төлеп, рабочий бо-лып кіріп жатты. Мен өзім тамыр-та-ныс арқылы 15 сом айлық (жалақы) алып, конторында жұмыс істедім.
Август айының ақыры, сентябрьдің бас шамасы болар деймін, Орынборда Торғай облысының бас көтерген ақса-қалдарының жиналысы болды. Жина-лысқа Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұхамедияр Тұңғашин қатысты, Торғай облысынан келген болыс стар-шина ақсақалдар келді. Жиналыс ашық, мен де бір тыңдаушы болып жи-налысқа кірдім. Жиналыста қаралған мәселе соғыстың кейініндегі қара жұ-мысқа адам беру, оны қалай ұйымдас-тыру, Июнь жарлығын қалай орындау болды.
Әлихан Бөкейханов сөз сөйлеп, Ресей халқының соғысқа қатынасын, бұл кездегі жағдайды айта келіп, со-ғысқа татар, башқұрт, тағы басқа ұлт-тардың қатынасын айтып, енді қазақ халқының да шетте қалуы қолайсыз, Отанымызды қорғау керек, майданға баруымыз керек деген сөздерді айтты, басқа бірқатар адамдар Әлиханның сөзін мақұлдады. Бірақ Торғай облы-сынан келген бір-екі ақсақал “Адам бе-ре алмаймыз” деп, өздерінің дәлелде-рін айтып өтті. Қысқасы, жиналыс адам беруді мақұл көріп, соны ұйғар-ды. Сонымен жиналыс тарады.
Бұрыннан «Қазақ» газетасының қызметкерлері, редактор Ахмет Байтұрсыновпен таныс едім. Оқып жүргенде «Ақас» деп үйіне барып жүр-ген уақыттарым да бар еді. Бір күні Байтұрсыновтың үйіне бардым. «Хош келдің!» - деп шайға отырғызды. Оның үйінде Әлихан Бөкейханов отыр екен. Ахмет мені Әлиханмен таныстырды. Бұрын «Қазақ» газетасында «Қыр ба-ласы» деген атпенен жазылған мақала-ларын оқысам да, Әлиханмен таныс-тығым жоқ еді, көрген де жоқ едім. Осы бірінші ұшыратуым болды. Орта бойлы, жалпақ бетті, нық денелі, ауыр сөзді адам екен. Әлихан менен Бөкей-де болып жатқан жағдайды сұрасты. «Жігіт беру қалай жүріп жатыр, елдегі азаматтар бұл іске қалай қарайды, Жәңгір ханның туысқан Шәңгерей князь не дейді екен, Бөкейхановтар-дың пікірі қалай екен» деп сұрасты. Мен Бөкейде болып жатқан жағдай-мен оншама таныс болмасам да, біл-генімді айттым, көргенімді білдірдім. Әлихан сол кездегі жағдайды сөйлеп, жігіттердің майданға кетіп (ж)атырға-нын айтты. Көзі ашық, оқыған азамат-тар да бару керек, өз ұлтының қамын ойлау керек, көптен қалмау керек деп сөздерін айтты, сөйтіп тарадық. Мен жұмысымда жүрдім. Орынборда шығатын «Қазақ» газетасын үзбей оқып тұратын едім. Бір күні газетада мына-дай хабарды (мақаланы) оқыдым. Ма-қалада қазақ рабочий партияларының майданға қара жұмысқа кетіп жатқа-нын, сол қазақ рабочийлардың бір бө-лігін земгор (Земский городской союз) деген ұйымының өз қарауына алаты-нын, ал сол қазақ рабочийларға бас-шылық еткендей, переводчик болған-дай қазақ жастарын сол ұйымның қыз-метке шақыратынын айтқан. Жұмыс жағдайы қолайлы, жалақысы жақсы делінген. Сол жұмысқа оқыған жастар, көзі ашық азаматтар баруы керек екені айтылған.
Сол газеттегі мақаланы оқумен Ахмет Байтұрсыновқа бардым. Ахмет Байтұрсынов жай-жағдайын толық тү-сіндірді. Ел азаматы қалмай, майданға жіберіліп жатқан уақытта көзі ашық, оқыған жігіттеріміздің шетте қалуы жөн емес. Көппен бірге болу керек, жұмысқа бару керек деп, менің ұлт-шылдық сезімімді жаман қыздырды. Өзіммен бірге оқыған Хайретдин Болғанбаев деген бір жігіт сол Орын-борда екен. Ахмет маған оның сол жұ-мысқа жазылып кеткенін, қазақшыл Хасенғали дейтін бір татар бар еді, оның да кеткенін маған айтты. «Сен де бар, солардан қалма» деді. «Мәскеуде шы-ғып тұрған «Сөз» газетасы бар, соның редакторы Гаяз Смақов деген бар, со-ған хат жазып, қолыңа беремін. Қазір Әлихан Бөкейханов та Мәскеуде, оның адресін беремін, Мәскеуге баруыңмен Болғанбаев жолдасыңды, қазақшыл Хасенғалиды тауып аласың, солармен бірге қазақ рабочийлардың ішінде бір-ге жұмыс қыласыздар» деді.
Қысқасы, мен земгорға қазақ ра-бочийлардың арасында жұмыс ету үшін баратын болдым. Енді қожайы-ным байменен есептесіп, жұмыстан шығатын болдым. Тез расчет алатын болдым.
Қожайыныма келіп расчет сұра-сам, ол маған: “Кетпе, кетсең қателесе-сің, «отсрочкаң» бар, енді саған не ке-рек” деді. Бірақ жігіттердің кетіп жат-қаны, Ахметтің сөзі, бірге оқыған жол-дасым Хайретдиннің кеткені, қызған ұлтшылдық сезім маған іркілуге жол бермеді. Қожайыннан расчет алып, жұмыстан шықтым.
Ахметке, Міржақыпқа келіп, Мәс-кеудегі «Сөз» газетінің редакторы Гаяз-ға арнап хат жаздырып алып, Әлихан Бөкейхановтың Мәскеудегі адресін алып, октябрьдің 15-тері шамасында Орынбордан Мәскеуге жүріп кеттім.
Мәскеуге келіп, адресі бойынша Әлиханды іздеп тауып алдым. Ол Орынбордан бұрын келген Хайретдин, қазақшыл Хасенғалидың қай жерде екенін біледі екен. Мені жетелеп, со-ларға алып барды. Сол күні жатып, ер-теңіне земгор ұйымының бастықтары-на барып сөйлеспекші болдық. Өзім алып барамын деген Әлихан бізді өзі алып барып, таныстырмақшы болды.
Мәскеуде
1916 жыл. Соғыс лаңы Мәскеуге азырақ тигені сезілді. Ерте тұрмасақ нан ала алмайтын болдық. Түрлі ке-ректердің кемістігі сезілді. Мәскеудегі ... «Сөз» газетасының редакциясына хатты тапсырманы Гаяздың кеңсесіне ертең кел дегені .... Кешегі уәде бойынша ерте тұрып, Хайретдин Болғанбаев, Хасенғали, мен үшеуміз Әлиханға бардық. Әлихан біздерді ертіп, земгордың кеңсесіне алып бар-ды, бір бастыққа кірдік, сөйлестік. Ол кісі “Сізді бүгіннен бастап жұмысқа кірді деп есептейміз, ертең келіп ақша аласыз, киім алуға қағаз береміз, соны аласыз, батыс майданда рабочийлар бар, соларға жібереміз, Минскіде біз-дің кеңсе бар, соның қарауында бо-ласыз” - деді.
Ертеңіне барып ақша алдық, офи-церлер магазині бар екен, соған ба-рып, қолымыздағы қағаз бойынша 100 сомнан пұл төлеп, мұздай киіндік. Кеңсеміз 100 сомнан жалақы беретін болды. Солай етіп Мәскеуде 5-6 күн болып, Минск қаласына жөнелдік.
Ноябрь айының бас күндерінде Минск қаласына бардық, ертеңіне земгордың ондағы ұйымына барып, документ қағаздарымызды көрсеттік. Бізді қабыл етті, документтерін тексе-ріп, «күте тұрыңыз» дегені. «Минскі-ден 70-80 шақырым жерде станса Молодежный бар, сол стансаға жақын қазақ рабочийлары бар, соған бара-сыз» деді. Солай етіп, Минск қаласын-да тағы 5-6 күн болып, Молодежный стансасына жөнелдік.
Соғыстың үдеп тұрған кезі, Моло-дежный стансасына немістер келіп алып, тағы кейін азырақ шегінген екен. Молодежный стансасына барып, вокзалға түстік, станса бұзылған, қи-раған көрінді. Молодежный стансасы-нан 7-8 шақырымдай жерде земгор ұйымының 7-дружина рабочийлары окоп қазу жұмысында екен. Сол 7-дружинада бір мың кісі қазақ рабочий бар екен. Белгіленген орнымыз сол қазақ рабочийлар тұрған 7-дружина еді. Молодежный стансасына барып түсіп, стансада телефон бар, сол телефонмен сөйлесіп, 7-дружинаның штабынан көлік сұрадым. Күн бойына стансада отырып, кеш-құрым қараңғы түскенде көлік келді. Түнде штабқа бардым. Штабтың бастығы ертеңмен мені көріп, сөйлесті. «Осы жерде 4-5 шақырымдай жерде мың адам қазақ рабочий бар, соларға барасың, ондағы рабочийлардың басында Берг деген деген уәкіліміз бар, Эмдин деген ... тағы басқа қызметкерлеріміз бар, сон-дағы уәкіліміздің қарауында істейсің» - деді. Қасыма бір адам қосты. Қалың тоғай орманның ішімен жаяу жүріп кеттік. Жолда баратқанымызда тас төбемізден немістердің екі аэропланы ұшып, екі бомба жерге түсті. Анадай жерден бұрқырап топырақ көтерілді. Менің зәрем қалған жоқ, дір-дір қал-тырадым. Бірақ қасымдағы жігіт “Қо-рықпа, бұндай бола береді” - деп мені жұбатты. 1916 жыл ноябрьдің 15-тері шамасында 7-дружинадағы қазақ ра-бочийлар партиясына бардым. Рабо-чийлардың басындағы Берг деген, Эмдин дегендермен сөйлестім. Қыз-меткерлер қатарында бір барақтан орын берді, орналастым. Ендігі жұмыс жұмыстағы қазақ рабочийлармен та-нысу, олардың жай-жағдайларын білу болды. Өзімді таныстыру болды.
Қазақ жігіттері Ақтөбе уезі (Торғай облысы) І-ІІ Бөрте болысының жігіттері екен. Бір мың жігіт бір партия рабочий болып келген екен. Жігіттердің ішінде орысша білгендері болмаса да, қазақ-ша сауатты оқығандары бар екен. Та-нысып болғаннан кейін жігіттердің ме-нің алдыма қойған мәселелері мынау болды.
1. Біз дін тұтқан халықпыз, бізге бес уақыт намазымызды оқуға уақыт берілсін. Намазымызды оқып беретұ-ғын молла берілсін.
2. Тазалық жағдайымыз жөндел-сін, доктор қарап, ауруларымыз бағыл-сын.
3. Ас-суымыз көпшілік кухнядан айырылсын. Өзімізге тиіс паек ауқатты өзіміздің белгілеген кісіміз тиісті жері-нен есептеп алсын. Өз кухнямызда өзі-мізден болған аспаздарымыз пісіріп, өзімізге үлестіріп беретін болсын.
Бұл 7-дружинада земгор ұйымы-ның уәкіл басшыларынан басқа рабо-чийларды қай жағынан болса да, ба-қылап басқарып отыратын әскери бір бөлім де бар еді. Онда бір взвод па, отделение ме әскер, 2 прапорщик бар еді. Бұл екі прапорщиктің біреуі Рябов деген тым қатал, айтқанға түсінбейтін, рабочийлардың жай-жағдайымен есептеспейтін қолайсыз адам еді, ал енді біреуі Александров, бұрын мұға-лім (учитель) болған жігіт, жақсы жай-лы жігіт еді.
Қазақ рабочийлардың жоғарыда сөз қылған талабын земгор уәкіліне, әскери бөлімшедегі прапорщиктерге айтып, сөйлестім. Мәселе қойдым.
Жігіттердің алдыңғы екі талабы көп сөз болмай-ақ орындалды, тез арада бес уақыт намазына уақыт бе-рілді. Жігіттердің өздерінің қалауы бо-йынша араларынан молла сайланды.
Күн сайын дерлік фельдшер я сес-тра келіп қарап тұратын болды, ауру-лары болса, айырылып балниске (больница – ауд.) алынатын болды.
Ал енді бірінші мәселе – ас-ауқат мәселесін шешу біраз қиынға соқты.
Бірақ тап сол кезде көп ұзамай Мәскеудегі земгордың орталық ұйымы-нан рабочийлардың жағдайымен та-ныспақшы болып екі адам келді. Олар-дың біреуі – татарлардың белгілі жазу-шысы Гаяз Смақов, екіншісі – татарлар-дың белгілі бір адамы Садри Максудов деген еді. Гаяз Смақов дегенмен оның жазған кітаптарын оқып, оның үстіне Мәскеуге алғашқы келгенімде Ахмет Байтұрсыновтың оған жазған хатын тапсырып, азырақ таныстығым бар еді. Гаязбен айырым оңашалап сөйлесіп, қазақ жігіттерінің жай-жағдайын айт-тым. Ас-ауқат мәселесін түсіндірдім. Орысша шала-шарпылау сөйлесіп, ті-лім жетіңкіремей жүр еді. Гаязға татар-шалап бәрін айттым.
Гаяз Смақов сол күні земгордың уә-кілі, әскери бөлімнің екі прапорщигі – бәрімізді өзіне шақырып алып, менің шеше алмай жүрген мәселем – асхана-ны айыру, паек, азық-ауқатты рабочий жігіттердің өздері белгілеген адам алып, өз арасынан аспаздары болу мә-селесін қойды. Бұл мәселе де жігіттер-дің өз талабына лайық шешілді. Жігіт-тердің ішінен паек, азық-ауқатты ала-тын адам сайланатын болды, жігіттер-дің өздері белгілеген аспаздары бола-тын болды.
Жігіттер өз арасынан паек, азық-ауқатты алатын уәкілдерін өздері сай-лап қойды, аспаздарын өз араларынан белгілеп, солардың қолында піскен ау-қаттарын жеп, ішкен астары бойлары-на тарағандай болды. Азық-ауқат ту-ралы наразылық жеңіл тарасылды. Мен бір тілмаш, қазақ жігіттері мен әкімдердің арасында бірінің сөзін бірі-не айтып, шала-шарпы білген тіліммен сөйлесемін. Күндіз бірден жұмыс істе-ген жерде болсам, кеште бірден ба-раққа барып, жігіттермен сөйлесемін. «Қазақ» газетін, «Алаш» газетін, «Ай-қап» журналын алдыратын болдық. Алып тұрдық. Жігіттер бес уақыт нама-зын оқиды (бұл бір демалыс қой). Май-дандағы жігіттерді ел де ұмытқан жоқ. 7-дружинадағы қазақ жігіттеріне арнал-ған вагон-вагон азық-ауқат келіп жат-ты. Жылқының сүр еттері – қазы, қарта, қарын-қарын сары май, тағы-тағылар. Бір-екі рет Минскіге барып, елден кел-ген азық-ауқатты алып қайттым. Жігіт-тер өзара бөлісіп алып жатты.
Бұратана бөлімі ұйымдасуы

Бір күні Минскіден бір уәкіл келді. Бұл Хусаин Бекентаев деген еді. Өзі Қостанайдың жігіті, студент. Бұл Минс-кіде ұйымдасқан «Бұратана ел» бөлімі (инородческий отдел) деген ұйымның уәкілі еді. Ол уәкіл қазақ рабочийлар-дың тұрмыс, жұмыс жағдайыменен та-нысу үшін жіберілген уәкіл екен.
Хусаин Бекентаев 2-3 күн болды. Қазақ жігіттердің хал-жағдайымен та-нысты. «Жұмыс, тұрмыс жағдайыңыз жақсы екен» - деді. Басқа дружиналар-да жағдай мақтанғандай емес дегенді айтты.
Намаз деп демалыс алғанымыз-ды, докторлық жәрдемді жақсылаға-нымызды, айырым кухня, бөлек азық пісіру, тағы сондайларымызды мақұл көрді. Жігіттермен де сөйлесіп, өзі де жағдайды түсіндірді.
Бекентаевтың бір хабары: земгор-дың қапталында инородческий отдел ұйымдасқаны, оның қазақ оқығанда-рының жігерімен болғаны, ол ұйым-ның жұмысы майдандағы қара жұмыс-қа алынған қазақ жігіттеріне жәрдем, олардың жұмыс жағдайын, тұрмыс ха-лін жақсарту екенін айтты. Бұл ұйымның басында Әлихан Бөкейханов отырғанын, оның төңірегіне қазақ зиялыларының (интеллигенция) жиналғанын, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Асфендиар Кенжин, Мырзағазы Есболов, Мұқтар Саматов, Хусаин Бекентаев, Бекмұхамбетов, тағы сон-дай-сондай оқығандардың келгенін, оқып жүрген студенттердің жиналға-нын айтты.
Міне, осындай жағдайда 1917 жылға кірдік. 1917 жыл февраль айы-ның соңғы күндері күнде келіп тұрған поштамыз жоқ болды, газета, хат кел-мей қалды. Патша тақтан түсіпті-мыс, жаңа патша болады-мыс деген ызың хабарлар жайылды.
Марттың екісі күні Берг деген бас-шымыз мені шақырып алып, «Минскі-ге барып қайт, газета жоқ, түрлі хабар-лар шығып жатыр. Газеталар алып кел» деді.
Мен марттың 6-сына дейін Минс-кіде болдым. Әлихан Бөкейханов ба-сында отырған Бұратана бөліміне бар-дым. Онда Әлихан, Міржақып, Кенжин, Есболов, тағы басқаларды көрдім. Әлихан менен жай-жағдайды 7-дружи-надағы қазақ жігіттерінің жағдайын сұ-расты. Бөкейхановтың қолында «Русс-кое слово» газетасы бар. Соны оқып кө-ріп, “Милюков, Шингарев, Ред(ван)ко-лар менің жолдастарым еді. Бәрі ми-нистр болып кетіпті. Мен бұл жерде не қылып отырғаным?” - деп сөз етті, күлді. 1917 жыл марттың 6-сы күні Минскіде үкімет митинг болды. Мен, Есболов, Міржақып үшеуміз митинг-демонстра-цияға қатынасайық, көрейік деп шық-тық. Минскінің үкімет майданына бар-дық. Майданда митингі болды. Батыс майданның командующийі Алексеев-тің бұйрық тақырыбы оқылды. Патша-ның түскені айтылды, жарияланды.
Бір кезде қызыл жалау көтерген топ-топ болып, адамдар майданға ке-ліп еді. Мен онша көп нәрсені біліңкі-ремеймін ғой. Мырзағазы Есболов «Жүрің, жылдам кетейік, қызыл жалау-менен рабочийлар шықты, бір сойқан болады» деп алып кетті. Бірақ ешнәр-се бола қойған жоқ. Митинг тыныш тарқасты.
Кезекте тұрып, бірнеше газетті алып (барын), мен сол күні Молодеж-ный станциясына жақын жердегі орна-ласқан жұмыс орным – 7-дружинаға қайттым. Жұмыс тамам етті, қызмет жүріп жатты, майданда өсек сөз бас-талды.
1917 жыл апрельдің бас кезінде майданның кейінінде жұмыс ететұғын рабочийлар қайтарылады деген хабар болды. Бастығымыз бұл хабарды Уа-қытша үкіметтің жарлығы деп жария-лады. Бұл хабарды, қуанышты хабар-ды рабочий жігіттерге жеткізу, айту ке-рек болды.
Бұл хабарды естумен жігіттерді жинап, үлкен жиналыс қылып, солар-мен қатар отырып, жігіттерге қуаныш-ты хабарды айттым.
Жігіттер аса қуанды. «Ал енді қай-татын болсақ, соның садақамыз» деп молла мен екеуміздің алдымызға ақ-шаны үйіп салды.
Бірақ жігіттердің ақшаларын өзде-ріне қайтарып беріп, қуаныштарына ортақтастым, енді қалған аз күнге тәр-тіп сақтап, тыныш жұмыстарды істеу керек екенін айттым.
Қайту хабарын жігіттерге айтып жеткізумен бірге сол күні «Қазақ» га-зетінің редакциясына, Талөпкедегі бір жолдасыма телеграм арқылы хабар еттім.
Рабочийлардың қайтуына елдің қуанышы да үлкен болған. «Сүйінші» деп бірталай дүние жинап алғандар болған.
Елге қайту хабары болғаннан кейін жұмыста жүрген менің де қайтқым келді. Көп ойланбастан арыз беріп, 20 күнге демалыс (отпуск) алдым. Солай етіп отпускіге елге Талөпкеге қайтып келдім. Сол келгеннен қайтып земгор штабына барғаным жоқ. Мені іздеген адам да болған жоқ...

Қолжазбаны оқыған
Г. МЫРЗАҒАЛИЕВА

Қаралым саны 2058

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463