Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы – өнер мен мәдениет түгел тоғысатын ерекше кешен. Мұнда ақын Қадырдың музейі ашылып, ақынның әйгілі жеке кітапханасы қойылған. Сонымен бірге бұл жерде Қазақстанның Жазушылар, Композиторлар, Суретшілер одақтарының облыстық бөлімшелері орналасады. Айтыскер ақындар бас қосатын орын, балалардың шығармашылығына арналған үйірме бөлмелері, кітапхана, мәдени шаралар өткізілетін залдар бар. Сәулеті ерекше орталықтың алдында, ашық аспан астында бас қосуға арналған амфитеатрдың алғашқы қонақтары Құрманғазы атындағы академиялық қазақ ұлт-аспаптары оркестрі болды.
Ақынның Орал қаласындағы ескерткішін мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, жазушы Әбіш Кекілбаев, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді, Қадыр ақынның жұбайы Салтанат Мырзалиева, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Серік Тұрғынбекұлы мен Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев ашты.
– Қадырдың біліміне қарасаң, өзі ештеңе жазбағандай, өмірін тек оқуға арнағандай көрінеді. Ондай кезде Қадырдың өз кітаптарына үңілгейсіз. Жазғанда қандай – қараны қандырып, төрені төндіріп жазған оның кітаптары әлем классиктерінің қайсысымен де қатар тұра алады. Қадырды білмейтін қазақ жоқ. Шығармаларына ең көп сілтеме жасалатын үш автор бар. Оның бірі – халық, бірі – Абай, бірі – Қадыр. Осы үшеуінің сөзімен тұздықталмаған әңгіменің дәмі кірмейтіндей. Міне, сол Қадыр тарих төріне ешқандай дау-дамайсыз бейбіт аттап отыр. Ұлты ұлықтаған ақын мәңгі өмір сүрмек! – деді мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, жазушы Әбіш Кекілбаев.
БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында сөз алған облыс басшы-сы Нұрлан Ноғаев «Қадыр орталығы Батыс Қазақстанның мәдени Меккесіне айналсын!» деген тілегін айтты.
Мерейтой меймандарының қатарында мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов, «Өлке» баспасының бас директоры, жазушы Мереке Құлкенов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Қажығали Мұхамбетқалиев, ҚР Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Серік Тұрғынбеков, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын Темірхан Медетбек, композитор, жазушы, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері Илья Жақанов, танымал тарихшы-ғалым, республикалық ардагерлер ұйымы орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбай, ақын қыздар – Ақұштап Бақтыгереева, Айсұлу Қадырбаева, Дариға Мұштанова, жазушы, кинодра-матург Дидар Амантай, Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан, айтыскер ақын Мэлс Қосымбаев, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының жанындағы «Қаламгер-Медиа» орталығының директоры Жанарбек Әшімжан т.б. көптеген танымал тұлғалар болды.
Қадыр тойына орай ұйымдасты-рылған «Өлмес өлең» республикалық жыр мүшәйрасына еліміздің барлық өңірінен 40-қа жуық жас ақын қатысты. Мүшәйра қорытындысында оралдық Мадияр Төлеуов – бас жүлде, семейлік Біржан Ахмер – бірінші орын, астаналық Олжас Қасым мен қарағандылық Абай Ораз – екінші орын, алматылық Алпамыс Файзолла, жаңақалалық Алтынбек Ермекқалиев, оралдық Талғат Мықи үшінші орынға ие болды.
Қадыр Мырза Әлінің 80 жылды-ғына арналған мерекелік шаралар ақынның туған жері Сырым ауданында да өтті. Аудан орталығы Жымпитыда ақынның әдемі ескерткіш-мүсіні ашылды. Жымпитыдағы ескерткіштің авторы – мүсінші, Қазақстан Суретші-лер одағының мүшесі Өмірзақ Шанов.
Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі, Дәулеткерей атындағы халық аспаптар оркестрі, Ақжайық, Бөрлі, Теректі, Қаратөбе және Сырым аудандары өнерпаздарынан құралған 150 адамдық халық аспаптар оркестрі Жымпиты жұрты мен той қонақтарына өнер көрсетті. Әнші-сазгер Гүлнар Даукенова, «Өнер саласының үздігі» белгісінің иегері, дәстүрлі әндерді орындаушы Қайрат Кәкімов, халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпазы, дәстүрлі әндерді орындаушы Ерлан Рысқали, әнші Дастан Есентеміров және әнші, ҚР Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов сынды сахна майталмандарының өнерін халық қызыға тамашалады.
Кешкісін Жымпитыдағы орталық алаңда қазақ эстрадасының белгілі өкілі Ақылбек Жеменей бастаған әншілердің концерті өтті.
Қадыр ақынның тойына орай ұйымдастырылған ат бәйгесіне Батыс Қазақстан облысының Ақжайық, Қаратөбе, Бөрлі, Зеленов, Тасқала аудандарынан бөлек, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарының атбегілері ат қосты. Тоқ бәйге, аламан бәйге жеңімпаздарына жүлдеге бірнеше жеңіл көлік тігілді. Бәйге барысын елімізге танымал спорт комментаторы Есей Жеңісұлы баяндап тұрды. Қадыр тойының «Түйе палуаны» атағын сырымдық Сұңғат Махамбетов ешкімге бермеді.
Ақын Қадыр Мырза Әлидің 80 жылдығына арналған мерекелік ша-ралардағы ұйымдастыру шығындары-ның барлығы Сырым Датұлы атындағы қоғамдық қордың қаражаты есебінен өтелді. Бұл қор елге жанашыр азамат-тарға ерекше алғыс айтады.
Суреттерді түсіргендер:
Бауыржан Ширмединұлы,
Темірболат Тоқмамбетұлы, Медет Досумов,
Рафхат Халелов, Мейрамбек Рахматуллин.
Орал – Жымпиты