Ерліктің арқауы, елдіктің бастауы

Қазақстан – біздің аумағымызда дәуірлеп өткен сақ, үйсін, ғұн және басқа да этникалық қоғамдастықтар мен мемлекеттік құрылым-дардың  мұрагері.
Н. Ә. Назарбаев

Қазақ хандығы – халқымыздың тұңғыш мемлекеттік құрылымы, мәңгілік қазақ елінің тарихи тұғыры. Сол тұғыры биік хандықтың құрылғанына бүгінде 550 жыл толып отыр. Бұл жылдар – бүгінгі Қазақстанның өткенінен сыр шертер, тарихын танытар ақиқат пен аңызға айналған жылдар.

Еліміз тарих толқынында шыңдалып, байтақ жеріміз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғалып, сарабдал хандардың саясаты мен ержүрек батырлардың ерлігінің арқасында тәуелсіздікке қол жеткізді.
Осынау ұлан-ғайыр даламыздың алып сахарасында Қазақ хандығы
ХV-ХІХ ғасырларда кеңінен қанат жайып, байтақ өңірді мекен еткен қазақ тайпаларының басын қосқан елдігіміздің бастауы болды.
Қазақ хандығының 550 жылдығы – қазақ елінің өткені, қазақ халқының тарихы. Сол тарихқа көз жүгіртсек, Керей мен Жәнібектен бастау алған қазақ хандықтарының құрылуы мен өрлеуіне, халқымыздың тұрмысы мен дәстүрлі мәдениетіне, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы» сияқты өзіндік заңдарына тоқталмай өтпейміз. Себебі бүгінгі ерлігіміздің арқауы мен елдігіміздің арқауы – Қазақ хандығы.
Иә, Қазақ хандығының тарихы тереңде жатыр. Қазақ тарихындағы қазақ хандығы, оның құрылуы мен нығаюы қазақ хандарының есімімен тікелей байланысты. 1458 жылы халық Керейді ақ киізге көтеріп, хан сайлады. Керей мен Жәнібек қол астындағы ру-тайпаларымен Шу бойына қоныстанып, Қазақ хандығының негізін салды. Өз қарсыластарын тықсыртып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған Қазақ хандығы ХVІ-ХVІІ ғасырларда нығая түсті. Орта Азия, Астрахан, Қазан, Сібір хандықтарымен, Ресеймен тығыз байланыс орнады. Қазақ жерін нығайтып, қазақтардың үстемдігін орнатудағы ерекше ұстанымдарымен Қасым хан, Хақназар хан, Тәуекел хан, Тәуке хандар елдің бірлігі мен бүтіндігін сақтады. Хандықтағы жоғары билік хан қолына шоғырландырылып, хан тағына отыруға үлкен ұлдың құқығы басым болды. Хандықта келіссөздер жүргізу, соғыс жариялау, бейбіт бітім жасау, заң шығару істері жүргізілді.
Мал шаруашылығы, егін шаруашылығы өрістеп, қолөнер, сауда-саттық дамыды. Сарайшық, Сауран, Сығанақ, Түркістан сияқты қалалары саяси, сауда және мәдени орталықтарға айналып, кемеліне келді.
Мұсылмандар қауымының қасиетті мекеніне, қазақ хандықтарының резиденциясына айналған Түркістанда Есім хан, Жәңгір хан, Абылай хандар жерленді. Ақын М. Жұмабаев «Түркістан» өлеңінде ер түріктің бесігі болған бұл қаланы қазақ хандығының аты мәшһүр астанасы ретінде кеңінен жырлайды.
Арыстан елге Отан болған Тұран,
Тұранда қазағым деп хандық құрған.
Қазақтың қасқа жолды Қасым ханы
Тұранның талай жерін билеп тұрған.
Әділ хан аз болады Назардайын,
Алашқа Есім ханның жолы дайын.
Тәукедей данышпан хан құрған екен
Қасында Күлтөбенің Құрылтайын.
Бұл Тұран ежелден-ақ алаш жері,
Тұрансыз тарқамаған алаш шері.
Тұранның топырағында
тыныштық тапқан,
Алаштың арыстаны – Абылай ері... – деп, Түркістан аймағында елі үшін ерен ерлік пен елдік танытқан қазақ хандарын тілге тиек етеді. Еңсегей бойлы ер Есім атанған «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы», «Қасым ханның қасқа жолы», жалпы қазақ хандарының заңдары мен билік жүргізу саясаты олардың нағыз реформатор екендігін танытып отырды. Тарихтан белгілі Хақназар хан да қырық жылдан астам уақыт өзінің атына лайық хақ, әділ хан болды. Керей мен Жәнібектен бастап, Тәуке ханға дейінгі аралықта қазақта он сегіз хан болса, Тәуке ханнан Кенесарыға дейін тағы да жиырмаға жуық хан болған. Бәрінің де өзіндік ел билеу тәсілі, дипломатиялық қарым-қатынасы, орасан зор рөлі болды.
Елді елдікке, ынтымаққа, бірлікке бастаған Қазақ хандығы заңдарының түп-төркіні қазақ халқында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келген әдет-ғұрыптық ережелерден шығып отырды. Бұқара халық арасында қылмыстың азаюын реттеп, әділ үкім мен шешім қабылданды. Мүлік заңы, әскери заң, елшілік жоралары, жұртшылық заңдары «Қасым ханның қасқа жолында» көрініс тапса, «Есім ханның ескі жолы» мен Тәукенің «Жеті жарғысында» толықтырылып, өзге-рістер енгізіліп отырды. «Әділ билік – алтын таразы» демекші, билік басындағы хан-сұлтандардың жанында қара қылды қақ жарған тура билер де өз үлесін қосқан кеңесші болды. Әйтеке, Төле, Қазыбектей билердің төрелігі халықтың елдік санасын оятып, ішкі, сыртқы саясатты реттеп отырды. Жан-жақтан анталаған елдердің шапқыншылығында тәуелсіздік үшін күрестер жиі болғанымен, ел бірлігі бүгінгі тәуелсіздікке жол салып келді. Осы жол біздің еліміздің жарқын болашағына мәңгілік нұрлы жол салып берді. Мен мұны былайша жырлар едім:
Қазағымның ар-намысын
таптатпаған,
Халқы үшін күндіз-түні жай жатпаған.
Ұлан-ғайыр жердегі хандық құру
Керей мен Жәнібектен бастау алған.
Көз салған жерімізге, елімізге,
Туын тікпек болғандар төрімізге
Хандардың қаһарынан қаймығатын
Кіруге дәті бармай жерімізге, - деп ойымды өлеңмен өріп, елімнің жарқын келбетін жырға қосуды перзенттік парызым деп білемін.
Иә, сол бабалар армандаған тәуелсіздік Қазақ хандығының мұрагері іспетті. Тәуелсіздік – халқымыздың бостандығы. Тәуелсіздік – халқымыздың сан ғасырлық күресінің нәтижесі.
Қазақ хандығының 550 жылдығының аталып өтуі – біз үшін ерекше тарихи оқиға. «Тарихын білмеген елдің болашағы да бұлыңғыр болады» деп, халықтың болашағы үшін тарихын таразылаған Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың батыл түрде осы ғасырлар қой-науындағы көне тарихты кең көлемде қайта жаңғыртудағы шешімі ұлт рухын көтеретін тағылымды бастама болды. «Мәңгілік еліміз барда қазақтың тарихы да мәңгілік» деп, жарқын болашағымызға нық сенім білдіреді. «Біздің тарихымыз – мақтан етуге лайықты, ерлік пен елдіктің тарихы» - деп, ұрпаққа ұран болар ұлағатты сөз айтты.
Асқақ Астанамыздың төріндегі Керей мен Жәнібектің ескерткіші, Есіл бойындағы Кенесары хан ескерткіші, Алматыдағы Абылай хан ескерткіші тарихымызға, елдік дәстүрімізге, мәңгілік мемлекеттігімізге арналған мәңгілік белгі боп орнады.
Асыл текті, алмас тілді бабалардың арманы – бүгінгі бейбіт күнге дейін жетіп, Мәңгілік елге айналдық. Бұл – біз үшін ең қымбат асыл дүние. Осы еркіндікті, шындыққа айналған асқақ арманды, ерлік пен елдікті сақтау – біздің парызымыз.

Құралай КӘРІМОВА,
№34 лингвистикалық мектеп-
гимназиясының 9-сынып оқушысы,
Атырау қаласы

Қаралым саны 2358

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463