Піл бедерлі қалқан

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы – Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық музейінің экспозициясында келушілер назарына ұсынылған жәдігердің бірі – қалқан.

Қазақ жауынгерінің әскери қорғаныс құралдары, жалпы айтқанда, «жарақ» деп аталады. Жарақтар қатарына адамның денесін қарудан сақтайтын бірнеше зат кіреді. Біріншісі – денеге киіліп, қорғаныс болатын заттар тобы, олардың қазақ тіліндегі дәстүрлі атауы – «ер киімі». Ер киіміне жауынгердің басын, кеудесін, аяғын қорғайтын жарақтар жатады.
Қорғаныс жарағының екінші түрі – қолға ұстап қолданы-латын жарақ – қалқан. Бұл атау өзіне төнген қарудан қалқалап қорғану дегенді білдіреді. Яғни қалқан – шайқас кезінде найза, қылыш соққысынан, садақ оғынан қорғану үшін қолға ұстап қолданылатын қорғаныс жарағы.
Дәл осындай қалқанның әдемі үлгісі Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің Орал қаласындағы филиалы – Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық музейінде сақталған. Дөңгелек пішінді, шығыңқы, тұтастай металдан құйылып, соғу әдісімен жасалған қалқанның диаметрі – 35,4 см. Бетіндегі бейнелер мен өрнектер қаралау әдісімен салынған. Шетіне 2,5 см күмбез тәрізді бейнелер ай-налдыра жиектелген. Одан кейін 1 см-лік бота өрнегі шетінен ортасына қарай кішірейе беретін үш қабат шеңберді құрайды. Шетінен қарағанда бота өрнекті үлкен шеңберден кейін жүгіріп бара жатқан піл, тау арқары, жылқы, арыстан, сарышаян секілді аңдар мен құс, пальма ағашы бейнеленген жолаққа жалғасқан. Одан кейін ортада екінші бота өрнекті орташа шеңберден кейін диаметрі 2,5 см-лік 4 дөңес бекітілген. Бұл дөңестер төртбұ-рышты тәрізді орналастырылған. Әрбір дөңес 2,5 см биіктікте шығыңқы түрде орналасқан, бетінде күн шуағы өрнектеліп, шеттері күмбез бейнесімен жиектелген. Осы дөңестер ара-сында төрт піл бейнесі өсімдіктер реңімен қоса берілген. Дәл ортасындағы бота өрнекті кішкене шеңберде бүр жарған гүл бейнесін көруге болады. Қалқанның ішкі жағында дөңестер бекіген тұста диаметрі 2,3 см дөңгелек сақиналы бекіме қон-дырылған.
Бұл қалқанды музей қорына жеке кәсіпкер Жансейітова Айжан-Сара Бекжігітқызы 2008 жылы тапсырған. Құнды жәдігерді Айжан-Сараның жолдасы, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, «Жігер» сыйлығының лауреаты, қолөнер шебері, белгілі зергер Естай Даубаев Алматы қаласының тұрғыны Алексей Зотовтың коллекциясынан сатып алған екен.
Бұл қалқан ХVІІІ ғасырға жатады, Парсы, Шығыс елдерінен Ұлы Жібек жолы бойымен сауда- саттық арқылы келсе керек.
Қалқан тарихына үңілсек, қолға ұстап қолданылатын қорғаныс жарағы – қалқан байырғы көшпелі халықтарда б.з. д. І мыңжылдықта қолданыла бастаған. Адам баласы өзінің ұзақ тарихында қалқанның төрт бұрышты, дөңгелек, жарты цилиндр тәрізді, жүрекше, астауша т.б. түрлерін қолданған. Сақ тайпалары тал шыбықтарынан және ағаш тақталардан жасалған қалқан пайдаланған. Қалқанның бұл екі түрінде де ортасында қолға ұстауға арналған қайысбау бекітіліп, жұды-рықта ұстап қолданған. VІ-VІІІ ғасырлардағы түркі обаларынан (Аймарлыг) табылған қалқандар ағаш тақталардан құралып, жиектері металмен күшейтіліп жасалған. ХІІІ-ХІV ғасырларда тал шыбықтарынан жасалған қалқандар көшпелі халықтарда қайтадан қолданысқа енді. Тал қалқандар дөңгелек, конус формалы болып жасалып, жібек жіптермен оралып, әшекей-ленді, қалың теріден сомдалып та жасалды. ХІV ғасырда көш-пелі халықтардың қалқанының тұрақты формалары мен үлгілері қалыптасып бітті де, одан кейін онша өзгеріске ұшы-раған жоқ.
Қазақ жауынгерлерінің қалқаны – жалпы көшпелілерге тән шағын да жеңіл болды.
Қазақ қалқаны теріден және болат темірден жасалды. Тері қалқан бірнеше қабат теріден дөңес қылып сомдалып жасал-ды да, беті металл күмбезшелермен күшейтілді. Болат қал-қандардың да формасы дөңгелек, дөңес болды. Бұл қалқан-ның қайысбау бекітілген тұсында кішілеу, ортасында үлкендеу күмбезшелер орнатылып, беттері оюланып, алтынмен әшекей-леніп, Құран аяттары жазылды.
Қазақ халқы мен Шығыс халықтарында дөңгелек қалқан-дар кең тарады. Іш жағына тұтқамен бірге киізден, матадан, көн теріден кепіл салынған. Еуразиялық көшпелі халықтарда қорғаныс жарағының негізгі түрлерінің қалыптасуы б.з.д.
І мыңжылдықтың ортасынан басталады. Металл қалқанды ал-ғаш рет б.з.д. екі мыңыншы жылдарда ежелгі ассириялықтар пайдаланған екен.
Көшпелі халықтарда жауынгерлер қалқанды ұрыста арнаулы екі қайысбау арқылы қолда көлденең орналастыра ұстаған. Қалқанды ердің қасына іліп, не қанжығаға байлап жүрген. Кейде арнайы қайыс баулармен иыққа асқан. Ұрыс кезінде шегінген жағдайда артқа бұрылып, садақ тартатын сарбаздар қалқанды басынан асыра арқасына іліп, бекітіп алған. Ал бетпе-бет шайқаста батырлар қалқанды қолға ұстап соғысқан. Екі қайыс баудың біреуін білекке іліп, екіншісін қолға ұстаған. Бұлай ұстау әдісі жауынгерге қалқанмен қорғануда еркін қимыл жасауға және жоғарыдан, төменнен, алдан, арттан, оңнан және солдан тиетін соққылардың бәрінен бірдей жеңіл қорғануға мүмкіндік берді.

Қаралым саны 2525

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463