Дәуқара батыр

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

Орал қаласы

Кіші жүздегі байбақты руының ұранына айналған Дәуқара батыр басында ас берілетінін естіп, ол жерленген БҚО Қаратөбе ауданы Егіндікөл ауылдық округі аймағындағы Жігерлен елді мекеніне Орал қаласынан жол тарттық.

Бізді далалық жолға ыңғайлы, бауыры биік «Джип» автокөлігімен жеке кәсіпкер Амангелді Лұқпанов алып жүрді. Әжептәуір ұзақ жолға бір мақсатта шыққасын, ә дегеннен танысып, әңгімелесе бастадық. Амангелді ағамыз байбақты руының Әлтеке тайпасынан тарайтын Мамат бөлімінің ұрпағы екен. Жуырда ғана тындырылған сауапты іс – Дәуқара батыр қорымын қоршап, басына тақтайдай тегіс етіп өрнектас төсеп, бағалы материалдан белгі орнатуға қолұшын созған батырдың аталас ұрпақтарының бірі болды.
– Әлтекелер жиылып, қорым басында атқарылар құрылыс туралы ақылдасқанда алғашқы өлшеу жұмыстарына өзім баратын болып құлшыныс білдірдім. Әйткенмен күнделікті тіршіліктің ісі біте ме, келіскен уақыттан екі сағат кідірдім. Сонда да шаруаларым үйлесер емес. Жолға өзіммен бірге шығатын кісілердің үйінің тұсынан өте бергенімде олар маған телефон соқты. Мен тағы да күтуге тура келетінін айтып, әрі аса бергенім сол еді, су жаңа көлігім теп-тегіс жолдың бойында өзінен-өзі сөнді де, жылдамдық көрсеткіш тілшесі ерсілі-қарсылы зу-зу етіп қозғала бастады. Осы сәтте белгісіз бір күш бойымды билеп алғандай дереу рульді кері бұрдым. Мәшинем түк болмағандай от алып, зуылдай жөнелді. Мені күтіп қалған адамдарға жеткенше асықтым. Жылдамдықты асырып жіберген едім, МАИ қызмет-кері тоқтатты. Көліктен түсіп, жедел басып полицейге жақындадым да, ойламаған жерден ауызыма Құдай салғандай «Үлкен кісінің шаруасымен кетіп барамын» дедім. Ол екі сөзге келместен қоя берді. Баратын үйімнің мекенжайын шамалап қана білгенім болмаса, нақты барып көрмеген жерім. Бірақ тоқтамай жүріп, көлігімді бір қақпаға бағыттап келе жатыр едім, ішінен өзімді күткен адамдар шыға келді. Дәуқара батырдың зияратына алғаш рет осылай барып қайттым, - дейді Амангелді ағай.
Орал – Ақтөбе тас жолының орта тұсынан оңға қарай 9 километр жерде орналасқан Қоскөл ауылына жетіп, сәл кідірдік. Өзімізбен бір көлікте отырған Нұриланың Қоскөлде тұратын жақын әжесі Зәуреш апайды асқа ала кетуіміз керек. Зәуреш апай Дәуқара батырдың тікелей ұрпағы Сағит Әмірғалиұлының жолдасы екен.
Нұрила осыдан бір жылдай бұрын Алладан дертіне шипа тілеп, бабасы Дәуқара батырдың басына түнейді. Сол жолы оған малдың өрісінде ашық жат-қан батыр жерленген жерді қоршап, басына белгі орнату керектігі жайлы аян беріліпті. Түн ортасынан ауған мезгілде мәшине ішінде жатқан Зәуреш апай сыртқа шығып, «Тұрың-дар, ауылымызға жөнелейік, осы жаңа мәшине есігінің тұтқасын қозғап, тере-зесін қағып, белгі бергендей болды. Енді жата беруге болмас» депті. Нұрила сол сапардан кейін көзіқарақты жандармен ақылдасып, баба басында атқарылуы тиіс іске қам қыла бастай-ды. Сөйтсе, «Құланның қасуына мыл-тықтың басуы» дегендей, тап осы шаруаны тындыруға әуелден ниеттеніп жүрген рулас бақуатты ағалары, Құдай-ға шүкір, баршылық екен. Тіпті 1991 жылдың өзінде байбақтының Әлтекесі ішінде Андас аталығынан тарайтын Орынғали Ғалымов деген кісі «Дәуқара батыр» атты шаруа қожалығын құрып-ты. Әке ісін бүгінде ұлы Алмат Ғалымов жалғастырып отырған көрінеді. Сондай-ақ Роман Сүйінішқалиев, Сәкен Хамзин, Талғат Ғалымов, Әлібек Сағынов, Есен Иманалиев сынды Әлтеке ұрпақтары-нан бас көтерер азаматтар да аталмыш ұсынысты екі сөзге келтірмей ризашы-лықпен қош-тап, әрқайсысы айтарлық-тай үлес қосыпты.
Қоскөлден шығып, Жігерленге төте салатын, айнала ши өскен қара жол-дың бойымен асқа ағылған көліктер легіне ілестік. Зәуреш апай өзі келін болып түскен әулеттегі үлкен кісілер жайында әңгімелеп келеді. Атасы, яғни күйеуі Сағиттің әкесі Әмірғалиді жұрт атын атамай, «Молда атаның баласы» дейді екен. Себебі Әмірғалидің әкесі Жалмұхамбет Өлеңті суының бойында, Қырыққұдық деген жерде Қызыл мешіт ұстаған. Жалмұхамбет сол жер-ден 13 жасар баласы Әмірғалиді ілес-тіріп, қос өгізбен қарағай тиеп келіп, Дәуқара батырдың басын қоршаған екен. Әмірғали 1887 жылы дүниеге келген. «Атақты Алаш қайраткері Жаһанша Досмұхамедовпен түйдей құрдас екен. Сонда Дәуқара батыр зиратына осыдан тура 115 жыл бұрын, яғни 1900 жылы бүгінде жойылып кеткен ағаш қоршау тұрғызылған» деп түйдік біз. Қасымыздағы Дәуқара батырдың тікелей ұрпағы Нұрила – осы Әмірғалидің шөбересі. Жалмұхамбет көзінің тірісінде батыр басындағы араб қарпімен жазылған құлпытас мәтінін оқып, кейінгіге түсінікті болуы үшін қағазға жазып, ұрпақтарына табыста-ған. Әйткенмен ол жазба бүгінге жет-пепті. Бір айта кетерлігі, сол аста жур-налист Қазбек Құттымұратұлы қызы-ғушылық танытқан жандарға Дәуқара батырдың көне құлпытасындағы мәтінді тұтастай оқып берді.
Дәуқара батыр қорымының күнба-тыс бетінен жүз қадамдай жерде темір тұлпарлар қаз-қатар тізіле қаңтарыл-ған. Қараң-құраң халық жиылып қа-лыпты. Қазан көтерілген, басында көл-беңдеген қызметшілер байқалады. Қорым қақпасынан енгенде оң жақ-тағы кең жерге профлистен көлеңкелік шатыр орнапты. Саясына орындығы-мен ұзын үстел қойылған. Онымен қа-тарластыра жерге кілем төселіп, ұзына бойы дастарқан және жайылған. Әл-ден уақытта көліктен түсіп, көпшілікке қарай беттеп келе жатқан Қаратөбе өңіріндегі атақты әулие Едіге Шымырұлының немересі, әнші Мұхит Мерәліұлының Ажар деген қызынан туған жиені, жасы тоқсанға таяған Қайыррахман молда көрінді. Ол – бү-гінгі астың арнайы шақырылған құр-метті қонағы. Көпшілік зиярат алдына төселген тас үстінде тізе бүгісті. Қайыррахман молда Дәуқара батыр құлпытасының сол жақ жанына кісі бойындай етіп жаңадан орнатылған мәрмәр белгіге қарап, тігінен тұрып баба рухына Құран бағыштады. Кейін Қайыррахман атадан зиярат басында Құран оқығанда тікесінен түрегеліп тұруының сырын сұрадық. «Құран оқушының түрегеп тұруы – марқұмға деген жоғары құрметтің белгісі» - деді үлкен кісі. Қайыррахман ата – дін оқуы-мен қатар ел мен жердің тарихына қа-тысты ескілікті аңыз-әңгімеге де жетік жан. Ол кісі «әкемнің айтуы» деп мы-надай әңгімені баян етті.
Дәуқара батыр іңір қараңғылығын-да қара қасқа тұлпарына мініп, Жарлы-ның бойымен жортып келе жатыр екен. «Көлеңке секілді бірдеңе алдым-нан кесе қараң ете түсті. Қылышымды суырып алып, шауып келіп жібергенім-де денем тітіркеніп кетті. Өмірімде қорқып көрген жоқ едім. Өз аруағым-ды өзім шаптым-ау» депті. Содан көп ұзамай-ақ, Дәуқараны Бармақ пен Баянас екі жағынан келіп түйреген. Сонда «Екеуіне екі сілтеп қалып едім, менің де қолым іліккендей болды. Егер де оларды еліне алып кетсе, мені де елге апарып қоярсыңдар. Егер де еліне алып кетпей, жеткен жерлерінде қалса, мені де осы тұсқа жерлеңдер. Өлсем де молам тіресіп жатсын» дейді Дәуқара батыр. Бармақты аманат жерлеп, кейін сүйегін алып кетіпті деседі.
Дәуқараның тоқтасып қалған уақыты екен. Бір жиында Бармақпен кездесіпті. Сонда «Бармақ, Бармақ дегенге дәу біреу екенсің десем...» деп жас батырды қомсынғандай ыңғай та-нытады. Бармақ «Бәлен жерде кезде-серміз» депті. Кейін Дәуқара Жарлы-ның бойымен жалғыз салып келе жат-қанда жолын тосқан қос батыр Бармақ пен Баянастың кезігетіні сол екен.
– Бармақпысың? - депті Дәуқара.
– Иә, Бармақпын!
– Қасыңа кісі ерткенің не? Әлде қатынбысың? - дегенде екі жас батыр Дәуқараға қатар ұмтылса керек...
Бесін мезгілі таяды. Мол жайылған ақ дастарқан басына жүз қаралы кісі жағалай жайғасып, ас ішіліп жатыр. Ауыл ақсақалдары, ортақ іске қолдау танытқан ұлтжанды азаматтар елдік намыс, ауызбірлік, тектілік бағытында-ғы тағылымды әңгімелердің тиегін бірінен соң бірін ағытып жатыр. Бүгінгі таң сондай тымық болды. Қазір де батыр жерленген үлкен төмпе басына жиылған адамдар үшін іргеден аққан Қалдығайты өзенінің ауасы мен әбден қурап үлгермеген қыр шөбінің иісі ара-ласып, білінер-білінбес майда самал есіп тұр. Аспан шайдай ашық. Күн тас төбеден келгенде көкжиектен сағым ойнап, ауа қыза түскенмен, күйдірген-дей аптабы жоқ. Жігерлен жері сулы өлке болғандықтан, жайпақ ойдымда-ры жатаған қыраттарға ұласып жататын даласының мал жайылымдық оты мол. Бұл маң көшпелі заманда қазақ рула-рына жазғы жайлау болған. Шүйгініне қызығып, баса көктеп келіп қоныстан-бақ болған қалмақтарды осы Дәуқара бастаған қазақ батырлары дүбірлете қуып, түріп тастаған деседі.
Ата-бабамыз басынан өткерген жаугершілік заманнан «Байбақты – елдің қалқаны» деген сөз қалыпты. Өйткені ел шетіне жау тигенде халыққа қорған болар батырлар байбақты руы-нан көп шыққан. Дәуқара – күллі бай-бақты руының ұранына айналған ірі батыр. Оның ұрпақ жадында сақталған ұранға шығуы туралы хикаяны атал-мыш аста облыстық мәслихаттың депутаты, ұлтжанды азамат Аманжол Зинуллин баяндап берді.
– Бұланты соғысында тама Есет ба-тырдың жасы ұлғайыңқыраған шағы екен. Қолбасшылық жасап, төбе басын-да шайқасты бақылаған кезінде ат үстінде бір қалғып, бір оянып тұрады екен. Сол соғыста менің алтыншы атам Сейтімбет жүздікті басқарады. Сейтімбеттің інісі Сейітқұл елубасы бо-лыпты. Сейітқұл шайқас алдындағы жекпе-жекке шығады. Қарсыласын жеңіп, жүздігіне қарай жете бергенде өзі де сылқ етіп аттан құлайды. Жеңіл-ген қалмақтың ұшына у жағылған найзасы жамбасын сызып өткен екен. Екі жақтың әскері бір-біріне лап қойып, қиян-кескі ұрыс басталып кетеді. Түске таман қазақтың туын жау қоршайды. Сейтімбет әскерін қалың жауға сына-лап салып, туға қарай тіке ұмтылады. Әйткенмен бұлар жеткенше ту құлай-ды. Сейтімбеттің таңдаулы сарбаздары тудың құлаған тұсын бетке алып, алға оза береді. Ақыры жетіп, жатқан туды Дәуқара батыр іліп, жоғары көтереді. Осы аралықта тудың жығылғанын көр-ген қазақ қолы шет жағынан селдіреп шегіне бастаған екен. Тудың қайта жел-бірегенін көргенде қазақтардың рухы көтеріліп, тың күшпен қайырылып келіп соғып, жауды ықтырып жібереді. Күн батуға жақындағанда қалмақ қашыпты. Қазақтар жеңеді. Ұрыстан кейін қолбасшыдан туды көтерген жігіт пен сол жүздіктің жүзбасын шақырып шабарман жетеді. Қолбасшы Есеттің алдына келгенде руларын сұрайды. «Руымыз – байбақты. Мен жүзбасы Сейтімбет, туды көтерген жігіт – Дәуқара» дейді. Сонда Есет қазақтың басқа да руларының қолбасшылары, батыр-билері жиылған халайыққа қарап: «Бұдан былай байбақты руының ұраны Дәуқара болса, қарсылық жоқ па?» дейді. Небір игі-жақсылар Есеттің ұсынысын бірауыздан құптайды. Сөй-тіп Дәуқара есімі барша байбақтыға ұран болады, - дейді Аманжол Зейноллаұлы.
Дәуқараның ажалы туралы аңыз-әңгіме нұсқалары бір-бірінен сәл өзге-шелікпен әр түрлі өрбиді. Бірақ бәрінің де ортақ өзегінен Бармақтың Дәуқара-мен жеке жолығуға дәті шыдамай, қа-сына Баянас батырды ерткені аңғары-лады. Қаратөбе ауданы Ханкөл ауылы-ның тұрғыны, шежірешіл ақсақал Бақытжан Жәлеловтың бұрынғы айту-шылардан естіген нұсқасында Дәуқара-ның жас күніндегі қайраты туралы да баяндалады.
«Дәуқара бозбала шағында наға-шылап Әлім еліне барады. Нағашы-ларының ауылындағы бір айдай сұлу жас қызды сол төңіректің атақты байы зорлықпен тоқалдыққа алмақшы екен. Қыздың жақындары тарапынан әлгі байға қарсы тұрар қауқар жоқ. Сонда нағашылары «Сен бұл елге жиенсің, еркелігіңнің бәрі кешірімді. Болашақ жездеңмен қолдасып ойнап қайтсаң қайтеді?» деп бұла күші бойына сыймай жүрген жас Дәуқараны байға жұмсайды. Дәуқара байға барып, жезде деп ойнап, жалаң жұдырығымен салып қалғанда бай тіл тартпастан о дүниеге аттанып кетіпті. Содан ойлама-ған жерден болған қазаның арты ұлы дауға ұласып, нағашы жұрт әупірімдеп құн төлеп, әзер құтылса керек. Байдың шеңгеліне түспей, аман қалған сұлу қызға ауыл-аймақта көңілі кетіп, сөз салған жігіттер көп екен. Оларға «Сен-дердің ешқайсыңа тимеймін, өңкей шуылдақ. Өзімді зорлықтан құтқарған жас батырдың етегінен ұстаймын» деп өз қалауымен Дәуқараға жар болыпты. Мұнан кейін Дәуқара ер жетіп, толы-сып, тұлпар мініп, ту алып жорытып, ел басына күн туғанда талай мәрте қазақ-тың қолын бастап, жаудың құтын қа-шырады. Күндердің күнінде Дәуқара-ның алпыстан асып, тоқтасқан шағы екен. Бірақ тұла бойын кернеген дүлей қара күш үйінде тегін жатқызсын ба, батырды шыдатпастай желік басыпты. Сөйтіпті де атына мініп, Әлімнің бір атақты байының жылқыларын айдап алыпты. Сонда Дәуқараның айбатына қарсы тұрып, қарымта қайтарар жан табылмағанда байға жас батыр Бармақтың өзі барыпты. «Дәуқара жас күнінде менің бір бай ағайынымды ұрып өлтірген. Бойымда соның кегі бар. Екі шартым бар. Осы сапарда өліп кетсем, құн дауламаңдар және қасыма құрдасым Баянас батырды ілестірің-дер» - депті Бармақ. Қос батыр осы күнгі Баянас өзенінің тұсына жете бергенде Дәуқараның дүңкиген қарасын көздері шалады. Сол мезгілде соңынан қуғыншы ілескенін аңдаған Дәуқара да тізгін тежеп, қарсы қарап тосып тұрыпты. Бірақ батырлар жолыққанда Бармақ жекпе-жекке өзі шықпай, әуелі айласы мол Баянасты салыпты. Батырлар ұзақ алысып, ақырында Дәуқара Баянастан айласын асырып, тамағынан шаншып өлтіреді. Бұдан кейін Бармақ Дәуқараға дем алдырмастан дүрсе қоя береді. Қос батыр беріспей, Жарлы судың бойына дейін шайқасады. Күн бата бергенде екеуі бір-біріне найзасын қатар сұғады. Дәуқараның қасына жігіттері жеткенде батыр аттан түсіп, ақтарылған шегін ішіне жинап, күректей алақанымен басып отыр екен. «Бармақтың соңынан барыңдар. Найзамның ұшы жоқ. Менің де қолым күрмелгендей болып еді. Сірә, ол да ұзамас» депті Дәуқара. Айт-қандай, Бармақ та көп ұзай алмай, аты-нан құлап, жаны шығып кеткен екен». Дәуқара батыр туралы Бақытжан аға айтатын аңыз осындай.
Асқа тек қана Байбақты ұрпақтары емес, өзге де рудың өкілдері ықылас-пен келіп атсалысуы, олардың арасын-да бүгінде жоғары билік басында жүрген азаматтардың болуы, Жігерлен ауылындағы Дәуқара батыр қорымы бетте орналасқан ең шеткі үйдің иесі, алпысты алқымдаған ысық Ермек ағай-дың «Бала күнімізде “Дәуқара сенің атаң емес, менің атам” деп талай тала-сып, төбелескен едік» деп есіне алуы, бүгінде сырқатына шипа іздеген көпте-ген жанның батыр басына келіп түнеп, Алладан жәрдем тілеуі – Дәуқараның шын мәніндегі халық батыры екенінің айғағы болса керек.
– Дәуқара батыр ұрпақтарының “Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шыға-рып”, бүгінгідей іс тындырғаны көңілі-мізге зор қуаныш ұялатып отыр. Бұл бағыттағы істерге ұйытқы болу үшін ар-найы құрылған «Науша батыр» жеке қайырымдылық қоры осынау халық қастер тұтқан жерге келіп, тәу етушілер үшін жайлы жағдай туғызуды өз мінде-тіне алмақ. Мысалы, биылғы күзден қалдырмай Дәуқара бабамыздың ба-сына келушілерге ауа райының әр түрлі кезінде ас-суын қамдап іше аларлық-тай орын-жай жасақтау жоспарымызда бар, - дейді аталмыш қордың директо-ры Алтынбек Ермұхамбетов.
Күн екінтіге таман еңкейгенде асқа жиылған жұртшылық бата қылысып, қозғала бастады. Олар болашақта ба-тыр басына кесене тұрғызбаққа уағда-ласып тарқасты.

Қаралым саны 4615

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463