Өздеріңіз білесіз, «DANAkaz» тарихи-танымдық журналының қатысуымен мектеп оқушылары арасында «Батыс Қазақстан облысының тарихи-мәдени, табиғи мұрасы» атты өлкетану олимпиадасы өтіп жатыр. Оның қорытындысын алдағы санда жариялайтын боламыз. Айтайын дегеніміз – олимпиадаға қатысуға тілек білдіріп, туған жерінің тарихын зерттеуге ынталы өрендеріміздің қатары көп екен. «Отан отбасынан басталады», кең байтақ Қазақстанды тану, сүю алақандай ауылдан, туып-өскен жерден бастау алады. Туған жердің, жерлес тұлғалардың тарихына көңіл аударып, ізденісін бастаған жас өрендердің болашақта үлкен жүректі азамат болып шығуына тілекшіміз.
Қадірлі ағайын, қазақ үшін қастерлі мерейтойлар қарсаңында тағылымды да тарихи еңбектерді жариялаудан танбаймыз. Өздеріңізге арналған басылымның беделін көтеріп, оқылымын арттыратын қызықты хикая, деректі мақалаларыңыз болса, қабыл алуға әзірміз. Бір-бірімізден көз жазып қалмайық!
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
журналдың бас редакторы