Ұлмекен Дүйсембайқызы 1993 жылы 20 қаңтарда дүниеге келген. Өлеңдері Атырау жас ақындарының «Сезім» антологиясына енген. «Менің хұсни хаттарым» жинағының авторы. Х. Дос-мұхамедов атындағы Атырау мемле-кеттік университетінің түлегі.
* * *
Мен үшін түн ән салды, қамықпадым
Ұмыттым жанымда кім, сағат қанша.
Бақыттың құшағында қалықтадым
Таң атқанша.
Мен үшін жұлдыз біткен жымыңдады,
Сіздегі толқыныстың жөні бөлек.
Тағдырдың талқысына ұрынбадық
Жеңілер ек.
Көздерім түйіседі көзбен нұрлы,
Жүзімде белгісі бар қуаныштың.
Бір сәтке ұмыттым да езген мұңды
Құрақ ұштым.
Жанымды ауыртқандай жүз қатермен
Таң атты.
Терезеден самал өпті.
Түсімде тағы күтем сізді әкелген
Самолётті.
* * *
Жолықсаңыз ғой тағы алдан,
(Жансыз ба əлде жоғалған).
Қымсынып сонда тұрар ем
Жарқ ете қалған жанардан.
Сүйкімге толы қарашық,
(Көруге жаным тағы асық).
Бұл күнде қуыс кеудемен
Жалғыздық алған жарасып.
Ақша бұлт торлап төбемді,
(Жолымнан ылғи көрем мұң).
Мендегі жүрек сезімтал
Сағынып жүрсіз өлеңді.
Сағынып жүрсіз даланы,
Құстардың онда бар əні.
Жаяулап ойға шоматын
Қиясыз қайтіп жағаны?
Сағынып жүрсіз өлеңді,
Не істей алам мен енді.
Тағы да мұңға малындым
Ақша бұлт торлап төбемді.
Сағынып жүрміз өлеңді..
Асылбек Есжанов (Байшуақ) 1992 жылы Атырау қаласында дүниеге кел-ген. 2014 жылы Атырау мұнай газ инсти-тутының экономика факультетін тәмам-даған. Халықаралық жыршы, термеші, айтыскерлер одағының, «Фариза жұл-дыздары» жас ақын-жазушылар клубы-ның мүшесі. Жастар арасындағы бірқа-тар мүшәйра, айтыстардың жүлдегері.
Жұмекен рухына
Уа, Жұмекен, ойың зор, жырың бүтін,
Барыңда бағалады құныңды кім.
Өзің ізін жалғаған дара жолды
Әркім таптап жүргендей бүгінгі күн.
Ақындардың барлығын тең көремін,
Мен де өзгеге жырыммен ем беремін.
Сыйластықтың нышаны деп білгейсің
Жаныма жақын тартып сен дегенім.
Өлімнен болмаса да асқан қайғы,
Жоқ жанның даңқы лезде аспандайды
Уайымсыз-ақ жата бер, ау, ағасы,
Біз барда сендік орын бос қалмайды.
Дархандығын бойына жиған ауыл,
Азаматын аңсайтын ми дала бұл.
Қалай ғана қабірге жайғасты екен
Атырау аспанына сыймаған ұл.
Тектілік тумасынан дарығанмен,
Дарынды тірісінде таныған кем,
Қазақстан картада тұрған кезде
Есімің ұмытылмас әнұранмен!
* * *
Сыйлық берер әдетім бар себепсіз,
Себепсіз деп қалдырмассың керексіз,
Түсімдегі бақытыма айналдың,
Ал көзімді аша қалсам бөлекпіз.
Енді өлеңге қосам ылғи атыңды,
Сен дегенде жыр туады татымды.
Атыраудың аспанында күнде бұлт,
Сондықтан ба, қабағың да қатулы.
Шыныменен, жаныңыздан жырақпын,
Сұлулардан асау емес бірақ кім,
Күлімдеші, көре қалсаң кенеттен,
Оңтүстіктен әкелгендей шуақ күн.
Сезімге әлім жетпейтұғын кезім бұл,
Қайран жүрек, тулай бермей төзім қыл,
Саған деген ойым түзу, пейіл ақ,
Бәрібір де жаратпасаң, өзің біл!
Меруерт Қабылова 1994 жылы 24 нау-рызда Атырау облысы Қызылқоға ауда-ны Қоныстану аулында дүниеге келді. Өлеңдері Атырау жас ақындарының «Сезім» жинағына жарияланған. Көп-теген мүшәйралардың жүлдегері.
Гүл сыйлашы
Гүл жұпары ашар сезім көрігін,
Қызғалдақ пен раушан боп өмірім.
Көктем күні дүниеге келген соң,
Хош иістенген гүлге ынтық көңілім!
Мазалаумен жанарымды жалқы мұң,
Таппағанда қу тірліктен жан тыным.
Жүрегімді жылы сөзбен толтырып,
Жұбаныш қып гүл сыйлашы, алтыным!
Бұл өмірдің дей алмаймын бәрі мұң,
Бірақ кейде жетпес көпке қарымым.
Өзге жандар көңіл жібін үзгенде
Еркелетіп гүл сыйлашы, жарығым!
Жақыннан да қызғаншақтау күй ұқтым,
Маған жапты бар қайғысын үйіп түн.
Бұл күндерде қолдау беріп жаныма,
Маxаббатпен гүл сыйлашы, сүйіктім!
Бұл жанардың төгілгенде жасы мың,
Ұғына біл бар сырымды жасырын.
Ренжісем, өкпелесем, қуантып,
Бір құшақ гүл сыйлашы тек, асылым!
Бір тірлігін қылмасам да батылдың,
Түсінерсің жанайқайын ақынның.
Жабыққанда жүрегімді мұң торлап,
Шын көңілден гүл сыйлашы, ақылдым!
Жылап тұрмын...
Жылап тұрмын...
Жанарым да пәк күлді,
Шашылмады шашу болып сый біздің.
Аққуыма әперем деп ақ гүлді,
Той көйлегін басқа қызға кигіздің.
Қосыламыз...
Той болады күзді күн,
Құрбанмын деп айтушы едің жолыңда.
Сыйлаймын деп жүрген маған жүзігің,
Жылтылдайды өзге қыздың қолында.
Сезімімде қала алмадым дамылдап,
Қазір саған жарасады әкелік.
Мұның бәрін жүрегімде қабылдап,
Махаббат деп ойлап қалдым. Қателік!
Менiң нәзiк жүрегiмнен жырды ұғып,
Бiр жiгiт жүр ақыл-естi жынды ғып.
Махаббат ол таусылмайтын әңгiме,
Деген рас-ау, жүргендеймiн ендi ұғып.
Шаршағаннан, шалдыққаннан күн түнгi,
Оны көрсем, өзгеремiн бiр түрлi.
Қайран күндер сағынтады баяғы,
Той-думанда көйлек киген түр-түрлi.
Көп нәрсенi еске салды бұл түрiң,
Сен есiттiң сезiмдердiң күркiрiн.
Не батпайтын, не шықпайтын аспаннан,
Менiң үнсiз жүректегi Күн, Түнiм...
Бұлай ғашық болып қалған кезiмдi ұқ,
Армандаймын, болмаса да сөзiм құп.
Табыспайтын жол болған соң екеумiз,
Сенi Құдай бердi-ау маған төзiм ғып,
Ал қалғанын өзiң ұқ...
Қайырлы түн!
Махамбет Жеңісұлы 1998 жыл 22 наурызда Атырау облысы Қызылқоға ауданы Қарабау ауылында дүниеге келген. Қ. Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің 3-курс студенті. Болашақ ағылшын тілі мұғалімі.
* * *
Қашатындай сүюден жасық ерін,
Басталған соң көңілдің басы керім.
Мойындамай кетуім мүмкін бе еді?!
Өзгеге емес, өзіңе ғашық едім.
Жан болдың-ау басында бағы күшті,
Саған қарай тартады ағым ішкі.
Енді қалай лайлаймын көңілдегі,
Саған деген мөп-мөлдір сағынышты.
Жан емеспін жапанда елес құмар.
Етеді екен кім енді жоқ есті бар?
Жүргенімде өзіңді ессіз сүйіп,
Сендік жүрек қатыгез емес шығар.
Ай боп сезім тұрады көкте жылап,
Ай нұрынан мені де етпе жырақ.
Мен өзіңе сүйсініп жүре берем,
Сен өзгеге сүйсініп кетпе бірақ.
* * *
Қош бол, Жүрегім!
Жаным мұң,
Көңілім жасқаншақ.
Сағындым,
Жанарда жас моншақ.
Бағымның
Бұлбұлы болар ең
Бар үннің
Бəріне мас болсақ!
Бағытым
Жаңылды бастаған,
Табыт үн
Естілді таспадан.
Ол таспа –
Өмірім өзімнің,
Шамы – түн,
Ерекше басқадан.
Өзіңсіз
Мүмкін бе күн кешу?!
Көңілсіз Ақын ұл! Жүр десу...
Өмірсіз
Мен сені сүймеймін,
Сөзім – сөз,
Əкелші бір кесе у.
Ұнасам,
Өліммен бір болып.
Сұрасаң,
Жүректі күл бөліп
Берейін,
Ендеше ала ғой!
Шыдасаң,
Өтірік күл көріп.
Қош бол, Жүрегім!
Мирас Ғабдолхаев 1996 жылдың 24 қаңтар күні Атырау қаласында дүниеге келген. Астана қаласындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінің заңгер бакалавры. Бүгінде Атырау облыстық соты ақпараттық қамтама-сыз ету бөлімінде баспасөз хатшысы. «Фариза жұлдыздары» жас ақын-жазушылар клубының мүшесі.
Қиял өлең
Ойға да әрбір еремін,
Түсіне де, түсінбей келемін
Сыршыл да, шыншыл аруым,
Сіз жайлы қиял өлеңім...
Сіз туған күн де жұмбақты,
Қызғанып Сізді күн батты...
Мазданып түнде ғажап Ай
Бұлтиып тұрған қарамай.
Хош иіс гүлдер бүр жармай,
Күлтесін басқан мұң бардай.
Өздерінен асқан әсемдік,
Туғанын біліп тұрғандай...
Солай да солай табиғат,
Ренжулі болып Тәңірге.
Келіпті сүйкім қылықты,
Ғажайып мынау әлемге!
Қызғантар сәні жетерлік,
Сұлуым, болдың кімнен кем?
Сіз туған күні осылай,
Шынында болса кім білген?
Бақыттың гүліне
(ақын Бақытгүл Бабашқа )
Құлпырып тұрған көктемде,
Бақыттың гүлі деп көрем.
Жақұтты жырды төккенде,
Қырандай самғап көктеген.
Ақында арман болмаса,
Қиялы жырға жетпеген.
Өлеңге шөлдеп қалғанда
Сезімдер толы өкпемен,
От басып келген от денем
Жырыңа өшпей кетпеген.
Алғаусыз көңіл мейірмен,
Бүгінгі толқын, мен сізден.
Әсерлі өлең көп күтем.
Халықтың мұңын мұңдайтын,
Елінің қамын ойлайтын,
Гүлден нәзік ақынды
Падишадан кейін пір тұтар,
Бақытты ақын деп білем!
Назира ӘШІМ 1990 жылы 28 нау-рызда Атырау облысында дүниеге келді. 2012 жылы Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік уни-верситетін журналистика мамандығы бойынша бітірген. Филология магистрі. Ф. Оңғарсынова атындағы сыйлықтың лауреаты (2015).
* * *
Сезесің бе?!
Сағыныштың самалын,
Сезімімнің жамалын,
Саған деген көкірегімде тұншыққан
Төзімімнің амалын.
Естисің бе?
Сені аңсаған көңілімнің күмбірін,
Көрем деген келтең үміт сыңғырын.
Сенің жырың сағыныштан шақырар
Жырлар едім мұң жырын...
Дала қызымын...
Жасқанбай желдің өтінен,
Ызғары сүйген бетінен.
Жас жүрек дала қызымын,
Тыңдаған үнін жетіген.
Әлдекім, бәлкім, тағар мін,
Өлеңмен алқа тағармын.
Сыры көп дала қызымын,
Жыр-бұлақ болып ағармын.
Тыңдаған құмның ызыңын,
Қызғанба өмір қызығын.
Кіршіксіз таза жүрегі,
Ақкөңіл дала қызымын.
Әдемі күні күзінің,
Қарасаң байқап жүзі мұң.
Өлеңнен тапқан бақытын
Киелі дала қызымын...