Асқар таумен теңескен асқаралы биіктік!

Рита СҰЛТАНҒАЛИЕВА,

М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты

Әкенің балаға деген махаббаты әркімде әр түрлі. «Айналайын» деп еміреніп, еркелететін жандар бар да, дәл осы сөзді көп айтпаса да, жүрегімен сездіретіндер де бар. Мейірім нұрын төгетін, кел-бетпен көрсетпейтін жандарды «айналайын» деп еміренбейді деп айтуға келмес. Мейірім сәулесі де адамдарға бірдей төгілмейді. Жаратушының жазуы-мен миллиондаған шақырымды секундтарда жүріп өтіп, жұмыр жерге тіршілік нәрін сыйлайды ол. Ол адамзатты сүйеді. Адамзат та оған ұмтылады. Ма-ған әке мейірімі де сол аппақ сәуледей көрінеді. Қазақтың ең қымбатын «шырағым» дейтіні, «Шыра-ғың сөнбесін!» деген тілек тілейтіні бекер болмаса керек-ті. Сырттай қарағанға бір-ақ түс. Ал біле біл-сек, оның бойында қаншама ғажайып бояу бар. Көк те, қызыл да, сары да. Әке махаббаты да сол сәуледей бір өзіне қаншама бақыт, қуаныш, үміт, арман, ізгілік құндақтаған. Мен әке махаббатын осылайша түйдім.

Ол жалғыз болды, ерке болды, бірақ есірмеді, есті болды. Білім алды, білікті маман болды. Ұстаз болды. Сан шәкіртті самғатты. Қанатын қатайтты. Еңбекте тәртіп пен талапты қатаң ұстанды. Өз мамандығының нағыз ұстасы болды десем, артық айтқандық болмас. Математикамен толғанды, бірақ онымен шектелмеді. Әдебиетті сүйді, тарихты таныды, өлкетануға да бет бұрды. Оған себеп – өскен ортасы, тәрбие көрген ордасы. Бұл – Тілеужановтар отбасы. Мүйізі қарағайдай ғалымдар, ақын-жазушылар, тарихшылар, өнердің алды болған тарландар Ақ Жайыққа бет бұрса, аттап өтпейтін шаңырақ. Жеке дара арнайы әңгіме-дүкен құрмаса да, дастарқан басындағы салиқалы әң-гімелердің салмағы көп болғаны анық. Бұл Сырым ауданының ардагер ұстазы, алғашқы еңбек жолын Жосалыда бастаған, туған жері Қособа ауылында жалғастырған, Бұлан орта мектебінің ұлағатты ұстазы, басшысы болған, 45 жыл ұстаздық қызмет атқарған Бекжан Ақшаұлы Сұлтанғалиев.
Мұғалім болып қызмет атқарды, бас-шылық тізгінін де ұстады. Ер азаматтың алтын басын жоғары қоя білген жан болды. Бүгінде мектеп директорлары орынбасарын іске тындырымды келеді деп, әйел адамды көп қойса, менің әкем ер азаматтан іздейтін. Басты пән мұғалі-мі болмаса да, осы ұстаныммен іздеп табатын. Артық сөзді жаны сүймейтін, әңгімеге де жаны қарсы жүретін. Білім беруде бүгінгідей оқушыға жұмсақ қарамайтын. Білімді шынайы бағасын алады, білмейтін оқушы сыныптан-сыныпқа көшпейтін болса, қала беретін. Оқушыға қатаң талап қоятын. Сол талабы көпке талапшылдықтан гөрі, қатаң ғып көрсететін. Ал сабақтан тыс уақыт оқушымен еркін сөйлесіп, өмірлік сабақ болар өнегелі әңгімесін қызықты айтып жатқанын көргенде, таң қалатынмын. Бүгінде ол тәрбиелеген шәкірттері жо-лын қуып, математика пәнінен сабақ бе-
ріп жүргендер көп. Ұстаз еңбегінің жанғаны да осы шығар.
Кейде пенде болғасын, жалаң түсінікпен артық айтатын кез де болады. Мұғалімдер туралы «өзгенің баласын тәрбиелеймін деп, өз баласына дұрыс тәрбие бермеген» деп жатады. Бірақ бізде олай болған жоқ. Әкем өзі үй шаруасына жоқ болғанымен, ұлдарын еңбекке баулыды. Демалыстың да ерекше түрлерін үйретті. Таза ауада дем алу, еркін жүзу, балық аулау, шахмат ойнау. Ал қыздарына деген көңілі бөлек болатын. Сабаққа сол талап, ал үйде бізден биік адам жоқ. Ұрыспайтын, қақпайтын. Әкенің қас-қабағына қа-рауды үйрететін қазақы тәрбие аналар институтында берілетін шығар. Анам үйде бала тәрбиесімен айналысып қана қоймай, әкенің мерейін өсіріп, асқақтату да сол кісінің міндеті болды.
Өз басыма деген көңілі бөлектеу көрінетін. Қазақтың кенжесіне деген ерекше көңілінен шығар. Маған алда болуды, озат болуды айтып отыратын. Сүт кенже болдым, ерке де болдым, есті болдым. Асқан еркелікке салынуға жол жоқ. Мен балабақшада жүрген кезімде «Қызым аспирант, профессор болады» дейтін. Ес білгенше математикаға жақын болдым, профессор дегенді математик шығар деп ойлайтынмын. Әр сөзінде менің жетістігімді айтып, мақтанып отыратын. Есейе келе осы сөз маған үлкен жауапкершілік жүктеді. Әке жолын қуып, білім саласында қызмет етіп жатырмыз. Ағам Шыңғыс Бекжанұлы әкемнің мамандығын алып, сол салада абыройлы қызмет етуде. Әкемнің нағыз мақтанышы болды. Математиканы терең меңгерді. Мектепте жүргенде Кеңес Одағы кезінде одақтық олимпиадаға қатысып, жүлдегер атанып, Киевтен қуанышты хабар келгенде әкемнің мерейінің асқақтағаны бала көңіл болса да, әлі есімде. Бүгінде ағамның ұлдары Альберт пен Диас қазақ-түрік лицейінде білім алып, атасының сүйікті пәндерін еркін меңгеруде. Күнделігін қарап отырып, немересі Диасқа деген ерекше көңілін байқадым. Өзіне ұқсайтын қай жағынан да... Інім көзілдірігінің астынан қарағанда әкем қарап тұрғандай болам. Күнделіктегі әр жазбасында Диастың есімі аталады. Димағамбет, Димаш, Диақаң деп кете береді... Тұңғыш немересі Еркежан да математика пәнінің мұғалімі болмағанмен, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де «Математикалық және компьютерлік модельдеу» мамандығында білім алуда. Әулеттегі дәстүр жалғастығы деген осы шығар.
Біздің үйде фотоға түсу деген бір дәстүрге айналған. Әкем фотограф әкелем деп кеткенде әжемнен бастап киініп, әдеміленіп, кәдімгідей күтетінбіз. Суретке түсерде барлығымыз сыптай боп тұра қаламыз. Ағаларым күліп, қозғалып тұрса, ұрыс еститін. Соның ішінде ағам Шыңғыстың қозғалып не сөйлеп қалатын тұстары сол суреттерден анық көрінетін. Кейде біз күні кеше түскен суреттерді қарап, қашан түскеніміз еске түспей жатады. Осы мақаланы жазарда әкемнің архивін бір ақтардым. Бәрі бұрынғы фотолар. Артында суретте кімдер және қашан түскені жазылмағаны жоқ екен...
Әкем газет-журналды үзбей оқитын. Үнемі жазылатын. Математик болғанмен, барлық қоғамдық, әдеби журналдарды түгел алатын, оқитын, қажет жерлерін түртіп отыратын. Өзі де мақала жазып, жариялайтын. «Игорь полкі туралы жырдың» шығу тарихы, оның маңызы туралы, «Осы жұрт Бекежанды біле ме екен?», «Тайлақ батыр» атты мақалалары бұқаралық ақпарат құ-ралдарында талқыланды. Өзі мақалаларды бізге де оқытып отыратын.
Әкем армандаған тілектерін толық орындамасам да, барымша орындауға тырысым келем. Оқуда үздік болуға, алды болуға, ғалым болуға, ең бастысы, адам болуға талпынсам, ол – әкемнің арманын орындауға талпынғаным. Әкем шетелдік білім беру үрдісін де талқылап отыратын. АҚШ-тан гөрі Еуропа елдерінің білімі мен ғылымына көңілі ауатын. «ҚР Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» грантына қол жеткізіп, шетелдік та-ғылымдамадан өтуде ел таңдағанда, ойымда Еропа елдері тұрды. Әкемнің тірі кезінде қол жеткізгеніме мен де іштей қуандым. «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» медалімен мара-патталғанда, ең алдымен, әкем қуанып, мақтанышпен сол қуанышын ел-жұртқа жеткізіп жатты. «Сен берген біліммен шәкірттерің мақтануға тиіс» деп үнемі айтып отыратын сөзін жадымнан шығарған емеспін. Мен де, менің бауырларым да. Бұл – біздің ұстаным.
Көпке ұстаз боп, бізге әке, үлкен шаңырақтың ұйытқысы, бәйтеректің тамырын тереңге жайған жан ол. Жаз айында әкемнің туған күні. Отбасымызбен құттықтайтынбыз. Арамызда жүрсе, 80 жасқа толар еді. Алланың ісіне басқа шара жоқ. Құран бағыштаймыз, дұға тілейміз енді тек. Асқар тау алыстайды тек, алыстаған сайын аласармайды, тек биіктей түседі. Өйткені бұл биіктік – жай биіктік емес. Асқар таумен теңескен асқаралы биіктік!
Әкем Бекжан Ақшаұлы күнделік жазатын. Өзінің жариялаған мақалаларын қиып алып, мұқият жинап та қоятын. Мұрағатын қарап отырып, төмендегідей ой түйдім.

Менде де бар пікір....
Әкем үнемі өзіндік пікірде қалатын жан. Ешқашан заман өзгерді екен, адам өзгерді екен деп өзіндік пікір мен ұстанымынан аттаған емес. ...2005 жылы Сырым ауданының «Қайнар» газетінде «Құнанбай кім?» деген мақаласы шықты. Мақалада мектеп кезінде Құнанбайға қатысты шығарма жазғанын еске алады. С.Сейфуллин атындағы мектеп оқушысына бұл тақырып қиынға түспейді. Апасы Жәрия Әйтімқызы ауырып қалып, орнына Жақсымбетов деген ағай сабақ берген екен. Оқулықта жоқ материалдармен Құнанбай туралы тұжырым жасаған. Апасы ренжігенмен, жездесі – әдебиеттанушы-ғалым Мәтжан Тілеужанов оқушынікі дұрыс, Құнанбайдың әулие екендігін дәлелдеп шыққан деп баға берген екен. Құнанбайды озбыр, феодал деп суреттеген М. Әуезовтің өзінен өз сөзін дәлелдейтін дәйектер келтірген. Әуезова Ләйла Мұхтарқызының естелігін айта отырып, Құнанбай қажыға сыйынғанын айтады. Абайдың өзінің әкесі жөнінде айтқан өлеңін еске түсіреді. Тобықтыны ел қылып, басын құрағаны, бір Құдайдың жолында малды аямай бұлағанын мысалға алады. Қодардың өлімі жөнінде де бұның себебін Шәкәрімнің ел бұзбауға ойлаған айласы екендігін келтіріп кетеді. Сөз соңында Құнанбайдың данышпандығын ешкім жоққа шығара алмайтынын жеткізеді. Кеңестік идеология тұсында оқушының мұндай пікірде болуы сирек жағдайдың бірі сияқты мен үшін...

Туған жерге ту тіккен жан
Биыл Елбасы мақаласында жарияланған рухани жаңғыру мәселесін әкем бірнеше жыл бұрын көтергендей. 2009 жылы «Сырым елі» газетінде «Шежірені білу – тарихыңды білу» деген мақаласы жарияланған екен. «Қазір ұлттық на-мысты ояту керек. Қазақ халқының мәдениеті де ерекше. Жалпы ата-текті білу – біздің қазаққа тән ерекшелік... Ал руға үрке қарау рушылдық деген, қаңқу сөздер, бос сөз. Ру деген халқымыздың қалыптасуы деп түсінуіміз керек. Ру шежіресін білу, өз руыңның шығу тегін білу – өз тарихыңды білу деген сөз. Қазақтың болашақ елдігін, тілін, дінін сақтайтындарға өз тарихын, ата-баба дәстүрін сақтап, шежіреңді жақсы біл демекпіз. Шежіре де тарих. Оны білу парыз...» («Сырым елі», 15.10.2009.). Қазақтың ұлттық коды қазақтың тегі, тілі, тарихы, мәдениеті екені даусыз. «Тегін білу – тарихыңды тану» деген ұстаныммен өмір сүрді. Ұрпағына да ұғындырғандай. Бала кезімізде жеті атамызды жатқа айтудан жарысатынбыз.
«Жер тарихы – ел тарихы» деген атаумен сериалды мақалалары үнемі жарияланып тұратын. Өзі туып өскен Қособа ауылының тарихы туралы жазған мақалалары бір төбе. Ауыл туралы толғаныстарында үнемі Ә.Ахметовтің «О, Қособа, Қособа, Берекелі босаға...» деген сөзін айтып отыратын. «Қособа ауылы-ның оңтүстігінде қос оба тұр. Өте үлкен, қасында үйдің немесе қазылған басқа ештеме жоқ. Далада тұр. Біреулер қарауыл төбе десе, біреулері өлген адамдарды жерлеген дейді. Жөнді нақтылы жауап жоқ. Өлеңті бойында араб әріптерімен жазылған құлпытастар көп. Ескі әріптермен жазылғандықтан, ешкім оқи алмайды. Шет елдерде әрбір емен ағашында таблица тұрады деп естиміз, ал бізге жеріміздегі осы обалардың тарихын зерттейтін уақыт жетті. Бейсенбаев айтқандай, біздің қорғандар Египет пирамидаларымен тамырлас деп...» («Қайнар», 26.12.2003). Қазіргі уақытта экспедициялар шығып, біраз жұмыстардың нәтижесін көру-деміз. Оқитын, зерттейтін ғалымдар да баршылық. Өз кезінде көкейінде жүрген ойларының бүгінде жүзеге асып жатқаны қуантарлық іс қой.

Өлке табиғатымен марқайған жан
Әкемнің экология мәселесін де үнемі қозғап отыратынын газет бетін шолатын көп оқырман біледі деп ойлаймын. Жетпісінші жылдардың өзінде аудандық газеттің бір санында «Табиғатты қорғау – негізгі мақсатымыз» деген атпен ма-қаласы жарық көрген болатын. Осы бағыттағы игі жұмыстарды Қособа орта мектебінде жүргізілуіне бір кісідей атсалысқан азаматтың бірі. «Табиғат және біз», «Табиғат көркі көлдерде», «Үйрек ұшып, қаз қонған көлдер қайда?» деген мақалалары жарияланған. Туған жері Қособаға кіре беріс жерде өте ертеден келе жатқан Қоңыркөл деген көл болғанын, ауылға кіре бере жолаушыларды көлдің салқын ауасы мен шаңқылдаған шағалалардың қарсы алатынын еске алып, сол көлдердің орны да жоқ деп көңілі түсетін. Күйгенкөл деген көлдің болғанын, қазір солардың ізі де жоқ деп қайғыратын ауыл туралы әңгімесінде. Сол Қособаның бірнеше көлдің ортасында тұрғанын, әдемі сұлу көрінісін жыр етіп айтатын. Көл беті сан алуан дала үйрегі мен дала қаздарына тола, оның үстіне табиғаттың сұлу еркесі аққулар айдын көлдің көрінісін одан бетер сұлуландырып тұратынын көр-генде теңіз жағалауында тұрғандай сезінуші ем деп әңгімелейтін. Сол көрініс келмеске кетті деп ойлайтын. Биыл «Орал өңірі» газетінен (03.05.2017) журналист Сәкен Мұратұлының «Аққулы мекен Қособа» деген мақаласын оқып, бір қуандым. Қособа ауылының маңы суға толып, өзен-көлдерге аққулар қонған әдемі көріністі жазған екен. Әкем болса, бұл қуанышты көре алмай кетті..

Тіл жанашыры да...
Тіл мәселесін сол кеңестік кезеңнің өзінде үнемі көтеріп отырған. «Біздің де тілегіміз» деген мақаласында Бүкіл одағымызда орыс тілі – ортақ тіл, ортақ қатынас құралы. Оны білмей болмайтындығын» айта келіп, «біз орыс тілінің беделін түсіруден аулақпыз. Бірақ ана ті-лі – туған анаңның тілі ғой. Оны білмей бола ма?! Өз ана тілін білмеген адам басқа тілді маңдытады деп кім айта алар?.. Қазақ тілінің республикада статус берілуін, мемлекеттік тіл болуын заң жүзінде қабылдануын қалаймыз» деп баспасөз құралдарында ұсыныс білдіріп отырған. Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің идеологиялық комиссиясы қалың жұртшылық талқысына ұсынған «Қазақ КСР-індегі тіл саясаты мен тіл құрылысының Концепциясы» жарияланғанда әкем көкейінде жүрген ойларын, пікірін ортаға салған. «Республикада қазақ және орыс тілдеріне бірдей статус берілуі түсініксіз. Біздіңше, қазақ республикасында қазақ тіліне ғана статус берілуі керек, өз басым осыны қалаймын. Орыс тілі қазақ тіліне статус бергеннен ол өз маңызын ешуақытта жоғалтпайды. Кейбір жолдастар қазақтардың саны келмейді дегенді айтады. «Темір тор» уақытында жер аударылғандар, патшалық Ресейдің кезінде отаршылдық саясатқа байланысты көшіп келгендер, тың игерушілер де көп келді, бұған біздің халқымыз кінәлі емес қой» деп жазған екен туған тілге статус берген сессия материалын мақұл-даған материалында. Бұдан да тіл тура-лы кез-келген мәселеге бей-жай қарай алмайтын адам екендігін аңғаруға болар.

Ауыл интеллигенті
Әкем Қособа ауылынан, туған жері-нен жұмыс бабымен Шідерті совхозы, қазіргі Бұлан ауылына қоныс аударған. Бұл менің туған жерім. Бұлан ауылында мектеп директоры боп абыройлы қыз-мет атқарды. Өзінің негізгі қызметіне қоса партиялық және қоғамдық жұмыс та атқарған. Әкем партия оқу жүйесінде насихатшы боп жұмыс жасаған. Әкемнің осы қызметі жөнінде де «Насихатшы – басты тұлға», «Ұстаз, насихатшы» деген мақалалар да арналған екен. Әкемнің жеке мұрағатынан табылған Е. Бек-мұхамбетовтің «Ұстаз, насихатшы» деген мақалада әкем пікірін былай білдіріпті: «Мен ауыл интеллигентімін. Олай болса, ол бұқара арасына білім таратушы, идеологияның жалынды жаршысы болуы керек. Өзіме берілген осындай құрметті тапсырманы орындау жолында бойымдағы күш-жігерімді, білімімді аямай жұмсаймын».
Мәдениет туралы бастамалар да әкемнің назарынан тыс қалмаған. «Клуб – тәрбие жұмысының орталығы» деген атпен де өз ойын айтқан. Ауыл тұрғыны болса да, клубтың идеологиялық меке-ме екендігін айтқан. Өзі тұрған Қособа ауылының бірнеше фермасы бар. Ауылдан шалғайлау орналасқан. Ол ауылдар мен бригадаларда ауылдың алыстығын сылтауратып, кино қойылмайтынын мәселе ғып көтерген. Клубтың мәдениет ошағы, әрбір адамның рухани қажетін өтейтін орталыққа сай болу керектігін тілге тиек еткен.
Әкем газет-журналға жазылуды нау-қан көрген адам емес. Рухани азық деп қарайтын. Өзі бастап жазылатын. Ұжы-мына солай үлгі көрсеткен. Ауылына сол жазылған газеттері уақытылы жет-пейтінін аудандық газеттің бір санында мәселе ғып көтерген. Анамның айтуынша, газет-журналға жазылатын айда әкемнің жалақысы түгел кетеді екен. Қазір ойлап қарасам, біз ондай нәрсені жасай алмаған екенбіз...

Қаралым саны 1783

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463