«Тәрбие сағатын жастар үшін жазамын»

Шолпан ҚЫДЫРНИЯЗОВА,
ақын

Әлеуметтік желі қолданушылары ақын Шолпан Қы-дырниязованың тәрбие сағаттарымен жақсы таныс. Бүгінде мектеп мұғалімдері ақынның ой-түйіндерін тәрбие құралы ретінде қолдануда. Құрметті оқырман, назарларыңызға бірқатар тәрбие сағатын ұсынғымыз келеді. Оқыңыз, ой түйіңіз!

Үлкен адам өзінің өнегесімен кейінгі ұрпаққа тәрбие беруі керек деп ойлаймын. Өзімнің әжелік өнегемді, үлкендік жолымды көрсетейін деп жазып жүрген жұмыстарым. Оның ішінде «Ұл қандай қандай болу керек?», «Қыз қандай болуы керек?», «Ене мен келін арасындағы қарым-қатынас қандай болуы керек?» деген бөлімдері бар. Жалпы екі адамның диалог арасындағы байланыстарды көру арқылы тәрбие сағатымның атауы, мақсаты белгіленіп отырады. Негізі, мен ой-түйіндерді бұрыннан жазып келе жатырмын. Әлеуметтік желіде жазғаныма 2 жыл болды. Арасында газет-журналдарға шығып тұрады. Енді қазіргі жастар әлеуметтік желіде отырады. Олардың барлығы кітап оқымайды. Сондықтан да ойларымды қысқа-нұсқа жазып, әлеуметтік желіде маған тіркелген достарыммен бөлісіп отырамын. Ордалық кәсіпкер Нәдір Құрымбаев маған хабарласып, жинақ ретінде шығарғысы келетінін айтты. Жазып жүрген жазбаларымды Нәдірдің қолына тапсырдым. Содан 51 беттік жинақ болып, 100 данасы жарық көрді. Негізі, мен айтыс ақынымын. Өлеңді өзім үшін жазамын. Мен өлеңмен сырласамын. Ой-түйінді бо-лашақ елдің ертеңі – жастар үшін жазамын. Қазіргі уақытта тәрбие сағаттарын жазу үс-тіндемін.

* * *
Тағдыр – маңдайға жазылған майдан. Бақыт – басар баспалдағыңды биіктету, сүйікті болу мен сүйікті ету, бір жігіт үшін ата-анаңды қиып кету, аттаған алтын босағаңа сыйып кету, сыйып кету үшін күймеске күйіп кету, тамыр жайып өну, көнбеске көну, қырық шырақ жанып, сөну, бағыну мен сағыну, уайым-дау, уайымдату мен өзіңді мойын-дату. Бұл жолдан бізге дейінгілер өткен, төзімділері ғана мұратына жеткен, бізден кейінгілер де өтеді. Майданда үлескер емес, күрескер болыңыздар,
қыздарым!
* * *
«Ұяң ұя бұзбас», - деуші еді ақ әжем. Марқұм анам да «Ұяты төгіліп тұр екен», - деп біреулерге баға беріп отыратын. Бойымыздан ұяңдық пен ұят таба алмай қалып жатамыз.
Неге? «Тоқ адам тоқпақ-
пен ойнайды» - деген осы
ма? Қарқыл, шаңқыл, ана-
йылық – оспадарлық көшеде шерулеп жүр. «Ілтипат-сыз ірге сөгер, ықылассыз ырыс төгер», «Көшеде көргенділік танытпаған үйінде де үйлесімдік таппайды», «Міндетсіген індетшіл болар», «Көшенің көзі көп, кешенің сөзі көп», «Есердің ескертуі есік ішінде, естінің ескертуі бесік ішінде». Ойланайықшы...
* * *
Басшыларға құлаққағыс. Біліксіз бас-шы өзін көрсетуге, қарамағындағылар төзім көрсетуге тырысады. Абы-ройсыздану ақыл айта беруден бас-талады. Орынтаққа бой үйренсе, тіл сүйреңдей бастайды. Көп отырған басшы көне айна сияқты. Мақтағанға малданба, жақтағанға алданба. Отыр-ғышқа отырғыш – опырғыш.
* * *
Әке – төр, ана – бесік, ұл – қуат, қыз – шуақ. Ұлың қуатты, қызың шуақты болса, төрің қуатты да шуақты болады. Ұлдың қуаты әл кетіп, қартайғанда, қыздың шуағы жүзіңнен әр тайғанда керек. «Жетілгенше алдыңа, жетілгесін артыңа қара», - деп отырушы әжем. Ұлт тірегі – ұлдарым, тәрбие тіні – қызда-рым, жетілгесін артқа қарайлап жүр-місіңдер? Қамшының сабындай қысқа ғұмырдың жастығы өтеді, қарттығы жетеді, дүние – кезек.

* * *
Пікір – әр адамның өз көзқарасының жемісі. Айтылған ой-пікірді салқын- қандылықпен қабылдау – мәдениет-тілік, қолдау не қарсы пікір айту – азаматтық. Тіксіну, күпсіну, салғыласу, тұқырту, тілдеу – сөйлеу мәдениетін білмеу. Парасатты пайымды пікірден ақиқат гүл ашар, пайымсыз пікір парықсыздыққа ұласар. Түртіп сөйлеме, сананы сілкіп сөйле.

Анамның айтқандары
Кие адамның басында емес, ша-шында, шашты кез келген жерге тас-тамаңдар, шаштарыңды жаймай, жинап жүріңдер.
Кие адамның санасында емес, тілін-де, тілегің тілінсе де, тілің тілінбесін, бү-лінбесін.
Кие адамның өмірінде емес, өнерін-де, адал адамды аруақ қолдайды.
Кие адамның бойында емес, боса-ғасында, босаға берік болсын.
Кие сәнде емес, дәмде, дәм тау-сылмасын.
Кие елде емес, Жерде, жауға ұлта-рақ берме...

* * *
Салғыласу – менменшілдік. Мәнді сөз марқа шығар, салғыласқанның арты ашылар. Шын сөздің тоңы – ырыс, салғыласудың соңы – ұрыс. Тіке сөз – тікенек. Қасарысқанның қаны қараяр. Батпан сөзді байқап айт, мақтан сөзді қаймағын шайқап айт. Салғыласқанда сый болмас.

Бас
«Еркек – бас, әйел – мойын», - дегенді қалай түсінеміз? Менің ойым-ша:
Ердің беделі баспен, әйелдің беделі аспен көтерілер. Ойсыз бас – мықты мойынның ойыншығы. Миы мықтының сыйы мықты, Басы жоқтың қасы көп. Ақылсыздың аяғы басына, бағынбас. Қорытылмаған ой қоламта болар.

* * *
Бейімделу. Қайғыра білмесең де, қаймыға біл. Жұбата білмеген жылата береді. Садақада сұңқылдама, қуаныш-та ыңқылдама. Садақаның шелпегінде шер бар, тойдың телпегінде тер бар. Шерлі жерде шешенсіме. Қайғы-өзен сенікі, қайық – халықтікі, қайықтаспа-саң, айыптаспа. Кектескенмен беттеспе.

Енелерге құлаққағыс
Әжем айтқан ақылын бұлтарыссыз дәлелдеп отыратын еді. «Өз төрінен басқа шаңыраққа келін болып аттанған қыз енесінен айырған жетім бұзау сияқты күй кешеді, басымыздан өткенді айтамыз ғой», - дегені есімде. Біз де басымыздан өткенді айтатын дәрежеге жеттік. Менің марқұм енем өте сабырлы жан еді. Білмейтінімді айтып емес, бәрін ісімен, өнегесіме үйретті. Талай қызық болды. Бірде енем дүкеннен 10 келі сары май (ол кезде қолдағы мал әлі төлдемеген еді) әкеліп, шыжғырып ала ғой, - деді де, өзі бір жаққа кетіп қалды. Майды шағын қола ыдысқа салып, сарайдағы газга қойып, отын азайтып, басқа шаруаларыммен айналысып кеттім, сүт сияқты пісе беретін болар деп ойладым. Бір кезде үйге оралған енем «Сарай түтіндеп жатыр ғой, не болды?»- деп сұрады. Тұра жүгірдім, барсам, май қап-қара болып жанып кетіпті. Майды ыдысымен сыртқа шығарып тастап, көлеңкеде жыларман болып отырға-нымда, енем қасыма келіп: «Бұйырма-ған болды ғой, берген кісі жыланып шақ беріп еді», - деп, менің кінәмді өзгеге аудара салды, ұяттан өлдім.
Сол күннен бастап өте мұқият болу-ды үйрендім. Кейін бой сіңісті болғасын неге ұрыспадыңыз?» - деп сұрағаным-да: «Менің ұрысым май болмайды ғой, маған сен қымбатсың», - деді. Міне, дала даналарының тәрбиесі. Келіннің қатесін ақылмен түзету біздің қолы-мыздан келіп жүр ме? Мені сол енем-дей ене бола аламын ба деген сұрақ жиі мазалайды.

Енелерге құлаққағыс
Сыйлы болғың келсе, сыйымды бол. Келінге сыймаған енені ел сыйламас. Келінге көп сөз емес, көп көмек керек. Дым бермесең де, дем бер. Білгеніңді үйрет, күмәніңді күйрет. Мен білем деп сызданба, ұлыңды қызғанба. Ұлдың қадірі шал кеткенде білінер, қыздың қадірі хал кеткенде білінер, келіннің қадірі әл кеткенде білінер. Ене – емен есік, келін – тұтқа. Тұтқамыз тұрақты болсын!

* * *
Ұлтын сүймейтін ұлдан құлақ кесті құл артық. Тілдің киесі – елдің иесі. Тілдің Туын құлатпаған ел – ұрпағын жылатпаған ел. Жұрттың тілін жатта, ұлттың тілін сақта. Қара сөзі жоқтың қара көзі жоғалар. Ана тіл – қаныңның тамшысы, намысыңның қамшысы. Тілін ұмытқан тегін де ұмытар.

Сырласу. Қызым, саған айтам...
Сенім мен сезім болмай, адамның бақытты болуы қиын. Ең бірінші өзіңе, екі көзіңе, айтқан сөзіңе сенімді бол. Естігеніңді біреуге айта салуды әдетке айналдырма. Өсектің соңы – өкініш. «Аузы адалдың асы адал» - дегенді бабалар тегін айтпаған. Күйеуіңмен жарысып, тайталасып сөйлеу әдепсіз-дікке жатады. Ақылдасуды бойыңа, айтылған ақылды ойыңа сіңіре біл. Келін келешек ана, сәбиге берілер сана екенін ұмытпа. Менің әжем: «Ұрысқақ қатынның қызы ұқыпты болмайды», «Ұрыс ұя бұзады»- дегендерді қайталап отырушы еді. Әже әдебімен кейін-гілерге сабақ болсын, әркім керегін алса деген оймен сыр шертемін. Сезіміңді сарала. Ұнату мен сүюді шатастырып алмағайсың. Көпті ұнатасың, көпке ұнайсың, бірді сүйесің. Шын сезім ғана сынға төзе алады, бақытқа бастайды, бақыт – қанағат, қанағатшыл жан мәнді де сәнді өмір сүре алады...

Бұзылу
Ұл бұзылса, жұртқа сын, қыз бұзыл-са, ұлтқа сын. Ер бұзылса, серт кетер, әйел бұзылса, дертті етер. Заң бұзылса, лаң болар, Ел бұзылса, жер болар, көңіл толы шер болар. Бас бұзылса, тіс кетер, ас бұзылса, іш кетер. Жас бұзылса, істі етер, бармағыңды тістетер. Ұлт бұзылса, салт кетер. Салты жоқтың халқы жоқ.

Анаңды тыңда
Анам не істесе де, бізді қасынан қалдырмай, жұмсап өсірді. Әсіресе, іс тігіп отырып, мысалдап, тұспалдап айтатын ақыл-кеңестері жадымда әлі сайрап тұр. «...Кімнің келінісің?» деген парткомның сұрағына: «Нарбастың келі-німін, мен қой төлдетуге бара алмай-мын, мен үшін атам барады», - деп көрші Жаңыл келін бәрімізді жерге тықты ғой. Ата-ененің атын атау былай тұрсын, отағасының атын атамайтын қазақ едік,- деп анам бізге осы тұрғыдан бір сабақ беріп тастады, ол бізге пайдаға асты. Босаға аттап, келін атанғанда осы сабақты енем жалғастырды. Үйге келген кісі туралы маған мәлімет беріп, нұсқау жасайтын.
Бір күні үйге бір-бір сөмке ақша арқалаған екі адам түстік ішуге келді. Сәлемдесіп алып, шай әзірлеп зыр жүгіріп жүрмін, енем қасыма келіп: «Ана ұзын бойлы бала саған қайын аға болады, Саралжын совхозының кассирі, осы рудың үлкені "Желатаның" неме-ресі, "Құсатаның" баласы, атын атауға болмайды, өзің қалай атайтыныңды ойлан», - деді. Мен шай құйып отырмын, біреу есік қақты. Шықсам, жаңағы қайын ағамды іздеп келген екен. Ішке кіріп, "Кассир аға" сізді біреу сұрайды,- дедім. Бетім оттай жанып кетсе керек, енем орнынан атып тұрып, бетімнен сүйіп, «Бәрі дұрыс», - деп сыбырлай салды. Содан бастап таныс-қан қайын ағаларым мен қайныларыма ат қойып алдым. Кейбіреуін менен бұрын түскен абысындарым қойған атпен атап кеттім. Өзімнен кейінгілерге енем мен анамнан алған сабағымды беріп келемін.
Жинақтаған Зейнұр НЫҒМЕТЖАН,
Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінің
I курс студенті,
Орал қаласы

Қаралым саны 2005

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463