Мәрлен маған өмір сүруге талпынуды үйретті

Әлеуметтік желілерде құлсарылық Мәрлен мен Әнел есімді жұп туралы жиі жазылып, айтылып жүр. Біз де журналымыздың оқырмандарына екі жастың махаббат хикаясын баяндап, үлгі еткіміз келеді.
Әнел – 2009 жылдан бастап дертке шалдыққан ару. Ал Мәрлен – оның жанынан ажырамаған сүйіктісі. Мәрлен мен Әнелдің достығы 16 жастан басталыпты. Екеуі Атырау облысы Құлсары қала-сында бір мектепте оқыған екен. Алғашында телефонмен араласып жүрген жастардың ойына жұп боламыз деген ой келмепті. Мәрлен 9-сыныпты бітіріп, Ақтөбе қаласындағы колледжге оқуға түседі. Ал Әнел Құлсарыда оқуын жалғастырады.

Әнелдің сырқаты 2009 жылы басталыпты. Өкпесіне салқын тигізген бойжеткен анасымен Ақтөбе қаласына тексерілуге барады. Сол кезде ғана Мәрленмен алғаш рет кездеседі. Ал бір жылдан соң Әнелдің бір өкпесін түгелімен алып тастау керек болады. Әнелдің анасы Қарағандының тумасы екен, ол қызын сонда ота жасатуға апарады. «Осы сәттен бастап бәрі өзгерді», - дейді кейіпкеріміз.

Мәрлен НҰРҒАСЕНОВ
Туған жылы, айы, күні: 09.02.1995
Алматы облысының Үшарал қаласында дүниеге келген
Жұлдызнамасы: Суқұйғыш
Сүйіп жейтін тағамы: мәнті
Ақыны: Дидар Қамиев
Үлгі тұтатын тұлғасы: Шыңғыс Мұқан
Арманы: Кореяға барып, Әнелді толық емдету

Әнел МҰРАТОВА
Туған жылы, айы, күні: 11.08.1993
Балқаш қаласында дүниеге келген
Жұлдызнамасы: Арыстан
Сүйіп жейтін тағамы: шошқа етінен басқа тағамдар
Арманы: кітап жазу

Жүрегім орнынан қозғалып, арқама қарай ығысып кеткен

- Ауыра бастағанға дейін қанша досым болды. Жиі кездесіп, шүйіркелесетін едік. Аяқасты ауырып, Қарағандыға кеттім. Сол кезден бастап достарымның саны бірден азайды. Несін жасы-райын, 20 достың ішінен 2-3 досым ғана қалды. Ол кезде «агент» деген әлеуметтік желі бар. Мәрленмен ұзақ сырласатынбыз. Алайда ауруым туралы ашып айтпайтынмын. Бөтен адам дегендей. Алайда ол шет жағасын біледі екен. Қарағандыға жол жүрердің алдында онымен телефон арқылы сөйлестім. Ол, неге екені белгісіз, қашан, қай пойызбен шығатынымды сұрастырып алды. Мен мінген пойыз Ақтөбеге соқпай, Қандыағашқа тоқтайтын. Ал Мәрлен болса, сабағын тастап, Ақтө-беден Қандығашқа келді. «Сен операцияға кетіп бара жатқанда мен қалай сабақта отырамын? Аурудың да емі бар. Жазыласың» - деп менімен кете барды. Қалтасында ақшасы да аз еді. Жігері анам екеумізді қатты таң етті. Сол сәттен бастап бәрі өзгерді...
Қарағандыда Әнелдің бір өкпесін алып тастайды. Бірақ бойжеткеннің көрген қиындығы мұнымен бітпейді.
- Мәрлен сырттай бөлімге ауысып, менің жанымда болды. «Осындай адам болады екен ғой» деп, менің өмірге құлшынысым арта түсті. Әрдайым менің көңіл күйімді көтеруге тырысады. Ау-руханадағы медбикелердің де тілін тапты. Күніне 25 түрлі дәрі-дәрмек қа-былдайтынмын. Содан асқазан-ішек жолдарының жұмысы бұзыла бастады. Дәрігерлер 8 сантиметр ішегімді кесті. Тек бір өкпе жұмыс жасап тұрғасын, жү-регім сыр бере бастады.
2012 жыл еді. Оттегі баллонын алдырттық. Мәрлен ол кезде Қарағандыдан жұмыс тапқан еді. Алайда менің баллонымды көтеріп жүруі керек болғандықтан, жұмысын тастады. Жиі есімнен танып қалатынын. Сол жылдан бастап ауруым дендеп кетті. Ауа жет-пегесін жүрегім орнынан қозғалып, арқама қарай ығысып кеткен екен. Маған ота жасаған қарағандылық дәрігерім қатты уайымдады. Ол бізге «Жедел ота жасап, жүректі қалай да орнына әкелу керек. Өміріңе үлкен қауіп төніп тұр», - деді. Бармаған дәрігеріміз қалмады.

«Осы ауруды жеңбейінше, Құлсарыға бармаймыз»

Тіпті Алматыға Мәскеуден келген бір профессор Мәрленге: «Сен қызды әрі-бері сүйреме. Өмір сүруге 30 пайыз мүм-кіндігі бар. Ешкім ота жасамайды. Қыз-ды әке-шешесіне апар, дайындала бер-сін» - деді. Мәрлен ашуға булығып, дәрі-гердің жағасына жармасты. «Мен әлі-ақ Әнелді сіздің алдыңызға әкелемін, ай-тып отырғаныңыз осы ма?» - деді. Мен мына жақта маған бұйырған ғұмыр осы ма деп жылап жатырмын. Содан Мәрлен мені саябаққа апарып, бар дауысымен жылады. «Сен профессор осылай айтты екен деп берілесің бе? Соған сенесің бе? Аллаға неге сенбейсің? Құдайдан неге сұрамайсың? Мен сен үшін өмір сүріп жүрмін, неге маған көмектеспейсің? Сен тек берілмеші» - деді. Мен көндіккеніммен, профессордың айтқанын ұмыта алма-дым. Мәрленге «Үйге барайықшы, әке-шешеме барамын» - дедім. Ол болса: «Жоқ! Осы ауруды жеңбейінше, Құл-сарыға бармаймыз» - деді.

Тірі қалуыма 30 пайыз үміт болды

- Бір аптадан соң қарағандылық дәрігерім хабарласты. Хал-жағдайым-ды сұрап, Ресей мен Қытай дәрігерлерінің ота жасаудан бас тартқанын жеткізді. Ешкім бұндай жауапкершілікті ала алмаймыз деген екен. Осы арада дәрігерімді ерекше атап өткім келеді. Есімі – Аманжол Темірбаев. Мені осы уақытқа дейін емдегендіктен, бір-бірімізге бауыр бастық. Маған шын жа-ны ашып, әркез моральдық тұрғыда қолдау білдіретін. «Сен батыл қызсың. Мен сенің өлімді күтіп жатқаныңа шыдай алмаймын. Мен Кореяға барып, саған жасалу керек отаны жасап үйреніп келемін. Тек бір ай уақыт бер. Мені күт. Ешкімге жалынбаймыз» - деді. Басшы-лар дәрігерге: «Ота жасаудан бас тарт, жұмыссыз қаласың», - деген екен. Дәрі-гер елге оралған соң, Қарағандыға жет-тік. Отаға екі күн дайындалдық. Біздің артық уақытымыз жоқ болатын. Бұл 2016 жылдың ақпаны еді... 30 пайыздық кепілдікпен ота үстеліне жаттым. Дәрі-гердің уайымын іштей сездім. Бірақ сендім. Ота 6 сағатқа созылды. Отадан шыққан дәрігер Мәрленге «Уайымдама» деп кабинетіне барып, шалқая кеткен екен. Қатты шаршаған ғой. Бәрі қатты жылапты. Мәрлен оянған соң «Мен саған сендім. Күресіп жатқаныңды білдім. Мейлі 30, 20 пайыз болсын, сен жеңіп шығатын едің» - деді. Бір ап-тадай жан сақтау бөлімінде жаттым. Кейін жайлап жүре бастадым. Қазір баллонды сирек қолданамын.

«Мәрленді әкеме ұқсатамын»

Әнелдің әкесінің есімі – Мұрат, анасы Гүлнәр екен. Бір қызығы, Мұрат аға мен Гүлнәр апа да дертті жеңіп шыққан жандар. Әнелдің анасы демікпемен ауырыпты. «Сол себепті Мәрленді әкеме ұқсатамын», - дейді Әнел.
- Әке-шешем менімен бірге қиналып, үлкен сынақтан өтті. Анам көп ауыратын. Біз тым кішкентаймыз. Еміс-еміс есімде қалыпты. Сол кез біздің отбасы үшін қиын шақ еді. Бар жүк әкемнің мойнында. Тамақ пісіру, бізді бағу, анамды баптау. Біз әкемнің осынысына үйреніп қалдық. Әркез артымызды жинап жүретін. Анамды емдеу үшін апармаған жері қалмады. Ақыры ауруды жеңіп шықты. Өздеріңіз білесіздер, ем-домға көп қаражат керек. Әкем бар тапқан табысын маған жұмсайтын. Өмір бойы бас көтермей жұмыс жасап келеді. Менің тырыспам ұстап, ауырып қалғанда жалаң аяқ болса да, ауруханаға жүгіретін. Бізге мойығанын еш білдіртпейді. Әкемді қатты жақсы көремін. Өзімді әкемнің қызымын деп есептеймін (күлді). Бізге бала деп қабағын түйген емес. Маған Әнел деп те айтпайды. Әркез «қызым, жаным» дейді. Әкеме ұқсағым келеді. Мәрленді әкеме қатты ұқсатамын.
Анам мал дәрігерлік зертханада меңгеруші болып жұмыс істейді. Ол – өмір бойы менің жанымда жүрген аяулы жан. Менің жан қиналысым оған екі есе батады.
2010 жылы бір айда 9 ота жасалды. Тіпті денемде ине салатын орын болмады. Сол кезде қатты қиналды. 20 келіге арықтаған шығар. Ағам да әркез жанымда. Мені күлдіріп жүреді. «Көкем, аздап шыда. Сені сынап жатыр», - дейтін. Туған әпкем бар. Көз жасын тыя алмайтын (күлді). Анам оған ұрысады. Аллаға рақмет, сол кісілердің арқасында осы күнге жеттім.
Мәрлен мені бір түн болса да, ауру-ханаға жалғыз қалдырмады. Медбикелер ұрысатын. Бірақ олардың көңілін тәтті тортпен аулайтын. Мәрлен әжесі-нің тәрбиесінде өскен. Өзі де 6-сыныпқа шейін сол кісіні анам деп ойлапты. Үл-кен кісі қайтыс болды. Қазір туған анасы, әпкесі бар. Әпкесі Қытайда оқып келіп, Ақтөбеде жұмыс істеуде. Анасы Құлсарыда тұрады. Бізге әркез қолдау білдіріп отырады.
Мәрлен екеуміз әке-шешеміздің рұқсатымен 2015 жылдан мұсылмандық некедеміз. Осы жылы ғана аяққа тұрып жатырмын. Мәрлен де менің қасымда боламын деп, жұмыстан шы-ғып қалды. Қазір Мәрлен жұмысқа енді араласып жатыр. Ол үйлену тойларының, мерейтой және басқа да мерекелік шаралардың әдемі өтуіне үлес қосып, безендіру ісімен, отшашулармен айна-лысады, қысқаша айтқанда, ғажайып туындылар жасайды. Оның үстіне, Мәрленнің анасының туған інісі үйленгелі жүр. Мен де ата-анамның қасында көбірек болғым келеді. Өмір бойы ауруханадан шықпаған соң, қиын екен. Қазір Құлсарыда ата-анамның қасындамын. Анда-санда Атырауға, Мәрленге келіп тұрамын. Бұйырса, тойымыз болып қалар...

Арманым – кітап жазу

Ауруханада жатқан кезде балалармен де, үлкен кісілермен де тілдесіп, түңілген кездерінде қолдау көрсеткенді жақсы көремін. Мүмкін бұл Мәрленнен дарыған шығар. Болашақта кітап жазғым келеді. Қалай жазуға болатынын сұрастырып та жүрмін. Ауруханада жатқанда қанша адам көрдім. Сонша тағдыр, сонша хикая. Өзім әңгімелескенді ұнатамын. Әйелдерін балаларымен тастап кеткен ер адамдарды көрдім. Ауыра бересің дейді. Оларды көріп, жаным ауырады. Қыздар Мәрлен екеумізге қызығатын. Шынында, Мәрлен мен әкем сияқты адам көр-медім. Мәрленнен көрген жақсылығымды кітап қып жазсам деймін. Алла жазса, жазамын. Біздің хикаямызды арқау етіп кино да түсіруге болады. Неге жастарға үлгі болмасқа?...

Жуырда Мәрлен мен Әнел әнші Ер-нар Айдардың «Күнім, сен сөнбеші» әні-не түсірілген бейнебаянына басты кейіп-кер болып түсті. 23 шілдеде жарияланған видео 15 күннің ішінде 2 миллион жарым рет қаралым жинаған. Әлеумет-тік желілерде де тыңдарманың жылы лебізі толастар емес. Ән атыраулық қос ғашыққа арналып жазылғандай десті жұрт. Шығарманың орындаушысы да өзінің ресми парақшасында барша аға-йынға алғысын аямады. Бейнебаянға түсу туралы ұсыныс қалай жасалды? Мәрлен мен Әнелге қиын болды ма? Әнелден осы туралы сұрап едік.
- Ол кезде тексерістен өту үшін әрі демалып қайтайық деген ниетпен Қарағанды қаласында жүр едік. Екі-үш күннен соң инстаграмдағы парақшамызға Ернар Айдардың продюсері хат жазды. Мәрленнің нөмірін сұрап, ұсыныстары бар екенін жеткізді. Кейін Ернардың өзі Мәрленмен сөйлесті. - «Күнім, сен сөнбеші» әніне бейнебаян түсіргелі жатыр едік. Сіздер басты кейіпкер болсаңыздар дейміз, - деді. Содан Мәрлен маған «Алматыға барғың келе ме? Түсірілім барысында шаршап қалмайсың ба?» - деді. Мен бірден келістім. Ернар Айдарға Қарағандыдағы шаруаларымыз біткен соң кездесеміз деп уәдемізді бердік. Содан Алматыға бардық. Жақсы қарсылап алды. Бір-екі күн киім-кешектерімізді дайындадық. Үшінші күні бейнебаянды түсіріп бас-тадық. Ұйымдастырушылар 2-3 күнде түсіріп бітіру керектігін айтты. Алайда сол күні-ақ клипіміз дайын болды. Оператор риза болып, рақметін айтты. Меніңше, өзіміздің өміріміз болған соң, бізге оңай болған шығар. Ернар Айдардың үйінде 1-2 күн қонақ болдық. Алматыны араладық. Жалпы сол жақта 4-5 күн болып қайттық. Өздері ұшаққа шығарып салды. Бейнебаянға түсу оншалықты қиын болмады. Бізбен жұмыс істеген шығармашылық топ та өте жақсы адамдар екен. Біз олардың сөзін екі етпей орындадық. Міне, нәтижесінде әдемі бейнеклип шықты. Оқырмандардан көп хат келеді. Менің оларға айтар алғысым шексіз.
«Күнім, сен сөнбеші» әнінің мәтінін ұсынамыз.
Авторы – Ринат Зайытов

[Қайырмасы]Күнім, сен сөнбеші,
Сөнбеші, сөне көрмеші.
Күлкіңнің түссе сәулесі,
Жайнайды жүрегімнің барлық бөлмесі,
Күнім-ау.
Күнім сен сөнбеші,
Сөнбеші сөне көрмеші.
Күлкіңнің түссе сәулесі,
Жайнайды жүрегімнің барлық бөлмесі,
Күнім-ау.

1.Күндей ажарың, гүлдей ғажабым,
Сен данасың, дарасың.
Қатты таңданба, мына жалғанда,
Менікі ғанасың.
Сан сарсаңға кейде салсам да,
Естен тансам да, сүймеймін демедің.
Сол мінезіңді, мен бір өзіңді,
Жақсы көремін.

[Қайырмасы]Күнім, сен сөнбеші,
Сөнбеші, сөне көрмеші.
Күлкіңнің түссе сәулесі,
Жайнайды жүрегімнің барлық бөлмесі,
Күнім-ау.
Күнім сен сөнбеші,
Сөнбеші, сөне көрмеші.
Күлкіңнің түссе сәулесі,
Жайнайды жүрегімнің барлық бөлмесі,
Күнім-ау.
2.Тәтті нәзігім, қақтың қазығын,
Сен үзілмес үмітім.
Үні сезімнің, нұры көзіңнің,
Жанымды менің жылытты.
Тілдескенде біз гүл кештерде,
Сырлар көшкенде жүректен жүрекке.
Сен күлген кезде серпілген лезде
Тастай түнек те.

[Қайырмасы]Күнім, сен сөнбеші,
Сөнбеші, сөне көрмеші.
Күлкіңнің түссе сәулесі,
Жайнайды жүрегімнің барлық бөлмесі,
Күнім-ау.
Күнім, сен сөнбеші,
Сөнбеші, сөне көрмеші.
Күлкіңнің түссе сәулесі,
Жайнайды жүрегімнің барлық бөлмесі,
Күнім-ау.

Мәрлен мен Әнел қазан айында Орал қаласына келеді

Әнелдің айтуынша, түрлі телебағдарламаларға түсу туралы ұсыныстар жиі түседі. Алайда қос жұп бұл туралы асықпай сараптап алады. Мәселен, Мәрлен мен Әнел қазан айында Орал қаласында өтетін қайырымдылық кешіне қатыспақ. Осымен үшінші жыл қатарынан дәстүрлі қайырымдылық балының ұйымдастырушысы – оралдық Алпамыс Шаримов. Естеріңізге сала кетейік, Алпамыс – Димаш Құдайбергеннің ресми өкілі. Елімізге танымал PR менеджер өзінің парақшасында кеш туралы жазбасын жариялаған болатын. Оның айтуынша, қайырымдылық ша-расы белгілі бір тақырыпты қамтиды. Биылғы кеш «Love for all» – «Бар маxаб-батпен» тақырыбымен өтеді.
- Шараның басты қонағы – маxаббаттары арқылы көпшілікке бәрін жеңуге болатынын түсіндіре білген Мәрлен мен Әнел.
Шараның өтетін орны – Орал қа-ласы, Салтанат сарайы. Орал – арxи-тектурасы балдың форматына сай ке-летін, Еуропа мен Азияны бөліп тұрған еліміздегі ең ерекше қалалардың бірі. Әлемнің түкпір-түкпірінен келетін қо-нақтарды Орал қаласы өз деңгейінде қарсы алуға дайын. Балға қатысудың үш жолы бар:
1. Арнайы шақыруға ие болу! Ар-найы шақыруға ие болатын жандар: Қазақстандағы түрлі саладағы жетіс-тікке жеткен жастар. (шақыру – 150 дана)
2. Билетті сатып алу. Билеттен түскен қаржы 100% қайырымдылыққа жұм-салынады! (100 дана). Қайырымдылық Орал қаласындағы мүмкіндігі шектеулі жастарға көрсетіледі.
3. Кештің көркі болатын дебютант атану. Ол үшін 3 қыркүйек күні болатын кастингке қатысып, 100 дебютанттың бірі болу! 50 жігіт пен 50 қыз (18 бен 29 жас аралығы) бір ай бойы еліміздегі ең үздік xореографтар пен балетмейстерлер, актерлер мен өнер саласының түрлі мамандарынан сабақ алып, үлкен мек-тептен өтеді, - деді Алпамыс Шаримов жазбасында.
Ендеше, қазан айында Мәрлен мен Әнелді Орал қаласында күтетін бо-ламыз.
Өкінішке орай, Мәрленнің жұмыста болуына байланысты тілдесе алмадық. Қайсар жігіт Атырау облыстық газетіне берген сұқбатында «Өліп қайтып тірілсем де, Әнел – менің өмірімнің мәні. Иә, қиын болды. Бірақ туыстарымыз, достарымыз барынша көмектесті, ақша жіберіп тұратын. Қарағандыда жүргенде өзім де далада түнеген кездерім болды. Ештеңеге өкінбеймін, себебі Әнелім жанымда» - деген екен. Ал Әнел «Адам қандай жағдай болмасын, берілмеуі керек. Төрт аяқтап болса да, өмір сүруге талпыну керектігін маған Мәрлен үйретті. Себебі Алла дұғаңды қабыл етеді» - дейді.
7 жыл бойы сүйіктісінің қасынан ажырамаған Мәрленге таңданбасқа болмайды. Ақкөңіл Әнел замандасымыз да осындай қарым-қатынасқа лайық жан дегізгендей. Екі жасқа ұзақ ғұмыр, баянды бақыт тілейміз.

Айдана ХАМИДУЛЛИНА

Қаралым саны 1435

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463