Мен Қазанға барғанда...

Шамам келгенше, жылына еліміздің бір аймағына немесе көршілес елге жеке шаруаммен бірге саяхаттап, сапар-лап қайтуды әдет қылғанмын. Былтыр зайыбыммен Башқұртстанға барғанбыз. Биыл Татарстанға барамыз деп шештік. Барар жолда Ресейдің Самар облысы, Ульяновск облысы арқылы Қазанға жетуді жоспарласақ, қайтарда Набережно-Челны, Уфа, Орынбор арқылы өтуді таңдадық.

Қай елге барсаң да, сол елдің көрікті жерлері мен тарихи орындарын, му-зейлері мен демалыс орындарын ин-тернеттен қарап, алдынала жоспарлап барған дұрыс. Ұлттық нақышын немесе салт-дәстүрін көргің келсе, демалысың-ды сол елдің төл мерекесіне келтіріп барған тіпті керемет. Мұндай шаралар-дан көп дүние түйіп қайтуға болады. Біз де бұл жолғы сапарымызды татар-башқұрттың төл мейрамы – Сабантойға сәйкестендіріп бардық.

Жол
Оралдан таңертең сағат 6.30-да шы-ғып кеттік. Бір сағат турасында Қазақ-стан-Ресей кеден бекетінде болдық. Кеденнен өтуге 40-50 минут уақыт кетті (әр кезде әр түрлі). Одан әрі Самара қа-ласына бір жарым сағат турасында жет-тік. Жол айтарлықтай емес. Қалаға кіре- беріс тұстағы Еділ өзенінен өтетін көпір үстінде көлік кептелісінің шеті мен шегі жоқ. 2018 жылы футболдан Әлем чем-пионаты өтетін қалалардың бірі бол-ғандықтан, қала көшелерінде, көпір-лерде, магистральдарда жаппай күр-делі жөндеу жүруіне байланысты қа-ланы кесіп өтуге екі жарым сағатқа тарта уақыт кетті.
Ресейдің әр аймағы, әр облысы же-ке бір мемлекет іспетті. Бір облыс эко-номикасы өркендеп жатады, біріне барсаң, ХІХ ғасырдағы орыс деревня-сына тап болғандай боласыз. Самара облысының аймағынан өтіп, Ульяновск облысына өткенде сондай әсер алдық. Иесіз тастап кеткен деревнялар, орнын орман басып кеткен бұрынғы өндіріс орындары, ойдым-ойдым жол...
Ульяновскіден Татарстанға Әлки ау-даны арқылы кіресіз. Жол түзеліп, көк-жиекке дейін дәнді дақылдар егілген егіс алқаптары басталады. Ауылдары негізінен жол жиегіне орналасқан, әр ауылда шағын май сығатын зауыт, диір-мен сияқты өндіріс орындары бар. Көбі омарта шаруашылығымен айналысады. Үйлерін, көшелерін өте таза ұстайды. Әр үйдің тұсында татарша ою-өрнектелген бірдей шағын палатка орналасқан. Не-гізінен, бал, сүт, қаймақ, татардың тәтті тағамдары сатылады. Алексеевскіден кейін Камадан өткенде өзеннің жал-пақтығы таң қалдырмай қоймайды. Бұл жер нағыз Еділге құяр тұсы, шеті теңіздей көкжиекке ұласып жатыр. Одан әрі Шали елді мекені тұсынан М7 федеральдық маңызы бар төрт жолақты автомагистраль басталады. Жол бойы ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени мұ-ралар тізіміне енгізілген Бұлғар қа-ласының дәл осы тұстан қанша ша-қырымда екені, бұл қаладағы тарихи ескерткіштердің суреттері т.б. ақ-параттар жазылған бірдей билбордтар әр 15-20 шақырым сайын тұр. Мұндай билбордтар Яр Чаллы (Набережные Челны) бағытындағы автомагистраль-дарында да кездеседі. Еділ бұлғар-ларының көне шаһары Бұлғар қа-ласының Татарстанның шеткі тұсын- да, орталық жолдардан қашық ор-наласқанын ескерсек, бұл туристерді тартуға арналған жол бойғы жарнама кәдімгі психологиялық түрде әсер ете-ді... Өйткені Қазанға жақындаған сайын Бұлғардан алыстай бересіз де, біраздан соң бұрылып соқпағаныңызға өкіне түсесіз.
Біз орташа жылдамдықпен Қазанға сағат 17.30 турасында келіп кірдік. Са-мара қаласымен салыстырғанда, көлік көп болмаса, аз емес, қала ішіндегі төрт, алты жолақты кең жолдар мен айналма көпірлердің арқасында көлік кептелісі аз. Көліктің көптігіне қарамастан, қа-лада ауа таза, бірақ жанар-жағармай қымбат. Ресейде экологияны жақсарту мақсатында 2016 жылдан бастап жаңа тәртіп енгізілген – барлық жанармай стансаларында ең төменгі АИ-92 бен-зинінің өзі сапасы ЕУРО-5-тен төмен жоқ. «Қымбат та болса, дұрыс шешім екен» дедік.
Қазанның негізгі көрнекті жерлері Вахитов ауданында орналасқан. Қа-зан кремлі, Құл-Шәріп мешіті, Сүйін-бике мұнарасы, Орталық стадион, Бау-ман көшесіндегі жаяу жүргіншілерге арналған арбат т.т. барлығы осы аудан-да. Тәулікке пәтер жалдау бұл ауданда қымбаттау, аптаның орта кезінде 2000-2500 рубль тұрса, сенбі-жексенбі күнге 3000-3500 рубль етіп бөлек есептейді. Алдынала интернет арқылы немесе хабарласып, брондап қоймасаңыз, бар-ғанда хостелдерден кереует табу да қиынға түседі. Егер өз көлігіңізбен бол-саңыз, қаланың кезкелген ауданынан құны Вахитов ауданындағы хотелге тең бір-екі бөлмелі пәтер жалдауға бола-ды. Уақытыңызды тиімді пайдаланса-ңыз, Қазанды аралауға, Успенскі собо-рына, Бұлғар қаласына баруға үш-төрт күн жетіп қалады.
Алдынала келіскен пәтерімізге ор-наласып, сәл демалған соң кешкі Ка-занка өзенінің сол жағалауында ғана болып, қазан түрінде салынған неке-салтанат сарайының айналасында сер-уендеп қайттық.

«Сабантой-2017»
Бар-жоғы 650 шақырымдай жерде орналасса, да Оралмен салыстырғанда, Қазанда уақыт айырмашылығы – екі са-ғат, Мәскеумен бірдей. Таңертең Орал уақытына үйренген, сағат тоғыздарда «ұйқымызды қандырдық» деп тұрған-да оларда әлі сағат жеті екен. Бірақ күн арқан бойы көтеріліп қалған, ысий бастаған. Интернеттен баратын мар-шрутымызды қарап, мерекелік шара-лардың ретін қарап, кешікпей шығып кеттік. Сабантой жергілікті уақытпен сағат ондарда басталды. Жалпы әр өңірде, әр ауданда қысқы мал азығын жинау уақытының аяқталуына бай-ланысты әр түрлі тойланатын татар-баш-құрт бауырлардың ұлттық мейрамы сол күні Қазанда қорытындыланды. Қалада-ғы Қайыңды алқап (Березовая роща) ау-данында өткен мерекенің ұйымдасты-рылуы көңілімнен шықты. Әр облыс өз эт-ноауылын құрған, тек татар ұлтының (біз-дегі кез келген мереке жүз нешеме ұлт пен ұлыстың ассорти мейрамы боп ке-тетіні есіме түседі осындайда) тұрмыс- тіршілігін, мәдениетін паш ететін көрі-ністер бірінен бірі өтеді. Орталық алаң-да театрландырылған көрініс болды.
Мерекенің басты қонағы – ЮНЕСКО бас директорының орынбасары Нада аль-Нашиф ханым татарстандықтарды мерекелерімен құттықтады. Татарстан Президенті Рустам Минниханов мырза да жиылған жұртты жақында ғана Свяжескідегі Успенский соборы-ның ЮНЕСКО-ның әлемдік мұрасы қа-тарына кіргенін тағы да бір қуанышпен хабарлады. Бұл – Татарстан бойынша Қазан кремлі мен Болгар қалашығынан кейінгі ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра қа-тарына кіретін үшінші орны. «Бөкей орда-сындағы Хан ставкасы, Сарайшық қала-шығы мен Бекет ата, Шопан атадағы жерасты мешіті қашан кірер екен?!» де-ген ой тағы келеді. Минниханов Нада аль-Нашиф ханымға: «Сабантойды ЮНЕСКО-ның материалдық емес құн-дылықтары қатарына қосуға болады» деп, құлағына «алтын сырға» салып қойды. Көрісу, Амал мерекесі бізде бар деймін ішімнен, бірақ республикалық деңгейге жеткізе алмай жатырғанда ЮНЕСКО аспандағы ай ғой əзірге...
Мереке бастан-аяқ татардың биі, ән-жырымен өтіп, соңы ұлттық ойынға ұласты.
Түстен кейінгі жоспарымыз Қазан Кремлі, Құл-Шәріп мешіті, Сүйінбике мұнарасы мен Кремль ішіндегі орна-ласқан мұражайларды аралау мен Бау-ман көшесіндегі арбатты тамашалау болды.
Қазан Кремлі, шынымен де, көлемі-мен, көнелігімен тартымды. Ағаш мұ-наралары мен бақылау күмбездері рес-таврациядан өткізілген. Қорған ішіндегі кезінде темір ұстаханасы болған, қыш-құмыра соғатын, тері бұйымдарын жа-сайтын орындарды Қазанның ең таны-мал шеберлеріне шеберхана ретінде бе-ріп қойған. Әрі шеберхана, әрі сол жер-де жасаған бұйымдарын туристерге са-тып жатыр. Құл-Шәріп мешітіне кірген-де әйел адамдарға татарша кестеленген орамал мен алжапқышты міндетті түр-де таққызады. Мешітке кірер тұстағы ау-лада жағалай сол ерте кездегідей жай-ма базар бар, негізінен, сувенир бұйым-дарын сатады. Сүйінбике мұнарасына тұрмыс құрмаған қыздар маңдайын тигізіп, тілек тілесе, арманы орында-лады деген сенім бар екен. Мұражай-ларға кіру құны, 250 рубль, кірер тұста жиырма адамнан тұратын топқа бір гид жалдауға болады, құны, 1200 рубль, бізбен салыстырғанда, тым қымбат. Экспонаттар аз, көбі фотосуреттер мен интерактивті тақтадағы видеолар не-месе Түркілердің заманындағы ескерт-кіштердің көшірмелері тұр. Қазан кремлі ішінде Қару-жарақ палатасы, зеңбі-ректер музейі, православ соборы ор-наласқан. Кремльден шыққан бетте ке-зінде керуен сарайы болған, қазіргі Та-тарстан Ұлттық Мұражайы тұр. Ішіндегі экспонаттар жұпыны көрінді. Мұражай қызметкерлерінің айтуынша, көп дү-ниені Эрмитажға тасып кеткен деседі. Бірақ мұражайлардың көптігін бай-қадық. Шақ-шаққа арналған мұражай, Социалистік замандағы тұрмыстық зат-тар мұражайы, Алыптар мұражайы, Бақытты балалық шақ мұражайы, Те-резе жақтауларының виртуалды мұра-жайы деген сияқты бес қамыстың басын қосып, шағын мұражай жасай салған дүние көп. Жоқтан бар жасап отыр. Есесіне, әлеуметтік желіден қарасаң, аты айшылық жерден айқайлап шақырып тұрады. Біздің Орал қаласы – Қазақстан бойынша әлемдік деңгейдегі Толстой, Пушкин, Ғабдолла Тоқай сияқты тұлға-лардың табаны тиген жалғыз шаһар, ұлт зиялылары шығарған тұңғыш басылым «Қазақстан» газетінің баспахана ғима-раты, Қасым Аманжолов ақынымыздың тұрған үйі... Әрқайсысын бір-бір мұра-жайға айналдыруға болады! Мұражай тұрғысынан алғанда, «Басқа қызым бір төбе, Күнекейім бір төбе» демекші, Тақсай ханшайымының өзі бір төбе, одан бөлек өлкетану мұражайының фондында жатқан дүниелерден бір емес, бірнеше мұражай кешені шы-ғардай.
Қазан кремлінің айналасындағы бір көшеге асфальт немесе текшетас төсемей, ерте кездегі қала көшелеріне төселген бұдырлы тау тастарынан жол жасап тастаған. Пәуеске жеккен ат арбалар ақшаңды төлесең, аралатып шығады, керемет әсерлі көрініс. Біздің Орал қаласында Достық даңғылындағы негізгі автокөлік жүретін жерлерді параллель жатқан Құрманғазы, Аман-жолов, Есқалиев көшелеріне бағыттап, Пушкин қонақ үйінен Қазақ драма театрына дейінгі жерді арбатқа айналдыруға болады-ау деп ойладым. Қаламыздың бұл тарихи бөлігіндегі әр үйінен бір-бір мұражай жасап, көшеге орындықтар қойып, Қазанның қымбат кафе, ресторандарынан кем емес де-малыс, көңіл көтеру орындарын жасаса деп армандаймыз. Ал жаңадан са-лынған аудандағы Теннис орталығы, Қа-дыр орталығы, Салтанат сарайы сияқты дүниелер қаланың маңызды әлеуметтік маңызы бар нысандары демесек, ондай дүниелерге бола туристер келмейді. Өйткені алыс-жақында бұндай ғимарат-тарды он орап алатын қызықты архитек-туралық шедеврлер баршылық.
Қазан қаласында велосипед, авто-тұрақтар автоматтандырылған паркинг жүйесімен жұмыс жасайды, ақша алу-шы, күзетші деген атымен жоқ.
Жалпы, Қазан – батыс пен шығыс мәдениеті, мұсылман әлемі мен хрис-тиан діндерінің тоғысқан орталығы. Бір суретші ұстазым: «Жақын жерден көне архитектуралық үйлер мен жаңа заманауи құрылыстардың талғаммен үйлескенін көргің келсе, Қазанға бар» дейтін. Шынымен де, қала архитекту-расын шебер үйлестірген.
Кешкісін Бауман көшесімен серуен-дедік. Бұнда кешке көше музыканттары өнер көрсетеді. Кафелер мен ресто-рандар, сыйлық сататын дүкендер түні-мен жұмыс жасайды. Татардың чак-чагін, қант қосылған бауырсағын базар-лыққа ала кетуге ыңғайлы етіп, әдемі қо-раптармен сатады. Әр дүкеннің кіребе- ріс тұсында міндетті түрде Қазанмен байланысты шағын статуэтка тұрады. Әрі суретке түсесіз, әрі дүкенге қалай бас сұққаныңызды аңғармай қаласыз.
Сакрализация деген ұғым бар. Бір затты, жерді, тіпті адамды болсын, құр-меттеу немесе насихаттау арқылы кие дарыту, киелі жерге, затқа айналдыру. Бауман көшесінде Қазан қаласының 0-ші меридианы, Қазан мысығы, Екате-рина 2-шінің күймесі, Су анасы сияқты мыстан құйылған шағын архитектура-лық ескерткіш пішіндерді қолдан жасап, насихаттау арқылы туристердің бір көріп, суретке түсуге асық орнына айналдыра білген. Бұл жерде татар бауырлардан үйренеріміз көп.

«Азаулының Ыстамбұлдан несі кем?!»
Қазанды көргеннен кейін Оралмен салыстырып, Аймадет Ер Доспанбет ағаның осы сөзі ойыма келді. Азаулыны Ыстамбұлмен салыстырғаны несі деуші едім. Ыстамбұл қандай, Азаулы қан-дай?!
Жалпы ортаазиялық, қазақстандық деген өлшеммен алмай-ақ, осы өзіміз-дің Оралмен салыстырсақ, сондай дүниелерді өзімізде жасауға әбден болады. Біріншіден, Ақтөбе, Атыраумен салыстырғанда, Оралдың географиялық орналасуы, табиғаты, экологиялық жағ-дайы, жағажай демалыс орындарының көптігі Қазаннан кем емес. Екіншіден, ЮНЕСКО-ның мұрасына кірген орындар болмаса да, тарихи орындардың көптігі ақиқат қой. Қымызды (Кумыска) сана-торийін қайта жабдықтап, Ақжайыққа келетін демалушылардың бағдарла-масына жайлы заманауи автобустар-мен Жайық қалашығына, Бөкей орда-сындағы Хан ставкасына апару сияқты қосса, жолай жатқан Чапай, Жаңақала сияқты елді мекендерге тоқтамай, түстенбей кетуі мүмкін емес. Яғни, сол жерге ақшасын тастап кетеді. Бір түйгеніміз – егер шындап қолға алса, қаламыздың еліміздегі жақсы туризм орталығына айналуына потенциалы мол екені және туризмнен түсетін табыс арқылы көршілес Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау сияқты мұнайлы өңірмен теңесіп кетеріміз анық. Жастарымыз да басқа облыстарға жұмыс іздеп кетпес еді.
Дамыған Еуропа мен Түркияны алмай-ақ, өзіміз сияқты Кеңес Одағы-ның шекпенінен шыққан, әлі де феде-ралды мемлекеттің ішінде отырған, арамыз бар болғаны алты жүз шақырым жердегі татар бауырлардың тірлігін көріп, «үйренетін дүниеміз көп екен» деп қайттық.
Берік ШАДЫҒАЛИ,
Орал – Қазан – Орал
Суреттер автордікі

Қаралым саны 1200

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463