Әрине, қарапайым оқырман біздің журналдың әр саны қаншалық еңбекпен, қажыр-қайратпен, ізденіспен шығып жатқанын біле бермеуі де мүмкін. Басылымға қол қойып отырған редактор ретінде ең алдымен журналымыздың ақылдастар алқасы төрағасы, нағыз алаштың азаматы Жантас Набиоллаұлына алғыс айтқым келеді. Көпшілік қара басымен қайғы болып, қолынан іс келетін көп жігіт қалтасын қампитуды ойлап кеткенде «рухани байлықты да ұмытпайық, адамның хайуаннан айырмашылығы ақыл-санасында емес пе?» деп өзіне өзі жүк артып, жауапкершілік арқалап жүретін мұндай азаматтың жанынан табылу – әр жігітке де абырой деп есептеймін. Алла жар болсын ісімізге!
Сылтып аяңдап, сыңар басып шығып келе жатқан журналымыздың әр санына аты-жөні көрінер-көрінбес талай адам үлес қосады. Олардың арасында аты-жөні алашқа танымал абыройлы азаматтар да, мектеп пен оқу орны қабырғасында білім алып жүрген балапан шәкірттер де бар. Біз үшін бұл жандардың әрқайсысының есімі ерекше қымбат! Сондықтан «DANAqaz» тарихи-танымдық журналының бүгінгі алғашқы белесі, бес жылдық мерейтойымен дәл осы достарымызды құттықтағымыз келеді.
Мерейтой құтты болсын, достар!
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
журналдың бас редакторы