Бес жыл бұрын тарихи-танымдық журнал шығару ниетімен бір топ ниеттес бас қосып, іске кіріскенбіз. Халыққа, болашақ ұрпаққа пайдалы іс тындырсақ деген ниеттен туған іс еді. Асыл мақсатымыз – еліміздің тәуелсіздігін баянды ету, әбден бұрмаланған тарихымызды мүмкіндігімізше дұрыстауға үлес қосу, жастарды терең білім мен тарихты оқыту арқылы ұлттық рухта тәрбиелеуге атсалысу, тек тарихшылардың тарихи материалдарын жинап алып жариялау емес, сонымен қатар өзіміз де зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ақиқатты анықтауға ұмтылу. Журналдың атынан тәрбиелік мәні бар шараларды ұйымдастыру арқылы да халыққа оң бағыт беру.
Алғашқы нөміріміз жарыққа шыққанда елдің ертеңіне қайғыратын зиялы қауым өкілдері ерекше қолдау білдірді. Олар басты екі тілек айтып еді: бірі – басылым ғұмырының ұзақ болуы, екіншісі – мазмұны жағынан бастапқы деңгейден төмендемеу. Біздің де ұстанымымыз осы болды. Міне, бес жыл өтті. Журналымызбен бес жыл бірге болған оқырманның ерекше ықыласын сезіп, арнайы жазған тілектерін оқи отырып, әрдайым марқайып қаламыз. Алғашқы мерейлі жасы деп арнайы тілек жолдаған барша замандастарымызға алғыс білдіремін. Ниеттеріңізге рақмет!
Болашақта арнайы білім-ғылым орталығын ашып, журналымызды осы жобамен байланыстыра дамытуды көздеп отырмыз. Алла қолдағай!
Жантас НАБИОЛЛАҰЛЫ,
журналдың ақылдастар алқасының төрағасы