Журналдың бүгінгі санында Батыс Қазақстан облысының Зеленов ауданына қатысты мақалалар топтамасы жарияланғанын оқырман байқаған шығар. Бүгінде Ресей Федерациясының үш губерниясымен шектесіп, елдің шетінде, желдің өтінде тұрған, отарлық езгіге, орыстандыру науқанына алдымен ұшыраған аймақ ғой. Тәуелсіздік алған жылдары топырағы құнарлы, жері шұрайлы осы өңірге жан-жақтан ағылған қандастарымыз қазір қара ормандай көбейіп, өңірдің өзіндік бет-бейнесін қалыптастырып та үлгерді. Нұржан Дүзбатырдай азаматтар «бұл жерде ешқашан қазақ тұрмаған» деген сыңаржақ пікірді тас-талқан етіп, араб жазулы ата-баба құлпытастарын тапты. Журналдың осы санын даярлап жатқан кезімізде ауданның барлық ауылында алқалы кеңес өтіп, Зеленов атауын «Бәйтерек ауданы» деп өзгертуге шешім қабылдады! Енді тек республикалық құзырлы мекемелердің бекітуін күтіп отырған жай бар.
«Бітер істің басына жақсы келер қасына» деген ғой. Журналдың осы санының біраз бөлігін жасыл желекті ауданның кешегісі мен бүгінгісіне арнай отырып, сүйінші хабарды жеткізгенімізге қуаныштымыз!
Жеңісіміз көп болсын, ағайын! Өзгенің дүниесіне өрекпімейміз, бірақ өзіміздікі өзімізге бұйырғанға не жетсін!
Құрметпен, Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ