Жетпіс жасар зейнеткердің туған жері – Ресейдің Орынбор облысы, Елек ауданына қарасты Логовой ауылы екен. Жасөпірім кезінде қазақ жеріне қоныс аударып, мектепті Бөрлі ауданының Успен ауылында жалғапты. Кейін А.Пушкин атындағы педогогикалық институттың спорт факультетін бітірген.
- Жасымнан сурет салғанды жақсы көрдім. Мектептен соң арнайы өнер техникумына түссем деген ой болған. Бірақ, мен көздеген Ижевск қаласындағы өнер техникумы өте алыс болғандықтан, Оралда оқуды жөн көрдім, - дейді Иван Леонидович.
Сурет салуды жетік меңгерген Иван Юнусов сүйікті ауылының әдемі табиғаты мен Деркөл өзенінің сұлулығын қағазға түсіруді көптен әдетке айналдырған. Спорт тақырыбындағы картиналары да көп.
– Спортшы болмағанымда суретші болар едім, - дейтін кейіпкеріміздің кейбір туындылары Орал қаласында, Ресейдің Тольяти, Россошь қалаларында жеке коллекцияларда сақтаулы. Жақында «Шабыт қанатында» атты қолөнершілер мен суретшілердің көрмесінде де Иван Леонидовичтің туындыларын ауылдастары жоғары бағалады.
– Бұрын жұмыс деп жүріп бұл ісімді ұмыта бастап едім. Зейнетке шыққан соң қайта кірістім, - деп күледі. Бүгінде Иван Леонидовичтің жұмыстары үйінің әр бөлмесінде самсап тұр.
Түгелбай Бисен,
Зеленов ауданы