«Рухани жаңарған Қаратөбе»
Бұл жинақтың сүйінші данасы 2018 жылдың мамыр айында шықты. Ел ішіндегі шежіре қарттар айтып кеткен тарихи аңыз-әңгімелер, ауылдық округтердің бүгінгі тыныс-тіршілігі жазылған кітап Қаратөбе ауданының 90 жылдығына арналған еді. Кітапта ауданның тарихы, белгілі тұлғалары туралы көптеген мәлімет берілген.
Бұл кітапты Қайыржан аға өзі шығарып, аудан басшыларына таныстырған екен. Жақында Қаратөбе ауданы басшыларының қолдауымен бұл кітаптың 250 данасы «Шұғыла Принт» баспаханасынан басылып, 10-11 тамыз күндері Қаратөбе ауданының 90 жылдығына келген қонақтарға сыйға тартылды.
«Батагөй Ертай Сердалин»
Бұл кітапта халқымыздың бай ауыз әдебиетінің бір үлгісі – бата берудің шебері, Қаратөбе аудандық, Батыс Қазақстан облыстық, Атырау қаласында өткен аймақтық байқаулардың бас жүлдегері, Қаратөбе ауданы Егіндікөл ауылдық округінің батагөйі Ертай Нығыметұлы Сердалин туралы жазылған. Кітап тамыз айында жарық көрді.
«Айбас батыр»
Бұл кітапта Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Қаракөл бойында өмір сүрген ысық-жақсыбай-бестау Айбас батыр жайлы баяндалады. Кітап тарихи деректер мен ауызекі аңыз-әңгіме негізінде жазылды.
Айбас батыр туралы әр жылдары жиналған деректер және оның замандас батырлар мен ел мықтылары туралы қызықты аңыз-әңгімелер бір жерге жинақталған осы кітап оқырман көңілінен шығады деген ойдамыз. Бұл кітап – Айбас батыр ұрпақтары және олардың игі жұмыстары туралы да біраз мәлімет беретін дүние.
- Бұл кітапты әкем Қайыржан Хасанов өзі дайындап кеткен болатын. Жетпей тұрғаны кейбір шежіре мәліметтері мен Айбас батыр қорымындағы құлпытастардың оқылуы еді. Сол деректер қосылып, тамыз айында осы кітапты басып шығардық. Айбас батыр ұрпақтары батыр рухына арнап 5 тамыз күні ас беріп, осы кітап қонақтарға таратылды. Бұл асқа Қайыржан Хасановтың зайыбы Ырысты Кәкімқызы мен баласы Сәтжан Қайыржанұлы қатысты, - дейді кітап авторының ұлы Нұржан Қайыржанұлы.
Өте Шығанақ, Жақсыбай Айбас, Сәмбет, Сейтек Жаңабай сияқты қазақтың батырлары мен билерінің есімдерін жаңғырту, өнегелі өмір жолдарын өсіп келе жатқан буынға жеткізу үлкен тәрбиелік мәні бар нәрсе деп білеміз. Осы кітап сондай өнегелі жұмыстардың жалғасы деп есептейміз.
Жоғарыда аталған еңбектердің бәрі де оралдық Асқар Бекчуриннің «Шұғыла Принт» баспаханасынан шықты.
DQ