Бүгінгі оқушы мектептен түлеп ұшқан кезінде өмірге әбден бейімделіп, жан-жақты білім мен тәрбие алып шығуы тиіс. Өйткені заманның талабы да осы. Жалпы білім беретін мектептерде ұйымдастырылатын «Шаңырақ сыны» сайысы болашақ ата-аналарға ерекше әсер етіп, бала тәрбиесіне әлі де жете көңіл бөлмейтін ата-аналарға тың ой салуымен құнды.
Сайыстың шартына сәйкес бұл шарада қатысушылар ұлттық тәрбие жайлы мақал-мәтелдер біліп, қазақтың ұлттық аспаптарын насихаттауы тиіс. Осы арқылы олардың қазақтың мәдени мұрасы – күй өнеріне, шығармаларға қызығушылығы артады.
Сайыс 8 кезеңге бөлінеді. Сайысқа қатысушылардың шеруі, құттықтауы, өзін таныстыруы, сұрақ-жауап сайысы, салт-дәстүрді білуін тексеру, «Сіз өз балаңызды жақсы білесіз бе?» сияқты сынақтарда ата-ана, сынып жетекшісі және оқушы арасындағы байланыстың қандай дәрежеде екендігі көрінеді.
Мақал-мәтел сайысында қатысушылар бала тәрбиесі туралы қанатты сөздерді айтып жарысады.
Сөз құрау сайысында екі отбасының балалары берілген сөз құрамындағы әріптерді пайдаланып, жаңа сөздер құрайды. Отбасылардың ұлт аспаптарын білу сайысы да өте қызық. Мұнда олар қазақтың барлық ұлттық аспабы туралы айтып, кейбірін тіпті тартып көрсетеді.
Қай заманда да адамзат алдында тұратын басты міндет – есті, еңбексүйгіш, қайырымды бала тәрбиелеу ғой. Әр адам өзінің жас ұрпағы қайырымды, адал, үлкенді құрметтейтін әділ, ержүрек, ізгі ниетті, ар-ұжданы мол болып өссін деп армандайды. Жас ұрпақты Отанға, елге, ұлт мәдениетіне деген шынайы сүйіспеншілікке тәрбиелеу – ата-ана мен ұстаздың міндеті. Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы жастарымыз бен азаматтарымыздың салауатты өмір салтын сүйетін, дені сау, білімді, мәдениетті, өнерлі болуын, солай тәрбиеленуін ұстаздардан талап етеді.
Өз тәжірибеммен бөлісіп, үлгілі, өнерлі отбасылар – баян аспабының оқушысы Н. Абатова, қобыз аспабының оқушысы А. Өтепберген, домбыра аспабының оқушысы Б. Қадыр отбасылары арасында саз мектебінде өткен әсерлі кездесудің жобасын ортаға салайын.
Әуелі музыка әуенімен отбасылар тобын ортаға шақырдық.
Отбасылар құттықтау сөзін айтып, өзін-өзі таныстырып біткен соң әр отбасына жеке-жеке ұпай берілді. Төрешілер алқасы ұпай санын талқылап жатқанда ұстаз Бейбіт Асылан Құрманғазының «Көңілашар» күйін шалқыта орындады.
Бұдан кейін жүргізуші сайыстың екінші кезеңін бастады. Сайыс сұрақтарын әр отбасы билет суыру арқылы таңдады. Конвертке салынған тапсырманы орындау үшін дайындалуға үш минут уақыт берілді. Осы кезде біздің Әнуар Тасбай «Анашым» әнін орындады.
Жүргізуші отбасы мүшелерін рет-ретімен жауап беруге шақырды. Бір отбасы жауап бере бастағанда екінші отбасы сұрақ алып, дайындалды. Соңынан қазылар алқасы баға көтерді.
Сайыстың үшінші кезеңі сауалнама (анкета) түрінде өтті. «Сіз өз перзентіңізді білесіз бе?» деп аталатын сайыста музыка пәні мұғалімі мен ата-анаға сауалнама сұрақтары таныстырылды. Жауап сол жерде сауалнамаға жазылды. Одан кейін осы сұрақтарға оқушының алдын ала берілген жауабы жарияланып, анасы өз баласын, мұғалім өз оқушысын қаншалықты білетіні салыстырып, бағаланды. Отбасылар сауалнама толтырып жатқанда домбырашылар ансамблі халық күйі «Тепеңкөкті» орындады.
Сайыстың төртінші кезеңінде үй тапсырмасы бойынша әр отбасы сахналық көрініс көрсетті. Үй тапсырмасы бағаланып жатқанда қобыз аспабының екінші класс оқушысы Альбина Махсотова халық әні «Қамажайды» орындады.
Сайыстың бесінші кезеңі – мақал-мәтел сайысы. Мұнда отбасы мүшелері бала тәрбиесі туралы мақалдарды жатқа айтып сайысты. Әр топқа екі минут уақыт берілді. Сол уақыт ішінде олардың қанша мақал-мәтел білетіні анықталып, санына қарай ұпай берілді.
Бұдан кейінгі сайыс оқушыларға арналды. Қазақтың ұлт аспаптары, олардың атын атау, аспаптың қалай орындалатынын көрсетіп беруге үш минут уақыт қарастырылған.
«Шаңырақ сынындағы» соңғы сайыс қазақтың мәдени мұрасы – күй өнеріне, шығармаларға оқушы қызығушылығын арттыру ниетінен туған. Яғни қатысушылар мұғалімдер орындап берген күйдің атауын, авторын айтып беруі тиіс. Қай топ дұрыс айтса, соған оң баға қойылды. Мұнда да қазылар алқасы пікірлесіп, өз шешімін қорытындылағанға дейін ән орындалды.
Осылайша сайыстың барлық кезеңі аяқталған соң төрешілер алқасы қорытынды шығаруға кірісті. Бұл сәтте ата-аналар, қонақтар «Шаңырақ сыны» сайысының барысы туралы тілек-пікірлерін ортаға салды. Соңында қазылар алқасы сайыс қорытындысын көпшілікке жариялады.