Шетелде білімін жетілдіріп, қажетін кәдеге жаратар жастар

Мерей ҚҰПЖАН,
Қазан Федералдық Университетінің аспиранты, Татарстан Республикасы.

«Жастарымыз салт-дәстүрімізді көздің қарашығындай бағып жүретін, көптің көкейіне үміт отын жағып жүретін, адамзаттың озық ой көгінде ағып жүретіндей болуы керек» деген Елбасымыздың қанатты сөзі бар. Болашақтың іргетасын қалайтын да, іргесін сөгетін де жастар. Алғашқысы Мағжан сенген «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайраттылар» десек, кейінгісінің критерийі беймәлім... Біз жазған алғашқы топтың өкіліне айналып келе жатқан жастың бірі – Мерей Құпжанмен әңгіме-дүкен құрып, біраз нәрсенің тиегін ағытқан болатынбыз.

                - Мерей Ерсайынұлы, әңгіменің әлқиссасын сіз өскен ортадан бастасақ...

                - Ауылда өстім. Ата-әжелерім, әке-шешем менің адам болып қалыптасуыма ерекше әсер етті. Оның үстіне, олар қара жаяу адамдар емес еді. Яғни өнерге өте жақын болатын. Нағашы жұртым – жыршы, ал әкем мен анам өлең шығарып, ән айтатын. Өкінішке қарай, әкем өмірден ерте өтіп, қалаға қоныс аудардық. Осыдан бастап ортам Ақтөбемен байланысты болды: мектеп, университет, достар, оқытушылар дегендей... 7 жасымнан қалалық боп жүрсем де, ауылға деген сағынышым бөлек.

                - Бала күнгі арман бүгінде мақсатқа айналып, жүзеге асып жатыр ма?

- Жұрттың баласы сияқты мен де әуелі ғарышкер болғым келді. Одан кейін өлең жазып, ақындыққа бет бұра бастадым. Ол да бір арман болып қалды. Қазір анда-санда қалам тербейтінім бар. Осындай армандар мені айқын мақсаттарға жетеледі. Сол жолда еңбектеніп, үздіксіз ізденіс үстінде жүрмін. Жалпы, ер жігіттің өмірде үш мақсаты бар екенін білесіз. Олар: балалы болу, ағаш отырғызу және үй салу. Осыларды орындағаннан бөлек өзімнің кәсіби арманым бар. Өмірімнің соңына дейін бір кітап жазып кетсем, мақсатқа айналған арманның жүзеге асқаны деп ойлаймын. 

                - Ол кітабыңыз қандай жанрда жазылады?

                - Кәсіби бағытта не көркем-әдеби бағытта, әлде ғылыми бағытта бола ма, бұл туралы әлі нақты шешкем жоқ. Бірақ мемуарлық бағыттағы кітап болатын сияқты деп ойлаймын. Өмірде кітап жазып қалдыру үшін де соған тұрарлықтай ғұмыр кешу керек.

                - Оқу бабымен Башқұртстанның астанасы – Уфа қаласында, қазір Татарстанның астанасы

– Қазан қаласында оқып жатырсыз. Екі мемлекеттің білім беру жүйесінің ерекшеліктері бар ма?

                - Ерекшеліктері айтарлықтай көп. Қазақстанда Еуропалық Болон жүйесі болса, Башқұрстан мен Татарстан Республикаларында кеңестік дәстүрлі оқу жүйесі қолданылады. Сабақ уақыты кеңестік кезеңдегідей, бір -сабағы 80-90 минут өтеді. Бағалау критерийлері де бұрынғыдай санмен қойылады. Олар Еуропалық Болон жүйесіне енді көшіп жатыр. Десе де, Қазақстандағы ЖОО-ның білім беру жүйесіне қарағанда, Ресейдің білім беру саласы жоғары, демек, біздің елде ол жақтың дипломы құндырақ.

                - Сіз түркі тілдес мемлекетте оқып жүрсіз. Түркология ғылымындағы қазақ тілі мен басқа түркі тілдерінің зерттелуі, дамуы қандай деңгейде?

                - Өте жақсы деңгейде десем, артық емес. Аллаға шүкір, Р. Бердібай, Ә. Қоңыратбаев, Р. Сыздықова сияқты түркітанушы ғалымдарымыз салған сара жол әлі күнге дейін өзінің заңды жалғасын тауып келеді. Бұның үстіне, қуантарлығы – көшбасшы түркі тілдес мемлекет басшыларының бастамасымен Түркі Кеңесінің құрылуы. Аталмыш кеңес аясында қазақ, түрік, әзірбайжан, қырғыз тілдері қатар қойылып зерттеледі.

                - Бір-бірінен кемшін қалмай, зерттеліп жатыр дейсіз ғой?

                - Мен бұл сұраққа былай жауап берейін. Жалпы, қай мемлекеттің болмасын, оның даму деңгейі, экономикасы, әлемдегі орны тілінің жетілуіне тікелей әсер етеді. Қазір түркі мемлекеттер арасында Түркияның, яғни түрік тілі халықаралық тілдер қатарына қосылып жатыр. Одан кейін әзірбайжан, қазақ тілдерін дамушы тілдер қатарында десек болады. Бәрі саясатқа, әсіресе, тіл саясатына байланысты.

                - Әңгімені сәл басқа арнаға бұрсақ. Өзіңіз оқыған мемлекеттерден бөлек басқа қандай елдерде болдыңыз? Ол елдердің Қазақстаннан айырмашылығы немесе ұқсастығы қандай?

                - Ресейде оқығандықтан, осы елде көп болам. Сондай-ақ болашақ түркітанушы ретінде Түркия, Әзірбайжан және Қырғызстанға сапар жасаған едім. Әрқайсысы өзінше бір тамаша. Айырмашылығына келер болсақ, аталған мемлекеттердегі ұлтжандылықты үйренсек, құба-құп болар еді...

                - Қай кезде де «Сырт көз сыншы» ғой. Шет елге шыққан кезде өз елімізбен ойша салыстыра отырып, қатты қуанатын һәм қынжылатын кез бола ма?

                - Сыртта жүргенде қазақтың етін, жалпы асүйін сағынасың. Кең дарқан кішіпейілдігіміз бен қонақжайлығымыз туралы айтпаса да түсінікті. Бұлар – қуантарлық жайт. «Әттеген-айлар» да жоқ емес. Әсіресе, қызыл туын қастерлеп, Ататүрік патшасын қадірлей білген түрік бауырлардың ұйымшылдығына, Манас батырдың өр ұрпақтары – айыр қалпақты қырғыздардың саяси сауаттылығына, ал туризм мен валюта жайын реттеп алған әзірбайжандардың экономикалық білімділігіне таңдай қақпасқа шара жоқ.

                - Ел аралап, жер көріп жүрсіз. Жеті түрлі білімді игеру үшін жеті жұрттың тілін қалай меңгердіңіз? Қанша тіл білесіз?

                - Әрқалай. Башқұрт тілін, түрік тілін Ресейде үйрендім. Түркиядан соң түрікшеге ынтам ауды. Ал ағылшынша, немісшені мектеп қабырғасынан оқып өстік. Қазіргі таңда тәжірибе қажет болған соң, сол тілдерде аудио, бейнематериалдар тыңдап, барынша жазысып, сөйлесуге тырысып жүрген жайымыз бар.

                - Біздің қазақ жастарының бойындағы «осы қасиеттен арылса, не осы құндылығын бағаласа» деп айтар уәжіңіз бар ма?

                - Шәкәрімнің «Біреудің мінін көргенше, өзіңмен күрес өлгенше» дегені бар емес пе?! Жастардың арасында өзім де бармын. Әйткенмен, енжарлық, жалқаулық, құлықсыздық секілді қасиеттерден арылсақ игі. Одан бұрын иман, білім және тәрбие қажет-ақ.

                - Көркем әдебиетті қаншалықты көп оқисыз, қандай әдебиетке қызығасыз? Соңғы оқыған кітабыңыз қандай?

                - Ғылыми әдебиеттен гөрі көркем әдебиетті көп оқиды екенмін, оның ішінде классикаға жаным жақын. Бірақ соңғы уақытта қарбаласқа байланысты кітапты көп қолға ала бермейтініміз рас. Соңғы оқыған кітабым: түрік жазушысы Орxан Памуктің «Тыныштық үйі» романы. Ал қазір Эрик Берннің «Адамдар ойнайтын ойындар, ойын ойнайтын адамдар» атты псиxологиялық кітабын оқып жүрмін. Байқасаңыз, классикадан ақырындап постмодернизмге, одан қалды, салалық әдебиетке де бетбұрыс бар сияқты.

                - Өнер сахнасына қызығушылығыңыз бар ма? Театрға қаншалықты жиі барасыз?

                - Театрға ықыласым ерекше. Күйбең тірліктен шаршаған кезде телефонды өшіріп тастап, барлығынан безіп, спектакль тамашалау – ғанибет нәрсе. Демалып қаласың. Негізі, барған қалаларымда міндетті түрде театрға соқпай кетпейтін әдетім бар.

                - Соңыңыздан ерген іні-қарындасқа айтар кеңесіңіз болса..

- Халқымыз айтпақшы, атаның емес, адамның баласы болу. Адамзат үшін, өз xалқымыз үшін қызмет қылуымыз керек. «Отанның отбасыдан басталатыны» сияқты, қызметті де әуелі ата-анаға, досқа, туған-туысқа жасау қажет. Шағын мемлекеттен бастау алған сыйластық үлкен мемлекеттің абыройын асқақтатып, өзге елдермен терезесін тең қылмаса, кем қылмайды. Бастысы, есте жүрер нәрсе: біреуге жақсылық қыла алмасаң, жамандық жасамау.

                - Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбатты жүргізген:

Ләззат МАҚАШ,

Астана

Қаралым саны 1110

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463