Алаштың туын көтерген Жанша

«Тарих толқынында» атты кітабында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алаш қайраткерлерінің еңбегін былай сипаттады: «ХХ ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау өз мойнына алды».  [1, 156-б.].

«Ұлттық саяси ұйымның жасақталуының өзі отандық тарихымызда жеріне жете зерделенбей келеді. Оның үстіне, кезінде «Алаш» партиясының жетекшілері ұсынған көптеген қағида күні бүгінге дейін өз маңызын сақтап отыр. Бұл ұлттық емес, патриоттық ұйым, алдына қойған мақсаты ретінде қазақ қоғамын бірте-бірте өзгертіп, оны осы заманғы шындыққа бейімдеу еді»  [7, 172-173-б.].

                Алашқа қатысты әңгіме қозғасақ, бүгінде ұлт алдында мынандай сұрақ тұр: «Біз Алаш қозғалысының мұрасын қаншалықты кәдеге жараттық және сол тұлғалардың тынымсыз еңбегін қаншалықты бағаладық?».

                Алаш туралы сөз қозғасақ, ойымызға А. Байтұрсынұлы, М. Дулатов, Ә. Бөкейхановтар келеді. Ал қалған қайраткерлер есімі лайықты орнын халық жадынан емес, тарих парақтарынан ғана алған. Уақыт кейбір тұлғалар есімін ұмыттырғанымен, халық, қала берді, тарих «Ел үшін туған ерлерді» естен шығармайды. Ұмытсақ, тарих алдында кінәлі боларымыз хақ. Өйткені ұлт маңдайында ұмытуға болмайтын, мың жылда бір дүниеге келетін қайталанбас тұлғалар болады. Ұмытуға болмайтын ұлттың ұлы перзенті, елім деп еміренген, жерім деп тебіренген Жанша Досмұхамедовті естен шығару – болашаққа бұлыңғыр қарау деген сөз. Өйткені «өткенін білмеген ертеңгісіне көз жүгірте алмасы хақ». Аталған тұлғалар ерлігінің куәгері болған тарих – қателіктерді кешірмейтін, өзгерістерді қабылдамайтын дәл ғылым. Сондықтан әр алашордашының бағасы мен орны олардың тәжірибеден алынған саяси қызметін өмірде қолдану арқылы ғана емес, олардың тарихи сәттегі саяси күреске қосқан нақты үлесі арқылы анықталады. Өйткені ол тарихи тұлғалар саяси сұрапыл заманда өмір сүре отырып, Қазақстанның тәуелсіздігі үшін басын қатерге тікті.

                Жанша Досмұхамедов – «Алаш партиясының» жарқылдаған алмас жүзді алдаспанындай танылған көшбасшысы, Алаш қозғалысының дамуына бірден-бір үлес қосқан қоғамдық-саяси тұлға, «Тар жол, тайғақ кешу» атты тарихи романның бас кейіпкері.

                Тарихи мұрағат құжаттары және көне тарихнамалар Жанша Досмұхамедовтің қайталанбас көшбасшылық қасиетін ерекше баяндайды. Сәкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» романында: «Бұлар Бөкейханұлдарынан гөрі екпіндірек болған. Бөкейханұлдары ептеп амалдап, «Ой, бауырым-ай! Алашым-ай» деген көлгірлікті жүндей сабап, Досмұхамедұлдары тура амалдамай-ақ, ептемей-ақ, өздерінің «хандығына» жетуге кіріскен» деп жазған.  Көріп отырғанымыздай, роман авторы, Жанша Досмұхамедовтің замандасы – Сәкен Сейфуллин Алаш Орданың Батыс бөлігін басқару бөлімшесін құру туралы қаулыға Әлихан Бөкейхановтың өзі қол қойғанын біле тұра, осындай ерекше баға беріп отыр. Ұлт зиялысының ұлылығының қаймағын, ұрпаққа бұзбай жеткізу мақсатында Сәкен Сейфуллин Жаншаны қазақтың ұлы тұлғасы, қайталанбас балуан Қажымұқанмен салыстыра отырып суреттейді. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» дегендей, Қажымұқан ондаған алашордашыны жыға алады, бірақ саяси күресте ол бір ғана заңгер Жаншаның өзіне қарсы тұра алмас еді. «Қажымұқанның жуан білегі болмаса, дауласып, юрист Жаншаны жеңе алар ма!..». Автор осы теңеу арқылы Ж. Досмұхамедовтің қайталанбас феноменін және Жаншаның саяси күрестегі елеулі рөлін көрсетеді.

                Сәкен Сейфуллин Жаншаның саяси күрескерлігінен бөлек нағыз тарихи шешуші сәттердегі ұлт көшбасшысы үшін қажетті қасиет – әскери басшылық талантына ерекше назар аударады. Қысқа қайырсақ, дәл осында: «Үкімет бастығы Жанша отыр. Киімдері әдемі, орысша, әскери, жапонның жандаралы тәрізді. Жаншаға қараған кісінің көзі толарлық. Парсы жұртының, Қызылбастың әскер бастығы Рзахан тәрізді. Жанша – тартымды тұлға, қала-қалама, ол адамды өзіне қарауға тартып тұрады. Жаншаға қараған көз тоярлық, Жанша – Алашорданың бастығы, Жанша – «қазақтың ханы»...  Осылайша, С. Сейфуллин өзінің кең ой-өрісі арқылы Жаншаның әскери басшылық талантын ашады. Алдымен, дамыған елдермен тең иық тірестіріп отырған Жапония генералы тәрізді дей келе, содан кейін Рзахан-Ризашах атанған парсы жұртының, Қызылбастың әскери офицері, Иран мемлекетінің көшбасшысына дейін көтерілген тұлғадай сипаттамасын күшейте түседі. Себебі Жаншаның замандасы Ризашах еліне қиын сәт туғанда тәуелсіздікті сақтап қала алды. Ризашахтың ұлы еңбегі – Иранды мығым, заманауи мемлекет дәрежесіне дейін көтеруі.

                Сәкен Сейфуллиннің салыстырмалы сипаттамасына назар аударсақ, ол Қажымұқанды Жаншамен салыстыра отырып, халық пен көшбасшысының саяси күресінің өмірге емес, өлімге алып келе жатқан тарихи сәтін көрсете алды. Аман қалу амалы – халық пен көсемнің бірлігі. Өйткені Жанша Досмұхамедовтің бойында халықты қорғай алатын және өркениеттің бәсекесіне ілесе отырып, ұлт мүддесін қорғай алатын қасиеттер болды. Әттең, халықтың қолдауы кем болса керек!

                «Тар жол, тайғақ кешу» романында барлық дерлік жол Жаншаға арналған. Сәкен Сейфуллиннің жазғанына сүйенсек, өзге алашордашылар дәл Жанша сияқты құрметке лайық емес. Әдеби шығармада Жанша есімі қазақ халқының өркендеуі, дамуымен тығыз байланыстырылады. Өйткені Жанша Досмұхамедов бірегей және ұлы, батыл және ержүрек көшбасшы болып халық жадында қала бермек. Мемуар-романның авторы Сәкенге сөз берсек: «Съезд әбден Жаншамен бірге еріп кетті. Тегіс рухтанды. Жұрт Жаншаның соңынан отқа да, суға да түсуге әзір болды».

                «Жаншадай ұл жоқ, Жаншадай ер жоқ. Алаштың туын көтерген Жанша, ислам дінін қорғайтын Жанша, Алаш үшін бір жанын бәйгеге тіккен Жанша. Тар жол, тайғақ кешуде Алаш баласын аман алып өтетін Жанша ...».

Осы нүктелер астында роман авторы Сәкен Сейфуллин сол қысылтаяң заманда Жаншаны қолдай алмаған халық пен көре алмаған замандастарының тұлғалық қасиеттерін сынаса керек деп, Алашорданы» 100 жылдығына арналған конференцияға дайындаған ғылыми мақаламда болжам жасадым. Дегенмен де нақты дәлел келтіре алмағаным рас. Сонда Сәкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» романы арқылы замандастарына, бізге, болашаққа не айтқысы келді?! Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романында жұмбақтап жасырылған түпкі ойының кұпиясын ашатын кілті бар ма?!

                Менің ойымша, Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романында жасырған құпия ой-арманы мен болашаққа аманаты 1921 жылы дүниеден озған ойшыл Ғұмар Қараштың «Саған не болды?» атты өлеңінде баяндалады. Оған дәлел – Ғұмар Қараштың «Саған не болды?» өлеңіндегі алғашқы шумағы:

«Дүние толы өсек-аяң, жер солды,

Елемесең, елім, байқап оң-солды.

Өтер жолың тайғақ кешу, тар жол-ды»,

Байқамастай, елім, саған не болды?

                Міне, осындағы «тайғақ кешу, тар жол-ды» дегенді Сәкен Сейфуллин мемуарлық романының атауына алып, яғни «Тар жол, тайғақ кешу» деу арқылы болашаққа аманатының құпиясын, яғни романның концепциясын Ғұмар Қараштың «Саған не болды?» атты өлеңінен іздеп табарсыңдар деп сілтеме жасағандай. Ол үшін Сәкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» романындағы бір емес, қатарынан Ғұмар Қараштың «Алашқа» және «Алаштың азаматтарына»  атты екі өлеңін келтіреді. Ерте ме, кеш пе, құпия ашылмай тұрмайтынын және романның атауы өзгертілмейтінін анық сезген Сәкен Сейфуллиннің көрегендігіне таң қаласыз.

 

                Ендігі жолды Ғұмар Қараштың «Саған не болды?» өлеңіне берейік. «Саған не болды?» өлеңінде ойшыл ақын елдік мәселелерді жырлағанда жаңа жүйе икеміне жығылып, илеуіне оңай көндіге кеткен халқының бейқамдығына, саяси балаң аңғырттығына налиды.

                Дүние толы өсек аяң, жер солды,

                лемесең, елім, байқап оң-солды.

                Өтер жолың тайғақ кешу, тар жол-ды,

                Байқамастай, елім, саған не болды?

 

                Дұспан шықты, жан-жағыңды қамады,

                Жиғаныңды алды, өртеді, талады,

                Қарсылассаң, тамағыңнан шалады,

                Мұны көрмей, жұртым, саған не болды?

 

                Үрім-бұтақ ұрпағыңды құл етер,

                Әлпештеген аруыңды күң етер,

                Жарық сәуле бостандыққа мұң етер,

                Ойламастай, жұртым, саған не болды?

                Сен жатырсың қатты терең ұйқыда,

                Өзді-өзіңмен алысуда миқыда,

                Талас-тартыс үнемі ызы-қиқыда,

                Оянбастай, жұртым, саған не болды? – дей келе, дәуір шындығын реалистік тұрғыдан суреттеп, халық намысын, рухын көтеруді, ұлттық сананы серпілтуді мақсат етеді».

                Бүгін болса тамағымыз тоқ дейсің,

                Ертеңгінің еш керегі жоқ дейсің,

                Азаматың аттан ұшса «шоқ» дейсің,

                Ұялмастай, жұртым, саған не болды?

 

Ел көшкенде жұртта қалған сен бе едің,

Ар-намыстан жүда болған ел ме едің?

Қаның қара, басқалардан кем бе едің,

Қозғалмастай, жұртым, саған не болды?

                Міне, Сәкен Сейфуллин ойшыл Ғұмар Қараштың «Саған не болды?» өлеңіндегі, атап айтсақ: «Байқамастай, елім, саған не болды? Мұны көрмей, Ойламастай, Оянбастай, Ұялмастай, Қозғалмастай, жұртым, саған не болды?» деген басты идеяларды «Тар жол, тайғақ кешу» романына арқау еткенін нақты да анық көріп отырмыз.

 

                Сондықтан да Сәкен Сейфуллин ақын Ғұмар Қараштай «халықтың өзіне деген сеніміне, бұла күшіне үміт артады, тығырықтан шығар жолда әлеуметтің ақиқат жолынан адаспауын көздейді. Осы өлеңінде сонымен қатар өр халқының ерлікке, елдікке толы өткен тарихын санада жаңғыртып, Шыңғысхан, Батихан және Қара Қыпшақ Қобыландының ұрпақтарына тән рух асқақтығы мен қайсарлықты аңсайды» .

Алатаудан асып барып жайлаған,

Беткейінде құлын-тайың ойнаған,

Ойына алған ісін етпей қоймаған,

Ел емес пе ең, жұртым, саған не болды?

                Шыңғыс, Бату хандық құрып тұрған ел

                Қара қыпшақ Қобыландылар туған ел,

                Қарсылаған дұспан жауын қуған ел

                Емес пе едің, жұртым, саған не болды!?

                Өзінің концептуалды деңгейі және саяси маңызы бойынша Алаш партиясының қызметі өз заманының рухына жауап беріп қана қоймай, сондай-ақ белгілі бір шамада Қазақстанның дүркіреген тәуелсіздігінің идеялық көзі болып табылды. Әрине, Жанша Досмұхамедовтің саяси шеберлігі, мінбе-шешендігі, жетілген реформаторлығы оны замандастарынан ерекшелеп тұрды. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Жанша Досмұхамедовті қазіргі тәуелсіз Қазақстанда өмір сүріп жатқан ұрпақтары өз халқының ұлы арманын орындауда өлшемсіз үлес қосқан аңыз тұлға ретінде құрметтеуге тиіс және ұмытпауы қажет. Ол үшін ұлтымыздың ұлы ұрпағы Жанша Досмұхамедовтің қызметін зерттеу оның тек Алаш қозғалысындағы қызметін зерттеумен емес, оның шығармашылық қызметін қазақ халқының өркендеуі жолында қолдану керектігін зерделеумен толықтырылуы қажет. Әрине, ол ұзақ уақытты және көлемді қаржыны талап етеді. Ғылыми ортаның, қоғамның пікірі бір ізге, бір арнаға түскенше дейін талай уақыт өтер. Бүгінгі таңда насихатшылар мен ұстаздарға «Жазушы» баспасында 2009 жылы «Қазақтың 100 романы» сериясы аясында қайта басылып шыққан Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» мемуарлық романының түпнұсқасы – таптырмас мұра. Тарихи оқиғалар туралы баяндайтын материалдарға толы көркемсөз туындыны тарихи дерек көзі ретінде пайдалану қажет. Олай болса, Күнбатыс Алашорданың идеологиялық маңыздылығы мен Үкімет басшысы Жанша Досмұхамедовтің еңбегін насихаттау жолында «Тар жол, тайғақ кешу» романының авторы, бас кейіпкердің замандасы Сәкен Сейфуллиннің берген саяси бағасы біз үшін адастырмайтын темірқазықпен тең: «Жаншадай ұл жоқ, Жаншадай ер жоқ. Алаштың туын көтерген Жанша, ислам дінін қорғайтын Жанша, Алаш үшін бір жанын бәйгеге тіккен Жанша. Тар жол, тайғақ кешуде Алаш баласын аман алып өтетін Жанша ...».

Қаралым саны 1764

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463