Атырау облысы Қызылқоға ауданы Ойыл ауылдық окруіне ат басын бұрсаңыз, жусан иісі аңқыған табиғаты көркем, сулы да нулы өлкеге тап боласыз. Бұл мекен ежелден талай тарих куәсі, Жер Ананың бір тамырындай дамылсыз ағып жатқан Ойыл өзенінің бойында. Осы өзенге талай қасиетті тұлғаның беті жуылып, қаны тамбады деп қалай айта аламыз?! Өлке тарихының қойнауындағы шындық сырын ішіне бүккендей сылдырап жай ғана ағып жатыр.
Жағасы құс шуылымен жарасып тұрғандай, табиғаты өте әдемі және өзінше ерекше. Сіз осы қоршаған ортаның әсемділігі мен үйлесімділігіне тамсана отырып, Сорқуыс, «Халел ставкісі» деп аталатын мекенге аяқ басасыз. Аралай жүріп, өлкенің әрбір тасы, талы, жаңбыры, ерке Ойыл өзені, көз жанарын жаулап алатындай мәуелеген жеміс-жидекке толы тоғайы, саф алтындай ауасы кеудені толтырды. Алаштың асыл арысы – Х. Досмұхамедұлы ғұмырының ғибратты тұстарын осы мекенде өткізген.
Халел ставкісі тарихи нысаны Атырау қаласынан солтүстік-шығысқа 222 км, Миялы ауылынан оңтүстік-батысқа 23 км, Тайсойған ауылынан солтүстікке 20 км қашықтықта, Сорқуыс деп аталатын мекенде орналасқан.
Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі Х. Досмұхамедовтің өмірі мен жүріп өткен тарихи орындарын зерттеп, рухани мұраларымыздың терең тамырын тануға кірісті. Х. Досмұхамедовтің туғанына 135 жыл толуына байланысты музейдің этноархеологиялық тобы Атырау облысы Қызылқоға ауданы Тайсойған құмындағы оның халық арасында «Ставка» атанған жаздық үйіне этноархеологиялық ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізді. Жұмыстың бірінші кезеңінде Халел ставкісі болған құрылыс орнын дәл табу үшін археологиялық барлау жүргізіп, ставкінің нақты координаттарын белгіледі.
Барлау жасалынған аймақтың географиялық жер бедері төбешікті-ойысты боп алмасып отырады. Бір бөлігі тегіс сор жазық. Топырақ құрамы, негізінен, құмды боп келген, беткі қабатын түрлі-түрлі өсімдік жамылғысы басқан. Ағаштардан аласа бұталы түрлері: жүзгін, жыңғыл өседі. Кейбір құмшағылдың ортасындағы ылғалды ойыс, су жиналатын жерлерде құба тал, жиде өседі. Сондай-ақ қолдан отырғызған терек ағаштары сирек болса да, кездеседі. Бұл аймақ тұрғындарының негізгі кәсібі – мал өсіру, шаруашылыққа жерді малға жайылым ретінде қолдану мүмкіндігі ғана бар.
Шежіреші-өлкетанушылардың айтуы бойынша, Халел Досмұхамедұлы Жаһаншамен ақылдаса отырып, атамекені Тайсойғаннан ставкі салдыртуға кіріскен екен. «Халелдің ставкісі» атанған құрылысты көргендер «Сегіз қанат үйдей орын» десе, енді біреулер сегіз бөлмелі деп көзге елестетеді. Шынымен де, төбелер-төмпешіктер көзге оттай басылады. Төмпешіктерді аралай жүріп, отызға жуық өсімдік түрі өсіп тұрғанына куә болдық. Осы жерде оба, шешек сияқты түрлі жаман аурулар жайлаған кезде Халел атамыздың шөптен дәрі дайындап, халықтың аман қалуына көмектескені есімізге түсті.
Алаштың атымен ұлы іс бастаған Халел Досмұхамедұлының қай тұлғасы да құрмет пен марапатқа әбден лайық. Біздің құрметіміз бен марапатымыздың белгісі олардың ұлт алдындағы еңбегін бағалау, оны ұрпақтың рухани уызына айналдыру, ел алдындағы перзенттік парызымызды орындау және ұрпағымызға ұлағат дарыту болмақ. Басты міндет – Қазақстанды алдыңғы елдердің қатарына қосып, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына үлес қосу. Тарихқа тағзым, өткенге ғибадат – Отанға, туған жерге деген құрмет.