Абат-Байтақ КЕСЕНЕСІ

Бұл кесене XIV ғасырдың соңы - XY ғасырдың бас кезінде салынған сәулет ескерткіші. Алтын Орда мен Ноғайлы дәуірінің көзі десек те болады. Академик Әлкей Марғұлан көшпелі өркениеттің ерекшеліктерін, өзіне тән дүниетанымы мен бейнелеу өнерін талдай келіп «Ең көркем құлпытастар, сұлу күмбездер, кешендер, сағана тамдар Сағыз өзені бойында, Қобдада, Маңғыстауда сақталған» деп бағалаған екен. «Қасиетті Қазақстан» ғылыми зерттеу орталығы ұсынған «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» жобасының «Діни ғұрыптық және ғибадат орындары» санатына қосылған тізімде Абат Байтақ кесенесі бар. Дәл осы сипаттағы ескерткіш Еуразия бойынша Хорезм мен Челябі жерінде ғана болған.

            Аңыз бойынша бұл мавзолей XIV-ХV ғасырлар шамасында өмір сүрген, саналы ғұмыры жерұйықты іздеумен өткен Асан Қайғының ұлы Абат батырға арнап салынған. «Қырымның қырық батыры» топтамасында «Абат батыр» эпостық жыры бар.    

            Жырда Асан Қайғының ұлы Абат батыр елінің бостандығы, тәуелсіздігі үшін соғысқаны, жекпе-жек шайқаста дұшпаны Қайбар батырды өлтіргені жайында айтылады. Жыр толық сақталмаған, бұрын еш жерде жарияланбаған. Ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы Асайын Хангелдіұлы бұл жырды үзік-үзік күйінде қағазға түсіріп, республикалық орталық ғылыми кітапхананың қорына тапсырған.

            Әз Жәнібек хан бірде өзінің ақылшысы Асан Қайғыдан «Дүниеде ашуланбайтын, өкпелемейтін, әйелді қызғанбайтын, қорықпайтын, өзі мырза адам бар ма екен?» деп сұрапты. Асан Қайғы «Бар, хан ием. Осы, қасиеттердің бәрі біздің Абаттан табылатын шығар» дейді. Абат – Асан Қайғының жалғыз ұлы. Бітім-болмысымен халыққа жаққан, сегіз қырлы, бір сырлы, жасы отыздарға шыққан жігіт екен. «Мұндай қасиеттердің бәрі бір адамның басына қалай сияды?» деп таңданған Әз Жәнібек Абатты сынамақ болады. Абатты бірнеше сынақтан өткізіп, оның ержүрек, мерген, шыдамды екеніне көзін жеткізген Жәнібек хан «Менің елімді шапқан, кегімді ала алмай жүрген жауым бар» дейді. Басқа жұрт үнсіз қалғанда Абат батыр:

            Әй, ханымыз, ханымыз

            Рұқсат болса сіздерден,

            Алармыз қалмақ қаласын.

            Көрерміз оның шамасын,

            Қасыма менің беріңіз,

            Қырымның байтақ ерлерін, – деп бірінші болып тіл қатады. Жырда бейбіт жатқан елге шауып, адамдарын құл, мал-мүлкін пұл қылып айдап кеткен қалмақтардан кек қайтаруға Абат бастаған батырлардың бірнеше рет шапқанын сипаттайды. «Абат пен ер Тоған жүз кісідей қалмақтың сексенін бірден өлтіреді. Абат пен Тоғанға дұшпандар қанша қару сілтесе де сауыт-саймандары сайлы болған соң денелеріне дарымайды екен. Ал батырлардың соққысынан жау қынадай қырылады. Абаттың қайратына разы болған ер Тоған «Қасымда менің Абатым, Өзімнің құйрық-қанатым. Шапса кеспей қалмаған, Ұстаған қолға болатым. Қияда жүріп шарлаған, Ақсұңқар құс секілді, Қанатын жайып қомдаған. Қосылып жүрсек екеуміз, Талай қалмақ сорлаған» деп тебіренеді.

            Абат туралы аңыздарда оны халықтық, елдік тұрғыдан ойлайтын қайраткер, әкесі Асан Қайғының ізін жалғастырып, халқын бақытқа жеткізу үшін жерұйық іздеуші ретінде сипаттайды. Жыл сайын кедейлер мен жетім-жесірлерге мініс көлік пен сауын малын таратып береді екен. Қайырымдылық жасаған сайын төрт түлік малы көбейіп, халықтың батасымен берекесі артып отырған екен. Әкесінің тапсыруымен шөбі шүйгін құнарлы мал өрісін іздеуге шыққан Абат батыр осы Бесқопада желмаядан құлап қаза табады. Тағы бір аңызда қатты шаршап келіп далада ұйықтап жатқанда қарақұрт шағып алған көрінеді. Аңыз бойынша мавзолейде Абат пен әйелі қоса жерленген. Жалғыз ұлының қазасы Асанға орны толмас қайғы әкеледі. Ұлына лайықты ескерткіш орнату үшін халыққа зәулім ғимарат салу туралы ойын айтады. Асанның өтініші бойынша әрбір шаңырақ бір-бір кірпіштен әкеледі. Сөйтіп, Абаттың кесенесін бүкіл халық болып бір күнде салып бітіреді. Кесенені бүкіл халық, байтақ ел болып жұмыла кірісіп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ұйымдасып, бірігіп тұрғызғандықтан Абат атына Байтақ сөзі жалғанған деп түсіндіреді көнекөз қариялар. «Байтақ» - кең, шексіз деген ұғымды білдіреді.

            Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Талдысай ауылынан оңтүстікке қарай 12 шақырым жерде, Бесқопа жазығында орналасқан кесене мен айналасындағы қорым біртұтас кешен ретінде қалыптасқан. Бұл ескерткіш тұңғыш рет П.И.Рычковтың «Орынбор топографиясы» атты еңбегінде келтіріліп, онда подпоручик Ригельман Қарасу өзені үлкен Қобдаға құятын сағада «пирамида тәрізді жасалған қырғыздар (қазақтар) Астана деп атаған біршама тастан қашалған құрылыстар тауып, суретін салып және мұнда белгілі адамдар жерленгені, солардың бірін олар Байтақ деп атайтыны» жазылған. Кейін ХІХ ғасырдың аяқ кезінде ғана осы ескерткішті Я.Я.Полфёров негізінен аңыз ретінде сипаттаған. ХХ ғасырдың басында тұңғыш рет «Байтақ мавзолейінің» графикалық фиксациясы Ж.Кастаньенің «Қырғыз (Қазақ) даласы мен Орынбор өлкесінің көне ескерткіштері» атты еңбегінде жарық көреді. Соғыстан кейінгі жылдары архитектура тарихшылары назар аудара бастады. М.Меңдіқұлов Абат-Байтақ мавзолейіне салыстырмалы-типологиялық талдау жасайды.

            Абат-Байтақ қорымын кешенді зерттеуді 1979-1980 жылдар аралығында Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің (жетекшісі С.Әжіғали) экспедициясы жүзеге асырып, бұл жолы ескерткішті ғылыми тұрғыдан іс жүзінде қайтадан ашты.

            Абат-Байтақ кешенінің маңыздылығы XVIII – XX ғғ. басында бұл жерде қазақтың аса зор қорымының бой көтеруімен байланысты. Оның құрамына шикі кірпіштен салынған мазар мен 200-ден астам құлпытас кіреді. Олар қабір үйіндісі мен шикі кірпішті қоршаулардың батыс жағында орнатылған. Абат Байтақ құлпытастары әртүрлі үлгілермен, композициялық және әшекейлік-сәндік бірегейлігімен, оймыштардың тартымдығымен ерекшеленеді. Осылардың ішінде ежелгі үлгідегі: қорымның батыс жағында орнатылған, тасқа айналған ағаш түріндегі құлпытас өзінің керемет қарапайымдылығымен көзге түседі. Көптеген ескерткіштерде араб әрпімен қазақ тілінде жазылған мәтіндер мен таңбалар ойылып түсірілген. Олардың тарихи-этнографиялық маңызы өте зор. Қорымда Кіші жүздің табын, кете, шекті, ожырай, байбақты және басқа да рулардың өкілдері жерленген. Профессор С.Әжіғалидың зерттеулері бойынша мавзолейдің қалыңдығы 3 метр, биіктігі 5 метрге жуық қасбеті (портал) болғандығын дәлелдеді. Мавзолейдің жалпы биіктігі 16 метр болған, қазіргі сақталып тұрған биіктігі 14,5 метр. 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша Қазақстанда 78 тарихи-мәдени ескерткішке реставрация жасалды. Соның бірі Абат Байтақ кесенесі еді. Қайта жаңғырту жұмыстарын жасаған «Қазақреставрация» кәсіпорнының Түркістан филиалы. Бұл жұмыстар барысында орта ғасырлық технология бойынша әзірленген кірпіштер пайдаланылды. Қайта қалпына келтіру жұмыстары 2006 жылдың күзінде аяқталды.

            Абат Байтақ кесенесіне келушілер легі жыл бойы үзілмейді. Қазақстанның барлық аймақтарынан, алыс-жақын шет елдерден кесенені көру үшін арнайы сапарлап келеді. Сондай кісілердің бірі ерекше есімде қалды. Өткен жылы Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында тұратын профессор Жанг Хонг Саб келді. Өзі университет ректоры екен. Философия, гуманитарлық ғылымдар, әлемдік діндер тарихы туралы көп біледі. Әлемнің барлық елдерін түгелге жуық аралаған кәнігі саяхатшы. Асан Қайғы бабаның жерұйық идеясы, баласы Абат Байтақ туралы аңыздың бірнеше нұсқасын тыңдап, сұрақтар қойды. Томас Мор, Томаза Компанелла идеяларымен салыстырды. Көне жәдігерлер, ескі құлпытастарды асықпай қарап шықты. Ел бірлігі жолында еңбек еткен, қазақ ру-тайпаларының басын қосқан, қалмаққа қарсы соғыста қол бастаған, жетім-жесірге қамқор болудан шаршамаған Абат батыр туралы деректерді талдай келе «Кең даланың төсіне мынадай ескерткішті халық не үшін тұрғызғанына жауап таптым!» деп балаша мәз болды. Яғни, бұл кешен аңызға айналған көненің көзі ғана емес, халықтың адал перзентіне деген сүйіспеншілігінің, ерлік пен мырзалықтың да белгісі.

 

            АБАТ-БАЙТАҚ ҚОРЫМЫ

 

«Абат-Байтақ» қорымы,

Қобда өзені бойында.

Оның ерек орыны,

Жүрсін, ботам, ойыңда.

 

Аңызда Асан Қайғының,

Екен Абат баласы.

Батыр бопты ол әйгілі,

Білген қазақ даласы…

 

Авторы

Құл-керім Елемес

 

Айшуақ Дәрменұлы,

журналдың Ақтөбе

облысы бойынша   меншікті тілшісі.

Қаралым саны 3342

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463