Қоғам бұған тіксініп қарады: «Оң босағада отырып бала тапқан әйелге қолдау көрсеткені несі, мұның арты осындай жайттардың көбейіп кетуіне әкеліп соқтырмай ма?» деген пікірлер айтылды. «Мұндай сөздерді мен жиі естимін, үлкен кісілер де, тілшілер де жиі қояды бұл сұрақты. Бірақ, сүрініп кетіп, бүлінген тағдырларды, онсыз да жығылып жатқан шарасыз жандарды одан сайын бәріміз жабылып жұдырықтап, «сен оңбағансың, бізді қарабет қылдың, ұятсызсың» деп ұрып-соқсақ, оның арты жақсылыққа апара ма? Оның салдары тек біреу ғана — жетімдік», — дейді Ақтөбедегі «Ана үйінің» басшысы Таңсұлу Лакова. Таңсұлу Зағитқызы Ақтөбедегі осыдан бес жыл бұрын ашылған «Ана үйін» паналаған жүзден астам жас ананың анасындай, олардың сәбилерінің әжесіндей болып кеткен. Таңсұлу Зағитқызымен сөйлескенде соған көзіміз жетті...
— Елімізде «Ана үйі» жобасы алты жыл бұрын қолға алынған болатын. Ақтөбеде бес жыл бұрын ашылды. Қазіргі уақытта республика бойынша 19 қалада осындай 25 үй бар. Осы уақыт аралығында еліміз бойынша 4 мыңға жуық сәбиді жетімдіктен құтқарып қалдық. Бұл жобаның ең бірінші мақсаты да осы болатын — қоғамдағы әлеуметтік жетімдіктің алдын алу. Ақтөбе облысы бойынша 153 сәби жетімдер үйіне апарылмай, анасының құшағында қалды. Бұл жобаны ашуға мұрындық болған белгілі кәсіпкер Айдын Рахымбаев пен оның жолдасы Анар Амангелдіқызы екеуі еліміздегі барлық кәсіпкерлерге үндеу тастағанда ақтөбелік кәсіпкер Исламбек Салжанов қолдау көрсеткен болатын. Міне, Исламбек Төлеубайұлы бес жылдан бері Ақтөбедегі «Ана үйіне» қаржылай демеушілік көрсетіп келеді. Жаңа айтып кеткеніміздей, бұл жобаның бірінші мақсаты — әлеуметтік жетімдікті азайту. Елімізде соңғы 10-15 жылда балаларын қоқыс жәшіктеріне тастап кету, жетімдер үйіне тапсыру, перзентханаларға тастап кету деректері жиілеп кеткен болатын. Ал оның артында жаңа туған сәби мен алданып қалған жас ананың тағдыры тұрғаны аян. Елімізде жетім балалар саны күрт көбейді, сондықтан, осындай әлеуметтік жағдайдың жай-жапсарын зерттеу, оның себеп-салдарын анықтау, алдын алу мақсатында осындай ерекше жоба қолға алынған болатын.
Жалпы, жас қыздардың оң босағада отырып жүкті болып қалуына тек ол қыздардың өзі ғана жауапты десек, қателесеміз. «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват» деген Абайдың сөзі дәл осы жерде айтылуы тиіс. Бүгінде ата-аналардың дені жұмысбасты, ата-ана мен бала екеуі екі әлемде жүр, балалар телефон ойнап, планшет ойнап, үйде жата береді, қыздардың, ұлдардың тәрбиесімен айналыспаймыз. Содан соң ол бала не істейді? Жасөспірім балалар интернеттен эротикалық видеолардың неше түрін көреді, соның салдарынан олардың жыныстық қызығушылықтары ерте оянады, үйде оңаша қалған балалар достарымен интернеттен көргенін істейді. Немесе ауылда ата-анасының қасында жүрген жас қыздар қалаға, еркіндікке келгесін осындай жағдайларға ұшырап жатады. Кей жағдайда ата-анадан жылу көрмеген, жетімдер үйінде өскен қыздар жігіттердің сүйдім-күйдім деген сөзіне алданып, олардан көрген жылулыққа алданып, құшағына құлайды. Содан кейін сол қыздарды ата-анасы үйінен қуып жібереді, олар қиындықпен бетпе-бет жалғыз өзі қалғанда не істерге білмей, балаларын жетімдер үйіне тапсырғысы келеді. Біз тек ол қыз баланың өмірінің осы тұсын ғана көреміз, осы тұсы туралы ғана күстәнәлап айтып, сыртынан соттап, жер-жебіріне жетеміз. Сонда оларды тәрбиелеген ата-ананың жіберіп алған қателіктерін неге ескермейміз, сонда бұл қыздарды алдап-сулап тастап кеткен жігіттерді неге айтпаймыз, неге мұндай жағдайда ер азаматтардың жауапкершілігін таразыға салуға асықпаймыз, неге ауыздықсыз ашық-шашық жатқан интернет әлемінен іздемейміз оның себебін, неге ұлттық тәрбиенің солқылдақтығын сөз етпейміз, неге бұл жағдайда тек қыз бала ғана жауапты болуы тиіс, неге өмірге жаңа келген сәби ересек адамдардың жауапсыздығынан қоқыс жәшіктерінде жан тапсырып, жетімдер үйінде шырылдап жатуы тиіс, неге, неге... Айта берсек, себеп көп. Қоя берсек, сұрақ көп.
Себепсіз салдар болмайды, біз әр нәрсенің себебіне үңілуіміз керек. Себепті дұрыстамай, салдар өзгермейді. Сондықтан, бұл мәселеде қоғам болып күресуіміз керек.
Ол қыздарды айыптап, мінеп-шенесек, ақырғы аялдама біреу болады — ол қыз күйзеліске түсіп, өмірден орнын да таппай, тірі өлікке айналады, ал бала жетім деген статусты иеленіп, жетімдер үйінен бір шығады. Ал бір қателікті екінші қателікпен дұрыстау мүмкін емес. Сондықтан, біз мұндай жас аналарға қиын жағдайда қолдау көрсету арқылы ең алдымен сәбилердің өз анасының құшағында қалуына барынша жағдай жасаймыз. Содан кейін ол баланың әкесін тауып, олардың отау құруына көмектесеміз. Ол қыздарға көмектеспей, бетіне түкіріп, тағдыр тәлкегіне тастап кете барсақ, проблема шешілмейді. Оны шешудің басқа жолдарын іздестіру керек.
— «Ана үйі» ашылғанда қоғамда сондай пікірлердің айтылғаны рас. Арада 5-6 жыл өткенде бұл жоба сол пікірлерге қатысты өз жауабын беріп отыр. Сіз менің де қойғалы отырған сұрағыма жауап беріп тастадыңыз. Осындай қиын жағдайдағы қыз балаларды өз сәбилерін тастап кету райынан қайтарудың нәтижесінде 4 мыңға жуық бала жетімдіктің шеңгелінен құтқарылды дедіңіз. Оларды құтқару үшін де сіздің команда қанша қажыр-қайрат жұмсады десеңізші...
— Біз құзырлы басқармалармен, перзентханалармен тығыз жұмыс істейміз. От басып, опық жеген, соның салдарынан сәбилерін тастап кетуге бел байлаған жас қыздарды райынан қайтару оңай емес. Сүйген жігітінен бір, ата-анасынан екі, туыстарынан үш қолдау көре алмай, жалғыз қалған жүкті әйелден шарасыз ешкім жоқ шығар. Ондай жас аналардың жан күйзелісін ешкім түсіне алмайды. Біз психологтармен бірге сондай жас аналармен кездесіп, біраз сөйлескеннен кейін ең алдымен қалай болғанда да баладан бас тартпай, оны өз құшағына алуына қол жеткізуге тырысамыз. «Бала қырқынан шыққанша қасында бола тұр» деп, көндіріп, «Ана үйіне» апарып, оның жан күйзелісін жазуына көмектесеміз. Осылайша олар балаларын құшағына басып, ана болудың кереметтігін, өз ойының қате екендігін түсініп: «егер сәбиімізден бас тартқан болсақ, оны көре алмай, құса болар едік» деп, бізге рахмет айтып жатады.
— Жаңа бір сөзіңізде «Ол қыздарға көмектеспей, бетіне түкіріп, тағдыр тәлкегіне тастап кете барсақ, проблема шешілмейді. Оны шешудің басқа жолдарын іздестіру керек», — дедіңіз. Осы бағытта қандай жұмыстар жүргізіп жатырсыздар?
— «Ана үйі» жұмысының аясында көптеген шаралар жүргізіп жатырмыз. Біздің психологтар мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында жастар арасында ерте жүктіліктің алдын алу, отбасын жоспарлау, бала тәрбиесіне қатысты лекциялар оқып, жастармен кездесулер өткізеді. Жас жігіттерге, қыздарға болашақ ата-ана болудың жауапкершілігі туралы айтамыз. Ұлдардың өз ұрпағы алдындағы жауапкершілігі, қыздардың абыройлы болуы туралы көбірек айтуға тырысамыз. Қыздарымызға «жабық» тақырыптар туралы ашық айту керек, қазір уақыт сондай. Әрине, жастардың барлығы жүгенсіз кеткен деуге болмайды.
— «Ана үйі» бала асырап алғысы келетіндерге де қолдау көрсететінін білеміз. Осының нәтижесінде Ақтөбе облысында қанша бала ата-ана жылуын сезінді?
— Толықтырып айта кетейін, былтыр жыл аяғында өткен Қазақстанның сегізінші Азаматтық альянсы форумында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы мәселені көтеріп, «Ана үйі» қорына бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттік ашу туралы мәселе көтерген болатын. Бүгінде бұл агенттік республикалық деңгейде жұмыс істеп жатыр. Қорғаншылық кеңестерімен бірлесіп, жетімдер үйіндегі балаларды отбасына орналастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесінде бүгінде тек Ақтөбе облысы бойынша жүзден астам сәби ата-ана мейіріміне бөленді. Бала асырап алғысы келетіндер өте көп. Бұрын кейбір ата-аналар балаларды асырап алғаннан кейін «тегі дұрыс емес, ауру бала» деп әкеліп тастайтын жағдайлар жиі болды. Осындай жайттарды болдырмау үшін бала асырап алғысы келетіндерге арнайы тренингтер ұйымдастырып, оларға «бала асырап алуға дайын» деген сертификаттар береміз. Бүгінде бала асырап алу мектебінен 115 ата-ана өтті, 112 бала отбасына орналастырылды. Егер бұрын ата-аналар тек жаңа туған сәбилерді алғысы келетін болса, арнайы тренингтерге қатысқаннан кейін ересек балаларды да алуға дайын болады, барлық балаға бірдей ата-ана қажет екендігін түсінеді.
— Сіз Ақтөбеде «Ана үйі» ашылғалы жұмыс істеп келе жатырсыз. Жылап келген жүздеген әйелдің көз жасын сүртіп, бауырыңызға тартып, басынан сипадыңыз. Жүздеген сәбиді жетімдіктің арандай ашылған апанынан құтқарып қалуға септігіңізді тигіздіңіз. Қиюы кеткелі тұрған қанша тағдырды түзу жолға түсіріп, шаңырағы құрылмай жатып, қирағалы тұрған отбасыларды қайтадан біріктірдіңіз. Қанша ата-әжені немересімен, қанша әкені баласымен табыстырдыңыз. Қанша отбасыны құдандалы-жекжат қылуға септігіңізді тигізіп, қанша жұрттың өрісін кеңейттіңіз. Қанша, айтыңызшы...
—... Ілкіде маған перзентхананың аға медбикесі телефон соқты. Жас босанған ана басқа адамның фамилиясымен перзентханаға түскен, енді баласын тастап кеткісі келеді екен. Дереу перзентханаға бардым. Үріп ауызға салғандай сүйкімді қыз екен. Әбден жаны күйзеліп, күңіреніп кеткен. Ешкіммен сөйлескісі келмейді, баланы тастап кетуге тастай бекінген... Сөйлестім. Ағыл-тегіл жылап отырып, сырын айтты: кездесіп жүрген жігіті «үйленуге дайын емеспін» деп, сүйгенін жүкті қылып тастап кеткен. Қыз бала оқи жүріп жұмыс істеп, ата-анасына несиесін төлеуге көмектеседі екен. «Мен оқи алмай қаламын, жұмыс істеп, ата-анама көмектесуім керек, олардың үміт артқан қызы едім, бұл баланы баға алмаймын» деп еңірегенде етегі толды. «Мен сені сәбиіңмен бірге «Ана үйіне» алып кетейін, қырқынан шыққаннан кейін «Үміт» балалар үйіне тапсырайық, кейін барлығы да реттелер» деп, алып кеттім. Жас ана өз ата-анасына айтпауымды өтінді. Бала қырқынан шыққанша оның әкесін тауып, сөйлестім. Жігіт ДНК сараптамасын жасатып, өз баласы екеніне көз жеткізген соң, жігіттің әке-шешесі келіп, ұрпағымызды далаға тастамаймыз деп, жылап-еңіреп келіп, немересі мен келінін алып кетті. Екі жақ табысып, татуласты. Қазір олар хабарласып тұрады. Жігіт: «Сіз болмағанда менің ұрпағым қайда қаңғып жүрер еді, сіз менің екінші анамсыз» деп ризашылығын білдіріп тұрады.
... Тағы бірде аға-жеңгесінің қолында өскен жетім қыз келді. Жігітінен жүкті болып қалған. Жеңгесі түртпектеп, күн бермеген соң осында келді. Оның жігітін тауып алып, сөйлестім: «Әзір үйленбеймін, үйім жоқ, оты жанбайтын үйге баланы қалай апарамын» деп сылтау айтты. Сол аралықта қыздың басқа облыста тұратын нағашылары «жиенімізді жиеншарымызбен бірге алып кетеміз» деп хабарласты. Әлгі жігіттің анасына телефон соғып: «Егер бір аптаның ішінде алып кетпесеңіздер, ұрпақтарың басқа елге кетеді. Бұл баланың обалы жібермейді, сіздердің ешқашан жолдарыңыз болмайды, немереңіздің тағдыры беймағлұм болғанын қаласаңыз, өзіңіз біліңіз», — дедім. Кейде осындай сөздер айтуға тура келеді. Содан әлгі жігіт ата-анасымен келіп, келіншегін, сәбиін алып кетті.
«Ана үйіне» келген жас аналардың 70-80 пайызы өз балаларының әкелеріне қосылады. Кейде жігіттер хабарласып, әйелдердің сәбиін өз сәбиімдей көремін деп көңілдерін білдіріп, отбасын құрып жатады. Осындай бақытты сәттерде, қанша сәбидің жетімдіктің зардабын тартпай, анасының, әкесінің қасында өмір сүріп жатқанын көргенде, осы жобаның дұрыстығына көзім жете түседі. Мен осы сұхбатым арқылы қоғамда күні бүгінге дейін айтылып келе жатқан кейбір сұраққа жауап бердім деп ойлаймын. Сондықтан, сүрініп кеткен тағдырды одан сайын итеріп құлатқанша, оған қол ұшын созып, тұрып кетуіне көмектескеніміз абзал. «Қызға қырық үйден тыйым» дегенде, ер-азаматтың парызы мен борышы туралы да айтылуы тиіс. Әрине, мұндай үй қазақ жерінде болмауы тиіс. Алайда бұл жобаның мақсаты — қателескен қыздарды насихаттау емес, жетімдіктің алдын алу. Періште сәбилерді қоқыстан теріп алғанша, ұрпақ тәрбиесін басты назарда ұстаған жөн — дейді Таңсұлу Лакова.
Тәрбие мен тектілікке ерекше мән берген қазақ жерінде мұндай үй болмауы тиіс. Бірақ, осы тұрғыдан бағамдасақ, бізде түрме де, жетімдер үйі де, қарттар мен мүгедектер үйі де болмауы керек еді. «Ата-анасының қарауынан тыс қалған балалардың өздері ерте ата-анаға айналады» деген сөз бар. Ащы болса да ақиқаты осы. Әрбір ата-ана өз баласының тәрбиесі үшін құдайдың да, қоғамның да алдында жауапты екенін ешқашан ұмытпауы керек.
Сұхбаттасқан журналист
Мейрамгүл Рахатқызы
Адам ата мен Хауа ана жұмақтан қуылып бара жатқанда Алла Тағала оларды тоқатып:
- Әй, Адам, енді Хауа саған аманат. Әйелің үш намысыңның бірі болады. Бірінші намысың - иманың. Маған қайтып келгенше иманың кәміл болсын. Екінші намысың - әйелің. Оны бөтеннің сұғынан сақтайсың. Сен босасаң әйелің де құбылады, себебі ол сенің қабырғаңнан жаралған. Үшінші намысың - құтты мекенің. Оны дұшпандардан қорғайсың. Бейбітшілік пен тыныштық жолында шаршадым деме!- деді. Адам Ата бұл өсиетті көкірегіне құйды да, жұмақпен қош айтысып кете берді...
(«Әлдиден эпосқа дейін» кітабынан)