«Біз ауылдық жердегі қыз-келіншектермен кездесулер өткізгенде өз отбасымыз, жеке өміріміз туралы да жиі айтамыз, себебі көпшілігі іскер әйелдерді отбасы мен ошақ қасында отыра алмайтын, салт басты, сабау қамшылы деп ойлайды. Қазіргі уақытта отбасы мен бизнесті қатар алып жүруге ешқандай кедергі жоқ, керісінше мүмкіндік көп», — дейді Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Жанар Елеусізова.
Мақсат — ханымдардың экономикалық белсенділігін арттыру
Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының Іскер әйелдер кеңесі 2015 жылы құрылған болатын. Мақсат біреу — қазіргі қоғамда әйелдердің әлеуметтік-экономикалық мәртебесін арттыру, яғни, кәсіпкерлік саласындағы қаржы тетіктері мен жаңа технологияларды тиімді пайдалана отырып әйелдердің бизнестегі белсенділігін жоғарылату, яки, қыз-келіншектер кәсіпкерлігін дамыту, оларға бизнес бастауға, жүргізіп отырған кәсіптерін кеңейтуге қолдау көрсету. Осылайша, қыз-келіншектердің нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыра отырып, іскер һәм әлеуметтік белсенді әйелдердің мәртебесін жоғарылату. Бұл әйелдерге арналған жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізіп, бизнестегі гендерлік тепе-теңдікті қамтамасыз етеді.
- Осы кеңеске төрт жылдан бері төрағалық етіп келемін. Жалпы, кеңес құрылғалы бері осы ұйымға мүше әйелдердің жұмылып жұдырық болуының арқасында қыруар жұмыс жасалды, жасалып та жатыр. Бүгінде біздің қатарымызда кәсібін жаңа бастаған жастар да, бизнесте «белі қатайып», жарқырап жүрген қыз-келіншектер де бар. Біз өз қатарымыздың толығуы үшін тыным таппаймыз. Яғни, әйел адамдардың өзін өзі жұмыспен қамтуы үшін қолдау көрсетеміз. Ол дегеніміз — облыстың түкпір-түкпіріндегі қыз-келіншектермен кездесулер, семинарлар, тренингтер, шеберлік кластары мен бизнес курстар өткізу. Біздің кәсіпкер әйелдер арасында бала оқытатын, әртүрлі тағам пісіретін, іс тігетін адамдар, дизайнерлер, шаштараздар, тырнақ әрлеушілер, саудагерлер, тіпті логистикамен айналысатындары да бар. Міне, осындай кәсіпкерлердің барлығы алма-кезек аудандарға, ауылдық жерлерге барып, сол жердегі қыз-келіншектермен кездесіп, қандай кәсіпті қалай бастауға, қалай жүргізуге болатынын айтады. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар, қаржы институттары арқылы жүзеге асырылатын несиелеу механизмдері, бизнес курстар туралы ақпараттар береміз. Әсіресе, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы көрсететін көмек-қолдаулар туралы мағлұматтар береміз. Ауылдағы әріптестеріміз үшін бұл өте маңызды, себебі, қазір мемлекеттік бағдарламалар көп, оларға енгізіліп жатқан өзгерістер мен толықтыруларды дер кезінде білу маңызды. Мұндай кездесулерден бөлек әрбір кәсіп иесі шеберлік кластарын өткізеді, мәселен, тігіншілер іс тігуден, аспаздар торт пісіруден сабақтар өткізеді, — дейді Жанар Елеусізова.
Облыстағы әрбір үшінші бизнес — әйелдердің бастамасы!
Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының Іскер әйелдер кеңесі осы уақыт аралығында бірқатар ірі шаралар ұйымдастырды. Мәселен, 2016 жылы «Ақтөбе облысының мейрамхана және қонақ үй бизнесінің қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі құрылған-ды. Сондай-ақ тігін шеберханалары мен ателье бірлестігін тіркеу, рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп, облыстық тігіншілер мен дизайнерлер қауымдастығы құрылды. Ауылдық жерлерде де қомақты жұмыстар қолға алынды. Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының «Бастау Бизнес» қанатқақты жобасы арқылы талай қыз-келіншек іскерлікке үйрететін оқу курстарын тәмімдап, өз бизнес-жоспарларын жасап, кәсібін жүргізу үшін қаржы алды.
Осы кеңестің ұйтқы болуымен 2017 жылы өткізілген алғашқы бизнес-форумға қатысу үшін облыс орталығына 200-ден астам іскер ханым жиналды. Олардың қатарында ерлердің жұмысы деп саналатын бизнес түрлерімен айналысып жүрген арулар да, өз ісін енді бастаған қыз-келіншектер мен іскерлік ортада белгілі бизнес ханымдар да болды. Шара барысында еліміздің батыс өңірінде кеңінен танылған тауарлар көрмеге қойылды. Кездескен кедергілерге кібіртіктемей, қиындықтарға тайсалмай, өз кәсібін дөңгелентіп жүргендер басқаларға білгені мен түйгенін үйретті. Форум барысында айтылған дерекке сүйенсек, облыстағы әрбір үшінші шағын және орта бизнес әйел адамдардың бастамасымен ашылып отыр. Бұл — ауыз толтырып айтуға болатын жетістік. Сол форум барысында жергілікті атқарушы билік өкілдері жария еткен ақпараттарға сүйенсек, облыста, әсіресе, мемлекет пен жеке меншік серіктестігі аясындағы жобаларда әйелдердің белсенділігі байқалады. Жиында облыста жұмыс істеп жатқан 7164 кәсіпорынның 22,2 процентінің басшысы әйел адам екендігі, ал жеке кәсіпкерлердің арасында іскер әйелдердің үлесі 55 проценттен асатыны, әйелдердің, әсіресе, сауда, қоғамдық тамақтандыру, қызмет көрсету мен ауылшаруашылығы салаларында белсенді екендігі де айтылды.
Іскер ханымдардың алғашқы облыстық басқосуында бизнес жүргізудегі мәселелер де жан-жақты талқыланып, жұмыстың алдағы бағыт-бағдары нақтыланды. Қатысушылар форумның маңызына тоқталды. Ембілік кәсіпкер, омарташы Дания Рысқұлова айтқандай, «іскер әйелдердің пікірлесу алаңына айналған бұл шара табысты кәсіпкерлердің бизнес аясын кеңейтуіне, жас кәсіпкерлердің жігерлене түсуіне серпін берді». Форумның тағы бір жетістігі — Ақтөбе облысы әкімдігі мен Ұлттық Палата Іскер әйелдер кеңесінің әйелдер бизнесін қолдау, өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қоюы. Бұл құжат, әлбетте, аталған ұйымның алдағы жұмысының негізгі бағдарына айналды. Осы жылы Іскер әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен республикада тұңғыш рет облыстық деңгейде ауыл әйелдерінің слеты да өткізілді.
-Слетке өңірдегі 12 ауданнан келген 400-ге жуық әйел қатысты. Шара барысында қыз-келіншектердің жеке кәсіпкерлік саладағы белсенділігі, ауылдық жерде кәсіп ашудың ерекшеліктері, оны дамытудың қыр-сыры жан-жақты сараланды. Тек бизнес саласына қатысты тақырыптар ғана емес, сонымен бірге отбасы құндылығы, ұрпақ тәрбиесі, ұлттық құндылықтар жөніндегі өзекті мәселелер талқыланды, - дейді Жанна Елеусізова.
Қаржылай қолдау көрсетілген қайырымдылық балы
Іскер әйелдер кеңесі тек семинар-тренинг, кеңес беру ғана емес, қайырымдылық шараларын да жиі ұйымдастырады. Мәселен, былтыр жыл аяғында көмекке мұқтаж мүмкіндігі шектеулі және ерекше балалардың ата-аналарының кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға арналған қайырымдылық балы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бал аясында кіру билеттері мен әр түрлі картиналар сату, аспаздық студиялар, әсемдік салондары, киім дүкендерінің және косметикалық орталықтардың сертификаттары ойнатылған аукцион арқылы ақша жиналды. Аталмыш қаражат мүмкіндігі шектеулі және ерекше балалардың ата-аналарының кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға жұмсалды. Бал алдында демеушілердің көмегімен бір жарым миллион теңге көлемінде қаражат жиналған-ды. Сергей Островский, Ізмұрат Сүгіртаев, Жанна Калинаның әрбіріне 500 мың теңгенің сертификаттары тапсырылды. Жанна Калина үйде отырып торт және кондитерлік бұйымдар пісіреді. Отбасында екі баласы Есет пен Бекет сал ауруымен ауырады. Сондықтан, анасы үйде отыруға мәжбүр. Жанна балаларға арнайы мүгедектер арбасы қажет болғанын айтады: «Жерлестерімнің қамқорлығына разымын. Мені жеке кәсіпкер ретінде қолдап отырған Іскер әйелдер кеңесі мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына да алғысым шексіз»,– деді Жанна Калина. Ал Сергей Островский «Даму-Көмек» бағдарламасы арқылы компьютерлер мен кеңсе жиһаздарын алып, зағип және көру қабілеті нашар адамдарды компьютерлік сауаттылыққа үйрету класын ашқан жігіт. ӨКП Іскер әйелдер кеңесі Сергей Островскийдің мемлекеттік сатып алулар мен конкурстарға қатысуы үшін құқықтық мәртебе алып, қоғамдық бірлестік құруына қолдау жасады. 1-топтағы мүгедек Ізмұрат Сүгіртаев жүк тасумен айналысады екен, жеке көлігі бар. Бұл қаражатты Ізмұрат кәсіп аясын кеңейту мақсатында пайдаланатынын айтты. Шара кезінде өңірдегі кейбір мекемелер, белгілі кәсіпкерлер лейкоз, сал ауруымен ауыратын балалардың еміне қаржылай қолдау білдірді.
— Бұл шараның маңызы өте зор. Көмекке мұқтаж жандарға қолдау білдіретін осындай шаралар өзгелерге де ой салып, жалғасын тауып жатыр, — дейді Жанар Елеусізова.
Көп балалы аналар да бизнеспен айналыспақ!
Іскер әйелдер кеңесі өңірдегі көп балалы және ерекше балалардың аналарына да кәсіпкерліктің қыр-сырын игеруге қолдау көрсетіп отыр. Биыл аталған кеңестің ұйытқы болуымен «Іскер ана» жобасы жүзеге асырылды. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы базасында өткізілген интенсив-тренинг кезінде мұндай аналар жеке кәсіпкерлікті тіркеу, интернет-дүкендер ашып, ғаламторда бизнес жүргізу құпияларын үйреніп, бизнес-жоспарлар жазуға машықтанды. 40 әйел екі күн оқып, курс соңында болашақ кәсіпкер ретінде өз жобаларын қорғап, оның қоғамға пайдалы екенін дәлелдеп шыққан.
— Көп балалы аналармен, ерекше балалардың аналарымен өткен кездесуде өңірімізге белгілі іскер ханымдар өздерінің тәжірибелерімен бөлісті. Бухгалтердік есеп-қисап, іс тігу, басқа да салалар бойынша тегін шеберлік кластары өткізілді. Біз әйелдерді, соның ішінде көп балалы аналар мен ерекше балалар тәрбиелеп отырған аналарға да қолдан келгенше барынша көмек көрсетеміз, — дейді Жанар Қайырқожақызы.
Белгілі іскер ханымның бір кеңесі
Жанар Елеусізованы ақтөбеліктер жақсы біледі. Бизнестің қыр-сырын меңгерген ханым бүгінде жұбайымен бірге отбасылық бизнесті дөңгелентіп отыр.
— Бұрын он жылдай балабақша меңгерушісі болдым. «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы іске асырыла бастағанда жеке балабақша ашуға бел будым. Бүгінде тек балабақша ғана емес, бизнестің басқа да салаларында бағымызды сынап көрдік. Отбасымызбен бірге бірнеше бизнесті қатар алып келе жатырмыз, — дейді ол.
Жанар Қайырқожақызының іскер ханым ретіндегі жүріп өткен жолы өзге қыз-келіншектерге үлгі.
— Менен кеңес сұрап келетін қыз-келіншектер көп. Оларға айтарым: адам ең алдымен өзінің қолынан келетін, өзі жаны сүйіп істейтін жұмыспен айналысуы керек, сонда ғана әрекетінің берекеті болады. Және қателесуден қорықпау керек. Өзгенің қатесінен сабақ алған дұрыс қой, бірақ адам өз қатесінен де өмірлік сабақ алады. Мақсатқа жету жолы әрқашан да ең бірінші қадамнан басталады, — дейді ол.
Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері ылғи қоғамдағы барлық шаралардың бел ортасында жүреді. Ағаш отырғызу, жастарға ақыл-кеңес беру, жер-жерде қыз-келіншектермен кездесулер, әйтеуір шаруа көп. Қайырымдылық шаралары да жиі өткізіледі. Арыс қаласында болған төтенше жағдай кезінде де ақтөбелік іскер ханымдар көмекке қомақты үлес қосты. Ал қазіргі кезде іскер ханымдар «Мектепке жол» акциясына түгел қатысуды жоспарлап отыр. Жанар Қайырқожақызының айтуынша, ақтөбелік ханымдар бизнесте өте белсенді. Мұны статистика да растайды: Бүгінде жұмыс жасап тұрған ұйымдардың үштен бірінің тізгіні нәзіктердің қолында. Мәселен, шағын және орта бизнес құрылымдарының жалпы саны 55 мыңға жуық болса, оның 24 мыңын әйелдер дөңгелентіп отыр. Ал өңірдегі жалпы өнімнің 40 пайызын әйелдер өндіреді. Былтыр «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша аймақта кәсіпкерлердің 257 жобасына қолдау көрсетілген болса, оның ішінде әйел кәсіпкерлердің үлесі — 27 процент. Әйелдердің бизнеске бейім екенін дәлелдеу үшін осы цифрлар да жеткілікті болар.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ,
Ақтөбе облысы