Биыл ән саңлағы Ғарифолла Құрманғалиевтің 110 жылдық мерейтойы түрлі ауқымдағы мәдени шаралар арқылы ел көлемінде атап өтілуде. Осынау атаулы датаға орай дарабоз әншінің Ақтөбе қаласында тұратын шәкірті, белгілі өнертанушы Бөрібай Кәртеннің аяулы ұстазы жайындағы естелік мақаласын, сондай-ақ хас талантқа ән арнаған елімізге танымал әнші Гүлмира Саринаның «Ән-Ғарифолласының» шығу тарихын назарларыңызға ұсындық.
Белгілі өлкетанушы, атыраулық Өтепберген Әлімгереевтің Қауеннің «Сәнау» күйінің тарихынан сыр шертер деректі көркем әңгімесі де өнерсүйер қауымды бейжай қалдырмасы анық.
Қос Шалқардың маңында өрбіген тарихи оқиғалар өзек болған «Ақмешітте берілген ас», «Ақынның киесі» атты материалдар көзі қарақты оқырманды түрлі терең ойларға жетелейді. «Қос Шалқар» десе, әдебиетқұмар оқырманның ойына жазушы Ғабит Мүсіреповтің алғашқы шығармаларының бірі орала кетері сөзсіз. Алайда, біздің сөз етіп отырғаныз – Мүсірепов шығармасындағыдай «қос босағаға орнатқан күміс бағана тәрізді» қатар жатқан екі көл емес. Көршілес Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының еншісінде, әрқайсысы өз алдына бөлек, араларын жүздеген шақырымдар бөліп жатқан, аттас екі ірі көл. Бір қызығы, қос материалда да кердері руынан шыққан Әбубәкірдей ғұлама ақынның есімі аталады.
Жұртшылықты білім мен руханият бұлағынан сусындатар ойлы мақалалар мен танымдық дүниелерді жариялау – журналымыздың алдағы сандарында да тұрақты түрде жалғасын табады. Өйткені кез келген жағдайда саналы буын, жас ұрпақтың қажеттілігіне, түптеп келгенде ел болашағы, ұлт мүддесіне қызмет қылу – біздің басты мақсатымыз болып қала бермек.
Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,
журналдың бас редакторы