– Азизжан Халибекұлы, ең алдымен, әңгімені қосымша білім беру саласына қашан және қалай келгеніңізден бастасақ...
– Өзім Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Кентау қаласының тумасымын. Сол жерде балабақша, кейін мектепке барып, 2000-2005 жылдары Кентау қаласындағы Қазақ-түрік лицейінде білім алғанмын. Содан соң Түркияның Измир қаласындағы Эгей университетінде коммуникация факультетінде оқыдым. 2010 жылы аталмыш оқу орнын тәмамдағаннан кейін Отаныма оралдым. Дәл осы жылы арнайы шақырту бойынша Сүлеймен Демирель атындағы университеттің халықаралық қатынастар бөліміне қызметке орналастым. Кейін жарнама бөлімінде, одан соң аға оқытушы ретінде біраз еңбек етіп, осы уақыт аралығында Қазақ мемлекеттік университетінде журналистика мамандығы бойынша магистратурада білімімді жетілдірдім. 2017 жылы «Достық» оқу орталықтарының желісіне ауыстым. Ең алғаш Қызылорда қаласындағы «Достық» білім беру орталығының директоры қызметін сеніп тапсырған болатын. 2018 жылы Алматы қаласындағы «EduCON» тест орталығында еңбек етіп, 2019 жылдан бастап Орал қаласындағы «Достық» білім беру орталығының директоры қызметін атқарып келемін. Отбасылымын, бір ұл мен бір қыздың әкесімін.
– «Достық» білім беру орталықтарының желісі туралы айтып өттіңіз. Бұл білім беру орны, оның орталығы туралы тарқатып айтсаңыз.
– «Достық» білім беру орталығы 15 жыл бұрын, ал Оралда он жылдай уақыт бұрын құрылған, еліміздің барлық ірі қаласында дерлік жұмыс жасап келеді. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында екі орталықтан бар. Шағын қалаларда «Арай», «Сана» секілді орталықтарымыз жұмыс жасайды. Біздің орталықтардың ортақ белгісі – барлығымыз «EduCON» компаниясы дайындаған материалдар негізінде білім беріп, аталмыш компания ұсынған оқулықтар мен тест жүйелері бойынша жұмыстанамыз. Сонымен қатар «EduCON» компаниясы біздің орталықтарда білім берумен айналысатын кадрлар біліктілігін арттыруға, бухгалтерлік есептілікті жүргізу бойынша көмек көрсетеді. Орал қаласындағы орталықта ең әуелгіде 60 оқушы ғана болған екен, қазіргі таңда біздің орталық қызметін 400-ден астам оқушы тұтынады.
– Құрылғалы бергі уақыт аралығындағы орталық шәкірттерінің жетістіктеріне тоқталып өтсеңіз...
– «Достық» орталығының Орал қаласы тұрғындарының арасында күннен-күнге танылып, бізді таңдаушылар қатарының артуын басты жетістік деп санаймын. Орталық жұмысының тиімді, нәтижелі екендігіне көз жеткізгендер саны артып, ата-аналар мен оқушылар бізді өздері іздеп келуде, үгіт-насихат жүргізіп әуре болмаймыз. Қазіргі кездегідей бәсекелестік заманда халық көңілінен шығу – әркімге бұйыра бермейтін мүмкіндік.
2018 жылы Алматы қаласында өткен WinterCup байқауына 15 оқушымыз қатысып, жақсы нәтиже көрсетті. Сонымен қатар SpringCup-та да жеткен жетістіктеріміз аз емес.
Биылғы жылы Назарбаев зияткерлік мектебіне дайындаған 120 оқушымыздың 59-ы, Бизнес-инновациялық лицейіне әзірлеген 52 оқушымыздың 20-сы сыннан сүрінбей өтті. Өткен жылы ҰБТ-дан ең жоғарғы көрсеткіш 132 балл болса, биылғы жылы 131 балды құрады. Жалпы, біздің орталықта дайындықтан өткен 107 оқушының 38-і 100 балдан жоғары көрсеткіш көрсетті.
Орталық оқушыларды қандай пәндер бойынша даярлайды?
– Біздің орталық 4-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейінгі оқушыларға қосымша білім береді. Мысалы, 4-9-сынып оқушыларының сабақ үлгерімін жақсарту бойынша жұмыстанамыз. 5-сыныпты даярлаудағы басты айырмашылық – бұл сынып оқушыларын Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі мен Бизнес-инновациялық лицейіне қабылдау үшін өткізілетін емтихандарға дайындық жүргізіледі. Ал 10-11-сынып оқушыларын тыңғылықты түрде ҰБТ-ға дайындаумен айналысамыз. 6-сыныптарда көбінесе математика, логика, қазақ тілі, орыс тілі және ағылшын тілі сабақтары жүреді. Ал 11-сыныпта негізгі үш пән бар: оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық және Қазақстан тарихы, ал қалған екі пән таңдаулы. Бізде білім беру процесі кешен бойынша жүргізіледі, жоғарыда аталғандай бес түрлі пән таңдалады. Оқушының болашақ таңдаған саласына қарай таңдаулы екі пән бойынша тереңдетіп білім беріледі. Мемлекеттік тілде де, орыс тілінде де білім беретін топтарымыз бар.
– Қазіргі таңда орталықтың мәртебесін арттырып, үздік шәкірттер даярлау үшін қанша оқытушы тер төгуде? Қызметкерлерді таңдаудағы басты талабыңыз қандай?
– Негізгі ішкі кадрлар саны – 14. Сонымен қатар тәжірибесі зор, ең білікті деген басқа мектеп мұғалімдеріне сағат беріп, сырттан тартып келеміз. Қызметкерлерді таңдау барысына келер болсам, бізде қатаң сынақтан өткен ең мықтылар ғана еңбек етуде деп нық айта аламын. Біз оқытушыларға арнап жылына екі рет семинар өткізіп, жылына үш рет біліктіліктерін тексеру мақсатында емтихан аламыз. Жақсы нәтиже көрсеткен ұстаздар марапатталып, нашар көрсеткіш көрсеткендермен, өкінішке орай, қош айтысамыз. Оқытушылардың білім беру сапасына баға беретін – орталықтың оқушылары, сол себепті олардың пікірлері ең алдымен ескеріледі.
Кадр таңдаудағы басты талабым – біздің орталық шәкірттерінің алдына шығып, білгенімен бөлісетін тұлға зиянды әдеттерден аулақ, киім киісінен бастап, іс-әрекетіне өте жауапты қарайтын, қай жағынан алғанда да үлгілі жан болуы тиіс. Әл-Фараби бабамыз «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп қалай керемет айтқан! Орталық ұстаздары осы даналық сөзді басты ұстанымға айналдырса деймін.
– Орталық оқытушылары білім беру барысында қандай әдістемені негізге алады? Басқа оқу орталықтарынан ең негізгі ерекшелік ретінде нені атар едіңіз?
– Барлық оқу жүйесі «EduCON компаниясы дайындап берген арнайы жоспар бойынша жүргізіледі. «Достық» орталығында 2 тәрбие ісі жөніндегі, 2 оқу ісі жөніндегі меңгеруші жұмыстанады. Олар әр топқа білім беретін оқытушылардың жұмыс барысын қадағалап, бағыт беріп отырады. Ал тәрбие ісі жөніндегі меңгерушілердің бірі – ер азамат, екіншісі – әйел адам. Оқушының жынысына қарай психологиялық ерекшеліктері болатындықтан, ер азамат ұлдармен, әйел психолог нәзік жанды қыздарымызбен жұмыс жүргізеді. Олар түрлі өмірлік жағдайлар әсерінен күйзеліске түскен, қиын писхологиялық күйде жүрген оқушыларға психологиялық, рухани қолдау көрсетіп, қалыпты жағдайға түбегейлі оралғанға дейін жұмыстанатын болады. Күйзелістің себебі оқу процесімен байланысты болмаса да, біз кез келген қиындыққа ұшыраған балаға өз тарапымыздан көмек беруді басты міндет деп санаймыз. Біздің басты ерекшелігіміз де осы: баланы тек санаулы сағатқа жауапкершілікке алмай, үнемі қолдау көрсетеміз.
– «Достық» білім беру орталығына келіп, білімін жетілдіргісі келетіндер үшін көкейкесті сауал: оқу ақысы қанша? Арнайы жеңілдіктер немесе жеңілдетілген төлем жүйесі қарастырылған ба?
– Бір сағаттық оқу ақысы – 600 теңге. Бір бала апта ішінде 14 сағат, айына 56 сағат оқиды десек, айлық төлем 30 мыңның шамасын құрайды. Жылына бір рет оқу материалдарына 20 мың теңге төлеу керек болады. Бұл ақыға бір жыл бойы жұмыстануға қажетті кітаптар, жинақтар, тест жүйелері, тапсырма жинақтары, көрнекіліктер т.б. алынады. 5 және 10-сыныптардан сәуір айында алғашқы қадам сынағы атты емтихан алынады. Ең үздік көрсеткішке жеткен оқушылар үшін келесі жылға 70%-ға дейін жеңілдіктер ұсынамыз. Сонымен қатар әр жылдың басында акциялар ұйымдастырып, оқу жылы басталғанға дейін тіркелгендерге 10-15% жеңілдік береміз. Мысалы, өткен жылы қыркүйек айына дейін тіркелген алғашқы 150 оқушыға мектеп сөмкесін сыйға тарттық.
Білім алушылар арасында екі аптада бір рет емтихан жүргізіліп, соның нәтижесі бойынша олардың топтары қайта жасақталып отырады. Емтихан нәтижелеріне қарап отырып, баланың қай сабаққа икемі зор, қай сабақты қабылдауы қиын екендігі туралы талдау жасаймыз. Қиынға соққан тақырыптар бойынша қайталау сабақтары жүргізіледі. Ата-аналар емтиханның да, талдаудың да нәтижесімен үнемі хабардар болып отырады.
– Оқудан бөлек орталық қабырғасында қоғамдық іс-шаралар өткізіледі ме?
– Әрине, оқудан тыс тәрбиелік жұмыстар мен рухани шараларға үнемі уақыт бөліп отырамыз. Мысалы, өзім үнемі оқушылармен кездесіп, пікір алмасу, ой бөлісу мақсатында әңгіме-дүкен құрамын. Ата-аналардың қатысуымен өтетін кездесулер барысында оларға баланың жүрек үніне құлақ түріп, оның таңдауына сыйластық таныту туралы сөз өрбітемін. Көбінесе оқушылар арасында ата-ананың ықпалы бойынша жаны қаламаған пәнді оқып жүргендігін айтатындар бар, ал сырын ішіне жасырып, айта алмай жүргендері қаншама?! Адам жаны қаламаған мамандықты таңдап, толыққанды бақытты бола алмайды. Сол себепті грантқа түсу мүмкіндігі жоғары, болашағы зор деген сан сылтаумен баланы өзі қаламаған салаға бағыттау қателік екендігін ата-аналарға ұқтырғым келеді.
Сонымен қатар өмірді белгілі бір белесті бағындырып, жетістікке жеткен жандарды қонақ ретінде шақырып, балалармен кездесу кештерін ұйымдастырамыз. Мұндай басқосулар оқушыларымызды ынталандырып, оларға күш-жігер береді деп ойлаймын.
Сұхбаттасқан
Аяужан КЕРЕЕВА